АППАҚ САҚАЛ ЖӘНЕ АДАМДАРДЫҢ ӨМIРI

АППАҚ САҚАЛ ЖӘНЕ АДАМДАРДЫҢ ӨМIРI

АППАҚ САҚАЛ ЖӘНЕ АДАМДАРДЫҢ ӨМIРI
ашық дереккөзі
246

Қылмыскер Караджич қалай қолға түстi?

Соғыс өртiн тұтатушылар мен адамзатқа қарсы қылмыс жасаушыларды жазалайтын халықаралық Гаага трибуналы 13 жылдан берi iздестiрiп жүрген босниялық сербтердiң бұрынғы басшысы Радован Караджичтiң қолға түскенi жөнiнде 22-шiлдеге қараған түнi Сербия президентi Борис Тадич мәлiмдегенi белгiлi. Бұл хабар әп-сәтте бүкiләлемдiк басты жаңалыққа айналып, барша беделдi ақпарат құралдарында сан-саққа жүгiртiлдi және алуан түрлi жорамалдардың негiзiне айналды.

Әуелде жұртшылықтың жаппай қызығушылығына түрткi болған осы оқиғаның жаңғырығын Днестр өзенiндегi алапат тасқын: Батыс Украина, Молдова, Румыния жерлерiндегi топан су мен Пекин – 2008 Олимпиадасының ашылу салтанаты, iле-шала бiртұтас Грузия жерiнде соғыс қимылдарының басталуы кейiнгi қатарға сырғытып тастағанымен Караджичтiң тұтқындалуының тарихи маңызы ерекше. Балқан түбегiндегi қанды соғыс тарихындағы соңғы парақтың жабылуы деуге де болады. Қалай десе де ХХ ғасыр соңы және ХХI ғасырдың басындағы әлемдiк тарихқа әсерiн ескерусiз қалдыру мүмкiн емес. Сондықтан, БҰҰ-ның хатшысы Пан Ги Мун мырза Радован Караджичтiң қолға түсуiн: "Бұл – әскери қылмыстардың барлық жазықсыз құрбандары үшiн тарихи сәт", – деп жоғары бағалады.

Сонау 2001 жылы жазда Югославияның экс-президентi Слободан Милошевич тұтқындалып, көп ұзамай Гаага трибуналының құзырына тапсырылуы ғана әлемдiк деңгейде осындай қызығушылық туғызғаны мәлiм. Сол оқиғаларды қысқаша еске түсiре кетудiң артықшылығы жоқ. 2000 жылы Сербияда бейбiт революция жеңiске жеткеннен кейiн билiк басына келген демократияшыл күштiң өкiлдерi бiр жылдан соң Слободан Милошевичтi Гаага трибуналының құзырына тапсырды. Әскери ауыр қылмыстары үшiн айыпталған ол тергеу және сот процесi толық аяқталмай тұрып, 2006 жылы 11 наурызда түрме камерасында жүрек талмасынан қайтыс болды. Сербияның бұрынғы президентiнiң туған жерi – Пажаревац қаласындағы жерлеу рәсiмiне марқұмның қазiр Мәскеуде тұратын жесiрi Мира Маркович те, туған ұлы Марко Милошевич те қатыса алған жоқ. Өйткенi, туған отандары – Сербияда оларға қарсы қылмыстық iс қозғалған болатын.

Осыдан кейiн халықаралық бейбiтшiлiк күштерiнiң барлық күш-жiгерi әскери қылмыскер Радован Караджичтi iздестiруге және оны тұтқындауға бұрынғыдан бетер жұмылдырылды. Оны тiрiдей тұтқындауға соншалық маңыз берiлердей Радован Караджич кiм?!

Басқа қылмыстарын былай қойғанда, ол 1995 шiлдеде Босниядағы Сребреница қаласында 8 мыңнан астам жазықсыз, бейбiт мұсылмандардың айуандықпен өлтiрiлуiне тiкелей кiнәлi зұлымдардың бiрi. Сандаған мың қарттар, бейкүнә аналар мен жас балалардың қанын мойнына жүктеген қанiшер. Бiр бұл ғана емес, Боснияның астанасы Сараево қаласын үш жыл бойы қанды құрсауға алып, осында 12 мыңнан астам бейбiт тұрғындардың қаза табуына, жүздеген мың адамдардың туған отанын тастап, босып кетуiне себепкер болған құныкер. Радован Караджич жендеттердi тiкелей қылмысқа итермелеп, әлгiндей қанiшерлердiң адамдар және Құдай алдындағы күнәларын өз мойындарына алатынын мәлiмдеген зұлымдардың бiрi және бiрегейi.

