ОРЫН ЖОҚ, ОҚУШЫ КӨП, ЖАЛАҚЫ АЗ. ҚАЗАҚ МЕКТЕПТЕРIНIҢ ЖАҒДАЙЫ ОСЫ

ОРЫН ЖОҚ, ОҚУШЫ КӨП, ЖАЛАҚЫ АЗ. ҚАЗАҚ МЕКТЕПТЕРIНIҢ ЖАҒДАЙЫ ОСЫ

ОРЫН ЖОҚ, ОҚУШЫ КӨП, ЖАЛАҚЫ АЗ. ҚАЗАҚ МЕКТЕПТЕРIНIҢ ЖАҒДАЙЫ ОСЫ
ашық дереккөзі
292

Аптаның басы екi айтулы мерекеге ұласты. Оның бiрi – қасиеттi Рамазан айының алғашқы күнi, ендiгi бiрi – 1-қыркүйек – Бiлiм күнiне тап келiп отыр. Яғни, бұл күнi елiмiздегi барша мұсылман қауым ниет етiп ораза ұстаса, бiлiм алуға ұмтылған оқушылар алтын ұясы – мектепке асығып жатты. Ал ата-ана мен ұстаздар осындай қасиеттi қос мейрамда мектеп табалдырығын алғаш аттап отырған балғындардың құтты қадамына нұр сыйлап, мұны жақсылықтың нышанына балады.

Қала қарбалас. Жаңа оқу жылы басталды. Қолдарына гүл шоқтарын ұстаған оқушылар! Шәкiрттерiмен жүздесiп, мәз-мейрам болысқан ұстаздар! Бiлiм әлемiнiң құлпын ашуға асыққан "тарыдай" бүлдiршiндер! Қандай ұмытылмас күн десеңiзшi! Кеше ғана ойын қуған жас жеткiншектер бiлiм теңiзiнде еркiн жүзiп, күндердiң бiр күнiнде "таудай" болып шығатынын ойлады ма екен, сiрә! Бiр қуаныштысы, республика бойынша бiрiншi сыныпқа қабылданып жатқан оқушылардың саны жылдан-жылға артып келедi. Айталық, Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң мәлiметi бойынша, биылғы оқу жылында елiмiзде 250 мың оқушы мектеп табалдырығын оң аяғымен аттады. Өткен жылдармен салыстырсаңыз, анағұрлым көп. Әлбетте, қуанышты жағдай! Бұл бiр жағынан демографиямыздың алға басып жатқандығын аңғартса керек. Алайда, мәселенiң екiншi жағына үңiлмеске тағы болмас. Бала туу санының бiршама көбейiп отырғанын ескерсек, бiлiм ұяларының жетiспеушiлiгi айтпаса да, көзге ұрып тұр. Тiптi, кейбiр облыстың елдiмекендерiнде бiлiм ошақтарының жоқтығынан ата-аналар балаларын қайда оқытарын бiлмей сенделiп қалған. Бұл бұл ма, ендiгi бiр бiлiм мекемелерiнiң жөндеу жұмыстары уақытынан кешеуiлдеуiне байланысты, оқушыларды жаңа оқу жылына қабылдай алмаған. Мәселен, алысқа бармай-ақ қояйық, Алматы қаласында да оқу жылына дайын емес бiлiм ұялары жоқ емес. Өкiнiшке қарай, №167, №62, №25, №90 мектебiнiң сейсмикалық күшейту және қайта қалпына келтiру үшiн жүргiзiлген күрделi жұмыстарының аяқталмауының салдарынан бiлiм мекемелерi тек қазан және қараша айларының соңында ғана есiгiн ашпақ. Жалпы, биыл Алматы қаласы бойынша сейсмикалық күшейту жұмыстары 6 мектепте жүргiзiлсе, оған қала бюджетiнен 300 млн. теңгедей ақша жұмсалған. Осыншама бiлiм мекемелерiнiң жылу жүйесiн жөндеуге 158 млн. теңге, екi жүзден астам бiлiм ұясының кiшiгiрiм жөндеу жұмыстарына 400 млн.-нан астам қаржы бөлiнген. Сонда оқушылар демалысқа шыққаннан берi жөндеуден өтуi тиiс мектеп не бiтiрген? Оның басшылары, тiптi Бiлiм департаментi қайда қараған? Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты Абай ауылындағы М.Ғабдуллин атындағы орта мектептiң күйi де осы. Бiлiм күнiне дейiн жөндеуден өтiп, оқушыларды қабылдауы тиiс бiлiм ошағы бұл үдеден шыға алмапты. Бюджеттен бөлiнген қаржы тiстегеннiң аузында, ұстағанның қолында кеткендiктен болар, жөндеу жұмыстары әлi жалғасын табуда. Есесiне, көбiне қаладан шеткерi елдiмекендерге жайғасып жатқан, яғни, ауылдан ағылған қазақ отбасы баласының басын қайда сұғарын бiлмей жүр. Абырой болғанда, бұл ауылда биыл жаңа мектептiң iргесi бой көтерiп, iске қосылғандығы мәселенiң ушықпауына аз да болса тосқауыл қойды. Дегенмен, екi мектептiң оқушысын бiр мектепке сыйғызып оқытудың мүмкiн емес екенi әрi бiлiм алуға кедергi келтiретiнi тағы бар емес пе?!

