САЛАУАТТЫ ӨМIРДI ҰСТАНАТЫН “ҚАЗТРАНСГАЗ”

САЛАУАТТЫ ӨМIРДI ҰСТАНАТЫН “ҚАЗТРАНСГАЗ”

САЛАУАТТЫ ӨМIРДI ҰСТАНАТЫН “ҚАЗТРАНСГАЗ”
ашық дереккөзі
384

24-28 тамыз аралығында Астана қаласының Орталық алаңы мен басқа да спорт алаңқайлары үлкен мерекеге ұласты. Мұнай-газ саласында еңбек ететiн қызметкерлердiң кәсiби мейрамына орай дәстүрлi түрде өтетiн жазғы спартакиада 6-шы рет жалауын көтердi.

"Денсаулық — зор байлық" екенiн әркез қызметкерлерiнiң есiне салып отыратын компанияның көшбасшысы — "ҚазМұнайГаз" салауатты өмiр салтын насихаттауда аянып қалмақ емес. Ұлттық компанияның еншiлес кәсiпорны "ҚазТрансГаз" АҚ және "ИнтерГаз Орталық Азия АҚ мұнай-газ айтулы мейрамға қарсы өз қолтығындағы бөлiмшелер арасында спорттық жарыстар ұйымдастыруға ұйытқы болды. Айта кету керек, биылғы жылы өтiп жатқан спартакиада Астананың 10 жылдығына арналып отыр.

Бұл жарыста спорттың белгiлi түрлерi — волейбол, минифутбол, жеңiл атлетика, шахмат және үстел теннистен күштерiн ортаға салған бөлiмше мамандары салауатты өмiр салтын ұстанатындарын тағы бiр дәлелдедi. Орталық аппараттан, "Ақтөбе" Магистральды Газқұбырлары басқармасынан (МГҚБ), "Атырау" МГҚБ, "Южный" МГҚБ, "Уральск" МГҚБ, "Қызылорда" МГҚБ мекемесiнен 170-ке жуық қызметкерлер спартакиада алаңына шығып, өздерiнiң күштерiн көрсете бiлдi. Спартакиадада шахматтан "Южный" МГҚБ-ның маманы Елубай Атамұратов топ жарып, бiрiншi орынды иеленсе, екiншi орынды Орталық аппараттан Мұхтар Күкеев, үшiншi орынды компанияның "Уральск" МГҚБ-ның қызметкерi Альмарат Құдайбергенов еншiледi. Сондай-ақ, Орталық аппаратының волейболшы қыздар тобы да топ жарып, алғашқы орыннан көрiндi. Ал екiншi орынды "Уральск" МГҚБ, үшiншi орынды "Атырау" МГҚБ қыздары иемдендi. Ерлер арасындағы волейболда "Атырау" МГҚБ бiрiншi боп көзге түстi. Кiшiгiрiм футбол ойыны бойынша Орталық аппарат командасы бiрiншi, "Атырау" МГҚБ екiншi орынға табан тiредi.

Жеңiл атлетиканың 100 метрлiк жарысында "Қызылорда" МГҚБ-сы жүзден жүйрiк шықса, "Уральск" МГҚБ тобы жеңiл атлетика эстафетасы мен үстел теннисi түрлерiнен алдына жан салғызбады. Сонымен, жалпы командалық есепте "Уральск" МГҚБ ұжымы оқ бойы озық тұрса, қалған жүлделi орындарды Орталық аппарат командасы және "Iске қосу, қалпына келтiру жұмыстары және диагностика" басқармасының қызметкерлерi қанжығасына байлады.

Арнайы құттықтау сөзiн сөйлеген "ИнтерГаз Орталық Азия" АҚ-ның Бас директоры Серiк Естай спорттың адам жанына күш-қуат беретiнiн айта келе, iс-шараның Астананың 10 жылдығы мерейтойына арналып отырғандығын жеткiздi.

Серіктес жаңалықтары