ТІЛЕГІ ТАПТАЛҒАН ТҮРКІСТАН

ТІЛЕГІ ТАПТАЛҒАН ТҮРКІСТАН

ТІЛЕГІ ТАПТАЛҒАН  ТҮРКІСТАН
ашық дереккөзі

1918 жылғы тарихи әділетсіздік әлі ескерілмей жүр

Тарихымызда Түркістан автономиясы туралы аз жазылады дей алмайсыз. Сандаған жылдар бойына, яки коммунистік өктемдік кезеңінде жазылғандардың ақиқатынан гөрі кісі сенгісіз, қорқыныштылау аңызы басым болғаны баршаға белгілі. Ондай аңыздардың бәріне ортақ жайт – Түркістан өлкесіндегі автономияны ағылшын империалистері күштеп құрған құрылым дейтін жала. Қазір санамызды қасаң қағидалардан қадари-хал арылтып жатсақ та, тарихымызда әлі күнге толық аршылмай жатқан ақтаңдақтар аз емес. Сондай ақтаңдақтардың бірі – биыл құрылғанына 105 жыл толатын Түркістан автономиясының тарихы мен трагедиясы. Белгілі ғылым, тарихшы Қамбар Атабаевтың еліміздің тарихынан елеулі орын алатын, түркі халықтарына ортақ ең алғашқы демократиялық Түркістан автономиясын қоғамдық құбылыс ретінде жан-жақты қарастырған мақаласын оқырмандарымыздың назарына ұсынып отырмыз.

Кезінде әр түрлі баспасөз беттерінде кеңінен айтылғанымен, бірақ белгілі себептерге байланысты, ұзақ уақыт бойы дұрыс бағасын ала алмаған тарихи оқиғалардың бірі – «Түркістан автономиясы» тарихы еді. Бұл мемлекеттік құрылым Түркістан генерал-губернаторлығы шеңберінде (онда қазақ халқының жартысына жуығы мекендеген) 1917 жылдың қараша айында, 4 өлкелік төтенше жалпы-мұсылмандық съездің шешімімен, Қоқан қаласында дүниеге келді.

Ол туралы кезінде ұлттық «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы» сияқты газеттермен қатар, сол жылдары Ташкентте шығып тұрған орыс тіліндегі басылымдар да съезд жұмысы аяқталысымен, 1 желтоқсаннан бастап оның қорытындысына арналған көптеген мақалалар жариялады. Бұдан съезде қабылдаған шешімнің, тек жергілікті мұсылман халқы үшін емес, орыс тілді оқырмандар үшін де Түркістан өлкесіндегі үлкен қоғамдық-саяси оқиға ретінде қабылданғанын көреміз.

Ерікті ойлар органы (Түркістанның социал-демократиялық ағымдағы партияларының органы – Қ.А.) «Туркес­танский вестник» газеті «Түркістан автономиясы» туралы мүмкіндігінше толық ақпарат беру, съезд жұмысымен өлке тұрғындарын кеңінен таныстыру, оның шешімінің заңдылығын дәлелдеу және әр түрлі жаладан қорғау сияқты көптеген жұмыстар атқарған. Олай дейтініміз, газет бетінде съезд бюллетені, қабылдаған қаулылары, халыққа үндеуі, редакцияның съезд шешімдерін толық қолдайтындығы туралы мақаласы, халық қолдауын көрсететін материалдар жарияланған және де газет большевиктер тарапынан жүргізілген съезге жала жабу әрекетіне қарсы белсенді күрес жүргізген.

Халық комиссарлар кеңесінің органы, большевиктік «Туркестанские ведомости» газеті «Түркістан автономиясы» туралы съезд шешімін жоққа шығару, маңызын төмендету, заңсыздығын дәлелдеу мақсатында бірнеше мақалалар жариялады.

Бір-біріне қарама-қарсы, бірақ «Түркістан автономиясы» туралы мәлімет беретін, оның әр түрлі қырларын ашуға көмектесетін деректер көзі ретінде осы екі газетті алып отырмыз. Ондағы мақсатымыз, «Түркістан автономиясының» тарихын жан-жақты зерттеу емес, оның қоғамдық құбылыс ретінде, сол аталған басылымдарда бейнелеу дәрежесін айқындау, оларда салынған ақпараттарды деректанулық талдаулар арқылы автономия тарихына байланысты мәліметтер алу, олардың шынайылық дәрежесін айқындау.

