410
АУДАН АТЫ ОРБҰЛАҚ БОП ӨЗГЕРЕ МЕ?
АУДАН АТЫ ОРБҰЛАҚ БОП ӨЗГЕРЕ МЕ?
Алматы облысындағы Панфилов ауданының атын Орбұлақ деп өзгерту туралы ұсыныс елдi елеңдеткелi бiраз болды. Орбұлақ шайқасы өткен жердi осы ауданның төрi десек, еш қателесе қоймаймыз. Әрi тау жоталарын бiр-бiрiмен ұштастырған Оқпана сiлемдерiн арнайы барып көрушiлер де жылдан-жылға көбейiп келедi.
Биыл аталған шайқастың 365 жылдығын атаусыз қалдырмауды жөн көрген жанашыр азаматтар бiрiгiп, Орбұлақ шайқасын еске алу рәсiмiн өткiздi. Оған алматылық зиялы қауым өкiлдерiмен бiрге қонақтар қатысты. Мiне, аудан атын өзгерту мәселесi осы жиында да баса айтылды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Павлодар мен Петропавл қалаларының атын өзгерту мәселесiн алға тартқаннан кейiн үмiт ұлғая түскен тәрiздi. Көпшiлiк қол қойып жазған ұсыныс хаттар ескерусiз қалмаса екен деген тiлек ақын Оразақын Асқардың: Шегi жоқ құдыретiнiң ерен Құдай, Жаратып ғалам қамын жеген Құдай "Бiр пендем маған қарай қадам басса, Оған қарай жүгiрем", – деген Құдай. Жеңiмпаз бабаларды еске алып Жатырмыз құдайы ғып құрбан шалып. Назарға Алла алуы әбден мүмкiн Басшылар толғанса екен ойға қалып, – деген ақ батасына ұласты. Ақын бұл өлеңiн: "Салқам Жәңгiр, Алшын Жалаңтөс, Шапырашты Қарасай, Арғын Ағынтай, Төртқара Жиембет, Қаңлы Сарыбұқа, Найман Көксерек, Қырғыз Көтен, Табай, Дулат Жақсығұл-Бөгежiл, Арғын Қомпай, Жиембет Жырау, Суан Елтiндi, Дулат Сырымбет, Найман Бөдес, Солтанғұл Ұзақ, тағы басқа да Орбұлақ шайқасына қатысып, ерлiк көрсетiп, жаудың бетiн қайтарған барлық батырдың аруағына арнаймыз", – деп үстеп қойды. Айтса – айтқандай, бiрқатар дерек көздерiнде атап көрсетiлген Орбұлақ жеңiсi бар қазаққа ортақ мұра. Сонымен бiрге әлi де iзi өшпей сақталып келе жатқан Оқпана сiлемдерiн қазып, зерттеп көру қажет екенiн де еске сала кеткен артық емес.