Сонымен, биыл баласын сүйреп, сабылып жүрген ата-ана мүлдем көп. Жаңа оқу жылы басталып кеткенмен, Алматының iргесiндегi елдiмекендерде тұратын отбасы жергiлiктi жерде мектептiң жоқтығынан қалаға сабылып жүр. Ал қаладағы мектептiң өзiнде сыртта тұратын балалар тұрмақ, сол аудан төңiрегiндегi оқушыларға да орын жетпей жатқанға ұқсайды. Өйткенi, "Ақсай" ықшам ауданындағы бiлiм ұялары бiрiншi сыныпқа қабылданып жатқан оқушылардың көптiгiне байланысты алғашқы қоңыраудың ертесiнде-ақ аяқ астынан қосымша сыныптар ашуға мәжбүр болуда. Әрине, жоспарда жоқ сынып болғандықтан, бөлмесi әлi жабдықталмаған, парталары бiрiншi сыныпқа сай емес. Аш-жалаңаш, көрнектi құралдардан жұрдай бөлмеге топ ете қалған оқушының ойында не қалды екен?! Негiзi бұрынғы кездерi мұғалiмдер жаз мезгiлiнде үй-үйдi аралап, мектепке баратын бүлдiршiндердiң тiзiмiн түртiп, тiркеуге алып жататын. Соған байланысты, бiрiншi сыныпқа қанша оқушының келетiнiн шамамен жобалайтын. Нәтижесiнде жаңа оқу жылы басталғанда-ақ, бала санын есептеп, қажеттi сыныпты ашып, бөлмелердi гүлдей жайнатып, дайын ететiн. Қазiр ше? Алдын-ала зерттеу жоқ. Оған бiлiм ұялары да мүдделi емес. Сөйтедi де, жаңағыдай жағдай, жоспарда жоқ сыныпты ашып кеп жiбередi. Қысқасы, Алматы қаласында балабақшада 10 мың, мектепте 18 мыңнан астам орын жетiспейтiн боп шықты. Бұл мәселенi түбегейлi шешемiз десек, тез арада 100 мектеп жобасын қолға алу керек-ақ. Ал, Ресейде олай емес. Мәселен, биыл мектепке 13,3 млн. оқушы барса, оның 1,24 млн.-ы бiрiншi сыныпқа қабылданған. 2008-2009 жаңа оқу жылында Ресейде 56 мың 727 мектеп оқушыға есiк ашты. Ал бұдан бұрын "Роспотребнадзор" мекемесi әртүрлi себептерге байланысты 1788 ресейлiк бiлiм ошақтарын жабуға мәжбүр болған. Ал оның 673-i күрделi жөндеу жұмысынан кейiн қайта iске қосылса, судай жаңа 169 мектеп оқушылардың игiлiгiне берiлмек. Көрдiңiз бе, Ресейде бөлiнген қаражатты қадағалап, жөнделуi тиiс бiлiм ұяларын тексерiп отыратын арнайы мекеме бар. Ең бастысы, бұл шұғыл мәселенi басқа емес, Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң өзi мойнына алған. Ресей президентi Дмитрий Медведевтiң тiкелей тапсырмасын арқалаған Бiлiм және ғылым министрi Андрей Фурсенко жаңа оқу жылына ел мектептерiнiң дайын екендiгiн әрi жылдан-жылға демографиялық жағдайдың жанданып жатқандығын қуанышпен жеткiздi.

МҰҒАЛIМНIҢ ЖАЛАҚЫСЫН КӨТЕРУ КЕРЕК!

Елiмiзде бюджеттiк мекеме қызметкерлерi, оның iшiнде мұғалiм қауымының жалақысы әлi күнге дейiн инфляцияның құрбанына айналып келедi. Жыл сайын жалақыны 30, 25 пайызға өсiремiз деген сөз шықса болды, базардағы азық-түлiктiң де бағасы шарықтап шыға келедi. Таңның атысынан күннiң батысына дейiн мектепте оқушымен жұмыс iстейтiн ұстаздың еңбегiн бағаламау әдiлдiк емес шығар. Алайда, жасыратын несi бар, мұғалiм мәртебесiн жоғары бағаласақ та, әлi күнге еңбегiн еш етiп жатқанымыз өкiнiштi. Сондықтан жалақының аздығынан да жас мұғалiмдердiң мектеп босағасынан сығалауы екiталай. Айталық, Ресей Бiлiм министрi А.Фурсенко мұғалiмдердiң жалақысы жыл сайын өсiп жатыр, қазiргi кезде орташа еңбекақы 11,5 мың рубльдi құрайды дегендi айтты. Бұл әрине, бiздiң елiмiздiң жалақысымен салыстырғанда бiршама көп. Ал Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев жақында өткен бiлiм қызметкерлерiнiң басқосуында келесi жылдан бастап мұғалiм жалақысы 25 пайызға, 2010 жылы тағы 25 пайызға, 2011 жылы 30 пайызға көбейетiндiгiн жеткiздi. Бұл аз ба, көп пе? 25 пайыз бен 30 пайыз өскен жалақы айлықтан айлыққа әупiрiмдеп жетiп жүрген ұстаз қауымының әмиянын қампайта ма? Әлде, бәз-баяғысынша құрықталмайтын қымбатшылыққа желдей ұшып кете бере ме? Елiмiздiң болашағы — жастар сапалы бiлiм алсын десек, мұғалiмнiң бiлiктiлiгiне, бiлiмiне сай жалақысын да көтеру қажет. "Мұғалiм – мектептiң жүрегi". Егер оқушыға бiлiм нәрiн беретiн мұғалiмнiң көңiл-күйi мәз болмаса, оқушының да толыққанды бiлiм алып шығуы неғайбыл.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары