ЖЫЛУ МАУСЫМЫ: КӨҢІЛГЕ КҮМӘН ҰЯЛАТАТЫН КӨТЕРІҢКІ ЕСЕП

ЖЫЛУ МАУСЫМЫ: КӨҢІЛГЕ КҮМӘН ҰЯЛАТАТЫН КӨТЕРІҢКІ ЕСЕП

ЖЫЛУ МАУСЫМЫ:  КӨҢІЛГЕ КҮМӘН ҰЯЛАТАТЫН КӨТЕРІҢКІ ЕСЕП
ашық дереккөзі

«Қыс қамын, жаз ойла» деген бар. Кейде мұны естен шығарып аламыз. Әсіресе, еліміздегі әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің жылу құралдарын ерте қамдауы тиіс шенеуніктердің біразы ала жаз бойы шырылдауық шегіртке құсап шетелге «гөлайттап» кететіні рас.

Алдымызда қылышын сүйретіп қыс келеді. Бұл уақытта барлық жылыту қазандықтары жамалып немесе күрделі жөндеуден өтуі тиіс. Алайда жылу маусымына бір-ақ ай уақыт қалса да, 190 жылу қазандығы әлі жөндеуден өтпепті. Оның ішінде Жамбыл об­­лысын­да – 32, Маңғыстау облысында – 17, Шығыс Қазақстанда – 15, Солтүстік Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында – 13, Қарағанды облысында – 12, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында – 20, Атырау облысында – 8, Қостанай мен Қызылорда облыстарында және Алматы қаласында әрқайсысында – 7 қазандықта жөндеу жұмыстары аяқсыз күйде қалған. Ал облыс әкімдіктерінің сөзіне сенсек, маусымға 90-94 пайыз дайын көрінеді.

Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің дерегіне қарағанда, Кентау, Теміртау, Семей, Жаңатас, Қаратау, Көкшетау қалалары қыстыгүні қатып қалуы мүмкін. «Шағын және моноқала­лар­дың атап айтқанда, Кентау, Теміртау, Семей, Жаңатас, Қаратау, Көкшетау қалаларының тұтынушыларын электр қуатымен қамтуға айрықша назар ауда­руларыңызды сұраймын. Аталған өңірлердің әкімдері жылумен қамту нысандарында және объектілердің инфрақұрылымдары­ның бүкіл кешенінде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жеделдету бойынша арнайы жоспарды іске асырулары қа­жет», – деді Әсет Исекешов.

ГАЗДЫ ҚАРЫЗҒА АЛАМЫЗ

Оның үстіне қажетті көмір қоры болса да, газ жағынан қиындық туындауы ғажап емес. Биыл «Ресей, Қытай және Өзбекстаннан жалпы ауқымы 1,2 миллиард текше метр газды қарызға аламыз» десек те, еліміз былтырғы «Газпромнан» қарызға алған 800 млн. текше метр газды қараша айына дейін қайтаруы қажет екен.

Идустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешовтің хабарлауынша, биылғы жылу маусымында Қазақ­стан­ның электр желілерінің жүктемесі 5 пайызға артты. «Соңғы сегіз айдың ішінде өндірілген электр қуат көздерінің жалпы көлемі 58 млрд. киловатт сағатты құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 пай­­­ызға артық. Қа­зіргі кезде жылу электр стансаларында 4,6 млн. тонна көмір және 99 мың тонна мазут жинақталған. Әзірше бұл отын белгілі бір уақытқа жетеді. Бірақ биылғы жы­лы ауа райын тиімді пайдаланып, қажетті отын көлемін жеткізіп алған жөн. Бұл жұмыста салғырттық танытқан кәсіп­орын басшылары әкімшілік жауапқа тар­тылады», – деді министр.

Индустрия министрлігі алдағы күзгі-қысқы айларда қазақстандықтардың қуатты тұтыну рекорды 14 мың 100 ме­гаватқа дейін баруы мүмкін деп болжауда. Бұл былтырғы жылдың көрсет­кішінен 5 пайызға көп. Егер шынында қуат тұтыну ауыртпалығы сол межеге дейін барса, онда тапшылық туындауы мүмкін. Өйткені елдегі қуат кәсіпорын­дары тұ­тастай алғанда, көп дегенде 13 мың 770 мегаватт қана өндіре алады. Ауыртпа­лықты көтеру үшін бұл ми­нистрлік ұлттық маңыздағы электр стансаларына тапсырмалар беріпті. Атап айтқанда, «Екібастұз ГРЭС-1» бес блокты жұмысқа көшуге, алтыншысын резервте ұстауға міндеттелген. Ал, «Екібастұз ГРЭС-2 стансасы» кәсіпорны екі блокты режимде, «Ақсу ГРЭС-і» – 6-7 блокты, «Жамбыл ГРЭС-i» – 2-3 блокты режимде жұмыс істеуге тиісті екен.