Мысалы «Туркестанский вестник» 1917 жылғы 9 желтоқсандағы санында Қоқан қаласында өткен жалпымұсылмандық съезінің бюллетенін жариялады. Онда: «Қазан айының соңынан бастап дайындық жүргізілген 4-ші өлкелік төтенше жалпымұсылмандық съезд қарашаның 26-сы мен 29-ы аралығында Қоқанда өтті.

26 қарашада мандаттары тексерілген және бекітілген жиналғандардың саны 203 адамға жетті.

Күндізгі сағат 12-де, жиналғандардың көңілдерінің көтеріңкі жағдайында ұйымдастыру бюросының мүшесі және өлкелік мұсылмандар кеңесінің өкілі, азамат Мұстафа Шоқаев съезді ашық деп жариялады. Шоқаев бұл жиынды съезд деп санала ма, жоқ, жәй кеңес пе деген мәселені дауысқа салды.

Көпшілік дауыспен, 1 адам қарсы, бұл жиынды толық өкілетті съезд деп шешті.

Съездің 10 пункттен тұратын бағдарламасы бекітілді.

Кешкі отырыста азамат Шоқаев қысқаша Ресейде және Түркістанда қалыптасқан саяси және экономиқалық жағдайларға тоқтай келе…. «Түркістанда қантөгіс арқылы орнаған Кеңес өкіметі мұсылмандармен қандай да болмасын формада өлкені бірігіп басқарудан бас тартып отырғанын, сондықтан мұсылман халқының өз тағдырын өз қолына алу қажеттігін айтты», – деп жазылған (“Туркестанский вестник”, 1917 год. № 21, 9 декабрь.)

Сол газеттің 1 желтоқсандағы 15-санында, «Түркістан автономиясы» деген атпен көлемді мақала жарияланды. Онда съезд жұмысына жергілікті мұсылмандар өкілдерінен басқа, қалалық өзін-өзі басқару органдарынан, кейбір демократиялық ұйымдардан, ұлттық және діни топтардан өкілдер қатысқаны айтылған. Одан әрі мақалада съезде қабылданған Түркістан тағдыры үшін аса маңызды қаулылардан үзінділер келтірген. Мысалы съезд 26 қарашада қабылдаған қаулысында «4-ші төтенше жалпымұсылмандық өлкелік съезд Түркістанды мекендеген халықтардың, Ресей революциясы үндеуінің негізінде, өзін-өзі билеуге деген еркінен шыға отырып, Түркістанды Ресей федеративтік демократиялық республикасымен бірлікте, территориялық автономия деп жариялайды және Түркістанды мекендеген аз ұлттардың құқы барынша қорғалады деп салтанатты түрде мәлімдейді.

Түркістан автономиясының формасын анықтауды, қысқа мерзімде шақырылуға тиіс құрылтай жиналысының ықтиярына қалдырады», – деп айтылған. Қарашаның 27 күні қабылданған қаулыда «Түркістан автономиясының» көршілерімен қарым-қатынасының негізгі принциптері көрсе­тіл­ген.

Түркістанның халық өкіметін ұйымдас­тыру туралы съездің 28 қарашадағы қаулы­сын­да «Бұдан былай Түркістан өлкесі «Түр­кіс­тан автономиясы» деп аталды. Өкімет билігі Түркістан құрылтайын шақырғанға дейін «Түркістан Уақытша Кеңесіне» және «Түркістан халық басқармасына» беріледі» – деп көрсетті. (Туркестан автономиясы. «Туркес­танский вестник», 1917 год. № 15, 1 декабрь.).

Сонымен қатар, қаулыда өкімет құрамы, оның облыстар бойынша нақты саны белгіленді. Атап айтатын бір жайт, съезд шешімімен жергілікті емес халықтар өкілдеріне өкімет құрамындағы орынның үштен бір бөлігінің берілгендігі.

29 қарашада барлық демократиялық нормаларға сай, съезд Түркістан халық қалаулыларының құқы туралы арнаулы қаулы қабылдады. Онда: «1917 жылдың 28 қарашасында Қоқанда мұсылман халқы «Түркістан автономиясына (Түркістан Мұхтариятына) адалдығын білдіріп, өздерінің қалаулары үшін өмірлерімен жауап беретіндігін айтып, ант еткенін ескере келе, төртінші төтенше жалпы мұсылмандық өлкелік съезд қаулы етеді:

– съезд сайлаған 54 адамнан тұратын Түркістан Уақытша Кеңесінің және 12 адамнан тұратын Түркістан халық басқармасының мүшелерінің құқына ешқандай қол сұғуға болмайды деп жариялайды;

– олардың қай-қайсысына да болмасын қарсы бағытталған қандай да болмасын күш көрсетушілік, бүкіл он миллион Түркістан халқына қарсы жасалынған әрекет деп бағаланады;

– съезд өзінің қалаулыларының қасиетті құқын күзетуді және қорғауды халықтың өз қолына тапсырады», – делінген. («Туркестанский вестник», 1917 год. № 15, 1 декабрь.).

Газеттің меншікті тілшісі өзінің Қоқаннан жолдаған хабарында съезд Түркістан халық милициясын құру және автономияның қаражат мәселесін шешу мақсатында Түркістанның ұлттық фондын құру туралы шешімдер қабылданғандығын айтады.

Сөйтіп, кезінде оқырмандарына өлкеде болған үлкен жаңалық ретінде газет таратқан бұл ақпарат, бүгінгі күні аса маңызды тарихи дерек міндетін атқарып отыр. Олай дейтініміз, бұл хабарламадан Түркістанда орнаған жаңа өкімет билігінің, демократияның барлық талаптарына сай, өркениеттілік жолымен жарияланғандығы айқын көрінеді.

Біріншіден, «Түркістан автономиясы» ұйымдастыру бюросы алдын ала жүргізген дайындықтардан соң, халық тапсырған заңды мандаттар иелерінің қатысуымен, өлкенің тұрғын халқының 98 пайызын құрайтын мұсылмандар съезінде жарияланды.

Екіншіден, өкімет мәселесін, оның формасын түпкілікті шешуді, қысқа мерзімде шақырылуға тиіс, халық атынан шешім қабылдауға толық құқылы Құрылтай жиналысының үлесіне қалдырды. Үшіншіден, съезде ұйымдастырылған бақылаушы және атқарушы органдарға «уақытша» деген статус берілді. Олардың автономияны басқарудағы күнделікті жұмыстарымен қатар, басты міндеті – өлке көлеміндегі ең жоғарғы заң шығарушы органы болып табылатын Құрылтай жиналысына сайлауды ұйымдастыру және оны шақыру деп көрсетілді. Төртіншіден, жергілікті емес халықтардың құқының жан-жақты қорғалатынына кепілдік берілді. Бесіншіден, «Түркістан автономиясы» сол кездегі Ресей орталығында өкімет билігін өз қолына зымияндықпен алған Халық Комиссарлары Кеңесінің 1917 жылдың қараша айындағы «Россия мен шығыстың барлық еңбекші мұсылмандарына» деген үндеуіне сай, Ресей Федеративтік демократиялық республикасымен бірлікте деп жариялады.

Осының бәрі, сол кездегі Ресей империясында және Түркістан өлкесінде қалыптасқан жағдайда, өкімет билігі туралы күрделі мәселенің және сол арқылы жергілікті халықтың өз тағдырын өз қолына алуының, бейбіт және демократиялық жолмен шешілгендігін көрсетеді. Сондықтан, «Түркістан автономиясы» бұрынғы Түркістан генерал-губернаторлығы территориясында орнаған бірден-бір заңды өкімет еді деп сеніммен айтуға болады.

Оның тағы бір айқын дәлелі, жергілікті мұсылман халықтарымен бірге, Түркістанды мекендеген жергілікті емес ұлттардың, демократиялық ұйымдардың, діни және әлеуметтік топтардың съезд шешімін толық қолдауы және оны мойындауы. Мысалы жоғарыда айтылған «Туркес­танский вестник» газеті, сол көрсетілген санындағы өз мақаласында былай деп жазды: «Ташкент. 1 желтоқсан. Қоқандағы өлкелік жалпымұсылман съезінде… Түркістанды ұлы Россия Федерациясының территориялық автономиялық бөлігі ретінде жариялаған қаулы қабылданды.

Бұл қаулы халық Комиссарлар Кеңесінің… соңғы, мұсылман халықтарын өздерінің мәдени және қоғамдық өмірлерін ұйымдастыруды өз қолдарына алуларына шақырған үндеумен сай келеді.

Съездің шешімін қарсы ала отырып, мұсылман бауырларымызға өзін-өзі басқару, бірлік және халықтар теңдігі сияқты ұлы мақсаттарды тез және қиындықсыз іске асыруларына тілектеспіз». («Туркестанский вестник», 1917 год. № 15, 1 декабрь.).

Бұл редакцияның атынан жазылған бас мақаланы сол кездегі газеттің демократиялық көзқарастағы, қалыптасқан жағдайды жете түсінген орыс тілді оқырмандарының пікірі деп қарауымызға болады. Олар мұны Түркістан сияқты бай өлкені Ресей құрамында сақтап қалудың бірден бір демократиялық жолы деп білді. Сол сияқты «Түркістан автономиясын» қолдайтындығы туралы еврей социал-демократиялық жұмысшы партиясының органы – «Поолей-цирон», грузин қауымдастығы, Ташкент адвокатурасы, Ташкент учительдер одағы т.б. ұйымдар мәлімдемелер жасады.

Түркістан өкіметі жарияланғаннан кейінгі күндердегі басылымдарды оқып отырып, «газет – өмір айнасы» деген қағиданың дұрыстығына көзіміз тағы бір рет жеткендей болды. Өйткені оның беттерінен Түркістан халқының да, автономия басшыларының да оларды қолдаушылардың да, Түркістанның оңайшылықпен бостандыққа жете алмайтындығын жақсы түсінгендігін және қауіптің қай жақтан төнгенін сезгендігін айқын көруге болады.

Халықтың өз өкіметін қорғауға дайын екендігін көрсетуге, жаңа ғана құрылған үкімет басшыларының түркістандықтарды өз маңына топтастыруға, демократиялық күштердің реакцияға жол бермеуге жанталаса әрекет жасауы соның көрінісі емес пе?

«Туркестанский вестник» газетінің 5 желтоқсандағы 18-санында 1 желтоқсанда қабылданған, Түркістанның уақытша үкіметінің мүшелері қол қойған үндеуі жария­ланды. Онда «Түркістан автономиясының» құрылу себебін, мақсатын, принциптерін және міндеттерін айта келе, төтенше өлкелік мұсылмандар съезінің атынан Түркістанның барлық азаматтарын: «мұсылмандарды, орыстарды, еврейлерді, жұмысшыларды, солдаттарды және шаруаларды, өлкені мекендеген барлық тайпаларды және халықтарды, жергілікті және қалалық өзін-өзі басқару органдарын, саяси, қоғамдық және жекеменшік мекемелерді Түркістан халық өкіметінің маңына топтасуға және оған тапсырылған аса ауыр міндеттерді атқаруға өз көмектерін беруге шақырды. Үндеу: «Бұғаудан босаған Түркістанның өз жерінің қожасы ретінде өз тарихын өзі жасайтын сағаты соқты!», – деп аяқталады.

Үндеуге автономиялық Түркістан уақытша үкіметінің мүшелері: Тынышбаев, Шоқаев, Ходжаев, Юргули-Агаев, Махмудов, Оразаев, Шагиахмедов және Герцфельд қол қойған.

Түркістан бостандығына төнген қауіптің күннен-күнге күшеюі, қасиетті өлкеге себілген демократия ұрығының өнбей жатып аяққа тапталу қаупінің артуы Түркістан халқын көшеге шығуға, сөйтіп еркін білдіруге мәжбүр етті. Сондай шаралардың бірі Тәшкентте, ескі қалада өткен 50 мыңнан астам адам қатысқан митингі туралы «Туркестанский вестник» газеті 8 желтоқсандағы 20-санында: «Шешендер ерекше толқу үстінде, жылап тұрып әділетсіздіктің, заңсыздықтың аяқталғанын, Түркістанды мекендеген барлық халықтардың теңдік және өзара қатынасы жағдайында жаңа өмірдің басталғанын айтты», – дей келе, митингіге қатысқандар бір ауыздан қабылдаған қаулыда: «Біздер мұсылмандар… Түркістан автономиясының жарияланғандығын толық қолдаймыз және Қоқанда съезд қабылдаған қаулыларға қосыламыз… Барлық мұсылмандарды Түркістан автономиясының үкіметі маңына топтасуға, еркін Түркістанның туысқан халықтары арасында азамат соғысына, бекер қантөгіске жол бермеу мақсатында барлық мүмкін болған бейбіт жолдармен өлкенің іс-жүзінде автономия алуына көмектесуге шақырамыз» делінгенін жазды.

Бірақ, Түркістанның бостандыққа ұмтылуы елдің бәріне бірдей ұнаған жоқ. Кеңес өкіметі, большевиктер партиясы өздерінің автономияға қарсы көзқарастарын, дұшпандық пиғылдарын баспасөз арқылы ашық білдірді. Сондықтан съезд шешіміне төнген қауіп негізсіз емес еді.

Қарашаның басында Түркістан өлкесінің орталығы Тәшкент қаласында күш қолдану арқылы, өкімет билігін тартып алған большевиктер, өлкеде тағы бір өкіметтің өмірге келгендігімен келісе алмады. Алғашқы күндерден бастап-ақ тек қарудың күшіне сүйенген большевиктік өкімет, бұрынғы заңды иелерінен тартып алып, Халық комиссарлары кеңесінің органдарына айналдырған «Туркестанские ведомости» газетінің 1917 жылғы 2 желтоқсандағы 185-санында, «Түркістан мұсылмандарының жоғары форумының шешімі туралы, «К автономии Туркестана» – деген мақала жариялады. Түркістан халқының тарихы үшін аса құнды құжат болып табылатын бұл мақаладан, большевиктер партиясының екіжүзді саясатының мәнін айқын көруге болады.

Онда: «Ресейді мекендеген ұлттарға өзін-өзі басқару құқығын беру туралы Халық Комиссарлар Кеңесінің Декретін өлкелік жалдамалы баспасөз, бұратана халықтардың жаңа өкіметке деген қарсы қозғалысын туғызу мақсатында арсыздықпен бұрмалап жеткізуде.

Нәтижесінде Қоқанда «төтенше жалпы­мұсылмандық өлкелік съезд «Түркістан Уақытша Кеңесі» мен «Түркістан халық басқармасы» басқаратын «Түркістан автономиясы» дегенді жариялады.

Бұратана халықтардың өзін-өзі басқару және тәуелсіздік жолындағы жасаған барлық қадамдарын қолдай отырып, Халық Комиссарлар Кеңесі халық еркін бұрмалауға ешқандай да жол бермейді.

Халық Комиссарлар Кеңесі ұлттардың өзін-өзі басқару құқы туралы декретті пролетарияттық қалың мұсылман бұқарасын жыртқыштарға талату үшін қабылдаған жоқ» делінген.

Өзінің мазмұны жағынан екіжүзділіктің, арсыздықтың нақты үлгісі болып табылатын бұл деректе, Түркістанның өздерін-өздері жариялаған жаңа билеушілері: «…түземдіктердің өзін-өзі басқару және тәуелсіздік жолындағы жасаған барлық қадамдарын қолдай отырып…. Халық Комиссарлары Кеңесі сендерге билікті еш уақытта бермейді», – деп ашықтан ашық жариялаған.

Мұндай шын ниетін бүркемелеудің тұрпайы әрі ебедейсіз тәсілін большевиктер ертеңіне тағы қайталады. Аталған газеттің 186-санында жарияланған мақалада олар съезге тікелей жала жабуға, оның маңызын жоққа шығаруға, заңсыздығын дәлелдеуге тырысты. Олар енді: «Тек бір нәрсе анық, түземдік еңбекші халық съезге делегат сайлауға қатысқан жоқ, демек, съезд ешқандай дәрежеде Түркістанның демократиялық түземдік халық бұқарасының еркін білдіре алмайды.

Мұсылмандар автономияны тек қана жұмысшы және солдаттар депутаттарының Кеңестерінен ғана ала алады… Сондықтан олар барлық езілген ұлттардың өзін-өзі басқару құқы үшін күресуші, революциялық демократиямен – жұмысшы, солдат және шаруалар депутаттарымен бірге болулары керек», дейді.

