АҚШ РЕСЕЙДI БӨЛШЕКТЕЙ МЕ?

АҚШ РЕСЕЙДI БӨЛШЕКТЕЙ МЕ?

АҚШ РЕСЕЙДI БӨЛШЕКТЕЙ МЕ?
ашық дереккөзі
241

Ресейдегi азаттық аңсаған елдiң арманы күн өткен сайын асқына түсуде

Миллион емес, жарты миллион емес, 70 мың ғана халқы бар Оңтүстiк Осетияның Ресей тарапынан тәуелсiз ел ретiнде мойындалуы өзге емес, Ресейдiң өзiне кесiрiн тигiзетiн сыңайы бар.

Ресейде 89 аймақ бар. Оның 15-республикалар. Кезiнде КСРО да 15 республикадан тұрған. Алайда, олардың ешқайсысы түптiң-түбiнде өзiнiң жеке мемлекет деген мәртебесi болатындығына нанбаған. Бiрақ, тарих доңғалағы Ресейдiң бұғауындағы елдердiң тәуелсiздiгiнiң алғышарттарын жасап бердi. Сөйтiп, дүниенi дүр сiлкiндiрген алып империя құлады. Сарапшылар КСРО-ның құлауына Ресейдiң өз iшiнен iрiп-шiруi, социализм идеясын жүзеге асыру жолында жауырды жаба тоқу арқылы қуыршақ мемлекеттiң пайда болуы кiнәлi деседi. Оңтүстiк Осетия мен Абхазия тәуелсiздiгiн Ресей жариялағаннан берi, оның құрамындағы қазiргi 15 республиканың да iште жатқан арманы бас көтере бастады. Ресейдiң Грузия территориясын бөлшектегенiн қатты сынға алған Америка дәл осы сәттi ұтымды пайдалануға кiрiскен сыңайлы. Бұл ретте Ресейдiң өз iшiнен iрiп-шiри бастағандығы байқалады.

Ең алдымен Кавказ аймағының бiрi болып табылатын Ингушетия оппозиционерлерiнiң Ресейден тәуелсiздiк талап еткен мәлiмдемесi жарқ ете қалды. Ингушетияның қазiргi билiгi оппозициялық "Ингушетия.ру" сайтының жұмысын тоқтатып, оның иесi Магомед Евлоевтың Ингушетия iшкi iстер қызметiнiң қолынан қаза табуы елдегi сепаратистiк толқуды күшейтiп жiбергенге ұқсайды. Ингушетия президентi Мұрат Зязиков оппозиционерлердiң мәлiмдемесiне көз жұма қарауға тырысса да, Ингушетиядағы Ресей құрамынан шығамын деген бұлқыныстың соңы жақсылыққа апармасы қақ. "Ингушетия. Ру" сайтын билiк әлденеше рет жауып тастағанымен, ол газет әзiрге жарыққа шығуын тоқтатқан емес. Қазiр оған бұрынғы президент Руслан Аушевтiң iнiсi Макшарип Аушев иелiк еттi. Билiк, әрине, Ингушетия оппозиционерлерiнiң бұл iсiн "сепаратистiк пиғылды өршiткенi үшiн, экстремистiк әрекеттерге барғаны үшiн" деген желеумен айыптап, қылмыстық iс қозғауды қолға алған. Сондай-ақ, 2-қыркүйектегi Магомед Евлоевты еске алу үшiн өткiзiлген рұқсатсыз ереуiл үшiн де Макшарип Аушев пен Магомед Хазбиевтерге қарсы құқық қорғау органдарының қаруына жармасты деген айып тағылып, қылмыстық iс қозғалған.

