СПОРТ – ҰЗАҚ ӨМІР СҮРУ КЕПІЛІ

Лондонда өткен ХХХ жазғы Олимпиада ойындары қазақтың атын асқақтатып, мерейін үстем етті. Еліміздің қоржынына түскен 13 медальдің дүбірі әлі басылған жоқ. Ертегілерде айтылатындай, қырық күн ойын, қырық күн тойды думандатып өткіздік жер-жерде. Бұл тек спортшылардың ғана емес, күллі қазақтың қуанышына айналды.

Оның үстіне Қазақстан мемлекеті бұрын-соңды Олимпиада ойындарында 7 алтынға қол жеткізбеген болатын. Бәрінен де ауыр атлетикадан төрт алтынды жұлып әкеткен спортшыларымыздың жеңісі неге тұрады?! Әлемнің бабы келіскен талай спортшысын қапы қалдырып, оқ бойы озық шыққан майталмандардың ерлігі қандай бағаға да лайық емес пе? Олар өздеріне лайықты бағасын алып та жатыр.

Көпшілік бұл сайысты көк жәшіктен тамашалады. Теледидардың алдында отырса да, сонау Лондонға ат терлетіп барғандардан кем қолдау көрсетпеді. Тіпті ата-апаларға дейін жеңіс тұғырынан көрінген спортшыны «Ой, айналайын, алтындарым-ай!» деп іштей тілек білдіріп отырғанын көзіміз көрді. Ал спорт жанкүйерлерінің екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильинді үлкен қошеметпен күтіп алуының өзі үлкен салтанатты рәсімге айналды. Алматы әуежайына жиналған халықтың жүрегінде ерекше бір патриоттық сезім бұлқынып жатты. Лондондағы байрақты бәсекеде топ жарып, дүниежүзі жұртының таңдайын қақтырып, тамсандырған ауыр атлетші Илья қазақ елінің Көк Туын көкте желбіретіп, әнұранын шарықтатты. Шын мәнінде, батыр ұлымыздың толағай табысы сандаған спортқа әуес балалар мен жасөспірімдердің кеудесіне намыс отын жаққаны сөзсіз! Кез келген саналы адамға патриоттық рух сыйлайтын Олимпиада чемпиондарының жеңіске біртабан жақын тұсы мен алтыннан алқа тағынған әсерлі сәтінің телеарналардан күніне бірнеше рет көрсетілуі – кішкентай өрендер мен жеткіншектердің болашағына бағыт-бағдар жасайтын тамаша көрініс іспеттес. Мұның бәрі баланың түйсігінде спорт арқылы елдің атын әлемге әйгілі етуге болады деген түсінікті қалыптастырады. Әрі салауатты өмір салтын ұстанып, өзінің өмірлік жолын спортпен байланыс­тыруды таңдауға түрткі болады. Міне, солар ертеңгі күні Олимпиада чемпиондарының ізін жалғап, жолын қуатыны даусыз.

Лондонда өткен байрақты бәсе­кеден кейін мына бір жүрегіме жылы көрініске куә болдым. Шағын ғана алаңқайға жиналған балалар доңғалақ темірлерден зілтемір құрап, бірінен соң бірі көтеріп жатыр екен. Шамасы 9-12 жастағы балалар. «Мен осы жолы жұлқа көтерем», «Сен серпе көтересің», – деп қояды кәсіби спортшыларға ұқсап. Олардың ту сыртынан бақылап тұрып, спорттық сайыстардың бала тәрбиесіне қаншалықты оң әсері тиетіндігін сезіндім. Әрі бұл олардың рухани жағынан толысып, елін, жерін, Елтаңбасын, Туы мен Әнұранын құрметтейтін азамат болып өсуіне сөзсіз ықпал етеді.

Құдайға шүкір, қазір елімізде спорттық кешендер бой көтеруде. 2011 жылы өткен Азиада ойындарының арқасында көптеген нысандар салынып, қолданысқа берілді. Алматыда әлемдік деңгейдегі трамплин кешені, Астанада мәнерлеп сырғанауға арналған мұз айдыны, тағы да басқа спорттық ойындарға лайықталған орындар бар. Осы нысандар пайдалануға берілген кезде Елбасы Н.Назарбаев: «Бұлар бос тұрмауы керек. Мұнда қазақ балалары салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануы керек. Спорт нысандары бәріне қолжетімді болу керек» деген болатын. Алайда бұл сөз орындалып жатыр ма? Былайғы қарапайым жұрт спорт кешендеріне балаларын бере алмайды. Өйткені олар ай сайын қомақты ақша талап етеді. Ал ынтасы бар баласын спортқа баулиын десе, қалтасы көтермейді. Талай ата-ана ақшаның қолбайлаулығынан спортқа талабы бар баласын ақылы кешендерге бере алмауда.

Біз Алматы қаласындағы бірнеше спорттық кешендерді аралап көрдік. Оның ішінде жекеменшігі көп екен. Әрі олардың бағасында біркелкілік жоқ. Бұл жеке кәсіпкерлер үшін – ақшаның көзі де. Ал жекеменшік болған соң, ақшасы да қымбат. Екінші жағынан спорт нысандарының көптеп салынуы қуантады.

Абай мен Розыбақиев көшесінің қиылысындағы соңғы заманауи үлгімен салынған Тұңғыш Президент қоры спорт кешенінің ашылғанына екі-ақ ай уақыт болды. Мұнда спорттық ойын түрлерінің бәрі бар. Ата-аналардың айтуынша, бағасы да аса қымбат емес. Біз де спорт нысанына келімді-кетімді жұрттың қарасы мен үйірмелердің бағасын білу үшін бас сұқтық. Шынында да, бұл кешен көпшіліктің көптен күткен арманы! Спорт алаңқайлары кәдуілгі кәсіби спортшыларға арналған. Жұмыссыз отырған үйірмелер жоқ көрінеді. Барлық топқа балалар айтарлықтай жиналған. Бір байқалғаны, спорт үйірмелерінде әлі де болса қаракөздеріміздің саны аз көрінді. Бірақ та кешен жаттықтырушылары осындай ғимараттар көптеп салынса, болашақта талай қазақ спорт саңлақтары топ жарып шығатындығына сенім білдірді.

Спорт секцияларының бағасына келсек, расында да қала жұртының қалтасы көтерерліктей екен. Атап айтқанда, суда жүзу бағасы айына – 10-15 мың теңге болса, айкидо, таэквондо, каратэ сияқты спорт түрлері 7-10 мың теңге көлемінде. Бұдан өзге футболшылар мен көркем гимнастика шеберлерін де 15 мың теңгеге жаттықтырады. Әрі жаттықтырушылары да өз ісінің білгір маманы көрінеді. Жаңа спорт нысанын аралап көрген біз іштей қуанып, тәубе келтірдік.

АУЫЛ СПОРТЫ КЕНЖЕ

ҚАЛА БЕРЕ МЕ?

Соңғы кезде мемлекет тарапынан жастар мен жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында облыс орталықтары мен қалаларда арнайы кешендер салынып жатқаны анық. Алайда, бұл игі шара шалғайда жатқан елді мекендерге әлі жете қойған жоқ. Соның салдарынан ауылды жердегі жастар мен жасөспірімдер екі қолдарын қайда сыйғызарын білмей дал. Егер оларды жастайынан спортқа тәрбиелесек, еліміздің атын әйгілі ететін қаншама саңлақтар шығатыны күмәнсіз. Бірақ та ауыл спортының әзірге тоқырап тұрғаны қынжылтады.

Тіпті, ауылдағы азын-аулақ жұмыс істеп тұрған секцияларда тәрбиеленіп жатқан жасөспірімдер шетел тұрмақ, басқа облыстағы, қаладағы спорт сайыстарына қатысу мүмкіндігінен қағылып жатады. Себебі, көбінесе өз қаржысымен баруға тура келеді. Алайда баланың жолақысын, жатын орнын, басқа да шығындарын ауылды жерде тұратын отбасының қаржылық әлеуеті көтере бермейді. Сөйтеді де, бағы мен бабын сынайтын сайыстарға бара алмаған жас спортшының сағы сына береді. Міне, Үкімет осындай әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын мейлінше көбірек созғаны жөн. Онсыз қаншама талантты, дарынды спорт шеберлері тасада қала беретін сияқты.

Елбасы Н.Назарбаев: «Қазақ­станның әлеуметтік жаңғыр­тылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты еңбегінде: «Әрбір қазақстандық саламатты өмір салтынсыз, тамақты тарта ішпейінше, қимыл-қозғалыссыз және спортсыз ұзақ өмір сүру мүмкін емес екенін білуге тиіс. Бұл – өмірдің ащы шындығы. Егер біз Қазақстандағы орташа өмір жасы Еуропадағыдай болғанын қаласақ, онда өзіміздің денсаулығымыз туралы ойлануға тиіспіз. Әрбір елді мекенде, соның ішінде ауылдық жерлерде, сондай-ақ әрбір мекеме мен кәсіпорында белсенді демалысты, дене тәрбиесі мен бұқаралық спортты дамыту үшін бірте-бірте жағдай жасау жөн. Елдің оқу орындарында дене тәрбиесінің оқудан тыс сабақтары мен секцияларын кеңейту керек» – деген болатын. Бұл тапсырманы кезектен тыс орындаудың қажеттілігі сезіліп тұрған сияқты. Осыған байланысты Үкіметтің алдына бірнеше міндет жүктелді. Бірінші – 2012 жылдың соңына дейін оқушылар үшін оқудан тыс спорт секцияларын бюджеттік емес қаржы көздерінен қаржыландырудың тетік­терін енгізуді қамтамасыз ету, екінші – Үкімет Спорт және дене тәрбиесі істері жөніндегі агенттікпен бірлесе отырып, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүйесі арқылы үкіметтік емес ұйымдармен, қоғамдық бірлестіктермен әріптестіктің жаңа түрлерін талдап-жасау. Тіпті Елбасы айтқандай, балалардың бүкіл сыныппен спорттық ойындарды тамашалауына мүмкіндік жасау керек. «Қазақстандық командалардың шет елдер чемпионаттарының жоғары лигаларына қатысу мүмкіндігін зерттеу қажет. Мәселен, футболда. Бірақ, ең бастысы – адамның өзінің өз денсаулығы мен тұрмыс-салтына деген жеке көзқарасы маңызды. Бұл жерде ешкімді мәжбүрлеу мүмкін емес. Бұл саналы ойластырылған жеке таңдау болуы тиіс», – дегені еске түседі.

Интернет сайттарынан Олимпиада чемпиондарының елге жеңіс арқалап оралып жатқандығы жайында мақала оқыдым. Онда алтын таққан жеті спортшының жемісті еңбегі мен ерлігі кеңінен баяндалыпты. Пікір білдірген оқырмандар да көп. Соның бірі: «13 медальді қанжығаға байлап, 12-орынға табан тіредік. Бірақ сол спортшылардың көбі – этникалық қазақ емес. Біз оларға әнұранды қалықтатып, туымызды желбіреткеніміз үшін ғана алғыс білдіріп жатырмыз. Ал солардың орнында өзіміздің қазақ спортшысы болса ғой, шіркін…» десе, келесі бір сайт оқырманы: «Кім болса, ол болсын. Әйтеуір, Қазақстанның атын әлемге танытса болғаны. Қазақтар спортқа ден қоймаса, не істейсің? Оған кім кінәлі?» деп жұбатыпты. Сөзінің жаны бар. Расында да, Қытай мемлекеті десе, өзінің қысықкөз қытайлықтары шығады. Жапония да, Оңтүстік Корея да солай. Егер Қазақстан құрамасының ішінде өзіміздің қаракөздеріміз өнер көрсетсе, біз де әлемге нағыз қазақтың бет-бейнесін танытатын едік. Әрине, аузымызды қу шөппен сүрте беруге болмас. Басқа спорт түрлерімен салыстырғанда, әсіресе бокста қаракөз жігіттеріміз басым.

Демек, қазақ баласының спортқа деген махаббатын ояту үшін әлгіндей спорт кешендері ақысыз пайдалануға берілсе деген ұсыныс-тілек бар. Ондағы арнайы секциялар жеткіншектерді дарынына қарай таңдап алып, заманауи жаттығулар өткізсе, күні ертең-ақ солардың арасынан қазақтың атын шығаратын даңқты спортшылар тәрбиеленіп шықпасына кім кепіл? Сол кезде бұған дейін аса көңіл бөлінбей келген спортқа жаңаша бетбұрыс болатын еді. Ал әлгіндей спорт нысандары мен секцияларды тегін жасамайынша, қарапайым қазақтың баласы Олимпиада чемпионы атағына жақын арада жете қоймасы анық. Бұл бүкіл ел болып, халық болып, Үкімет болып маңызды түрде басымдық беретін шаруа. Егер билік өкілдері біз айтқан ұсыныстардың болашақтағы нәтижесіне көз жүгіртіп, құптаса, әлі-ақ қазақтың ұландары мен оғландары әнұранды төрткүл дүниеге шарықтатып, Көк Туымызды көкте желбірете беретін болады.

Елімізден әлі талай спорт­шылардың шығатыны анық. Бірақ та оларға жағдайды кішкентайынан жасау керек. Ол үшін даңғарадай етіп салған спорт секциялары мектеп жасындағы балалар мен жас­өспірімдерге тегін болуы тиіс. Сонда ғана елімізде спорттың кез келген түріндегі бәсекелерге ұялмай қатысатын қаракөздер қанаттанып шығады. Дарынды жастардың шабытын шалқыту үшін тек кешендер салу жеткіліксіз. Себебі, байрақты сайыстарда топ жаратын болашақ чемпиондарды өсіріп, баулу үшін бүтін бір жүйелі бағдарлама қажет. Елбасы еліміздің әлеуметтік жаңғыртылуына арналған соңғы мақаласында осы мәселеге ерекше екпін түсірді. Енді мемлекет басшысының бұл тапсырмасына сәйкес, салалық агенттік пен Білім және ғылым министрлігі жақын маңда жасөспірімдер спортын дамытуға арналған тұжырымдама дайындап, тиісті ұсыныс әзірлеуі тиіс.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Back to top button