СЕГIЗ... СЕГIЗ... СЕГIЗ... СӘЙКЕСТIК ПЕ, ӘЛДЕ...

СЕГIЗ... СЕГIЗ... СЕГIЗ... СӘЙКЕСТIК ПЕ, ӘЛДЕ...

СЕГIЗ... СЕГIЗ... СЕГIЗ... СӘЙКЕСТIК ПЕ, ӘЛДЕ...
ашық дереккөзі
241

Бiр — сандардың басы, екi — егiз жұп, үш жұрт, төрт түлiк, бес арыс, алты алаш, жетi қазына, қыздың тоғыз жасауы деген ұғымдардың мәнi де мағынасы да барлығымызға түсiнiктi. Себебi олар ырымшыл қазақ халқының қанына сiңген қағидалары. Ал сегiздiң сыры — шексiздiк, мәңгiлiк деген мағынасымен ерекшеленедi екен. Демек дәл осы күнi, яғни 08.08.08-iнде неке қидырып, той тойлап жатқан жұптардың қуанышы да ерекше болар деп пiкiрлерiн бiлудi жөн көрдiм.

1972 жылдан берi жас жүректердi жұптастырып келген " Жас Отау" неке сарайы биылғы жылы да жас отау иелерiн көк кiтапшаларымен қуанышқа бөлеуде. Әсел мен Ринат бұл күндi алдын-ала жоспарлап, көп күткен көрiнедi. "Сегiз — шексiздiк, мәңгiлiк дегендi ырымдадық. Бiздiң де махаббатымыз-мәңгiлiк, бақытымыз-шексiз болсын деп тiледiк", — дейдi. Кейбiреулерi: " Сандардың сәйкестiгi болмаса, тойдың бәрi торқалы, қуаныштың ерте — кешi жоқ. Бiз үшiн ең басты бақыт екi адамның арасындағы жарасымдылық пен сүйiспеншiлiкте", — деп бiр-бiрiне емiрене еркелеп тұр. Ал Жұлымбетовтер отбасындағы қуаныш өзiнше ерекше. Арман мен Ұлпанның некелесуi ата-аналарының күмiс тойымен қатар келгенiне мәз-мейрам. "Той десе қу бас домалайды, Алла тағалам тек тойға жазсын" деген дархан халқымыз жиған — тергенiн қуанышқа арнап, той жасап шашылуда. Қала бойынша үш жүзден астам жұп шаңырақ көтерген көрiнедi. Дегенмен, несие алып той жасап жүрген қазақтардың биылғы қарқыны қандай?

Орталық неке сарайының бас маманы Ләйлә Айтжанова:

— Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл үйленуге арыз берушiлер екi есеге аз. Себебi жастардың үй болу қорқынышында емес қаржы дағдарысында сияқты. Өтiнiш иелерiнiң кейбiреулерi қаражаттарын уақытында төлей алмай кейiнге қалдырып жатыр. Жалға берiлетiн лиммузиндерге де сұраныс аз. Бүгiнгi күнi 34 жұп тiркеуден өттi. Барлығы өз кезегiмен тiркеуден өтуде. Бiз үшiн бұл күн де жай күндердiң қатарында. Ал, 07.07.07 жылы үлкен қарбалас болғаны рас, — дейдi.

«Аяқ екеу, қол да екеу

Көз жанары-ол да екеу

Екеу қас та, қабақ та

Жүрек жалғыз бiрақта

Сондықтан да ол жүрек

Елегiзiп, елжiреп

Естiртпестен лебiзiн

Iздейдi екен егiзiн», — деп жүрген жүректердiң жұбын тапқаны қуантады әрине. Алайда, «үйлену оңай, үй болу қиын» заманда жастардың жаққан оттары сөнбесiн, некеге тұру өтiнiштерi ажырасу арыздарына айналмасын деген ниетпен барлықтарыңызға бақыт тiледiм.

P.S. Тағы да таңқаларлығы 2008 жылдың сегiзiншi айының сегiзiншi жұлдызы аптаның жұма күнiне сай келуi болды. Жұма күнi жетi шелпек таратып, барша мұсылман жұма намазға жығылып мешiт жағалайды. Имамдардың айтуынша, Алланың ризалығымен некенi алдымен мешiтте қидырған жөн. Мешiтке дәретсiз, адал ниетсiз аяқ басуға тағы болмайды. Ал шараптан аз-маз ұрттап үлгерген той иелерi ислам парыздарын кейiнге қалдырып қойса керек.

08.08.08 жыл көп жаңалықтарымен тарих парақтарында жазылары сөзсiз. Дәл осы күнi кешкi сағат 8-ден 8 минут өткенде Бейжiң Олимпиядасының алауы тұтанды. Келер 2009 жылдың тоғызыншы қыркүйегi қандай жаңалықтар дайындап тұр екен? Дүрбелеңi тола мына дүниеде Алла тағала дүйiм жұртқа лайым жақсылық сыйласын.

Манар ӘЛИЕВА

Серіктес жаңалықтары