АЛТЕКЕҢНIҢ IЗIМЕН

АЛТЕКЕҢНIҢ IЗIМЕН

АЛТЕКЕҢНIҢ IЗIМЕН
ашық дереккөзі
320

Өткен аптаның сенбi күнi журналистер қауымы халықтың бiртуар ұлы Алтынбек Сәрсенбайұлының iзiмен 18 шақырымға жаяу жүрiп өттi. Жаяу жүру, әсiресе тауға шығу ауыр екенi белгiлi. Адам бойындағы күш-қайрат пен сабырлылықтың бiр парасын көрсеткен журналистерге Алтынбек аптасына бiр шығатын шыңның басына ерлiкпен көтерiлгенi үшiн арнайы сыйлықтар тарту етiлдi. Аталмыш шара барысында журналистер өздерiн тек қаламмен ғана емес, Алтынбек ағаларындай қайсар, өткiр тiлдi, шындықты бетке айтатын, ерiк-жiгерi тасыған жалын екендiктерiн тағы бiр дәлелдегендей болды.

Рысбек Сәрсенбайұлы, "Жас Алаш" газетiнiң бас редакторы:

– Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қор мен Алтекеңнiң серiктерi, жора-жолдастары Алтынбектiң жүрiп өткен жолымен, асқан асуымен қалың көпшiлiктi демалыс сайы маңынан Алма Арасанға асып түстi. Алтекеңнiң өзi Алматы облысы, Райымбек ауданындағы таулы аймақта туып өстi. Ал ендi таудың өзi адамды шыңдайды екен ғой. Тауда өскен адамның мiнез-құлқы, жаратылысы да тауға ұқсас айбынды болатынын Алтекеңе қарап байқайтынмын. Таудағы адам биiктiктi аңсайды. Биiктiк деп отырғанымыз алға қойған ұлы мақсат. Биiктiкте жүру үшiн адамға қажыр-қайрат, күш-жiгер мен еңбек қажет.

Алтекең апта сайын келетiн биiктiктi бағындырған көпшiлiк қиялай жүрiп, бiр асудан бiр асуға асты. Қызық көру үшiн емес, Алтекеңдi қадiрлегенi, әруақ тұтқандары. Алтекең табиғаттың өзiндей тұнық, жаны таза, мөлдiр бұлақтай едi. Айтар ойы, жеткiзер пiкiрi де өзiнше бөлектiгi мемлекеттiк қызметте де, оппозицияға келгенде де анық байқалып тұратын. Өмiрiнiң соңғы сәтiнде де "тауға шығамын" деп шақырған едi. Қыстың қақаған аязы мен бораны, жаздың аптап ыстығы мен көктемнiң сiркiреген жауынына қарамай тауды бетке алатын. Менiңше, бұл Алтекеңнiң таудағы жолы ғана емес, күрес жолы. Осында келгендердiң барлығы да осыны сезiнiп, дайын екендiктерiн көрсетедi. Бүгiнгi iс-әрекетiмiздiң бәрi бiрге жұмылып әдiлдiкке бас-көз болу үшiн жиналу.

Амангелдi Мырзабек, Азаттық радиосының Алматы бюросының бас редакторы:

– Алтынбек Сәрсенбайұлы күрескер, белгiлi қайраткер ретiнде халқының мәңгi есiнде сақталатыны анық. Бұл шара Алтынбектей адамның iзiн басқысы келетiн жастарымыздың көп екендiгiн дәлелдедi. Әр адам осы тауға шыққан сайын Алтынбектiң жолы қаншалықты күрделi екенiн сезiндi. Аталмыш шара жылда жалғасын табатынына сенем.

Айымбүбi Сәрсенбаева, әпкесi:

– Бүгiн таңқалғаным, 60-қа таяу жасыммен қыздар арасынан бiрiншi болып келiппiн. Тiптi белiмнiң ауыратынын да бiлмей қалдым. Алтекең болған кезде жексенбi күндерi тауға шығатын едiк. Алтекең шықпасыңа қоймай, ықпал жасап отыратын. Өзi де көзi тiрiсiнде "Нағыз Ақ жол" партиясының қызметкерлерiмен бiрге тауға шығуды дәстүрге айналдырған. Балаларды да осыған тәрбиеледi. "Баланың бiр минутын бос қоймаңыздар" дейтiн. Алтекең күллi қазақ халқының жағдайын жақсарту үшiн күресiп дүниеден өткенiн ұрпақтары бiледi. Сол үшiн де бүгiн жиналғандардың саны көп болды. Рахмет!

Болат Әбiлов, "Азат" партиясының төрағасы:

– Биiкке шығудың өзi спорттың ең керемет түрi. Мiне, бүгiн 200 адам жиналды. Барлығы да Алтынбекке ұқсап өздерiнше күш-қайраттарын көрсеттi. Алтынбекке ұқсап бағу кез келген адамның бойында кездесе бермейдi. Алтекеңнiң орны да, жолы да дара. Әрбiр адам Алтынбектiң жолының күрделiлiгiн сезiнген сайын оның шындық үшiн дүниеге келгендiгiн сезiнедi. Сол себептi алдағы күндерде де әлi талай iс-шаралар ұйымдастыра бермекпiз.

Жадыра МҮСIЛIМ

Серіктес жаңалықтары