284
СОЛЖЕНИЦЫННЫҢ ШЫРАҒЫ СӨНДI
СОЛЖЕНИЦЫННЫҢ ШЫРАҒЫ СӨНДI
Сейсенбi күнi Мәскеу, бүкiл Ресей орыс жазушысы А.И.Солженицынмен қоштасты. Тумақ бар да, өлмек бар. Бұл – құдiреттi Жаратушының, табиғаттың мәңгi өзгермейтiн заңдылығы екенi рас. Дiн-мұсылман мәйiттi арулап қояр алдында бақилыққа аттанған кiсiнiң мойнында өтелмеген қарызы бар ма деп үш мәрте қайталап сұрайды. Адам пәни жалғанның барлық өткiншi дүниелерiнен бiржола арылып, мәңгiлiк мекенiне анадан жаңа туғандай пәк, таза күйiнде аттануға тиiс деген шынайы адамгершiл ұстанымға негiзделген дәстүр. Әрбiр көзi тiрi жанның жүрегiне ұмытылмас ой салатын дәстүр! Сондықтан да Лаухыл -махпұзда қанша уақыт өмiр сүруi жазылғаны, қалай, қандай күн кешкенiне қарамастан әрбiр жұмыр басты пенде өзiне ақ өлiм, ақыретте тыныш жатуды тiлейдi.
Орыстың ХХ ғасырдағы көрнектi жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Александр Исаевич Солженицын 90 жасқа қараған шағында көз жұмды. Өмiр бойына жақтастары да, қарсыластары да көп болған бiртуар қаламгер орыс халқының, тек қана орыс халқының мұң-шерiн айтып өттi барша ғұмырында. Мiнеки, осы ретте "Александр Исаевич Солженицын кiм және оның мойнында қазақ халқының өтелмеген қарызы бар ма?" деп сұрақ қоюға тура келедi. Үстiрт қарағанда, тiрiсiнде жұрттың бәрiнiң аузында болған жан, жаппай белгiлi Солженицын кiм едi деп ой бөлiсудiң өзi де орынсыз көрiнуi ықтимал. Ал тереңдеп ой жүгiрткенде Александр Иасевичтiң өмiрiн жан-жақты сөз ету қажет екендiгi дау туғызбайды. Ол аса күрделi тұлға, өмiрiнде күңгiрт жайлар, құпиялар көп. Октябрь төңкерiсiнен бiр жылдан кейiн, 1918 жылдың 11 желтоқсанында Кисловодскiдегi казактардың отбасында дүниеге келген оның әкесi Александр Исаевич дүниеге келмей тұрып аңшылықта жұмбақ жағдайда қаза табады. Солженицынның қандай отбасында дүниеге келгенi онша айтыла бермейтiндiгiне қарамастан, әдетте казактар аса бай тұрмыс құрғанын ескерсек, ол да дәулеттi ортада дүниеге келуi және әкесiн жаулары қапияда өлтiруi ықтимал. 1924 жылы анасымен бiрге Дондағы Ростов қаласына қоныс аударады да, 1936 жылы осындағы университеттiң физика-математика фаультетiне оқуға түсiп, 1939 жылы Мәскеудегi ИФЛИ-дiң сырттай бөлiмiне қабылданады. Болашақ физиктiң әдебиет институтына қабылдануы Солженицын өмiрiнiң өзгелерге ұқсамайтын ерекшелiгiн танытары сөзсiз. Ал 1941 жылы ол әскерге шақыртылып, 1945 жылы майдандық қарсы барлау мекемесi Солженицынның өз достарына жазған хаттарында Сталиннiң атына сын айтуына байланысты оны тұтқындап, сегiз жылға бас бостандығынан айырады. Ал 1947 жылы оны Марфин арнайы түрмесiне, осындағы жабық акустикалық лабораторияға ауыстырады. Үш жылдан кейiн, 1950 жылы оны Екiбастұз лагерiне айдайды. Мұнда Солженицын тас қалаушы, болат құюшы болып жұмыс iстейдi және атақты Екiбастұз көтерiлiсiне қатысады. Онда тұтқындар түрмелердегi адам төзгiсiз жағдайға, түрме қарауылдарының жүгенсiздiгiне қарсы көтерiлген болатын. Бiрақ iле-шала оның денсаулығы төмендеп, дәрiгерлер оған "рак" деген қатерлi диагноз қояды және Жамбыл облысының Мойынқұм ауданындағы Көктерек ауылына мәңгiге жер аударылады. Осы тұста да Солженицынның өмiрiндегi ерекше түсiнiксiз жайттар қылаңытатыны байқалып тұр. Бiрiншiден, сегiз жылға сотталардай Сталин атына қандай ауыр сын айтып едi? Шығыс Пруссияда соғысып жүрген жеңiмпаз қызыл армияның өкiлi басқа бiрдеңе бүлдiрiп қойған жоқ па? Екiншiден, аталмыш Екiбастұз көтерiлiсiне ол қатысты ма, жоқ па? Егер осы оқиғаға қатысқан болса, дәрiгерлер табанасты оның бойынан қалайша қатерлi iсiк таба қойды екен? Бұл да оның өмiрбаянындағы аса күңгiрт тұстар. 1955 жылы оны Ташкентке емделуге жiбередi және дәрiгерлер асқазанынан жаңа қатерлi iсiк тауып, операция жасауға дайындайды. Ең таңданарлығы сол, көп ұзамай бұл қатерлi ауру өз-өзiнен жазылып кетедi. Бұл мүмкiн бе? Солженицын расымен қатерлi аурумен науқастанып па едi. Әлi күнге дейiн бұған толық жауап берiлген жоқ. А.И. Солженицын 41 жасында, 1959 жылы Иван Денисович атты зектiң өмiрi туралы хикаят жазып, оны Лев Копелев сол кезде атағы дүркiреп тұрған Александр Твардовский басқаратын "Новый мир" журналының редакциясына ұсынады және бұл хикаят 1962 жылдың қараша айында Н.С.Хрущевтiң жеке рұқсатымен "Один день Ивана Денисовича" деген атпен жарық көредi. Көп ұзамай оның бiрнеше әңгiмесi аталмыш "Новый мир" журналында жарық көредi. Және ол осы кезде құпия түрде "Архипелаг ГУЛАГ" деректi-көркем зерттеуiн бастайды. Тағы бiр таңданарлығы, ол бұл уақытта КГБ-ның құпия архивтерiне емiн-еркiн кiрiп, өзiне қажеттi құжаттармен толықтай және еш кедергiсiз танысуға, алып тұру мүмкiндiгiне ие болған. Және Солженицынның бұндай мүмкiндiкке қалайша қол жеткiзгенi мүлдем түсiнiксiз. 1969 жылы КСРО Жазушылар одағының қатарынан шығарылады және келер жылы ол Нобель сыйлығына ұсынылады. Әдетте, жұртшылық А.И. Солженицын Нобель сыйлығын "Архипелог ГУЛАГ" роман-эпопеясы үшiн алды деп санайды, ал шындығында бұл романның алғашқы томы 1973 жылы ғана Парижде басылып шыққан едi. Оған дейiнгi өздерi астыртын басқан қолжазба нұсқасы оқырман қауымға кеңiнен тарады деуге еш негiз жоқ. Ол 1974 жылы кеңес азаматтығынан , ФРГ-ге жер аударылады және көп ұзамай Швейцарияға iрге теуiп, екi жылдан кейiн, 1976 жылы АҚШ-тың Вермонт штатындағы Кавендиш қаласына қоныстанады. 1990 жылы тамызда Александр Солженицынға кеңес азаматтығы қайтарылып, осы жылдың қыркүйек айында оның "Как нам обустроит Россию" манифесi 27 миллион тиражбен жарық көрдi. Шовинизмге, империяшылдыққа толы осы манифесi Ресейдi мекендейтiн көптеген халықтардың ашу-ызасын туғызғаны белгiлi. Ол орыстың сөзiн сөйлеп қана қойған жоқ, жұртшылық бұған дейiн гуманист санап жүрген жазушы адами ең жиренiштi сезiмдерге бой алдырды. Аталмыш манифестiнде ол Қазақстанды "подбрюшьем России" деп атап, қазақтардың тарихи отандары – Қазақстанның бiрқатар облыстары орыс жерi деп, бiр кездерi өзi бес жыл бойына адал дәм-тұзын татқан қазақ халқына арамдық ойлады. Жириновский және оның жақтастарының қолтығына су бүрiктi. Биылғы жылдың сәуiр айында "Известия" газетiнде оның "Поссорит родные народы" деген қысқа ой-толғамы жарық көрдi. Ол 1921 жылы ресейде ұлы Аштық болып – Оралдан бастап Еуропалық Ресейдiң алыс түкпiрiне дейiн миллиондаған адам қырылды дей отырып, сол жылы қазақ халқының да сұрапыл аштыққа ұрынғанын әдейi елеусiз қалдырды. Есесiне, 1932-33 жылғы аштықты украин халқына қарсы геноцид деп мәлiмдеген, әлем парламенттерiне ашық хат жариялаған украиндарды орынсыз айыптады. "Такой провокаторский вскрик о "геноциде" стал зарождаться десятилиями спустя – сперва потаенно, в затхлых шовинистических умах, злобно настроенных против "москалей", – а вот теперь взнесся и в в государственные круги нынешней Украины…," – деп жазған-ды. Айпақшы, Солженицынның түрме жайында жазғанын кезiнде талай жылдар бойы түрмелерде зарыққан белгiлi жазушы Шоломов: "Мен мұндай түрмеде болған емеспiн," – деп жақтырмай айтқаны белгiлi. 1932-33 жылғы аштық украин және қазақ халқына қарсы ұйымдастырылған геноцид екенiн марқұм Солженицын, оның iзбасарлары әлi мойындағысы келмегендерiмен ащы шындықтан қашып құтылуға, оны елемеуге болмайды. Бұл – шын мәнiнде тарих бұрын-соңды бiлiп-көрмеген геноцид едi. Ал жартылай шындық қанша қауiптi болса, жартылай гуманизм – орыс халқына қарсы Сталиндiк репрессияны мойындап, аз өзге халықтарға қарсы жүргiзiлген террор мен геноцидтi мойындамау – А.И.Солженицынге абырой әпере қоймаған әрекеттер болатыня. А.И.Солженицын сондықтан да қазақ және украин халықтарының алдында мәңгiлiк қарыздар…Жаңабек ШАҒАТАЙ