Сол күндердегі түркістандық басылымдардан большевиктердің арсыздығы жағынан теңдесі жоқ бұл екі мақаласы, М.Шоқайдың сөзімен айтсақ, «… пролетариатсыз» және «пролетариат» деген сөзді ешкім естімеген», Түркістанда кеңес өкіметінің «…. мұсылмандардың «қалың пролетарлық бұқарасын» түркістандықтардан құтқармақ ниеті, өлке тұрғындарының жаппай ашу-ызасын туғызғанын көруге болады. Мысалы газеттер митингілерде, демонстрацияларда, жергілікті съездерде түркістандықтардың Қоқан съезінің шешімдерін қолдап, большевиктерге қарсы наразылық білдіргендігі туралы көптеген хабарлар жариялаған. Мысалы «Туркестанский вестник» газетінің 6 желтоқсандағы 19-санында, большевиктердің жоғарыдағы екі мақаласына терең талдау жасаған, газет қызметкері Ю.Пославскийдің көлемді мақаласы жарияланған. Мақалада комиссарлардың съезд туралы да, Орталықтың үндеуі туралы да, көп нәрсені білмейтіндігін, съездің түркістандықтардың шын еркін білудің бірден-бір мүмкін жолы, Құрылтай жиналысын шақыруға жасалынған нақты және қажетті алғашқы қадам екендігін айта келе, автор, большевиктер мақалаларының мәнін, олардың түпкі мақсатын өте дәл көрсетіп берді. Сондықтан, өмірдің өзі дұрыстығын дәделдеп берген, Ю.Пославскийдің Түркістан демократтарының ойын білдіретін осы мақаласынан түпнұсқалық үзінділер келтірейік:

«….лицемерными, по существу своему глубоко реакционными и империалистическими ссылками на «самозванность» съезда, на «фальсификацию» народной воли, официальный орган так называемого совета народных (русских) комиссаров Туркес­танс­кого края, слишком неудачно прикрывает корыстное желание ничтожной вооруженной кучки завоевателей попользаваться захваченной властью для своих, ничего не имеющих общего с задачами всей русской революционной демократии, целей.

Вы хотите знать всего мусульманского народа Туркестана – так способствуйте созыву в кратчайший срок Туркестанского учредительного собрания, представив в нем мусульманам число мест, соответсвующее их численности, и вы узнаете истинную и непреклонную волю Туркес­тана. Одно можно сказать уже сейчас: насильникам и убийцам в нем не будет места» – десе (Пославский Ю. Воля Туркестана к самоопределению. «Туркестанский вестник», 1917 год. № 19, 6 декабрь.), сол газеттің 9 желтоқсанда жарияланған телеграммаларда: «Мұсылман еңбекшілерінің екінші Ферғана облыстық съезі … мұндай өсек-аяң таратушы газеттердің халықтар арасында алауыздық тудыратын айта келе қаулы етеді: осы тақырыпқа байланысты большевиктік қаражүзділік газеттердің арандатушылық мақалаларына наразылық білдіреді және салтанатты түрде еңбекші мұсылмандар қолдан келген барлық шараларды пайдаланып автономиялы Түркістанның Уақытша өкіметін қолдайды.

Мұсылман ұйымдарының облыстық кеңесінің төрағасы Мирза Азмедов» делінген.

Өкінішке қарай, большевиктер партиясын халықтың жаппай наразылығы да, демократиялық күштердің қарсылығы да тоқтата алмады. Көп ұзамай, 1918 жылдың 11 ақпанында зеңбіректің күшімен Түркістан Уақытша өкіметі қуылып таратылды, оның орталығы болған Қоқан қаласы талқандалды. Сөйтіп бұрынғы Ресей империясы сияқты, Түркістан өлкесіне де азамат соғысы күштеп таңылды. Нәтижесінде қасиетті Түркістан жерінде ұзақ жылдарға созылған большевиктік диктатура орнады. Осылай Түркістан халқының заңды құқы, талап-тілегі, арман-мақсаты, бәрі де аяққа тапталды.

Сонымен кезінде баспасөз бетінде жарияланған мақалаларды тарихи дерек көздері ретінде талдау, «Түркістан автономиясының» жариялануын өлкенің объективті саяси-экономикалық дамуының заңды қорытындысы екендігін айқын көрсетсе, керісінше, большевиктердің Түркістанда өздерінің шексіз үстемдігін орнатуы Түркістан табиғатына жат, ешқандай демократиялық нормаларға сыймайтын, зорлықшыл әрекет екендігін көрсетті. Оны кеш те болса, өмірдің өзі дәлелдеді. Халық бұқарасынан тірек таппаған биліктің мәңгілік бола алмайтындығын тарих тағы бір рет көрсетіп берді.

Қамбар АТАБАЕВ

тарих ғылымдарының докторы,

профессор.