Айдос САРЫМ, «Алтынбек Сәрсенбайұлы» қорының жетекшiсi, саясаттанушы: ҰЛТТЫҚ МҮДДЕГЕ АҒАЙЫНДЫҚ ЖҮРМЕЙДI

Айдос САРЫМ, «Алтынбек Сәрсенбайұлы» қорының жетекшiсi, саясаттанушы: ҰЛТТЫҚ МҮДДЕГЕ АҒАЙЫНДЫҚ ЖҮРМЕЙДI

Айдос САРЫМ, «Алтынбек Сәрсенбайұлы» қорының жетекшiсi, саясаттанушы: ҰЛТТЫҚ МҮДДЕГЕ АҒАЙЫНДЫҚ ЖҮРМЕЙДI
ашық дереккөзі
189

Әлем ұлы өзгерiстер алдында тұр. Ресейдiң Абхазия мен Оңтүстiк Осетияның қолтығынан үрлеп, тәуелсiздiгiн мойындауы, әлемдiк қауымдастықтың Ресейдiң бұл қадамын құптамауы – жаңа бiр қырғиқабақ соғыстың басталуына жол салғандай. Дәл осындай қым-қуыт кезеңде Қазақстан қандай саясат ұстануы керек? Елiмiздiң iшкi-сыртқы жағдайы неге бейiмделуi тиiс? Алтынбек Сәрсенбайұлы қорының жетекшiсi, саясаттанушы Айдос Сарыммен әңгiмемiз осы және басқа да мәселелер төңiрегiнде өрбiген едi.

ЛЕНИН ЕСКЕРТКIШIНIҢ АСТЫНДА ҰЛТТЫҢ ЖОҒЫН IЗДЕДIК
 

– Өткен аптада ұлт патриоттары мен оппозиционерлер бiрлесiп, мемлекеттiк тiлдi қолдау жөнiнде митингi өткiздi. Сiздiңше, бұл митингiнiң берерi не?