Дәл осындай сепаратистiк пиғыл Едiл жағалауындағы Башқұртстан мен Орал маңындағы Татарстанда да байқалады. РБК daily агенттiгiнiң хабарлауына қарағанда, Башқұртстанның "КҮК БҮРЕ" қоғамдық қозғалысы Кремльден өзiн-өзi анықтауды талап ететiн мәлiмдеме жасаған. Егер, ресми Кремль олардың талабына құлақ аспаса қозғалыс лидерлерi бұқаралық қарсылық акциясын ұйымдастыратындығын мәлiмдеп отыр. "Ресейде жақында ғана қабылданған Бiлiм туралы заң башқұр халқының тiлiне нұқсан келтiрiп, халықтың өз ана тiлiнде бiлiм алуына кедергi жасауда" деген ойды аталған қозғалыс белсендiлерi талай рет айтқан екен. "Кремль Башқұртстанның мемлекеттiк тiлi болып табылатын башқұрт тiлiнiң дамуына мүмкiндiк бермей отыр. Башқұрларда бұдан басқа мекен жоқ. Оны бөтен бiреулердiң қолына берiп қоя алмаймыз" делiнген олардың үндеуiнде.

Дәл осындай үндеу жақында Татарстанда да жарық көрген. Татар қоғамдық қозғалысының белсендiлерi де тәуелсiздiкке қол жеткiзу мүмкiндiгi жайында мәлiмдеме жасаған. Ресей саясаткерлерi бұндай мәлiмдемелердiң бұқаралық сипат алуынан қорқады. Өйткенi, Ресейдi бөлшектеуге ынталы әрi мүдделi топтардың бар екенi де, олардың бұл пиғылдарын ашық айта бастағаны да айқын. Мәселен, Грузияда Ресейден бөлiнiп шығуға ынталы мемлекеттердiң тiзiмi жасалды. Тбилисиде "Ресей аймақтарына тәуелсiздiк берiлсiн!" деген ұранмен ереуiл өттi. Онда: "Ресейден Якутия, Ханты-Мансы автономиялық округi, Коми, Чешенстан, Дағыстан, Татарстан секiлдi сепаратистiк пиғылдағы республикалардың бөлiнiп шығуы туралы айтатын кез жеттi" делiнген.

Ал АҚШ-тың Стратфора сараптама агенттiгi арнайы зерттеу жүргiзу арқылы Солтүстiк Осетияның көптеген тұрғындары да Оңтүстiк Осетиямен қосылуды армандайды, сөйтiп жеке ел атанғысы келедi деген қорытындыға келген. Аталған агенттiктiң жасаған сараптамасына қарағанда, "Сiбiрдегi халықтың басым бөлiгi орыстар. Бәлкiм содан болар, онда сепаратистiк пиғыл аса байқалмайды. Сондай-ақ, ұлттық рухтары да бәсең. Ондағы экономикалық тұрғыдан тәуелсiз Саха республикасында Ресей алмазының барлығы өндiрiледi. Олар алмаздан өз үлесiн алуға қатты талаптанады" делiнген. Сондай-ақ, "Екiншi Дүниежүзiлiк соғыстан кейiн Ресейдiң құрамына енген Куриль аралдарын Жапония қайтарып алуды армандамайды дейсiң бе?" деген сауал қояды. Немiс провинциясы "Шығыс Пруссияның" орталығы болған Кенигсберг — қазiр Калининград деп аталады. Орыстар шетте жүрген отандастарын дәл осы аймаққа көптеп қоныстандыруды бекер жоспарлап отырған жоқ. Калининград та Ресейден жеке кетудi көздейтiн аймақтың бiрi. Аталған агенттiктiң сараптамасында Калининградтың Еуроодаққа ұмтылу мүмкiндiгi жайы айтылады.

Алайда, Ресейдiң басылымдары Грузия мен Америка сарапшыларының бұл идеясын "утопияға" балап, осы жылдар iшiнде тәуелсiздiкке ұмтылған Чешенстанда әскери қақтығыстың болғанын атап өтедi. "Рамзан Қадыров Чешенстан билiгiн қолына алғаннан кейiн, әрi бұл аймақтың дамуына көптеген қаржы құйылғаннан соң, чешендер Ресей қоластында өмiр сүруге көндi" деп жазады "Lenta. Ru" сайты.

Сондай-ақ, американдық "Online journal" басылымында Сыртқы саясат жөнiндегi кеңесшi Маккейн, Ранди Шойнеманн және Джордж Сорос секiлдi жаңа консерваторлар тобы Вашингтонның Чешенстан, Дағыстан және Ингушетия мемлекеттерiнiң тәуелсiздiгiн мойындауға үгiттеуге шақыратындығы туралы жазылған.

Чехияда "Жас майдан" тiркелген жастар ұйымы Америка мен Еуропаны Чешенстан, Дағыстан және Ингушетияның тәуелсiздiгiн мойындауға шақырды. Олар мәлiмдемесiнде Ресейдiң Грузияға қолданып отырған басқыншылық әрекетi сыналып, Оңтүстiк Осетия мен Абхазияның тәуелсiздiгiн мойындағанына жауап ретiнде Ресейдiң барлық 89 субъектiсiн бөлшектеуге шақырған.

Ресей әлемдiк әрiптестерiнiң өзiнiң аумақтық тұтастығын құрметтейтiндiгiне және субъектiлерiнiң тәуелсiздiгiн мойындамайтындығына сенiмдi. Дегенмен, Ресей сарапшылары Ингушетия мен Башқұртстанның, Дағыстан мен Татарстанның тәуелсiздiк идеяларының бас көтере бастауынан өз билiгiн сақтандыра бастады. Ал, тәуелсiздiкке ұмтылған лидерлер қатаң жазаланып, қуғынға ұшырауда. Ресей басылымдары елдегi 89 субъектiнiң қай-қайсысы да Ресейдiң қол астында болуға құлықты екендiгiн талмай жазып, қоғамдық пiкiрдi өзгеше қалыптастыруға тырысып бағуда. Алайда, Чешенстан халқының тең жартысы босып кеткендiгi жайында ешкiм аузын ашқысы жоқ. III Чешен-орыс соғысында тәуелсiздiк үшiн күрескен чешен жауынгерлерiнiң аяусыз тапталғаны бүгiн айтылмайды. Ресей қанша бүркемелегенмен, Дағыстан секiлдi республикалардың билiкке қызмет ететiн басылымдары арқылы, "Дағыстанды Ресейсiз елестете алмаймыз" деген ұран аясында мақалаларды қаптатқанымен, Ресейдегi тең құқықты республикалардың азаттықты аңсамауы мүмкiн емес.

Сөйте тұра, Ресей саясаткерлерi күн өткен сайын шовинистiк көзқарастарын күшейте түсуде. Олар өз iшiндегi оттың алдын алуға ұмтылып, либералдық, демократиялық саясат жүргiзгеннiң орнына, империялық пиғылдағы мәлiмдемелерiн жасауды тоқтатар емес. Биылғы жылдың 11 тамызында "Новый регион" республикалық ақпараттық агенттiгiне сұхбат берген Еуразия жастар одағының идеологы, философ Александр Дугин: "Менiңше, бiзге дос көңiлдегi Қазақстан мен Белоруссия секiлдi мемлекеттер аяқасты ол ниетiнен айныса, бұдан ары мемлекет болып қала алмайды. Бұл олар бiздi моральдық тұрғыдан ғана емес, әскери тұрғыдан қолдамаса да, солай болмақ. Олардың әскери күштерi автоматты түрде Ресейдiң қол астына өтуi керек, сөйтiп Ресей үшiн соғысуы тиiс" ("Я думаю, если дружественные нам страны, такие как Казахстан и Белоруссия, вдруг от нас отвернуться, этих стран больше не будет существовать. Это произойдет, если они не поддержат нас не только морально, но и военным образом. Их военные силы автоматически должны перейти к России и воевать на ее стороне") деген ой айтты.

Тұп-тура шовинизмнiң иiсi аңқып тұр. Ресей саясаткерлерi мен идеологтары өзге елдi бөлшектеу немесе қорқытып-үркiту әрекетiн қолданғаннан гөрi, өз iшiнде тұтанғалы тұрған отты басуға ұмтылғаны абзал болар едi…

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары