КЕЛЕЛI КЕЗДЕСУЛЕР

КЕЛЕЛI КЕЗДЕСУЛЕР

КЕЛЕЛI КЕЗДЕСУЛЕР
ашық дереккөзі

Елбасы қазiр бейресми сапармен Қырғыз елiнде жүр. Ыстық көлдiң салқын жағалауында Қырғызстан президентi, ТМД ұйымының қазiргi басшысы Құрманбек Бакиевпен галстуксыз кездесулер өткiзiлуде.

Бұған дейiн Нұрсұлтан Әбiшұлы бiрқатар ресми сапарда болып, жоғары деңгейде кездесулер өткiзгенi белгiлi. Өткен аптаның ортасына қарай, Моңғолияға ресми сапармен ұшқан Елбасы мұндағы бiрқатар келелi мәселелер жөнiнде келiссөздерге қол жеткiзгеннен кейiн, Бейжiңге 29-шы жазғы олимпиадаға жол тартқан болатын.

Моңғолия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас қоян-қолтық деуге келмейдi. Оның себебi, тұрақты көлiк қатынасының болмауы, ортақ шекараның жоқтығы. Соның салдары болуы керек екi ел арасындағы тауар алмасу деңгейi небәрi 36 миллион долларды құраған екен. Қазақстан Моңғолияның әлi де игерiлмей жатқан қазба байлығына инвестиция құюға мүдделiлiк танытты. Екi ел арасында Эрдэнэт және Балқаш мыстарын игеруде өзара келiсiм бар. Елбасының Моңғолияға сапары осыдан 9 жыл бұрын болған екен. Осы жолы аттай қалап, үкiлеп шақырған Моңғолия президентi Намбарын Энхбаяр Қазақстанның, Моңғолияның қазба байлықтарын игеруге мүмкiндiк жасайтындығын айтты. Яғни, Қазақстанның моңғол экономикасына енуiне олар да мүдделiлiк танытып отыр. Екi ел арасындағы ресми қатынас баяу болғанымен, бұл елмен бiздi байланыстыратын алтын көпiр — қазақ диаспорасы бар. Ресми Ұланбатырдан гөрi қазақтар мекен ететiн Баян-Өлгий мен Астананың арасы жақындау. Баян-Өлгий-Алматы бағытында аптасына екi рет ұшақ қатынайды. Астанадан халықаралық ресми автобус аптасына бiр рет жол тартады. Бiрақ, бұл екi елдегi қандастардың өзара рухани және ағайындық барыс-келiсiн қанағаттандырады дей алмаймыз (1991 жылдан Моңғолиядан Қазақстанға 100 мыңға жуық қандасымыз оралды). Елбасымен жеке кездескен Моңғолиядағы қазақ диаспорасының өкiлдерi талай жылдан берi әңгiме арқауы болып келе жатқан Ресей мен Моңғолия арасындағы төте жолды салуға күш жұмсауды өтiндi. Бұл Баян-Өлгий мен Алматы арасын 1000 шақырымға дейiн қысқартатын болады. Моңғолия президентi Энхбаярмен кездесуiнде Назарбаев дәл осы мәселенi қолға алатындығын айтты. Екi ел президентiнiң екi жақты қол жеткiзген келiсiмiнде ондағы қазақ диаспорасының тiлi мен руханиятын сақтауға ерекше жағдай жасау жөнiнде арнайы бап енгiзiлiптi. Сондай-ақ, Ұланбатырда Қазақ мәдени орталығы ашылмақ. Ал, қазан айында Моңғолияның мәдениетi күндерiн — Алматыда, қазақ мәдениетi күндерiн — Ұланбатырда өткiзу жоспарланды.

Бейжiңде Олимпиаданың ашылу салтанатына қатысқан Елбасы Қытай Коммунистiк партиясының төрағасы Ху Цзинь Тао, Ресей Премьер-министрi В. Путин, Оңтүстiк Корея президентi Ли Мен Бактармен бiрқатар кездесулер өткiздi.

Оңтүстiк Корея мен Қазақстан арасындағы сауда-саттық қарқынды дамып келе жатқаны белгiлi. Бiрақ, бұл елмен де тығыз қарым-қатынас орнатуға жоғарыдағыдай факторлар керi әсер етедi. Бiрiншi, ортақ шекараның жоқтығы, екiншi тұрақты көлiк қатынасының болмауы. Ли Мен Бак әртүрлi саладағы қарым-қатынастың жандануына мүдделi екендiгiн аңғартты. Атап айтар болсақ, өндiрiстiк инфрақұрылым мен Қазақстан территориясындағы уран кендерiн игеру мәселесi. Сондай-ақ, Корея басшысы шикiзат саласынан өзге мәселелерде де қарым-қатынасты жандандыру қажеттiгiн сөз еттi. Әңгiме барысында Қазақстандағы Корея диаспорасы туралы әңгiме де қозғалды. Бұл екi ел арасындағы рухани қатынастардың ұлғаюына септiгiн тигiзетiндiгiн айтты. Президент Назарбаев Кореямен бiрлесiп инвестициялық қор құру жайында сөз еттi. Кездесудiң негiзгi нәтижесi ретiнде тараптардың биыл Сеул қаласында Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық iс-қимылдар жөнiндегi үкiметаралық комиссияның кезектi жиынын өткiзудi келiскенiн айтсақ жетiп жатыр.

Қытай басшысы Ху Цзинь Таомен арадағы әңгiменiң ең жемiстiсi — трансшекаралық өзендердiң суын пайдалану мәселесi жайындағы келiссөздер болды. Бұған дейiн Қазақстан мен Қытай достығы тым тереңдеп, арадағы қарым-қатынастар күн өткен сайын шарықтап бара жатса да, Қазақстан екi түрлi принциптi мәселеде арнайы келiсiмге қол жеткiзе алмай келедi. Оның бiрi — ондағы 1,5 миллион қазақтың Атамекенiне оралуын жеделдететiн мемлекетаралық көшi-қон келiсiм болса, екiншiсi — трансшекаралық өзендердi пайдалану iсi. Трансшекаралық өзендердi пайдалануда Қытайдың әйгiлi Қара Ертiстi буып, Қазақстан аумағынан бұрып әкетуге талай әрекет еткенi белгiлi. Бұл жолы арнайы бiр келiсiмдерге қол жеткiзiлмесе де Ху Цзинь Таоның аузынан әйтеуiр жылы лебiз естiлдi. Ол — Қазақстан мен Қытай арасындағы трансшекаралық өзендердi пайдалануда екi елдiң де мүддесi ескерiлiп, екi мемлекетте тиiмдi түрде пайдалануды көздейтiндiгiн айтты. Демек, Бейжiң кездесуiндегi ең үлкен қол жеткiзген табыс ретiнде осыны атауға болады.

Келесi бiр кездесу Ресей премьер-министрi Владимир Путинмен болды. Ондағы маңызды әңгiменiң бiрi — Грузия мен Оңтүстiк Осетиядағы шиеленiс жайында. Бiр қызығы, мұндай халықаралық маңызы бар мәселенi саяси этикетке сай Ресей президентi Д. Медведев пен ТМД-ның қазiргi басшысы Қ. Бакиевтер талқылауы керек едi. Путин Назарбаевтан Грузия мен Оңтүстiк Осетия мәселесiн шешуде ТМД мемлекеттерiнiң Ресейдi қолдауын өтiндi. Демек, ол бұл жерде Медведевтiң рөлiн атқаруға күш салғандай кейiп танытты. Қазiр сарапшылар, "Ресейде билiк ауысқанымен Путин барлық мәселелердiң түйiнiн шешудi өз уысынан шығармай отыр деген" пiкiрдi ұстанады. Назарбаев пен Путиннiң кездесуi бiзге де осындай болжам жасауға негiз бердi.

Есенгүл Кәпқызы