ЗАҢҒА ДА ҚАМҚОРЛЫҚ КЕРЕК

ЗАҢҒА ДА ҚАМҚОРЛЫҚ КЕРЕК

ЗАҢҒА ДА ҚАМҚОРЛЫҚ КЕРЕК
ашық дереккөзі
159

Заң бiлудегi сауатсыздығымыз әр есiктен аттаған сайын байқалып тұрады. Жалпы тұтынушы ретiнде сауатсызбыз. Қай заттың қай елден келгенiн, шыққан мерзiмiн, мемлекеттiк тiлдегi аудармасына назар аудармай-ақ, сатушының берген кепiлдеме қағазын үлкен шаруа тындырғандай қалтаға салып кете беремiз.

Мәселен, бүгiнде республика бойынша кiтап өнiмдерiн даярлайтын баспалар да, оны басып шығаратын баспаханалар да жеткiлiктi. Олар белгiлi авторлардың еңбегiн заңсыз жолмен ұрлап басып, тәп-тәуiр "бизнес" көзiне айналдырды. Әсiресе, студенттер мен оқытушыларға арналған теориялық-әдiстемелiк кiтаптарда бұл жағдай жиi ұшырасады. Мұндай ұрлықы кiтаптар шалғай аудандардың кiтап дүкендерiнiң сөресiнде самсап тұрады. Мысалы, Түркiстан қаласындағы белгiлi кiтап дүкенiнен Х.Қожахметованың "Мәнерлеп оқу" атты әдiстемелiк кiтабын сатып алған болатынмын. Кiтап мұқабасы сәндi өрнектелген. 1981 жылы терiлiмге берiлiп, 1982 жылы "Мектеп" баспасынан 4600 данамен жарыққа шыққан. Кiтаптың баспадан шыққан жылының ескi, ал сұлбасының жаңа екенiне күдiктенiп, сатушыдан түсiндiрiп беруiн өтiнгенiмде:

— Алатын болсаң, ал, алмасаң ұсақ сұрақтармен басымды қатырма. Сенсiз де қаншама студенттер мен оқушылар келiп, жүйкемдi тоздырады, — деген мардымсыз жауап алдым. Сiрә, ҚР-ның Қылмыстық кодексiмен таныс болғаным оның жүйкесiне салмақ салды-ау деймiн.

Сондай-ақ, аудио-видео өнiмдерiнiң қара базарда арзымас тиын-тебенге сатылып жатқанын бәрiмiз бiлемiз. "Көшпендiлер" фильмiнiң кинотеатрларда қойылып жатқанына бiр ай өтпей-ақ, қарақшылық тәсiлмен таралған нұсқалары базар маңын қаптап кеттi. Бүгiнде қазақ эстрадасында шоу-бизнестiң баяу дамуының бiр себебi — осы қарақшылық жолмен таралатын аудио-видео таспаларда десек артық айтқандық болмас. Әншiлерiмiз жеке альбом шығарып еш пайда таппайды. Өйткенi, кiрiс шығынды өтемейдi. Альбомның сапасыз көшiрмелерi 100-200 теңгеден сауда нүктелерiнде сiресiп тұр. Әзiрге бұл бейбастақтықты құрықтау мүмкiндiгi заңда қарастырылғанымен, әкiмшiлiк айыппұл төлеп, келесi күнi жұмыстарын қайта жалғастыратын алаяқтар оңай олжаға кенелуде. Дегенмен, заңның осы бабының (184-бап) екiншi бөлiгiнде контрафактiлiк әдiспен айналысқандарға мынадай шараларды қолдану көзделген:

а) бiрнеше рет қайталанса;

б)адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша немесе ұйымдасқан топпен;

в) iрi мөлшерде немесе iрi залал келтiрген;

г) адамның өз қызмет бабын пайдаланумен жасалған әрекеттер, — мүлкi тәркiленiп немесе онсыз екi жылдан бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Алайда, Парламенттен шыққан заң бұқараға жетпей-ақ, қолданыстан шығып қалуда. Заң бiздi емес, бiз бiрiншi заңды қорғау керек секiлдiмiз. Заңды бiлiп, заң аясында әрекет ету — заңға қамқорлық. Десек те, қоғамда қамқорлықтан гөрi, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық кеңiнен қанат жаюда.

Жадыра НАРМАХАНОВА

Серіктес жаңалықтары