Құрылыс және тұрғын үй шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин де алдағы жылу маусымына қажетті ресурс қорын жинақтау мәселесін алға тартты. «Негізі, әр жерде жылу мау­сымы әрқалай басталады ғой. Сон­дықтан дайындық жағынан қиындық болмайды деп ойлаймын. Бүгінде отын қорын дер кезінде дайындау басты мәселе болып тұр», – дейді С.Нокин. Агенттік төрағасы атап көрсеткендей, биылғы жылу маусымына Үкімет резервінен облыстарға қо­сымша қаражат бөлініп отыр. Осылайша қажетті отынды сатып алу үшін Шығыс Қа­зақстан облысына 236 млн. теңге бөлінсе, Ақмола облысы (535 млн. теңге) бойынша тиісті қаулының жобасы Премьер-ми­нистр­дің кеңсесіне жіберілді. «Енді Жамбыл және Қызылорда облыстарының мә­се­лесін шешу керек. Оларға 126 және 860 млн. теңге қажет. Бүгінде ұсыныс­хаттар Қаржы министрлігіне жолданды», – дейді С.Нокин.

Ал Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев­тың айтуынша, өткен жылы Өзбекстан еліміздің оңтүстік өңірлеріне газ жеткізу көлемін қысқартқан болатын. Осының салдарынан біз «Газпромнан» Қазақстан арқылы тасымалдайтын түркімен газын қарызға алуға мәжбүр болдық. Бірақ биылғы жылу маусымы барысында біз Ресейдің осы компаниясынан, сондай-ақ Қытайдан тағы 1,2 млрд. текше метр газды қарызға алатын боламыз. «Осылайша, 2012 жылға 500 млн текше метр кетсе, 2013 жылда қаңтар-ақпан-наурыз айларында 700 млн. текше метр газ жұмсалады. Алдағы күндері біз қытайлықтармен тиісті келісімшартқа қол қоятын боламыз», – деді С.Мыңбаев.

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДЫ АЗАЙТУ КЕРЕК

Бұдан кейінгі әңгіме елімізде жиі орын алатын төтенше жағдайларға ауысты. Осы орайда Үкімет басшысы К.Мәсімов ведомство басшысы Владимир Божкоға сұраулы жүзбен қарап, нендей шаруа атқарылып жатқандығын білгісі келді. Министр өткен қыста болған төтенше және апатты оқиғалар жиі тіркелген өңірлерді шама-шарқы келгенше қадағалап отырғандығын тілге тиек етті.

«Біз төтенше жағдайлар болған өңірлерге айрықша көңіл бөлдік. Соған байланысты Семей қаласының ЖЭО-сында және жылыту орындарында 40 қазандықты жөндеу жоспарланған-тын. Қазіргі уақытта алтауы ғана жөнделген. Қазандықтарда кәсіпорындар өз күштерімен ағымдағы жөндеуді жүргізуде. Бақылауды жүзеге асырудамыз. Қысқа қарай дайын болады деген үміттеміз», – деді министр.

Ал Құрылыс істері және ТҮКШ агенттігінің төрағасы С.Нокин Үкімет басшысын нысандардың жылыту маусымына дайындығының жоғары екендігін айтып, сендірді. 3 қыркүйектегі жағдай бойынша, алдағы жылыту маусымына 3 мың 85 қазандық немесе 94 пайызы дайын. Республика бойынша қазір барлығы 3 мың 275 қазандық бар. Сондай-ақ жылыту маусымына жылу трассаларының 84 пайызы, электр желілерінің 85 пайызы, сумен қамту тораптарының 85 пайызы даяр. Ал қысты жылы өткеруге білім беру нысандарының 99 пайызы, денсаулық сақтау және әлеуметтік нысандардың 95 пайызы сақадай-сай.

Үкімет басшысының алдында берілген есепте мін жоқ. Облыс әкімдіктері де «Аш бәледен қаш бәлем» саясатымен жылу мау­сымына 94 пайыз дайынбыз деумен болды. Алайда, облыстардың қаншалықты дайын екендігін құрғақ есеп емес, нақты жұмыстың нәтижесі көрсетпек.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