«LA DANZА» ЧЕМПИОНДАР МЕКТЕБI

«LA DANZА» ЧЕМПИОНДАР МЕКТЕБI

«LA DANZА» ЧЕМПИОНДАР  МЕКТЕБI
ашық дереккөзі
397

Бұл жобаға Альянс Банкi демеушiлiк жасап отыр

Сахнада мың құбылып, талшыбықтай бұрала билейтiн қыздардың ұлттық биiнен бұл бидiң жөнi бiр бөлек. Мұндағы қыз бен жiгiттiң сахнадағы биiне қарасаңыз, икемдерi де, жүрiс-тұрысы да, биден гөрi спорттық қимыл-қозғалысқа келiңкiрейтiндей. Латынамерикалықтар үшiн ұлттық өнер саналатын бұл би түрi бүгiнде қазақтарға да жат болмай қалды.

Расында да, бұл бимен шұғылданатындар мұны "спорттың көркем түрi" деп атайды. Ептеп шапшаңдықты, ептiлiктi қажет ететiн "La danzаға" қарап отырудың өзi адамға керемет ләззат сыйлайды. Ал, "La danzа чемпиондар мектебi" жобасы бүгiнде латынамерикалық би өнерiн меңгергендердiң арнайы мектебiне айналған.

Әлемдiк би мектептерiмен бiрге өсiп-өркендеуге бағыт алған би өнерiн дамыту үшiн көшбасшы банктердiң алдыңғы қатарынан көрiнiп келе жатқан Альянс Банкi демеушiлiк танытуды жөн көрiптi. Банк бөлген қаржы қазақ қоғамында өнердiң бұл түрiнен чемпиондар тәрбиелеп шығару үшiн жұмсалмақ. Би өнерiн дамытуды қолға алған аталмыш жобаның төрағасы Қамал Бердияров: "Банк бөлген бұл қаржыны бiз әлемдiк би өнерiнiң майталмандарын шақырып, балаларды тәрбиелеуге жұмсайтын боламыз. Сонда бiзде де спорттың бұл көркем түрi дамитын болады әрi болашақ чемпиондарды да тәрбиелеп шығарар едiк", — дейдi.

Альянс Банк басқарма төрағасы Ерiк Сұлтанқұлов: "Би спорты кейбiреулердiң пiкiрiнше, субъективтi болып көрiнуi де мүмкiн. Бiрақ, объективтi тұрғыдан алғанда, би спортын қазылар алқасы емес, адамдардың өзi бағалайтын болады. Сондықтан, көркем спорт түрi саналатын би өнерi ендi Қазақстанда да өсiп-өркендейтiн болады", — дедi.

"Жайлау" гольф клубында өткен би кешiнде кәсiби бишiлермен қатар, әуесқойлар да сахнада өз бақтарын сынады. Қамал Бердияровтың айтуынша, "кез келген адам бiрнеше сағаттың iшiнде бидiң бұл түрiн меңгерiп шығуына мүмкiндiгi бар. Ол үшiн бiздiң кәсiби шеберлерiмiзден дәрiс алса болды" дейдi.

Аталмыш би өнерiн насихаттап жүрген өнер шеберлерi Қазақстанда да жетерлiк. Олардың арасында Оксана Лебедова — Әлем және еуропа чемпионы, Әлiбек Секетов, Александра Матвеева, Тимур Намазбаев және Елена Воронова әлемдiк сахна төрлерiнде өнер көрсетiп, жеңiмпаздар қатарында көрiнiп жүр.

Мерекелiк шарада 5 жастағы өрiмдей бүлдiршiндер де би билеп, өз өнерлерiн ортаға салды. Дарынды, талантты жастардың, спортсмендердiң өз өнерлерiн өркендету үшiн мықты, бiлiктi ұстаздардан дәрiс алуы да артықтық етпейдi. Ол дәрiстер олардың шеберлiктерiн шыңдай түсуге де септiгiн тигiзер едi.

Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, мұндай мерекелiк шараларды өткiзу әуесқойлар үшiн де тиiмдi. Өйткенi, бидiң тiлiн сөзбен түсiндiру қажет емес, қимыл-қозғалыспен жеткiзсеңiз болғаны. Ал, сахна төрiндегi көрiнiс сiздi өзiне елiк¬тiрмесе, керi итермейдi. Делебесi қозған жұртшылықты сахнаға шығарып, шеберлiк дәрiстерiн де өткiздi. Мерекелiк шараның да басты мақсаты осы — ашық сабақ өткiзу. Ашық сабақ кешке жиналған қонақтармен журналистердiң арасында өттi.

"La danza чемпиондар мектебi" жобасына демеушiлiк танытып отырған Альянс Банкiне биыл – 15 жыл. 15 жылдық мерейтой қарсаңында өткiзiлiп отырған бұл жоба мерейтойдың алдындағы мерекелiк шаралардың бiрi. Әлеуметтiк салалардың көбiне демеушiлiк жасап жүрген банк ендi би спортын дамытуға да атсалысуда.

Серіктес жаңалықтары