ХАЛЕЛ ТАҒЫЛЫМЫНА АРНАЛДЫ

ХАЛЕЛ ТАҒЫЛЫМЫНА АРНАЛДЫ

ХАЛЕЛ ТАҒЫЛЫМЫНА АРНАЛДЫ
ашық дереккөзі
295

Тарихи тамырымызды ұмыттырған 70 жылдық рухани тоқыраудан кейiн халқымен қайта қауышқан арыстарымыздың бiрi — Халел Досмұхамедұлы. Ғалым, дәрiгер, журналист, фольклортанушы, кезiндегi "Алаш қозғалысының" белдi қайраткерi Халел Досмұхамедұлының туғанына биыл –125 жыл.

Осы оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасы Ұлттық кiтапханасының Сирек кездесетiн кiтаптар мен қолжазбалар орталығында "Халел тағылымы" атты көрме ұйымдастырылды. Көрмеге Досмұхамедұлының көзi тiрiсiнде жарық көрген, араб графикасымен басылған кiтаптары қойылды. Яғни, оның iшiнде 1922 жылдан бастап басылған "Табиғаттану", "Жануарлар" (1924), "Қазақ-қырғыз тiлiндегi сингармонизм заңы" (1924), "Оқушының саулығын сақтау" (1925), "Жануарлар: сүйектiлер туралы" (1928), "Адамның тән тiрлiгi" (1927) тағы басқа еңбектерi.

Туғанына 125 жыл толып отырса да, негiзгi мұраларының халық қолына тимей, танылмай, зерттелуi кенжелеп қалуына көптеген себептер болғаны белгiлi. Ең бiрiншi себеп — Досмұхамедұлының өмiр жолы. 1939 жылы өзiнiң туған күнiнде ату жазасына кесiлiп, осы жылы тамыздың 19-да түрме ауруханасында өкпе туберкулезiнен қайтыс болады. Тағдыры өзге бiреулердiң қолында болып, қысылтаяң шақта жүрсе де, ұрпағына өшпестей ұлы мұралар қалдырды. 1958 жылы ақталғанымен, ол аты ғана болды. Заты, яғни мұралары сол тәуелсiздiк жылдарына дейiн өлi тарих қойнауында жатты. Қазiрде сирек кiтаптар бөлiмiнде Халел Досмұхамедұлының 1922-28 жылдар аралығында жарық көрген кiтаптары сақтаулы. Сонымен қоса, сол кездерде мерзiмдi басылым беттерiнде жарық көрген мақалалары бар. Атап айтар болсақ, қазақтың тұңғыш газетi "Қазақ" газетiнде "Алаш не сөз?", "Шолпан" журналында "Қазақ емлесi тақырыпты жаңа ережелер", "Диуани лұғат-ат түрк", "Сана" журналында "Адай Абыл ақынның сөздерiнен қалған бiр жұрнақ", "Жұлдыздарды күндiз көруге бола ма?", "Күн сүйген, күмбез тұрғызған: Жалаңтөс Баһадүр мен Көге Тақуа туралы бiр үзiк сыр" тағы басқалар.

Шығармашылығының басым бөлiгi денсаулық сақтау саласына байланысты. Және қазақтың сингармонизм заңы, М.Қашқаридың "Диуани лұғат-ат түрк" еңбегi, Исатай — Махамбет, Жалаңтөс Баһадүр мен Көте Тақуа туралы аңыз, Халел шығармашылығының тағы бiр қыры деп есептеуге болады.

Қазақтың маңдайына сыймай кеткен асылдарының көбiнiң мұралары әлi де өлi тарих болып шаң басқан мұрағаттарда жатыр. Өйткенi еңбектер араб графикасымен басылған. Бүгiнгi ұрпақ сол кезiндегi бабаларымыз қалдырған мұраларды оқи алмайды. Бiздiң қазақ халқының жазу графикасы араб, одан латын, кейiн кириллицаға ауысқанын бәрiмiз бiлемiз. Бiр халықты мәңгүртке айналдыру үшiн оның жазу графикасын екi рет өзгертсең, келер ұрпақ тарихын оқи алмай, нағыз мәңгүрт қоғамға айналады. Демек, шаң басқан мұрағаттарда өлi мұраларды қайта тiрiлту — бүгiнгi күннiң маңызды мәселесi.

Сара Жолдыбайқызы, Сирек кездесетiн кiтаптар мен қолжазбалар

орталығының кiтапханашысы

Серіктес жаңалықтары