ЖАҚСЫ ЖАР — ЖАРЫҚ КҮН

ЖАҚСЫ ЖАР — ЖАРЫҚ КҮН

ЖАҚСЫ ЖАР —  ЖАРЫҚ КҮН
ашық дереккөзі

Қаз дауысты Қазыбек ел аралап жүріп, бір үйге түсіпті. Ерінің үйде жоғына қарамастан, әйелі қонақтарды жақсы күтіпті. Сонда Қазыбек: «Әйелі мұндай, мұның ері қандай екен?» – деп ойланып отырғанда, үйіне ері келеді. Қараса, ері ұя беріктеу ғана адам екен, Қазыбек әзілдеп, жолдастарына қарап, былай депті: – Жарандар, бұл сөзімнің мәнісі бар, Мәнсіздің мәндіменен не ісі бар? Құданың құдіретіне қарап тұрсам, Жапалақ үйрек алған бір ісі бар. Сонда әйел Қазыбек бидің сөзіне түсініп қалып: Биеке, ол сөзіңнің мәнісі бар, Мәнсіздің мәндіменен көп ісі бар. Жапалақ ілген құсын місе тұтпай, Әлде де қоңыр қаздан дәмесі бар, – депті. Қазыбек әлгі әйелге риза болып: Балаң жаман болса – Көрінгеннің мазағы емес пе?! Атың жаман болса – Шыбын жанның азабы емес пе?! Қатын жаман болса – Бұл жалғанның тозағы емес пе?! Туған балаң жақсы болса – Тән мен жанның шырағы емес пе?! Мінген атың жақсы болса – Бұл дүниенің пырағы емес пе?! Алған жарың жақсы болса – Жиғаның мен мейманыңның тұрағы емес пе?! – депті. Ойланып көріңізші, бұл дана сөздерде өмірдің қаншама шындығы жатыр? Сөз қасиетін түсінетін әрбір жан халық аузында сақталып қалған осындай асыл сөздерден – қазақ философиясынан нәр алып, рухани сезімі толығып, ішкі дүниесі байи түседі емес пе? Халық даналығы «Жақсы әйел – ырысың», «Жақсы жар – жарық күн» дейді. Расында да солай ғой. Әйел – шаңырақтың құты.Әйел – үйдің туы. Үй шырайын, жылулық келтіретін әйел. Қазақ әйелін құрметпен «Жан жолдасым» дейді. Әйелдің рөлі отбасын сақтауда, бала тәрбиелеуде өте зор. Сондықтан болар қандай қоғам болмасын аналарды әрдайым ерекше құрметтейді, аялап, сыйлайды. Өйткені олар оған әбден лайық! …Жазушы, түрколог-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Немат Келімбетовтің ауыр тағдыры, ғылыми және шығармашылық еңбектері көкірегі ояу зерделі азаматтарға жақсы таныс. 35 жасында сал ауруға шалдығып, төсекке таңылғанына дес бермей, тағдыр тауқыметімен тайталасып, қайрат танытып, сенім-жігерін қамшылап, қолынан қаламын түсірмей көптеген шоқтығы биік еңбектер жазды. Дерт жанын қанша қинаса да үміт отын лаулатып, ерінбей, талмай, беріле еңбек етті. Сөйтіп әлем классиктерінің 10 романын, 25 кинофильмдерін аударып, «Ұлыма хат», «Қариялар», «Күншілдік» және «Үміт үзгім келмейді» атты 4 кітап жазып қалдырды. Әсіресе оның «Үміт үзгім келмейді» монолог-хикаяты жазушының қаламгерлік қуатын, ой өрісін, күрескерлік күшін көрсеткен ерекше туынды. Осы шығармасы арқылы ЮНЕСКО аясындағы ең мерейлі марапаттардың бірі – Еуропаның Франц Кафка қоғамының наградасын иемденді. Ал сандаған ғылыми еңбектері өз алдына бір төбе. Ой таразысына салсақ, бұл ерлікке, батырлыққа тең үлкен іс емес пе? Ауыр науқас, мүгедек жанның ауыртпалығын бір кісідей көтеріп, қала кітапханаларынан том-том кітап арқалап, үйі мен кітапханалар арасын жол қылған, төсекке таңылған жарының ауызша айтып аударған кітаптарын қайта-қайта қолдан жазып, қайта-қайта бастырып, баспаға апарып беріп жүретін, еріне сүйеу, тіреу бола білген жұбайы Қуаныш апайдың еңбегін қалай бағаламайсың! Қос қанаты – ұлдары Мұхит пен Қайратты ел қатарынан қалдырмай тәрбиелеп, терең, сапалы білім беру де Қуаныш апаға жеңіл іс болды дейсіз бе? Шіркін, сол бір жүрегі сыйға, нұрға, сезімге толы, қайырымы мол, сабырлы мінезді, дархан пейілді нәзік жанды қалай қастерлесек те жараспай ма?! Қазақ әйеліне әдемі, сұлу, шұрайлы әдеби ескерткіш қойған қазақ жазушыларының бірі, сөз зергері Ғабең – Ғабит Мүсірепов екенін мойындағанымыз жөн. Ана туралы әңгімелерінен басталып, «Ұлпанға» ұласқан шоқ жұлдызды шығармалар шоғырында әйел-аналардың сымбаты бөлек сұлулығы мен ұлылығы қос өрім боп қабат өріледі. Тамсанбасқа амалың жоқ. «Ең жаман деген әйелдің қолынан адам жасау келеді» дейтін Ғабеңнің құнарлы қаламынан туған «Әйел асқақтаса – жылағаны, еркек асқақтаса – құлағаны», «Әйел ашуланса жеңіледі, еркелесе – жеңеді», деген секілді мақал-мәтелге айналып кеткен қанатты сөздер ел аузында қаншама! «Дүниеде әйелдің көзінен артық қызықтыра алатын, әйелдің көзінен артық сиқырлап тартып кете алатын күш жоқ қой деймін. Қандай да байлық, бақ, мансап, тіпті қоғамдық дәреже дегендердің бірде-бірінде ондай күш жоқ. Бәрі бірге қосылып келіп мойыныма асыла кетсе, оқтай қадалған әйел көзіне қарай жүре берер едім», – деп ағынан жарылып, сыр шертеді классик жазушымыз Ғабит Мүсірепов. Әйелдерге берілген қандай ғанибет баға, қандай ғажап көңіл! Ибраһим пайғамбардың ұлы Ысмайыл алыста жүріп үйленіпті. Бұл хабарды естіген әкесі бір күні ұлын іздеп келеді. Келсе, үйінде ұлы жоқ, жас келін бейтаныс ақсақалды есік алдынан қарсы алады. Бірақ ол үйіне келіп тұрған өзінің қайын атасы екенін білмейді. Ыстық күнде шөл қысып, әбден бейнет көрген қарияға келіні. «Жолдан шаршап келдіңіз ғой, үйге кіріп шәй ішіңіз», – деп ишара-ізет білдірмейді. Көңіліне кірбің ұялаған пайғамбар одан тұрмыс жағдайларының қандай екендігін сұрайды. Келіншек «жоқтан» өзгені аузына алмайды. Сырт көзге сыр білдірмей, үнсіз тыңдаған қария аттанарында: «Күйеуіңе айт, үйдің босағасын ауыстырсын, сонда ғана тұрмысы түзеледі», – деп кете барады.Сөз астарын түсінбеген әйел күйеуіне көрген-білген жайдың бірін қалдырмай баяндап береді. Ысмайыл келіп кеткен өз әкесі екенін, оның келініне көңілі толмай, ренжіп қайтқанын іштей түсінеді. Үйдің босағасын ауыстыр дегені әйеліңді ауыстыр дегені екенін де ұға қояды. Арада жылға жуық уақыт өтеді. Ибраһим пайғамбар ұлын тағы да іздеп келеді. Баласы тағы да үйінде болмай шығады. Бұл жолы әлгі ақсақалды бейтаныс келіншек күтіп алады. Көргенділік танытып, өз әкесіндей құрмет көрсетіп, сыйлайды. Жол соғып, қалжырап келген қарияны төріне шығарып, дәм-тұзын ортаға салады. Тұрмыс-тіршілігі жайлы қойылған сұрағына көп ойланбастан: «Құдайға шүкір, Алланың бұйыртқаны болып жатыр», – деп жауап береді. Күйеуінің қандай адам екенін сұрағанда, оның иманды, еңбекқор, адал азамат екенін айтып, ризалығын білдіреді. Мынадай жауапқа жаны жадыраған Ибраһим пайғамбар аттанарында: «Күйеуіңе сәлем айт, үйдің босағасын берік ұстасын», – деп жүріп кетеді. Діни әдебиеттерде жиі айтылатын бұл аңыз-әңгіменің ғасырлар өтсе де, мәні мен маңыздылығы жойылған емес. Қазақта: «Ақылды әйел жаман еркекті төрге сүйрейді, жаман әйел жақсы еркекті көрге сүйрейді» деген қанатты сөз бар. Өмір шындығы солай. Жақсы әйел ерінің жақсылығын арттырып, жамандығын жасырып, әрдайым жанұясын сүттей ұйытып, берекеге байытып, бақытқа кенелтіп отырады. Ал жаман, мінезі адуын, ойы таяз әйел керісінше ер азаматтың аяғына «кісен» салып, «отырса – опақ, тұрса – сопақ» дегендей, кез-келген сәтте шу-жанжал шығарып, ерін жүн қылып түтіп, жүйкесін тоздырады, сый-абыройын төгеді, жүрген ортасында беделін жоқ қылады. Ондай отбасына бақ-береке жуымайды, берекесіздік жайлап, тіпті, көбінесе ерлі-зайыптылардың ажырасуымен аяқталады. Балалары «тірі жетім» қалып, қиындықтарға ұшырып, өмір тауқыметін тартады. Статистикада жыл сайын отбасын құрған қазақ жастарының 15-16 пайызы ажырасып кететіні айтылады. Бұл әлемдік көрсеткіш бойынша тым көп саналады. Әдеп, иба, тыйым деген ұлттық тәрбиеге тән ұғымдарды алыс-жақын шетелдің азғындатқыш фильмдерінің арсыз тәрбиесі алмастырып, отбасылық жауапкершілік деген ұғым ойыншыққа айналды. Отау құрғандардың АҚШ-та – 43, Ұлыбританияда – 42, Ресейде – 41 пайызы ажырасып кететінін, ал ең «ажырасқыш» қалалар қатарына Нью-Йорк (51%) пен Мәскеу (49%) жататынын ескерсек, біздің кімдерге қарап көш түзеп отырғанымызды бірден ұғасыз. Зерттеушілер бұл жеңіл жүріс пен жар таңдаудағы немқұрайлылықтың нәтижесі дегенді айтып отыр. Қазақ: «Өмірде екі нәрсені таңдағанда қателеспеу керек» дейді. Біріншісі, жас кезде мамандық, кәсіп таңдау болса, екінші, өмірлік жар таңдау екен. Болашақ аналардың теріс қылықтары жайлы БАҚ-та аз жазылып, аз айтылып жүрген жоқ. Расын айту керек, «қазіргі заман талабы, уақыт өзгерді» деп қыз-балаларымыз, жас әйелдер ол мәселеге жүрдім-бардым қарауда. Соның жемісін қазір көріп отырмыз: қала сайын тастанды балалар үйі, жетімдер мен қарттар мекені. Қазақстанда қазір 154 балалар үйі бар. Ал тіркеудегі жетімдер саны 94 мыңнан асады. Шымбайға шоқ тастайтыны – сол шерменде балғындардың көбі өзіміздің қаракөздер. Тасбауыр қоғам тастанды сәбиді қажет етпеген соң, Батыс Еуропа, АҚШ-тан қамқоршы әке-шеше табылып жатыр оларға. Жиырма жылда 8 мың бала шетел асыпты. Бір ғана АҚШ-та қазақстандық 2000 бала америкалық отбасында тәрбиеленіп жатыр екен. Байлығын қорасындағы малымен емес, бауырындағы баласымен өлшеген қазақ бұған не дер екен? Бүйте берсек келешек не болады? Ешнәрсені бағаламайтын, қадірлемейтін, құрметтемейтін тасжүрек аналар, тасжүрек балалар қаптап кетпей ме мына қызылды-жасылды, дүрбелеңге толы беймаза дүниеде? Ия, жыл сайын мыңдаған тастанды балаларымыз шетелге асып, басқа елдің, басқа ұлттың мерейін тасытып, қуанышқа бөлеп жатқаны рас. Анда-санда теледидар мен газеттер арқылы сол жатжұрттық болған қандас жас бауырларымызды көріп, олардың тұрмыс-тіршілігі жайлы мәліметтерді оқып, жүрегіміз қан жылайтыны бар. Әрине, қайда жүрсе де аман-сау болып, бақытты өмір сүргенін тілейміз қарадомалақ ұландарымызға. Бірақ ой қазанына салып көрсек, ішкі дүниеміз әлем-жәлем болатыны сөзсіз. Олардың арасында қаншама дарынды, талантты, болашақта әлемге елдің атын шығаратын өрен өнерпаз иесі, үлкен ғалым, шебер жазушы, белді саясаткер кеткенін кім біледі? Шынында жетімдер санының артуына, тастанды балалардың көбеюіне не себеп? «Ау, қызғыш құс, қызғыш құс, сені көлден айырған – лашын құстың тепкіні, мені елден айырған – хан Жәңгірдің екпіні», – деп ержүрек Махамбет жырлағандай, өз баларымыздан ай жарық, күн жылыда айрылып жатқанымыз дұрыс па осы? «Қазақтың санын кәйтіп, қалай көбейтеміз?» деп ақ тер,көк тер болып жүрген саясаткерлер, Паламент мүшелері мен сенаторлар, ел билеп отырған шенеуніктер не дер екен біздің осы сауалымызға? Осы жағын бір мезгіл санамызда саралап қойғанымыз артық емес-ау, тегі… Түз даланы мекен еткен сайғақтар әлдебір себептерден мерт болған ана­сының қасында қалған жас құралайды далада иесіз, жалғыз қалдырмайды екен. Оны басқалары қамқорлықтарына алып, өздерінің ішіндегі анасайғақтың біріне теліп (еміздіріп), топтарына қосып алады екен, жануарлар. Аң екеш аң солай етіп жатқанда, неге бізде жетімектер саны еш азаймай отыр? Көпшілік болып ойланатын мәселе… «Қорқыт ата» кітабында төрт түрлі әйел жайлы мынадай мысал келтірілген екен: «Сұлу әйелге үйленсең – оның күзетшісіне айналасың, атақты әйелге үйленсең – оның атағына телінесің, бай әйелге үйленсең – оның көп мүлкінің біріне айналасың, ал ақылды, иманды әйелге үйленсең – оның сенімді серігі боласың», делінген. Ой салатын әңгіме. Саясаткер болсын, ғалым болсын, үй шаруасында болсын қазақ қызы біреудің әлпештеп өсірген перзенті, бір азаматтың адал жары, балалардың аяулы анасы екенін ұққанымыз абзал. Лайым Алла Тағала қазақ әйелін имандылықтан айырмасын, кесапаттықтан сақтасын. Ару аналардың шын бақытты болуын тілейік. Әрқайсымызға жақсы жар өмірлік серік болсын!

Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор Тараз қаласы