ДЕПУТАТТАР ДА АРАША ТҮСТІ

ДЕПУТАТТАР ДА АРАША ТҮСТІ

ДЕПУТАТТАР ДА АРАША ТҮСТІ
ашық дереккөзі

Өктем шенеунікке наразы болған бір топ телеарна қызметкері таяуда өз еріктерімен жұмыстан кетті. Бірақ мұнымен ақпарат кеңістігінде қордаланып қалған түйткіл шешілмегені анық. Өйткені тиісті органдар қазір тексеру жұмыстарын жүргізуде. Ал кеше Мәжілістің 9 депутаты мәселенің ақ-қарасын анықтауды талап етіп, құзырлы органдарға ашық хат жолдады.

Кез келген мемлекеттік мәселелерде қоғамдық пікір қалыптастыру, ұлттық қауіпсіздікті сақтау, экономикалық ынтымақтастық, азаматтық қоғам құру, елдегі демократиялық құндылықтарды дамыту, сыбайлас жемқорлықпен күрес секілді басқа да маңызды мәселелерде БАҚ өкілдері қосатын үлес қомақты. Елдің ертеңіне алаңдайтын да, әділетсіздіктің құрбаны болғандарға араша түсетін де – журналистер. Өкініштісі сол, бастарына іс түскен сәтте БАҚ пен оның қызметкерлеріне жаны ашитындар аз. Еліміздегі сөз бостандығын қорғау саласында еңбек ететін «Әділ сөз» қорының деректеріне жүгінсек, 2012 жылдың алғашқы 9 айында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне 15 рет шабуыл жасалып, БАҚ пен журналистердің үстінен 64 азаматтық-құқықтық талап түсірілген. «Ар-намысым мен мансабыма, денсаулығыма зиян келтірді» деп сотқа арызданатындардың көпшілігі шенеуніктер көрінеді. Ал журналистерден өндіруге тырысқан моральдық шығын көлемі – 4 млрд. 182 млн. 590 мың теңге.

Бүгінде қазақтілді БАҚ-тың бағынан гөрі соры басым. Өйткені ішкі-сыртқы цензура, тендерге телміру, қаржылық тапшылық кең өрісті тарылтқан. Оған өткенде «Алматы» телеарнасынан жаппай жұмыстан кеткен қызметкерлердің мәселесін қосыңыз. Бұл туралы «Түркістан» газетінің өткен санындағы «Куяновтың «қамшы үйіруі» (4.Х.2012 ж.) деген мақалада айтқан болатынбыз. Осы оқиғадан кейін ҚР Мәжіліс депутаттары М.Әбенов, Н.Сабильянов, Қ.Сұлтанов, О.Асанғазы, А.Смайыл, Б.Смағұл, Ж.Ахметбеков, Г.Сейтмағанбетова, А. Соловьева сынды халық қалаулылары «Алматы» телеарнасынан өз еріктерімен жұмыстан кетуге шешім қабылдаған әріптестерімізге араша түсіп, ҚР Бас прокуроры А.Дауылбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi С.Әбденов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Д.Мыңбай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы А.Байменов пен Алматы қаласының әкімі А.Есімовтің атына ашық хат жолдады. «Біздің хат жолдауымызға «Алматы» телеарнасынан жаппай арыз жазып, жұмыстан кеткен журналистердің Қазақстан Республикасы заңнамасының еңбек қатынастары, бұқаралық ақпарат құралдары, мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік қызмет салаларына қатысты талаптарының бұзылуы жөнінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының атына жазған ұжымдық арызы түрткі болды. Жұмыстан кеткен журналистер Алматы әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі Сергей Куяновтың телеарна жұмысына, редакциялық саясатына және ұйымның кадрлық мәселелеріне заңсыз араласу себебінен ұжымда жағымсыз ахуал қалыптасқанына шағымданған» деп бас­та­латын хатта телеарна қызметкерлерінің ша­ғымына тоқталған: «Біріншіден, телеарнаның редакциялық саясатына баспасөз қызметінің басшысы араласу заңсыздығы бойынша. Барлық БАҚ-тың жұмысы, оның ішінде құрылтайшысы мемлекеттік ұйымдар (қалалық әкімдік те жатады) болып табылатын ақпарат құралдарының да жұмысы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі. Осы нормативтік құқықтық актіге сәйкес жергілікті атқарушы органдар өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуді тек мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және оның орындалуына бақылау арқылы жүзеге асырады. Бұл заңға сәйкес жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлігі әкімдіктің баспасөз қызметіне редакциялық саясатты қалыптастыру бойынша құзіреттер жүктелмеген. Сол себептен әкімдіктің баспасөз қызметінің жетекшісі С.Л. Куяновқа «Алматы» телеарнасының редакциялық саясатына араласуға, журналистердің жұмысын бағалауға, хабарлардың шығармашылық деңгейін сараптауға құқық берілмеген. Екіншіден, мемлекеттік тапсырыстың орындалуына баспасөз қызметінің наразылығын білдіру заңнама арқылы негізделмегені бойынша. Телекомпания үшін мемлекеттік тапсырысты орналастыруды баспасөз қызметі емес, бөлек құрылым, заңды тұлға – Алматы қаласының ішкі саясат басқармасы жүзеге асырады. Осындай шараларды іске асыру мақсатында қала аумағында телехабар арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу үшін 2012 жылға 273 млн. теңгені құрайтын біртұтас лот қалыптастырылған. Сонымен қатар, заңнамамен БАҚ үшін мемлекеттік тапсырысты орналастыру және оны жүзеге асыру рәсімі нақты белгіленген. Ол тек келісім-шарт және бекітілген медиа-жоспар негізінде жүзеге асырылады. Бұл ретте тапсырыс берушінің барлық тілектері тақырып тізбегімен және медиа-жоспарға енгізілгендерді шығармашылық орындау түрімен негізделеді. Мемлекеттік тапсырыс­ты орындау сапасына қатысты мердігерге қандай да болмасын шағымдарды тапсырыс беруші тек медиа-жоспардың жүзеге асырылуы фактісіне сүйене отырып береді. Тапсырыс беруші жұмыстың сапасына қанағаттанбаған жағдайда, ол заңды түрде дәлелдеуі керек, содан кейін ай сайынғы қабылдау актісіне қол қоймауға және тиісінше бюджеттік қаражаттарды аудармауға құқылы. Егер де медиа-жоспарда қарастырылған телебағдарламалар эфирге шықпаса немесе олардың сапасы тапсырыс берушіні қанағаттандырмаса, онда мемлекеттік сатып алу туралы келісім-шартты бұзу және айып төлемін өндіру мәселесі қойылады. Медиа-жоспарға енбеген басқа бағдарламаларды жасау туралы талап қою – заңсыз».

Осылайша ой қорытқан депутаттар Алматы қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі тапсырыс беруші болмағандықтан, оның басшысы С.Куяновтың «Алматы» телеарнасының мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыруына бақылау жүргізуге, шығармашылық жұмыстарын бағалауға, мемлекеттік тапсырыспен көзделмеген жаңа хабарларды шығаруды талап етуге құқығы жоқтығын айтады: «Үшіншіден, баспасөз қызметінің басшысы телеарнаның кадрлық саясатына араласуына заңды құқығы жоқтығы бойынша. Мемлекеттік тапсырысты жүзеге асырушы телеарнада білікті қызметкерлердің бар болуы мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысудың қажетті шарты болып табылады. Егер телеарна байқауға қатысып, мемлекеттік сатып алуды жеңіп алған болса, онда сол талаптарға сәйкес келгенін көрсетеді. Бұдан кейінгі телеарна қызметкерлерінің біліктілігі бойынша қандай да болсын шағымдар айтылса, онда конкурстың жеңімпазы «Алматы» телеарнасын байқауға қатысуға мүмкіндік берген тапсырыс беруші – әкімдіктің ішкі саясат басқармасы жауапты болуы тиіс. «Алматы» телеарнасы қалалық мемлекеттік құрылымдар арқылы құрылғанымен, дербес заңды тұлға болып табылады. Телекомпания әкімдік баспасөз қызметінің бөлімшесі болмағандықтан, баспасөз қызметінің жетекшісі С.Куяновтың телеарнаның ішкі кадрлық саясатын жүргізуге, белгілі бір қызметкерлер мен журналистерді жұмыстан босату туралы мәселе қоюға құзіреті жоқ. Қызметкерлер жұмысының сапасын бағалау, оларды ынталандыру мен жауапқа тарту, оның ішінде жұмыстан босату мәселелері телеарна басшылығының ғана айрықша құзіреті болып табылады және Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен реттеледі. Аталған кодекске сәйкес қызметкер бiлiктiлiгiнiң жеткiлiксiздiгi салдарынан атқаратын лауазымына немесе орындайтын жұмысына сәйкес келмегендiктен, жұмыс берушiнiң бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу тек аттестациялық комиссияның шешiмiне негiзделуге тиiс. Бұған қоса, жұмыс берушi осы еңбек шартын бұзатыны туралы қызметкерге бiр ай бұрын жазбаша ескертуге мiндеттi. Телеарна қызметкерлерін әкімдіктің баспасөз қызметі жетекшісінің ұсынысы немесе жеке баға беруі арқылы жұмыстан шығару заңнамада қарастырылмаған».

Осы себепті, қалалық әкімдік баспасөз қызметінің жетекшісі С.Куяновтың «Алматы» телеарнасының тікелей басшысы болмауы себепті оның қызметкерлерін жұмыстан босату жөнінде талап етуге, біліктіліктерін бағалауға құқығы жоқ екендігін ашық айтқан ашық хат иелері Куяновтың әрекеттері заңсыз екендігіне тоқталады: «Еңбек дауы салдарынан «Алматы» телеарнасының көптеген қызметкерлері жұмыссыз қалып отыр. Мемлекеттік құрылымдар телеарнаның құрылтайшылары болып табылады, сондықтан мемлекеттік органдар жұмысшылардың еңбек құқықтарының бұзылуына тікелей себепші болды. Осыдан кейін еңбек адамын құрметтеу мен оны қорғау туралы қандай әңгіме айта аламыз? Мемлекетімізде еңбек адамын қорғау және ерекше құрметтеу бойынша маңызды шараларды атқарудың орнына, мемлекеттік биліктегі лауазымды тұлғаның өзі жұмысшылардың құқықтарына нұқсан келтіруде. Барлығына жария болған күрделі еңбек дауынан кейін еңбек құқықтары мен «Алматы» телеарнасының ондаған қызметкерлерінің кейінгі тағдырына немқұрайлық таныту, мемлекеттік тапсырыс рәсімдері, мемлекеттік ақпараттық саясаттың қағидаттары мен міндеттерінің айқын еместігі, баспасөз қызметінің жетекшісі С.Л. Куяновтың ымыраға келе алмауы жағымсыз қоғамдық пікір туғызуда. Сонымен қатар, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қалалық әкімдік тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуына бақылауды жүзеге асыруға құзіретті. Жоғарыда келтірілген мән-жайларды ескере отырып, арызда баяндалған уәждерді, әкімдіктің баспасөз хатшысы С.Л.Куяновтың іс-әрекеттерінде жоғарыда аталған заңдардың, оның ішінде Еңбек кодексінің талаптары бұзылуының орын алуын тексеруді, сонымен қатар «Алматы» талеарнасы қызметкерлерінің бұзылған құқықтарын қайта қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдауды және еңбек дауы мен азаматтардың құқықтарының бұзылуына жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарастыруды сұраймыз».

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