– Жалпы кез келген қоғамның iшiнен туындаған кез келген осындай шараның пайдасы болады. Оған адам аз келе ме, көп келе ме, маңызды емес. Бұл – Грузияда болған жағдайдан кейiн, билiк пен қоғамға берiлген жақсы сигнал. Митингiден кейiн жағдай өзгерiп кетпесе де, мақсат – халықтың ұлттық мәселеде алаңдаушылығы бар екенiн, бұл шынымен де қоғамды бiрiктiретiн, топтастыратын маңызға ие екенiн көрсету. Менiңше, бұндай шараларды аудан-ауданға, облыс орталықтарына барып ұйымдастыратын болса дұрыс, бiрiншiден. Екiншiден, алғаш өткiзiп жатқан шара ғой, бұдан “бiз қандай сабақ аламыз, қалай түсiнемiз?” дегенге көбiрек назар аудару керек. Әсiресе, ұлт патриоттары мен демократиялық күштердiң бiрiгiп алаңға баруы, ұлттық құндылықтардың қоғамды топтастыратын мәселе екендiгiн былайғы жұртқа түсiндiре бiлу. Бiз осыны насихаттағанымыз дұрыс. Сондай-ақ, бұл бiр жағынан билiкке деген қысым, екiншi жағынан көмек. Қанша дегенмен, бiздiң билiктегi жағдайды түсiнуге болады. Көптеген нәрсенi ашып, батыл айта алмайды. Ал, осы митинг арқылы бұның қоғамда әбден пiсiп-жетiлген нәрсе екенiн көрсете бiлдiк. Әрi соңғы кезде күшейiп бара жатқан Ресейдiң империялық саясатына қарсы қоғамның iшiнен iрiктелiп шыққан күш бар екенiн көрсету. Бұл мiндет. Осы тұрғыдан келгенде, бұны алғашқы қадам дейтiн болсақ, алғашқы қадам сәттi болған сияқты. Екiншi жағынан, Ленин ескерткiшiнiң астында тұрып қазақтың ұлттық мәселесiн айтып тұрғанымыз ұят болған сияқты. – Қазақтың ұлт патриоттары белгiлi бiр деңгейде саяси деңгейге жете алмады, саяси түрде топтаса алмады деген пiкiрлер жиi айтылады. Бұған не дейсiз? – Ол пiкiрге қосылуға да болады. Себебi, өзiмiз көрiп отырмыз, 15-20 жылдың iшiнде жалпықазақстандық деңгейге жеткен ұлттық партия немесе қоғамдық күш жоқ. Соңғы кездегi қоғамда болып жатқан процесстер, шетелдiк геосаяси жағдай осының бәрi айқын көрсетiп отыр. Грузияда болған соғыс кезiнде орыстың саясаткерлерi мен саясаттанушылары Қазақстанға қатысты сыңаржақ пiкiрлер айтуға дейiн барды. Солардың сөздерiне төтеп бере алатындай, қазақ үкiметiнiң, қазақ қоғамының, қазақ билiгiнiң көзқарасын бiлдiретiндей мәлiмдеме жасағандар өте аз болды. – Дәл осы пiкiрдi оппозицияға да қатысты айтуға болады. Билiкпен текетiреске бара алатындай оппозициялық күштiң қалыптаспай отырғандығының себебi неде? – Кешегi митинг көрсеткенiндей, бiздiң қоғамда үлкен алаңдаушылық бар екенi байқалды. Осының барлығын топтастыратын жаңа саяси күштер керек сияқты. Яғни партия, қоғамдық күштердiң басына жаңа буын саясаткерлер келуi керек. Шын мәнiнде көсемшiлдiк позициялардан бас тарту керек сияқты. Мен жақында ғана берген сұхбатымда айттым, қазiр көсемдерден гөрi, күнделiктi жұмысын тиянақты iстейтiн бухгалтерлер мен менеджерлер керек сияқты. Есеп-қисабын бiлетiн, ақпараттық технологияны толық меңгерген, күнделiктi той-жиыннан басқа да шаруа бар екенiн бiлетiн, студенттердiң арасына барып лекция оқу керек екенiн бiлетiн, жұмыстарды тиянақты iстейтiндей жаңа буын керек сияқты. – Митингiден кейiнгi айтылып жатқан пiкiрлерге қарасаңыз, оппозиционерлер саяси ұпай жинау үшiн алаңға жиналды дегенге саяды екен. Бұған не дер едiңiз? – Бұл үлкен алаңдаушылықтан айтылып отырған мәселе. Бәрiмiз де көрiп отырмыз, қоғам ашыла берген сайын, қоғам дамыған сайын бiздiң iшкi мәселемiз iшке қарай кетiп бара жатыр. Қоғамда басталып кеткен, iстелген бiр де бiр реформа жоқ. Кез-келген реформаны қайта қарайтын дәрежеге жеттiк. Менiң ойымша, тiл мәселесiн ашық айтатын ашық талап қоятын кез келдi. Кеше де митингiде Асылы апамыз Ресейден келген бiр қыздың қазақ тiлiн 3 айдың iшiнде меңгерiп алғандығын айтады. Осы жылдың iшiнде талай оқулықтар шықты. Компьютерлiк, методикалық құралдар жарық көрдi. 20 жылда тiлдi үйренетiн уақыт жеттi ғой. Мысалы, бiз жақында Жапонияның, Американың студенттерiмен кездестiк, бiр жарым, бiр жылдың iшiнде қазақ тiлiн жақсы меңгерiп алғандығының куәсi болдық. Шынын айту керек, бұндай деңгейге дейiн құлдырағанымыз – өзiмiздiң жалпақшешейлiгiмiз бен саясаткерлерiмiздiң де, басқаларымыздың да, ұлт мәселесi дегенде ат тондарын ала қашатын шенеунiктерiмiздiң жан-жаққа жалтақтайтындығының салдарынан. Шындығында бұның бәрi мемлекеттiк тiлдi бiлмейтiндiгiмiзден, мәңгүрттiгiмiзден. Өз басым билiкте де қызмет атқардым, сонда байқағаным қазақ тiлi десе, мұрындарын шүйiретiн адамдар көп. Әрi олар билiкте әлi де көптеп саналады. Өйткенi, олар қазақ тiлi шын мәнiнде мемлекеттiк дәрежеге көтерiлетiн болса, онда әрине бәсекеге қабiлеттi емес екендiгiн бiледi. Алда келе жатқан 2009 жылдағы ұлттық санақ 130 ұлт деген мифтi жоятын санақ болуы тиiс. Бiз 1989 жылдың санақ деректерiне сүйенiп, әлi күнге дейiн солай деп отырмыз. Саны үштен аспайтын ұлт өкiлдерiн дабырайтып көрсетуге құштармыз. Ендiгi мақсат осы бiр мифтi жою керек. Қазақстанда бiр ғана ұлт – қазақ ұлты болуы керек. Қалғанының бәрi үш принцип негiзiнде топтасуы керек. Ол, бiрiншiден – қазақтың мемлекеттiгiн ашықтан-ашық мойындау. Екiншiден, оның мәдениетiн, тарихын, тiлiн бiлу, үшiншiден – осы үшiн аянбай тер төгу. Бiз ондаған жыл бойы көп векторлық саясат дегенмен алданып келдiк. Осы саясаттан алдағы уақытта бас тартуымыз керек. Қазақстан өз бағыттарын айқындап, бiрiншiден – мемлекеттi Қазақ елi деп атауы керек. Екiншiден, ұлттық күрестiң екiншi кезеңi басталуы керек.
БIЗДIҢ ҚОҒАМДЫ ҰЙЫТАТЫН, АЛҒА ЖЫЛЖЫТАТЫН КҮШ ЖОҚ
 

– Көп векторлық дегенiмiз – сыртқы саясатқа қатысты емес пе? Батыстың да, Ресейдiң де, Қытайдың да, Шүршiттiң де көңiлiн қалдырмаймыз деген идея жатқан жоқ па?

– Шын мәнiсiнде, солай. Бiрақ, бiз көп векторлық саясаттан бұрын бiраз мәселелердiң басын ашып алуымыз керек. Бiрiншiден, бiз ұлттық мүдде дегендi айқындап алуымыз керек. Бiздiң ұлттық мүддемiз қандай? Бұл сауалға жауап бере аламыз ба? Жоқ. Сол себептi де, бiз ұлттық күрестi жалғастыра беруiмiз керек. Iшкi дискуссиялар арқылы, жаңағы митингiлер арқылы және басқа да шаралар арқылы ұлттық мүдденi айқындап, соны қағаз бетiне түсiру керек. Бiзде шенеунiктер болсын, басқа да ұлт, қоғам қайраткерлерi болсын – екiжүздi саясат ұстанады. Халық алдында басқаша сөйлейдi, былай шығып өзгеше ой айтады. Ұлттық мүдде айқын болған кезде, көптеген нәрселер өзiнен-өзi түсiнiктi болады. Мысалы, Ресей алпауыт мемлекет. Кезiнде iрi империя болған, әлi де сол амбициясынан бас тартар емес. Осы мақсатта жұмыс iстеймiз деп ұран тастап, сол идеямен алға жылжи бастады. Алайда, бұнысы арқылы Ресей әлемдiк процестерден көш кейiн қалып қойды. Ресей осы саясатын кем дегенде 15-20 жыл жүргiзетiн болады. Ал, Қазақстанның өркениеттен қалуға қақысы жоқ. Бiздiң жоғалтқан әрбiр жылымыз өзге мемлекеттердiң 10-15 жылына парапар болады. Қазiр Қазақстанның сыртқа шығарып жатқан өнiмi Ресей арқылы өтедi. Ақпараттық саясатта Ресейдiң экспансиясынан құтыла алмай отырмыз. Мысалы, Грузиядағы жағдайды жазғанда, қазақ газеттерiнiң өзi Ресейлiк ақпарат құралдарынан көшiруден арыға бара алмады. Бiздiң журналистика факультетiнде қажетсiз пәндердi көбiрек үйретедi. Оның есесiне бiр шет тiлiн үйреткенде, отандық журналистиканың дамуына үлесiн көбiрек қосқан болар едi. Журналистер кем дегенде 3 тiлдегi ақпаратты салыстыра бiлсе, онда мәселеге деген көзқарас та өзгешелеу болатыны анық. Демек, бiзде салыстыру жоқ. Кремльдiң жүргiзiп жатқан насихатына байланып, отыра беремiз. Бiздiң бәсекеге қабiлеттiлiгiмiздiң бiр көрiнiсi осы журналистикада айқын көрiнедi. Яғни, бiз ақпараттық кеңiстiгiмiздi қайта қарап, сыртқы ақпараттық экспансиядан қорғанатын шектеулер қоюымыз керек. Мысалы, Украинада жақында “кинотеатрларда көрсетiлетiн шетелдiк немесе ресейлiк фильмдер украин тiлiне аударылсын” деген талап енгiзiлдi. Ресейден келiп жатқан саяси хабарлардың барлығы украин тiлiне аударылуы керек. Ал орыстiлдi бағдарламалардың көрсетiлуне тиым салынды. Бiз де осындай талаптар қоятын кезге жетуiмiз керек. Бiз Қазақстандағы этникалық жағдай қандай болатынын ашық айтуымыз керек. Менiңше, шамамен 15-20 жылдың iшiнде Қазақстандағы орыс диаспорасының саны өзбек және ұйғырлардың санымен шамалас болады. Демек, 5-6 пайыздай болады. Сол кезде бiзге төрт мемлекеттiк тiл қажет бола ма? Бiз алдымыздағы бiр жылды шамалай бергенше, ендiгi жиырма жылда не болатындығымызды ойлауымыз керек. – Сiз басқарып отырған Еуропалық одақ Оңтүстiк Осетия мәселесiне орай, мәлiмдеме жасап, Қазақстанның бұл мәселеде қандай бағыт ұстануы қажеттiгi жайында айттыңыздар. Менiңше, Қазақстан осы мәселеде өз ұстанымын ашық айтудан жалтақтап отырған секiлдi. Бiресе, Ақ үйге қарайды, бiресе, Ресейге қарайды. Дегенмен, Ресейдiң жетегiнде көбiрек кетiп бара жатқандай… – Дұрыс айтасыз, Қазақстан алғашқы алты күн бойына үнсiз отырды. Басқалардың аяқ алысын аңдығандай. Душанбеде ШЫҰ-ның Саммитi болғанда, бiз Қытайдың арқасында Оңтүстiк Осетияның тәуелсiздiгiн мойындаудан аман қалдық. Қытай iшкi мәселесiнде сепаратистiк пиғылды күштердiң бар екенiн бiледi. Сыртқы саясатта мемлекеттiң тұтастығы, шекараның тұтастығы мәселелерiн басты мәселе етiп қояды. Өз басым үкiметте iстеп жүрген кезде мәдениет, ақпарат саласы болсын, басқа да саладағы талай келiсiм шарттарды көрдiм.. Қытай алдымен Тайвань, Гонконг және Тибет секiлдi таласты территорияларды өзiнiң аумағы екенiн мойындатудан бастайды. Бiз де осы сияқты табандылық таныта бiлуiмiз керек. Егер, iшi берiк ел болатын болса, сыртқы саясатта өзiңдi мойындата бiлу қиын шаруа емес. Бiздiң қоғамды ұйытатын, алға жылжытатын күш жоқ. Ел iшiнде қоғамды әрi қарай сүйрейтiн кем дегенде екi үш партия болатын болса, бiздiң билiктiң риторикасы да, iс-қимылы да өзгеретiн едi. Елде шын мәнiнде бәсекелестiк жоқ. Ойталасы, жиын таласы жоқ, кез-келген партия, кез келген жиын, кез келген саяси партиялардың күресi жекелеген адамдардың өзара тартысына ұласып кетедi де, жiкшiлдiк, рушылдыққа дейiн құлдыраймыз. Бiздiң Еуропалық клуб деген қоғамымыздың негiзi Түрiк халықтарымен бiрлесiп, Еуропаға қарай жол тарту керек деген идеяны ұстанады. Оның құрамында түрлi қоғам қайраткерлерi бар. Сол кiсiлердiң атынан Грузияға байланысты екi түрлi мәлiмдеме қабылдадық. Бiрiншiсi, Ресей Оңтүстiк Осетияның тәуелсiздiгiн мойындағаннан кейiн екi күннен соң, екiншiсi бiр аптадан кейiн. Бiреуi Грузияның аумақтық тұтастығына қатысты болса, екiншiсi Қазақстанның бұдан кейiнгi ұстанымдарына қатысты. Бұл үшiн талайлар бiзге алғыс айтты. Яғни, бiз қоғамды толғантып отырған мәселелердi ашық айтуға талпындық. Бiздiң бұл мәлiмдемелерiмiздi орыстың бiраз сайттары талқылап, “Қазақстанда да орысқа қарсы күштер бар екен” деген секiлдi әңгiмелердi айтып жатыр. Демек, бiз қоғамда Ресейдiң империялық шовинистiк көзқарасын қолдамайтын қарсы күштердiң бар екенiн таныттық. Бұл – бiр. Екiншiден, Грузиядағы ахуал қазақ қауымын қатты ойландыруы тиiс. Грузия әскерi екi күн соғысқаннан кейiн, майдан алаңын, қаруын тастап қашып кеттi. Құдай бетiн аулақ қылсын, егер бiзде сондай жағдай бола қалса, бiздiң әскер де Грузия әскерiнiң кебiн кимесiне кiм кепiл?!. Басқасын былай қойып, ақпараттық кеңiстiгiмiздi алып қарайықшы. Мемлекеттiк тапсырысты алып отырған кейбiр газеттердiң өзi ашықтан-ашық Ресейдiң патриоттық ұрандарын айтып, шовинистiк саясатын жүргiзiп отыр. Оның iшiнде Ресейде шығып арасында екi бет қазақстандық қосымшамен шығатын газеттер де бар. Яғни бiздiң билiк болсын, өзге де топтар болсын кiмнiң сойылын соғып жүр?. Былай қарасаң, саяси аренада iзiн қалдырғысы келiп, Ресеймен жақсы саясат ұстанып, жақсы аттанғысы келiп жүрген азаматтар. Шын мәнiнде елге, қазақтың мүддесiне қарсы жұмыс iстеп отырғанын өздерi де аңғармайды-ау деймiн. Қазiр мәселен, қазақ газеттерiнде Олжас Сүлейменовке қарсы үлкен дау туындап жатыр. Олжастардың да мәселесiн ашық айтатын кез келдi. Олжас Сүлейменов – тiрi ескерткiш. Ол кезiнде қазақтың рухын көтеруде, мәдениетiн насихаттауда үлкен жұмыс атқарды. Бүгiн керiсiнше, ол кiсi керiтартпа саясат ұстанып отыр. Ұлттық мүддеге ағайындық жүрмейдi. Алтекең марқұм: “Тәуелсiздiк үшiн күрес, достарды табумен, достарды жоғалтудан тұрады” деп айтқаны бар. Демек, бiз осы ұлы мұрат жолында досты да жоғалтудан қорықпауымыз керек. Үшiншi мәселе, Қазақстанның сыртқы саяси және әскери концепциясын толық қайта қарап шығуымыз керек. Бiздiң армиямыздың қолындағы қаруының 90%-ы Ресейден келедi. Қазақстанның зымыранға қарсы қорғанысын Ресейдiң әскерилерi қамтамасыз етiп отыр. Қазақстанның қаншама миллион гектар жерiн Ресейдiң полигондары мен Ресейдiң әскерилерi пайдаланып отыр. Бұндай жағдайда бiздiң аумағымызда тек Ресей әскерилерi ғана емес, НАТО-ның да әскерилерi болуы тиiс. Көп векторлық дегенiмiздiң өзi осыдан шығады. Батыс Қазақстанда Американың компаниялары мұнай өндiрiп жатыр. Ал, НАТО-ның әскери базасын неге әкелмеске? Ресейге байланып, Ресейдiң айтқанымен жүрiп, айдағанына көнудi мiндетiмiзге алған жоқ шығармыз. Ресейдiң көп мәселелерi бiздiң ұлттық мүддемiзге қайшы келiп жатқаны тағы жасырын емес. Мәселен, алаулатып-жалаулатып ғарышқа Қазсат деген спутник ұшырдық. Оны 60-70 миллион доллар жұмсап, Ресейден әкелген едiк. Ымыраласып, қаржының көбiн жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа жұмсадық. Нәтижесiнде Қазсат ештеңеге қажетсiз дүние боп қалды. Яғни, мұнда екi мемлекет арасындағы қарым-қатынас достық қарым қатынастан гөрi екi мемлекет арасындағы шенеунiктер мен лауазымды тұлғалардың өзара ымырашылдығы мен жемқорлығына айналып барады. – Грузиядағы жағдайдан берi екi айдай уақыт өткенiмен, әлемдiк қауымдастық әлi күнге дейiн кiм бiрiншi оқ атты деген мәселе төңiрегiнде таласып жатыр. Сiздiңше, кiм агрессор, Грузия ма, Ресей ме? – Қазiр бүкiл әлем алдында Ресейдiң беделi төмендеп кеттi. Венесуэла, Куба секiлдi мемлекеттер болмаса, көбi Ресейдi қолдаудан бас тартты. Өйткенi, әрқайсысының басында мұндай мәселе туындауы мүмкiн. Алақандай Грузия Ресейдiң алақанында. Ресейдiң тыңшылық әрекеттерiнiң арқасында, онда өзге түгiлi велосипед мiнген баланың қайда бара жатқаны оларға анық. Сондықтан Грузияның Оңтүстiк Осетияға шабуыл жасайтынын Ресей бiлмей қалды дегенге күмәнiм бар. Грузия мен Еуропадағы ақпарат көздерi Ресейдiң әскерi Грузияға 7-тамыз күнi кiргенiн айтып отыр. Егер, бұл дәлелденетiн болса, агрессияны бастаған Ресей екенi айқындалады. – Осыдан бiр жарым жыл бұрын БҰҰ Косовоның тәуелсiздiгiн жариялағанда, сол кездегi Ресей президентi Путиннiң айтқан бiр сөзi есiмде қалыпты. Ол “Бұның соңы Ресейдiң Абхазия мен Оңтүстiк Осетияның тәуелсiздiгiн жариялауына алып келедi” деген едi. Бұл Американың Косовоның тәуелсiздiгiн мойындауына жауап ретiнде жасалып жатқан iс-шаралар секiлдi. – Екiншi дүниежүзiлiк соғыстан кейiн қалыптасқан әлемдiк құқықтық кеңiстiк бар. Оның заңдылықтары мен нормаларын АҚШ-тың өзi де дөп басып орындай бермейдi. Кейде артық кететiн тұстары да жеткiлiктi. Бiрақ, Косово мен Оңтүстiк Осетияны немесе Абхазияны салыстыруға келмейдi. Косово халқының 90%-ы Ресейдiң немесе басқа елдiң азаматы болған жоқ. Олардың көбiнде төлқұжаты да болмаған, шетелге шыға алмады. Дегенмен олар тәуелсiз мемлекет ретiнде өмiр сүре алатындығын дәлелдедi. Оның үстiне сербтердiң Косово алдында үлкен кiнәсi бар. Кезiнде оларды қан жоса етiп қырған. Сондықтан, ол мемлекеттi Сербияның құрамында ұстап тұру мүмкiн болмады. Сондай-ақ, Ресей өзiн Сербияның әрiптесi ретiнде таниды. Алайда, Сербиядағы соңғы екi сайлауды алып қараңыз екеуiнде де халық Еуроодақпен бiрге болуға үндейтiн топтарға дауыс берген. Яғни, Ресей Сербиядан да айрылды деген сөз.
ТМД-ДАҒЫ ЫҚПАЛЫНАН АЙРЫЛМАУ ҮШIН РЕСЕЙ БАРЫН САЛАДЫ
 

– Ресей, яғни Балқан түбегiнде, Балтық жағалауындағы және Шығыс Еуропадағы ықпалынан айрылып қалды. Ендiгi мақсаты пост кеңестiк кеңiстiктегi ықпалын сақтап қалу болып отыр ғой. Бiзге жеткен ақпараттарға қарағанда, Ресей ТМД институтын құрып, оған қыруар қаржы бөлiп жатқанға ұқсайды…

– 15 шiлдеде Ресейдiң сыртқы саясат тұжырымдамасы қабылданды. Сол кезде бiр жабық жиын өттi. Содан бiзге жеткен кейбiр ақпараттарға сүйенсек, Медведев те, Путин де дипломаттары мен әскерилерiне “бiздiң саясатымызды агрессивтi түрде жүргiзiңдер” деген бiр талап қойған екен. Ресейде екi мемлекеттiк емес ұйым құрылды. Оның бiрi – “Русский мир”, екiншiсi – “Соотечественники”. Осы бағдарламалар арқылы бүкiл ТМД-дағы орыс тiлi мен мәдениетiн насихаттау мақсатында орыс-славян, казак ұйымдарына қаржы құйып жатыр. Олардың басын қосқанда айтатындары: өздерiң өмiр сүрiп жатқан мемлекеттен ешқайда қозғалмай-ақ қойыңдар, бiрақ, орыс тiлiн екiншi мемлекеттiк тiл дәрежесiн алуға күш салыңдар” деп тапсырма берiп, топтастырып қаржыландырып отыр. Екiншiден, Ресейде тағы екi мемлекеттiк ұйым бар. Оның бiрi – шетелдегi қандастарды қолдау жөнiндегi ұйым. Екiншiсi, ТМД мәселелерi жөнiндегi мемлекеттiк агенттiк. Бұл жаңадан құрылып жатқан ұйым. Бiр агенттiктiң өзiнде 1547 адам жұмыс iстейтiн болады. Оның басшылығына Қазақстандағы Ресейдiң төтенше және өкiлеттi елшiсi Бочарников келуi мүмкiн деген болжам бар. Яғни, осы 1600-дей адамның қаншасы Қазақстан үшiн жұмыс iстейтiн болады. – Ресей ТМД-дағы орыс тiлi мен мәдениетiн қолдау мақсатында жылына миллиондаған қаржы жұмсап отыратын көрiнедi. Тек былтырғы жылдың бюджетiнiң өзiнде 500 миллион рубль Қазақстандағы орыс дүниесi үшiн жұмсалыпты. – Бұл қаржыны теңгеге айналдырғанда 2 миллиард 500 миллион болады екен. Қазақстанда қазақ тiлiн дамыту үшiн осындай қаржы бөлiнiп отыр ма? Оның ширегiне де жетпейдi. Яғни, бiзде ұлттық патриоттық ұйымдарға көңiл бөлуiмiз жетiспейдi. Орыс-славян ұйымдары бiздiң мемлекеттiң де қаржысын пайдаланып отыр. Ассамблея тарапынан бұл ұйымдардың барлығы қаржыландырылады. Ал, ұлттық-патриоттық ұйымдар неге Ассамблея тарапынан қаржыландырылмайды? Кезiнде бiзге мектепте М. Әуезовтiң “Қараш-Қараш оқиғасы” деген повесiн таптық мүдде тұрғысынан оқытқаны есiмде. Байлардың кедейлерге жасаған зорлық-зомбылығы салдарынан ағайынды Бақтығұл мен Тектiғұл өмiрi трагедиямен аяқталады деп едi. Сосын ол шығармаға назар аудармай кеттiк. Өзектiлiгiн жойған секiлдi көрiнетiн. Бiрақ, қазiргi теңсiздiк жер дауынан туындап жатқан мәселелер шаш етектен. Соңғы жылдары қазақ пен ұйғыр, қазақ пен шешен, тағы да басқа ұлт өкiлдерi арасындағы араздықтың басты себебi – әлеуметтiк теңсiздiк. Яғни, ең әуелi қазақтың мәселесiн шешпей ешуақытта бiз алға жылжи алмаймыз дегендi ұмытпауымыз керек. Бiз ең әуелi ұлттық мүдденi бiрiншi планға шығаруымыз керек. Содан кейiн ұлттық мақсаттарымызды айқындап алып, қазақ миссиясы не, оның бағыттары қандай болуы керек дегендi белгiлеп алғанымыз жөн. Ресейде бiрнеше жабық институт бар. Олар әлемдегi жағдай жайында құпия құжаттар дайындап отырады. Сол интституттардың жасаған болжамдарына қарасақ, осыдан 10-15 жыл өткеннен кейiн Қазақстан билiгiне жаңа буын өкiлдерi келетiн болады, сол кезде Ресей мен Қазақстан арасында экономикалық, саяси, мәдени тұрғыда азды-көптi қақтығыстар болуы мүмкiн делiнген онда. Ресей сол қақтығыстарға бүгiннен бастап дайындық жасауда. Ал, бiзде бәрi жақсы болады дегеннен басқа, ешқандай сценарий көрген жоқпын. – “Русский мир” жайында айтып отырсыз ғой. Соған жауап ретiнде Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қор “Қазақ миссиясы” деген жоба ұсынған едi. Алайда, сол жобаның жұмыс iстеп жатқанынан хабарсызбыз. – Бұл жоба жұмыс iстеуде. Қазiр бiрнеше құжат дайындап жатырмыз. Қазақстанда қанша халық болса, оның алдағы келешегi де соншалықты түрлi болжамға ие. Мысалы, бiреулер айтады Қазақстан қазақ мемлекетi, қазақтың мүддесiн қорғаған ел болуы керек десе, екiншiлерi, келмеске кеткен КСРО-ны аңсайды. Ендi бiреулерi Ресейге қосылу керек деген ойда. Бұл адамдарды бiрiктiретiн қандай құндылық бар. Ештеңе. Осы тұрғыдан бiз бiраз әлеуметтiк зерттеулер, мақалалар дайындаумен айналысудамыз.
ҚОҒАМДЫҚ КЕҢIСТIК ТАРЫЛЫП БАРАДЫ
 

– Бiздiң елдегi саяси жүйе бұдан он жыл бұрын демократиялық талаптардың бiразына сай едi. Парламентте әртүрлi күштердiң өкiлдерi болды. Ал, партиялық сайлау жүйесiне көшiп, саяси реформалар жасағанымызбен, бiз бұл жолда ұтпадық, керiсiнше ұтылған сияқтымыз. Өйткенi, бiр партиядан жасақталған Парламент бiр ғана пiкiрге келiседi де отыра бередi.

– Рас айтасыз, қоғамдық кеңiстiк тарылып барады. 1993-1994 жылғы Парламенттiң құрамын алып қараңыз. Қазiргi ең мықты саясаткерлердiң көбi сол кезеңде депутат болғандар. Қоғамның ашықтығының пайдасы, сорпа бетiне шығар мықты азаматтарды өзi сұрыптайды. 10-15 жылдың iшiнде қоғамдық күштердiң бәрiн таптап, бiр деңгейге жеткiздiк. “Нұр Отанды” мықты партия деймiз, бiрақ, ол партия жасақталғаннан берi, бiр мықты саясаткер сол партиядан шықты ма? Үкiметтiң бағыты мен курсын халыққа дұрыс насихаттап, жұртты ұйыта алатындай мықты публицист, мықты философ шықты ма? Насихатшылар бар, әрине. Бiрақ, оларды есепке алмаймыз. Олар заман ағысына сай құбылып отыратын болады. Билiктiң өзiнде саяси бағыт жоқ. Қоғам ақырындап дамып жатыр, алайда, оның ашықтығы жетiспейдi. Саяси кеңiстiктiң тарылып кеткенi соншама ешқандай идея туып жатқан жоқ. Пiкiр алуандығының болмауы, бiр идея, бiр бағытпен жүру – қауiптi. Сондықтан, бүкiл саяси күштер бiр мәмiлеге келiп, ұлттық тұжырымдама жасауға кiрiсу керек. Қазiргi режиммен күресемiн деп, тәуелсiздiгiмiздi немесе мемлекеттiгiмiздi жоғалтып алмауымыз керек. Екiншiден, қазiргi билiкпен ұлттық стратегиялық мәмiлеге келсек, онда ұлт, тiл мәселесiнде, экономикада, Қазақстанның ұлттық мүдделерiн қорғайтын салық режимiн жасаса, т.б. да салаларда келiсiмге келетiн болса, өзге қателiктерге кешiрiммен қарауға болады. Қазiргi кезде мемлекеттiң басты мақсаты – егiн ору немесе басқа да жұмыстарды атқару емес, ұлтты тәрбиелеу. Құндылықтарды бiртiндеп санаға сiңiре беру. Осы жұмыстармен қазiр кiм айналысып жатыр. Ең қауiптi нәрсе – халықтың кез-келген дүниеге салқынқандылықпен, немқұрайлықпен қарауы. Бұл қоғамның құруына бастайтын жол. Мәселен, Грузиядағыдай армия өз мемлекетiн қорғай алмай, қашып кететiн болса, өте сорақылық болар едi. Әлемдi дүр сiлкiндiрген Кеңес Одағы жалғыз күннiң iшiнде күйредi. Оны сақтап қалуға талпынған, қолына қару алып шыққан күш болды ма? Жоқ. Бүкiл империя солай құлаған. Яғни, бұл немқұрайлылықтың, мемлекетке жаны ашымаудың және немкеттiлiктiң салдары. Бiздiң ақын-жазушыларымыздың шығармаларында оптимизмнен гөрi, пессимизм басым, зар заманның сөзiн айтып отырады. Саясаткерлерiмiздiң өзi келешегiмiзге сенбейдi. “Қай бiр мемлекет боламыз дейсiң. Не Ресей, не Қытай өңгерiп кетедi ғой” деген пiкiрлердi жиi естимiн. Бiз осындай шайтан ойлардан құтылуымыз керек. Болашаққа батыл қадам жасауымыз қажет. Ақындар зар жылағанды қойып, халықтың санасына үмiт пен шуақты сiңiре бiлуi қажет. Кезiндегi зар заман әдебиетiнiң болуы заңды құбылыс едi. Ол кезде қазақ мемлекеттiгiнен, хандығынан және тәуелсiздiгiнен айрылып қалды. Сол кезде туған әдебиет пен қазiргi әдебиеттiң сарыны ұқсас. Қазiр мемлекеттiгiмiз бар, тәуелсiздiгiмiз қолымызда, тек жетiспейтiнi ұлттық рух пен жiгер ғана. – Алдағы жексенбiде бiзде Сенат сайлауы өтедi. Ол саяси доданы қыздыра алады деп ойлайсыз ба? Сенатқа екi партияның енуi арқылы бiз Парламенттi көп партиялы парламент дей аламыз ба? – Сенат сайлауына өзге партияның енуi көп партиялылық болып есептелмейдi. Сенаттағы 47 адамның 15-сiн президент тағайындайды. Мәжiлiс партиялық жүйеге көштi дейiк, әр аймақтан сайланатын екi сенатордың болмағанда бiреуiн халық өзi сайлауы керек едi. Қазiр 100% нұротандық мәслихат депутаттары 100% Нұр Отандық сенаторларды сайлайтын болады. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару туралы жақсы заң жобасы дайындалды. Алайда, оны 17 жыл бойы қабылдай алмай келемiз. Ол өте қажеттi және ең маңызды заңдардың бiрi. Мәслихаттар партиялық жүйемен сайланса, олардың астында отыратын кеңестердi халық сайлауы керек. Сенаттың халыққа жақын болуы өзiне де, өзгеге де тиiмдi. Ал, 2012 жылға дейiн сайлау өтпейдi деу халықты алдарқату. Менiңше, келесi жылдың желтоқсанына дейiн Мәжiлiс сайлауы өтедi.
ДЕКОММУНИЗАЦИЯ НЕ ҮШIН КЕРЕК?
 

– Елдi басқарып отырған адамдар, мемлекет басындағы адамдардың барлығы Кеңестiк жүйеден келе жатқан адамдар ғой. Бiзде қоғамдық сана мен жүйе әлi өзгере қойған жоқ. Әлi күнге дейiн кеңестiк және құлдық санадан арыла алмай отырмыз. Сөйте тұра, нарықтық қатынастар өзгерiп кеттi. Бұл қоғамда тағы да қарама-қайшылықты туындатып отыр. Қазiргi пiкiрлерге құлақ түрсеңiз, бұл жүйе өзгермей, бiздiң қоғамды өзгерту мүмкiн емес делiнедi. Сiздiң ойыңыз?

– Бiздегi қазiргi қалыптасып келе жатқан сана, сауда компродорлық сана. Кезiнде Балтық жағалауы елдерi мен шығыс Еуропа елдерi секiлдi бiзде декоммунизация жүргiзiлген жоқ. Коммунизмдi соттап, оның бүкiл қылмыстарын әшкерелей алмадық. Украинада аштық туралы заң қабылданды. Бұл ескi санадағы адамдардың қарсылығына ұшырамай қойған жоқ. Бiрақ, Ющенко табандылық таныта отырып, қарсы күштердi мойындата бiлдi. Жақында ғана Астанада ЕҚЫҰ-ның Парламенттiк Ассамблеясы өттi. Украинадағы аштық жөнiнде үлкен бiр құжат қабылданды. Бүкiл ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер Украинада аштық болғанын мойындап, насихаттау, терең түсiнiп, терең зерделеу керек екенiн айтты. Қазақстан мен Ресейде бiрде-бiр басылым осы жайында айтқан жоқ. Оны айтпай отырғандар коммунизмнен қалған элиталардың сарқыншағы. Бiз қазiр Алаш ұлттық қозғалысы туралы айтуға қорқатын болдық. Аштық және 1937-38 жылғы репрессиялар туралы аузымызды ашпаймыз. Қазiргi кейбiр мәселелер бiзге сол кездегiнi елестететiн боп жүр. “Нұр Отан” бұрынғы – “СОКП”, қоғамдағы тоталитарлық қысым әлi де жалғасып келедi. Декоммунизация не үшiн керек? Бұрынғы коммунистiк сана өзiне қарсы дүниенiң барлығын таптап тастау керек деп есептедi. Бұл өте қауiптi сана. Ресейдiң қазiргi ұстанып отырған саясаты да соның көрiнiсi. Адам құқықтарына негiзделген гуманистiк саясат болмай, бiздiң қоғам өзгермейдi. – Қазiр Үкiметте iшкi көшi-қон мәселесi жиi талқыланып жатыр. Жалпы, қазақ ауылдарын сақтап қалу үшiн не iстеу керек? – Қазақстан халқының – 44%-ы ауылда деймiз. Соның 70%-ы қазақтар. Ауылдағылардың өндiрiп жатқан өнiмi ЖIӨ (жалпы iшкi өнiм)–нiң 9%-ы. Яғни, ауылдағы 6-7 миллион халық ұлттық өнiмнiң 9%-ын ғана ұстап отыр. Банк саласындағы 90 мың адам жаңағы 7 миллионнан артық өнiм өндiредi. Ұлттың ұлттық экономикадағы үлесi өспей ол мемлекет ұлттық бағыт ала алмайды. Мұнайшыларымыздың саны да 80 мың адамнан аспайды. Олар да 20-30 пайыз өнiм өндiредi. Алматы, Астана, Атырау, Маңғыстау – қаржының барлығын бюджетке салады. Қалған аймақтар солардан дотация алып, субсидиямен күн көрiп отыр. Яғни, диспропорциялар көп. Қазақ халқы өз экономикасына өзi ие болмай, ешқандай өзгерiс те, алға жылжушылық та болмайды. БҰҰ-ның деректерiне сенер болсақ, 25-30%-халықтың күнкөрiсi кедей таптың деңгейiнде, бұндай қоғамды мықты деп айту қиын. Саясатта жасалмаған реформалар экономиканы тығырыққа тiреп болды. “Запас прочности” деген сөз бар. Бiзде экономикада болсын, саясатта болсын, тұрақтылық қоры жоқтың қасы. Егер, ертең мұнайдың бағасы құлдырап кетсiншi, күнiмiз не болар екен. Бiзде өндiрушi сектор дамымай отыр. Бiзде тәуелсiз 3 жыл бойы блокада деңгейiнде жұмыс iстей алатын экономика жоқ, Құдай бетiн аулақ қылсын, егер Ресеймен арамыз қиындап кетсе, шетке шығарып жатқан энергетикалық және басқа да өнiмдерiмiздiң бәрiн тоқтатып тастады делiк. Сол кезде бiздiң экономикамыздың күнi не болады? Бiз ет пен сүттiң өзiн шетелден алып келемiз. Өзiмiздiң өнiмiмiздi дұрыс игере алмай отырмыз. Жақында 100 мектеп, 100 аурухана саламыз деп ұрандаттық. Ойланып қарасақ, алдағы 5-6 жылдың iшiнде бiзге осы мектептердiң қажетi бола ма? Қазiргi дүниеге ұрпақ әкелiп жатқан буын 80-шi жылдары туған ұрпақ. Ал, 90-шы жылдары туған балалардың саны 80-шы жылдарғы ұрпақтан екi-үш есеге аз. Демек, алдағы он жылда мектепке баратын балалардың саны азайып қалатын болады. Стратегиялық тұрғыдан алғанда бiзге 100 мектептiң қажетi бола ма, жоқ аурухана салғанымыз жөн бе, әлде коммуналды үйлер салып, халықты баспаналы еткенiмiз дұрыс болар ма едi. Қазақ халқын әлеуметтiк тұрғыдан сауықтыруымыз қажет. Соған бағытталған жұмыс-шаралар жоқ. – Бiз сол бәсекелестiктен қорқып ДСҰ-на ене алмай отырған жоқпыз ба? Бiр жағынан бәсекелестiктен қорқамыз дейдi, бiрақ, шын мәнiсiнде Ресейге жалтақтап отырмыз. – Ресей бiзге қажет жоқ деп едi, қазақтар да ойланып қалған секiлдi. Алайда, бiз келiссөз процесiн тоқтатпауымыз керек. ДСҰ бiзге қажет, тауарларымыздың әлемдiк рынокқа шығуына жол ашады. Бiрақ, оның екiншi жағы бар, ауылшаруашылығы қатты зардап шегетiн болады. Қытай осы ұйымға ену үшiн 21 жыл бойы саудаласты. Бiз де саудаласа бiлуiмiз керек. Егер, 5 жылдан кейiн енемiз десек, сол бес жыл бойы ауылшаруашылығына ақшаны құя беруiмiз керек. Жалпы, дүниежүзiлiк ұйымдар болсын, посткеңестiк ұйымдар болсын аяғымызды аңдап басқанымыз жөн. ТМД, ОДКБ дегендерiмiздiң барлығы өлi туған балалар. Одақ болу үшiн мемлекеттердi бiрiктiретiн құндылық болу керек. Еуропа одағын құндылық бiрiктiрiп отыр. Оларда бiрi метрополия, екiншiсi шағын мемлекет деген ұғым жоқ. Барлығының мүддесi бiрдей. ТМД елдерiнiң әрқайсысының өз мүддесi бар. Өз позициясы бар, бiр-бiрiне қайшы келетiн ұлттық мүдделерi бар. Ондай ұйым ұзаққа бара алмайды. Демек, бiз түркi қауымдастығын күшейтуге ұмтылуымыз керек. – Рахмет!

Әңгiмелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары