ҚАЗАҚСТАН ПЕТРОЛЕУМ ҰЙЫМДАСТЫРҒАН СЕМИНАР

ҚАЗАҚСТАН ПЕТРОЛЕУМ ҰЙЫМДАСТЫРҒАН СЕМИНАР

ҚАЗАҚСТАН ПЕТРОЛЕУМ ҰЙЫМДАСТЫРҒАН СЕМИНАР
ашық дереккөзі
240

3-қыркүйек — мұнай-газ саласының қызметкерлерi күнi! Осыған байланысты Алматыда елiмiздiң және шетелдiң мұнай-газ, көмiр шикiзатын өңдеу, барлауға қатысы бар 20 мемлекет компанияларының ойын ашық бiлдiретiн шаңырақ — Қазақстан Петролеум қауымдастығының ұйымдастыруымен БАҚ өкiлдерiне арналған дәстүрлi 6-шы семинар-брифинг болып өттi.

Семинар аясында Қазақстанның мұнай-газ саласының негiзгi даму аспектлерiне шолу, сондай-ақ, инвестициялық климат, жаңа Салық кодексiнiң күшiне мiну алдындағы кезеңiне сараптама жасалды. Яғни, биылғы семинар барысында "Мұнай өндiрiсiне шолу" тақырыбы сөз болды. Қазақстан Петролеум Қауымдастығының басқарма төрағасының орынбасары Сағындық Нұралиевтiң пiкiрiнше, аталған семинар БАҚ өкiлдерiне елiмiздегi соңғы 1 жылғы мұнай өндiрiсiне шолу жасаумен қатар, ондағы өзектi мәселелердi ашып көрсету қабылданғалы отырған жаңа Салық кодексi сынды өзгерiстердiң әсерi туралы болжамды көрсету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Бұл семинарда елiмiздiң Досым Сәтпаев, Қанат Берентаев секiлдi белгiлi саясаттанушыларымен қатар Алмас Нақыпов, Джоэл Бенджамин, Кармен Кансела, Меруерт Махмудова сынды сарапшылар ойларын ортаға салып, журналистердiң сұрақтарына жауап бердi.

Қоғамдық мәселелер жөнiндегi талдау орталығының директорының орынбасары, саясаттанушы Қанат Берентаев "Қазiр Үкiмет Салық және Бюджет Кодексiн талқылап жатыр. Оның iшiнде корпоративтi табыс салығын (КТС) төмендету қарастырылуда. Сондай-ақ, бiзде ақпараттық технологиялық парк құрылғалы берi, яғни, екi жылдай болды инвестициялық климат бiршама жақсарды" дегендi бiлдiрдi. Алайда, Қанат Берентаевтың сөзiне сенсек, елiмiзде инвестициялық потенциал жоқтың қасы. Ал инвестициялық қауiп — бұл елдiң экономикалық-саяси жағдайының тұрақтануына байланысты дейдi ол.

1991 жылы алғаш Салық заңнамасын енгiзгенде көбiне басқа шетелдiң тәжiрибесiне сүйенуге тура келдi. Бұл кезде елiмiздiң мұнай-газ, жер асты қазба саласын шетелмен салыстыруға келiңкiремейтiн. Қазiрдiң өзiнде жаңа Салық кодексiнiң жобасын ұсынып жатыр. Бiрақ та әртүрлi ұсыныс пен пiкiрге тап болып отырған Салық кодексiн жан-жақты талқылып, қажет болса, өзгерiс пен толықтыру жасау керек. Егер кәсiпкерлердiң, шағын және орта бизнес өкiлдерiнiң ортақ пiкiрiн елеп-ескермесек, күндердiң күнiнде қайта енгiзу жасауға тура келедi. Сол себептен де, жаңа Салық кодексi бар талапқа сай болуы тиiс, — дейдi сарапшылар. Сондай-ақ олар, Қазақстандағы инвестициялық болжамның өзгерiстерi, жаңа Салық кодексiнiң өндiрушiлерге қажеттi тұстары, 21 ғасырдағы энергетика, табиғатты пайдалану заңдылықтарына енгiзiлетiн өзгерiстер тақырыптарында баяндамалар жасады. Семинар соңында БАҚ өкiлдерiне арнайы сертификаттар табыс етiлдi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары