ҚҰРЫЛЫС ИНСТИТУТЫ ҚҰРДЫМҒА КЕТУІ МҮМКІН

ҚҰРЫЛЫС ИНСТИТУТЫ ҚҰРДЫМҒА КЕТУІ МҮМКІН

ҚҰРЫЛЫС  ИНСТИТУТЫ ҚҰРДЫМҒА КЕТУІ МҮМКІН
ашық дереккөзі

Бүгінде еліміздегі жалғыз құрылыс институты – Қазақ ғылыми-зерттеу және жобалау-эксперименталдық сейсмикаға төзімді құрылыс пен сәулет институтына (ҚазҒЗСТҚСИ) қауіп төніп тұр. Мемлекетіміздің құрылыс саласы үшін маңызы зор болып табылатын институтты қазіргі уақытта басқарып отырған басшылар оны жекешелендіруге жанталасып бағуда. Атап айтсақ, институт Ақционерлік қоғам негізінде қайта құруды көздеп отыр.

Мәселенің мәнісі мынада: осыдан екі жыл бұрын Республикалық мемлекеттік кәсіпорын ҚазҒЗСТҚСИ басшылығына ҚР Құрылыс істер агенттігі конкурс жариялады. Конкурсқа бес ғылым докторы, бір ғылым кандидаты және бір ғылыми дәрежесі жоқ қызметкер қатысады. Конкурстың нәтижесі бойынша 2010 жылдың 1 наурызынан РМК ҚазҒЗСТҚСИ директоры болып зейнеткерлік жасқа таяп қалған, ешқашан ғылыми мекемеде жұмыс жасамаған, ғылыми атағы жоқ М.Н.Алпысбаев сайланады. Міне осы кісінің келуімен «Қазақ ғылыми-зерттеу және жобалау-эксперименталдық сейсмикаға төзімді құрылыс пен сәулет институтында» бұрын-соңды болмаған өзгерістер жүзеге аса бастайды. Басшылық тізгінін қолына алған соң М.Алпысбаев институттағы ғылыми-зерттеу эксперименталды база қызметкерлерін жұмыстан шығарып, кең көлемді реформа жасайды. Институт тарапынан ғылыми жұмыстарға кешенді бағдарлама дайындалады. ҚР Құрылыс істер агенттігі ғылыми жұмыстарды 2011 жылы 021 нөмірімен бекітеді. 2010-2012 жылға дейінгі аралықта мемлекеттік бюджеттен ешқандай да ғылыми-зерттеу жұмыстары атқарылмайды. Бұл жағдай институттың ғылыми-зерттеу базасын тоқырауға ұшыратты. Осы жайт білікті мамандардың жұмыстан кетуіне қатты ықпал етті. Қазіргі таңда ғылыми-зерттеу эксперименталды базасы қараусыз қалды.Эксперименталды базадағы құрылғылардың көпшілігі істен шықты, тозығы жеткен құрылғылар мен құрал-саймандар металл сынықтары ретінде сатылып, талан-таражға түсті.

Институттың қалған қызметкерлеріне бұл жайт түйіні шешілмес көкейкесті мәселе болып отыр. Ал аталған мәселеге қатысты басшылықтың жауабы мынадай: «Ғылыми-зерттеу эксперименталды база орнына көпқабатты зәулім кеңсе салынады». Ал ҚР Құрылыс істер агенттігінің басшысы Нокин осы мәселеге байланысты: «Бұл институттың ішкі мәселесі, оны шешу өздеріңіздің құзырларыңызда» дегенді алға тартады.

Жаңа басшы М. Алпысбаевтың лауазымы РМК ҚазҒЗСТҚСИ құрылымына сәйкес емес және Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығымен №273-п 22.11.2002 қабылданған Заң талабына да сай емес. Қайта құрылған әкімшілік басқару құрамының саны шамадан тыс артық. Әкімшілік басқару құрылымы қызметкерлерінің көбі дерлік ғылым және құрылыс саласынан бейхабар адамдар.

Қазіргі уақытта институтта стандарттық типтік жобалау бөлімшесі және баспа бөлімшесі сынды жаңа бөлімшелер ашылды. Республикада басқа да тапсырыстарға мұқтаж болып отырған ірі, тәжірибесі мол сәулет және құрылыс жобалау институттары толып жатқанда, стандарттық типтік жобалау бөлімшесінің ашылуы орынсыз. Ғылыми техника қарыштап-дамып, іс-қағаздардың электронды нұсқасы жетілген кезде баспахана ашу да тиімсіз. Жаңа заманның жаңалықтары мен жетістіктерін пайдаланбай, ескіліктің ескірген арнасымен жүру қандай да болмасын ұжымның жұмысын тежейді.

Институттың қазіргі кездегі жұмысының негізгі бағыты Құрылыс істер агенттігі және Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жүзеге асырып жатқан еліміздің құрылыс саласында техникалық реттеу жүйесі реформасына атсалысу. Институтқа осы жұмыстарды атқаруға жылына бір миллиардқа жуық теңге бөлінеді. Институт осы қаржыға отандық құрылыс нормаларын еуропалық нормаларға сәйкес әзірлеуде және қолда бар нормаларды қайта өңдеу үстінде. Бұл жұмыстардың көбі институт тарапынан мұндай істерде тәжірибесі жоқ мердігер мекемелерге тапсырылады. Сонымен қатар, РМК ҚазҒЗСТҚСИ мұншалықты көп шығып жатқан нормативтік құжаттарға сапалы тексеріс жасауға қауқарлы емес. Сондықтан да көптеген бекітілген нормативтік құжаттар сапасыз болып жатыр.

Өзі басқарған екі жарым жылдың көлемінде М.Алпысбаев институтта эксперименталды ғылыми-зерттеу және техникалық сынақтардың өткізілуіне және жас ғалымдардың ғылыми шығармашылық істеріне мүмкіндіктер туғызбады.Ол өзін техникалық ғылым саласында хабары жоқ және жауапсыз маман ретінде көрсетті.

Бұрын шетел: Жапония, Қытай, Түркия сияқты мемлекеттер мен тәжірибе алмасу шаралары ұйымдастырылып, институтымыздың мамандары мол тәжірибе жинақтап, ол өз кезегінде елімізге ғимараттар мен ғимараттарды жобалауға және олардың сейсмикалық төзімділігіне үлкен үлес қосты. Техникалық ғылыми-зерттеу сейсмикалық тәжірибе алмасу мақсатында РМК ҚазҒЗСТҚСИ халықаралық ғылыми конференциялар ұйымдастырып, институттың жас мамандары шетелдерге алқалы жиындарға жіберілетін. Қазіргі таңда осы игі іс-шаралардың бір де-бірі атқарылып жатқан жоқ. Осының барлығына мұрындық болуға тиіс басшының бұл шараларға немқұрайлылықпен қарағаны қынжылтады.

РМК ҚазҒЗСТҚСИ-ді ғылымнан алшақ адамдар билеп-төстеп, талан-таражға салып, институтты жекешелендіруіне және оны Акционерлік қоғамға айналдыруына байланысты республикадағы жалғыз сейсмикалық бағытта жұмыс істейтін инс­титутты сақтап қалуға көмектесулеріңізді өтінеміз. Кеңес өкіметі тұсында Қазақ ғылыми-зерттеу құрылыс институты («ҚазҒЗҚИ» ҚазКСР ҒА) 1932 жылы Алматы қаласында құрылған еліміздегі жалғыз ғылыми-зерттеу құрылыс институты болғаны көпшілікке белгілі. Қазақ ғылыми-зерттеу және жобалау-эксперименталдық сейсмикаға төзімді құрылыс пен сәулет институты – 1990 жылы «КазпромстройНИИпроект» институтының ғылыми базасынан қайта бөлініп шыққаны баршаға мәлім.Мемлекетіміздің құрылыс саласына күн демей, түн демей қызмет атқарып келе жатқан институт осылайша кежегесі кері кетіп, құрып кетудің аз-ақ алдында тұр. Негізгі жұмысының бағыты өндірістік ғимараттар мен ғимараттардың сейсмикаға төзімділігін зерттеу, жаңа конструктивті жүйелерін жобалау, құрылысы біткен ғимараттарды сейсмикаға бағалау, жер сілкінісі және басқа да табиғи апаттардың салдарын зерттеу және ғимараттар мен ғимараттарды күшейту және қалпына келтіру методикалық ұсыныстарын өңдеумен айналысатын осынау институтты жекенің қолына өтуден сақтауларыңызды сұраймыз. Әйтпесе, алдағы уақытта Қарағанды қаласында сапасыз салынған құрылыс нысандары сияқты нысандар еліміздің түкпір-түкпірінде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетуі сөзсіз. Ең бір ескеретін жайт, Құдай оның бетін ары қылсын, егер Қазақстанда жер сілкінген жағдайда ғимараттар мен ғимараттарды сараптау және қалпына келтіру бағытында жұмыс жасайтын білікті мамандарды еліміз қайдан таппақ. Ондай жағдайда кәсіби мамандарды шетелден шақыруға тура келеді. Сонда бізде құрылыс саласындағы бір іргелі ғылым жойылып, құрдымға кетпек. Осы ретте Елбасының биылғы Жолдауында «Ғылым туралы жаңа Заң ғылымға мемлекеттік түрде жүйелі қолдау көрсетілетініне негіз болады. Отандық ғалымдарды қолдау қажет» делінгенін еске сала кеткіміз келеді.

«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген, мемлекеттік маңызы зор құрылыс инс­титуты – «Қазақ ғылыми-зерттеу және жобалау-эксперименталдық сейсмикаға төзімді құрылыс пен сәулет институты» ертең ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуі әбден мүмкін.

Әли БЕСПАЕВ,

зертхана меңгерушісі,

Мейрам ШОЛПАНБАЕВ,

сектор меңгерушісі,

Серік ЖАРЫЛҚАСЫНОВ,

жетекші инженер