Бұрынғы Югославия аумағында ұзақ жылдарға созылған соғыс өртiнiң тұтануына және аймақта гуманитарлық апаттың бола жаздауына тiкелей кiнәлiлер – Слободан Милошевич, босниялық сербтердiң басшысы Радован Караджич және хорват сербтерiнiң лидерi Горан Хаджич, генерал Ратко Младич және бiрқатар саясаткерлер едi. Ал Милошевич түрмеде қайтыс болғаннан кейiн Радован Караджич осы қылмысты топтағы ең қауiптi тұлғаға айналды және 1995 жылы Гаага трибуналы әскери қылмыстары үшiн айыптаған әрi тұтқындауға пәрмен еткен оның iзiне түсу оңай болған жоқ. Халықаралық күштердiң Босниядағы әрбiр қызметкерiне Караджичтiң фотосуретi берiлiп, оны қолға түсiру мақсатында бiрнеше арнайы операциялар мұқият ұйымдастырылды. Тiптi, оны ұстаған немесе дәл ақпар бергенi адамға 5 млн. АҚШ доллары көлемiнде сыйақы да тағайындалды.

Дегенмен, әккi қылмыскер әркез iзiн жасырып, талай рет құрылған тордан аман-есен сытылып шығып, қолға түспей қойған-ды.

Сондай-ақ Караджичке тағылған басты айыптардың бiрi – "Ұлы Сербия" ұлтшылдық жобасын жасауы және оны қару күшiмен жүзеге асыруға ұмтылғандығы. Онымен салыстырғанда осы күнге дейiн жасырынып жүрген Горан Хаджич күнәсiз перiште болып көрiнуi де ықтимал.

Әдетте ешбiр трибунал адамдарды, әсiресе аты ауызға iлiгiп жүрген саясаткерлердi ұлтшылдығы үшiн айыптап, жауапқа тартпайды. Шынайы ұлтшылдық та кез келген идея, идеология секiлдi демократиялық қоғамда қанатын жоюға құқылы. Әңгiме әсiре ұлтшылдық, өзге этностардың құқықтарымен санаспаудың әкелiп соғатын салдарында. Қарапайым тiлмен айтқанда, сол ұлтшылдық қантөгiс соғысқа ұласып, бейбiт адамдар этникалық кемсiту, күш қолданудың жазықсыз құрбандарына айналмауында.

Өткен жылы Гаага трибуналы Хорватия аумағында құрылған сол кездегi Серб Краинасы республикасының бұрынғы президентi Милан Мартичтi 35 жылға соттағаны мәлiм. Өзi де бiр кездерi Югославияның билiк тiзгiнiн уысында ұстаған қылмысты топтың белдi мүшесi ретiнде "Ұлы Сербия" жауыздық жоспарын жасауға және оны ел аумағында жүзеге асыруға мұрындық болғандардың бiрi ретiнде Милан Мартич сот процесiнде бұрынғы жақтастарының барша қылмыстарын жайып салды. Оның айтуына қарағанда, Слободан Милошевич, Радован Караджич, сондай-ақ генерал Ратко Младич идеялық негiзiн қалаған Ұлы Сербия идеясы бойынша бұрынғы Югославия ғана емес, бүкiл Балқан түбегiнде ұлттық мемлекет құрылып, сербтер қоныстанған аймақтардағы басқа ұлт өкiлдерi олардың артықшылығын сөзсiз мойындауға тиiс едi. Олай етпегенде өз қоныстарынан қуылуы немесе өлтiрiлуi қажет. Адамдарға дiни тұрғыдан да үздiксiз қысым көрсетiле бастады. Мұның өзi – Еуропаның қақ жүрегiнде ортағасырлық айуандық әрекеттердiң жаппай орын алуы және бейбiт тұрғындардың ақтабан шұбырындыға ұшырап, туған жерлерiнен ерiксiз боса бастауы әлемдiк қауымдастықтың алаңдаушылығын туғызбай тұра алмайтыны, өркениеттi Еуропаның тәнiне түскен қара таңбаны үнсiз бақылап отыру мүмкiн еместiгi сөзсiз болатын. Серб ұлтшылдарының шектен шыққан жүгенсiздiктерiне жол берiп, қолтығына су бүрiккен Кремль билеушiлерi Сербия әскерлерiн соңғы үлгiдегi қару-жарақпен жабдықтап, экономикалық тұрғыдан қолдау көрсетiп келдi. 90-жылдардың соңында жағдайдың одан әрi шиеленiсуiне орай НАТО-ның бiрiккен күшi гуманитарлық апаттың шегiне жеткен өлкеде әскери операция бастауға мәжбүр болды және стратегиялық нысандарды толассыз бомбаның астына алған-ды. Бұл шешiмдi шара Кремль билеушiлерiнiң орынсыз наразылығын тудырып, орыс бұқаралық ақпарат құралдары жаппай шуылдап қоя бергенi көпшiлiкке мәлiм. Ең таңданарлығы, Ресей үкiметiнiң басына В.В. Путин алғаш рет 90-жылдардың соңында келген едi және Ресей саясаты сол кезде күрт өзгерiп, сыртқы саясатта қоқан-лоққы, қиянат жасау жаппай үрдiске айнала бастады. Биыл да Владимир Путин қайтадан Ресейдiң премьер-министрi болып тағайындалған күннен бастап Грузиямен арадағы жағдай мейлiнше шиеленiсiп, соңы тағы да қарулы қақтығысқа ұласып отыр. Әрине, ол туралы сөз басқа, бiрақ, өткен ғасырдың соңында әлемдегi ең таңдаулы, аса қуатты армияның бiрi деп саналатын Сербияның, дәлiрегiнде бұрынғы Югославияның қарулы күштерi әлсiз қарсылық көрсетiп, көп ұзамай бiржола тiзе бүктi. Мұның да басты себебi аян, әскерлердiң өзi бақытсыз аймақта орын алған жауыздықтар мен толассыз қантөгiстерден төбе құйқалары шымырлап тiксiндi және бұдан әрi әлдекiмдердiң қолындағы қуыршақ болуды қалаған жоқ. Тiптi, кей деректерге қарағанда, 1997 жылы Радован Караджичтiң өзi де маңайындағыларға: "Егер тұтқындалатын болсам, онда үндемей қалмаймын, менiң Милошевич туралы айтатыным жетерлiк", – десе керек.

Сонымен арнайы қызметтiң адамдары Радован Караджичтi Белградтта кездейсоқ қолға түсiргенi мәлiм. Олар әу баста аты шулы генерал Ратко Младичтi тұтқындау үшiн арнайы операция ұйымдастырған-ды және осы шақта Радован Караджич жөнiндегi тың ақпарлар түсе бастайды.

Ал тұтқындалған адам бұрынғыдан мүлдем бөлек адам едi: оның бұрынғы әсем бурыл шаштары сиреп, аппақ қудай болған. Бұрынғы көрiктi жан елеусiз бейбаққа айналып, қауғадай болып өскен аппақ сақал-мұрты да реңiн қашырған екен. Бұрынғы отты көздерi ендi қалың көзiлдiрiктiң тасасынан нұрсыз сығыраяды. Мамандығы психиатр – дәрiгер Караджич аты-жөнiн Драган Дабич деп өзгертiп, қаладағы шағын жекеменшiк ауруханада елеусiз жұмыс атқарып жүрген болып шықты. Оның кiм екендiгiнен әрiптестерi де, тiптi, өзi жалдап тұратын пәтердiң иелерi де мүлдем бейхабар болса керек. Босниялық сербтердiң бұрынғы қаһарлы басшысын ендi Гаага трибуналы соттап, болашақ тағдырын үкiм айтатыны даусыз. Адамзатқа қарсы жасаған қылмыстары үшiн өмiр бойына қамауға алынуы ықтимал. Қалай десек те өмiрде әдiлдiк салтанат құратын сәттер көп. Жазықсыз адамдарға жасаған қиянат пен зұлымдық түптiң-түбiнде өз жазасын алуға тиiс. Олай болмаса адамзат өмiрi мен күнделiктi тiршiлiгiнде еш мән-мағына қалмас едi. Бұл – құдiреттi де, әдiл Жаратушының қалай болғанда да қайта айналып соғатын заңы, ешқашан бұлжымайтын зауалы.

Өкiнiшке қарай, ресми Мәскеу, Кемльдiң кеудемсоқ, ожар әрi тоңмойын билiгi бұған келiспейтiн сыңай танытудан ешқашан бас тартар емес. Олар өздерiмен туыстас әрi дiнi бiр деп санайтын сербтердiң экс-президентi Слободан Милошевичтi сөзсiз қолдағандықтан халықаралық саясатта оқшау қалды. Тайыз ойлы саясаттарына өкiнудiң орнына, Абай атамыз: "Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ" дегенiндей, ылғи НАТО-ны айыптаумен келедi. Мұндай тоңмойындықтың сыры неде?

Байыптап қарағанда, Кремль осы әрекеттерi арқылы Балқан түбегiнiң кiлтiн өздерiнiң уысында сақтап қалуға жансала ұмтылғанын аңғару қиын емес. Оның үстiне Радован Караджичтiң қолға түсуi ресми Мәскеудiң осыған дейiн құпия сақтап келген көптеген iс-әрекеттерiнiң шын сырын ашуы мүмкiн. Сондықтан да Ресей Сыртқы iстер министрлiгi бұл оқиғаны елеусiз қалдыруға тырысып: "Караджичтi халықаралық трибунал құзырына беру немесе бермеу Сербия өкiметiнiң iшкi iсi", – десе, iле-шала осы министрлiктiң өкiлi Гаага трибуналының қызметiн шұғыл тоқтату жөнiнде мәселе көтерiп қана қойған жоқ, бұрынғы Югославия жерiндегi әскери қылмыскерлер жөнiндегi iстердiң барлығы серб тергеу органдарына табысталуы қажеттiгiн талап еттi. Мұның да құпия сыры бар. Ресей халықаралық Гаага трибуналына қысым жасауға қауқарсыз болғанымен, Сербияға қысым жасау оп-оңай. Яғни, әскери қылмыскерлердi сүттен ақ, судан таза етiп көрсетудiң мүмкiндiгi мол. Ол ол ма, Рессейдiң НАТО жанындағы өкiлi Дмитрий Рагозин мырза: "Егер Караджичтiң iсi Гаагада қаралуға тиiс болса, ондай жағдайда Балқанды "демократияландыру" үшiн бомбаның астына алып, жүздеген бейбiт тұрғындардың өлiмiне жол беруге Батыстың тарапынан шешiм қабылдағандар да сот орындығында онымен қатар отыруы керек", – деп арсыздықпен мәлiмдеп үлгердi.

Әрине, мұның бәрi құрғақ риторика ғана. Ал мәселенiң байыбына барғымыз келсе, 13 жыл бойы қауiп-қатерде жүрген Радован Караджич мүмкiндiгi барда Кремльдегi қолдаушылардың беделiн пайдаланып, нелiктен Ресейге келiп бас сауғаламады дегенге жауап табу керек. Сiрә, ресми Мәскеу қолын қанға былғаған бұрынғы одақтасын өз жерiнде қабылдауға құлықты бола қоймағаны ғой. Немесе Радован Караджич Ресейде өмiр сүруге құлықсыз болды, өз өмiрi үшiн қауiптендi.

Бiр ғажабы, Ресей кезiнде өз мүдделерi үшiн аямай пайдаланған одақтастары мен жақтастарын, сойылға айналған сорлыларды ылғи сатып кетудi әдетке айналдырып жүр. Слободан Милошевич өз өмiрiн түрме камерасында аяқтады. Ауғанстан жерiнде орыс әскерлерiн жақтап соғысқан Наджибулланы да осылайша арандатқан едi. Және оны қолға түсiрген талибтер Наджибулланы аяғынан дарға асып өлтiрген де мәлiм. Тiптi, Ресей қолдау бiлдiрiп келген Саддам Хусейннiң де тағдыры аянышты трагедиямен аяқталды. Мұндай мысалдарды көптеп келтiруге болатыны сөзсiз. Соңғы жылдары саяси тұлғалар бұдан үлкен сабақ алуда.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары