КЕЛIН
КЕЛIН
"Балам адал болғанша келiнiм адал болсын","Жақсы жерге келген келiн – келiн, жаман жерге келген келiн – келi сап", "Келiннiң аяғынан, қойшының таяғынан" деген сияқты, қазақта келiндерге арналған басқа да көп мақал-мәтелдер бар.
Шаңырағыңа бүгiнгi келiп түскен келiн, кешегi мәпелеп отырған, үлбiреген бiреудiң бүлдiршiндей қызы. Өскен ортасына тән дәстүрмен сусындаған қыз баланың басқа, бiр бөтен ортаға топ етiп түсуi ендi қалыптасып келе жатқан жас психикасына стресс. Бұл стресстi екiнiң бiрi, мiнезiне iз салдырмай бойынан аққан сарқырама суындай өткiзе алмайды. "Қыздың жолы жiңiшке" десек, келiннiң жолы ауыр деуге болады. Қазақ қызын туғаннан жат жұрттық деп тәрбиелеген. Қосағын тауып қосылса, бақытты болса деп тiлейдi. Барған жерiңнiң түтiнiн түтетесiң, ұрпағын өсiресiң, солардың тiлеуiн тiлейсiң. Өскен жерiң әке-шешең ұясы болса, қонар айдының басқа жақта. Жылап алдыма қайтып келмесе екен дейдi. Барған жерiнде судай сiңiп, тастай батса екен деп тiлейдi. Мына "кәпiрдi" кiм өсiрген деген әңгiменi құдаларымыздан естiмей өтсек екен деп тiлейдi ата-ана.
Өткен ғасырдың 70-шi жылдарының басы. Баршатай бiздiң әулеттiң алғашқы, "пионер" келiнi болды. Қыз кезiнде сырттан су тасып, сыпырғыш та ұстамаған, жел тигiзбей өсiрген, ақ саусақ, ерке Баршатай талантты келiн болды. Екеумiз де айлық жалақымызды шешемiзге санап беретiн едiк. Шешемiз күнде түстiктерiңе, жолдарыңа деп бiр-бiр сомын қайтарып беретiн. Автобусқа кiрiп алып: "Сен ақшаңды майдалатып маған билет ала салшы", деп бiр-бiрiмiздi жұмсап, жалынып тұрамыз. Қазiргi кезде сен сияқты айлығын енесiнiң алақанына санап беретiн қазақтың келiндерi бар ма екен? Ал сен енеңнiң көңiлiнен шығып, қайныларыңмен тiл тапқыш, қонақжайлы келiн болдың. Сенбi, жексенбi күндерi күнi бойы қолыңнан кiрсабын түспей кiр жуатын едiң. Бiз үйленген жылдары шешемнiң немере сiңiлсiнiң он жетi жыл жоғалып, хабарсыз кеткен қызы табылып, сонау Өзбекстанның бiр түкпiрiнен мына тұрған Бақбақтыға көшiп келген, бiр жарым центнер салмағы бар жездемiз бүкiл семьясымен сегiз баласы, орыс шопыры, оның әйелi он екi адам, бiр футбол командасы, бiр автобус болып, жұма сайын бiздiң үйге келiп, жайлауда жатқандай екi күн жатып алатын. Әйтеуiр кiр жуып жатырсың ғой деп олар да балаларының киiмдерiн жууға тастайды. Сол кезде Баршатай сенде қабақ шыту деген жоқ. Өзiмiз бiраз жанбыз. Соншама адамға екi күн қатарынан қазан-қазан тамақ iстейсiң. Тағы үн жоқ. Кешке жатқанда кiшкене пәтерiмiзде орын қалмаған соң, шешемiз ас iшетiн столдың астында жататын едi. Тағы сенде үн жоқ. Сондай бiр қауырт күнi сенiң әпкең келiп қалып, ауылға барып апама: "Үйде кесе жумаған Баршын, бiр қора адамдардың аяқ киiмдерiн балшықтан тазартып, жуып отыр" деп жылап барыпты. "Неге жылайсың? Жаның ашыса бар алып кел. Қыз бала күйеуге шығады, бәрiн iстеу керек" деп апам әпкемнiң өзiне ұрысыпты. Бұл да тәрбие. Баршатай осының бәрiне сен төздiң. Солай болу керек деп ақылға салдың. Сен өзiңдi-өзiң тәрбиеледiң.
Менiң бiр жолдасымды екеу еттiң. Ертеректе достарымның бастары ауырып келсе күлiп қарсы алып, бар дәмiңдi солардың алдарына қойып, шишаңды ашып, ащыңды құйып көбейгiрлердiң бастарын жазатынсың. Шешем "Бачок", жолдастарым "Барша", "Баршатас", "Бiр мысқыл", "Ақ Мөр" деп еркелетiп саған ат қойды. Саған арнап өлеңдер шығарды. Ертеректе мен жолсапарда жүргенде үйiмiзге алыстан силы бiр құдайы қонақтар келiп қалса, достарымды шақырып алып: "Мына қаңғыбас жолдастарың тағы үйде жоқ. Кешке келiңдер, қонақтарды сый-сияпат көрсетiп, силап жiберейiк" деп, силап жiберетiн едiң. Студент кезiмде достардың бастарын басында мен бiрiктiрсем, ары қарай шашудай шашып алмай, туған бауырларындай, балаларының араларын ажыратпай ұстайтын аналардай Баршатай саған ғана байланысты екенiн сен түсiндiң. Сенiң сүйiктi де сұлу болуың, сый-құрметiң, бедел-берекетiң, бойыңдағы ана сүтiмен келген адами қасиеттерiң бiрге өстi.
Баршатай, дастарқанымды ырысты қылдың. Менiң ыдыстарымның бастарын көбейттiң. Мен ұзақ сыртта жүргенде тiлеуiмдi тiлеп, берекемдi келтiрiп үйде отырдың. Менiң жiгiттiк жасаған кейбiр қисынсыз қылықтарымды көтере бiлдiң. "Мен ол кезде ештеңе түсiнбейтiн, ашық ауыз едiм" дейдi Барщатай келмеске кеткен уақыттарымызды кей кезде есiне түсiрiп. "Жоқ сен аңқау, ашық ауыз болмадың. Сен ақылды да, байсалды да, сабырлы, сүйiктi жар, балаларыңның болашағын ойлайтын аяулы ана болдың. Сен туысқандарға, достарға, құда-жекжаттарға немқұрайлы қарай алмайсың. Олардың қуанышы сенiң қуанышың, олардың қайғысы сенiң қайғың болды. Бiреуi сырқаттанып қалса, соларды емдетемiн деп таныс дәрiгерлер iздейсiң, соларды емханаға жатқызамын деп тыным таппайсың. Бұл сенiң табиғатың. Сенiң матаң бөлек. Сен бiздiң "Тэреза" анамызсың…
Есiңде ме? Алғашқы сәбиiмiзге аяғың ауыр. Түске қарай оянған саған "Құлыным неге ерте тұрдың?" деп менiң шешем, сенiң енең де, ендi тұрып жататын едi. Бұл басында келiнге қатал боламын деген ененiң түрi. Табиғатында қаталдық жоқ адам жасанды қылық көрсете алмайды екен. Шешемнiң қаталдығы алысқа бармады. Неге? Себебi келiнiнiң ақылды ерке екенiне көзi жеттi. "Келiн қайын ененiң топырағынан" деген шын болу керек. Сен де өз енең сияқты, ендi бүгiн, өзiңнiң жалғыз келiнiңдi жәйлi төсектейсiң. Дем алсын, ұйықтасын деп жүресiң. Келiнiңнiң көңiлiне қарайсың. Келiн емес күйеу балаларыңның қабақтарына қарайсың. Солардың жағдайларын ойлап тұрасың. Ол қазақ енелерiне тән, ортақ қасиет. Кезiнде менiң қабағыма сенiң екi шешең қарайтын едi. Ертеректе үйлерiңде, ауылда бiр қой сойылса "Мен жесiн" деп, оның төсi ширегi ертеңгi бiздiң тоңазытқыштың iшiнде жататын. Оған қосымша ретiнде құрт, май, шұжықтары қосақтасып, қабаттасып бiрге ерiп келетiн. Қазiр сен де көнекөз сол апамдардай болдың, үйде тәттi тамақ iстелiп жатса күйеу балалар жеп кетсiн деп телефонмен iздеп отырасың.
Баршатай, сенiң өстiп өркенiң өсiп, өрiктей өнiп, қозылардай көбейiп, көгалдай көгерiп, бiр қауым ел болып отырғаның (Құдай көп көрмесiн), үйiңнен қонақ кетпейтiндiгi тiлегiңнiң адалдығынан, қа мақтадай ақ көңiлдiлiгiңнен, асып-тасып жатқан ақылыңнан деп ойлаймын. Бәрiн ақылға саласың. Жетi рет өлшеп бiр рет кесетiннiң нағыз өзiсiң. Бiреудiң айтқанын екiншi бiреуге, өзiнiң қосымшаңмен қосақтап, жел берiп тiзiп жеткiзу дегеннiң не екенiн бiлмейсiң. Дiнiң қандай берiк болса, тiлге де сондай берiксiң. Бiреудiң қуанышын қызғану деген Баршатай сен үшiн жат қасиет. "Бiреулерге барып шығайық, кiрiп шығайық, ұят болды ғой" деп жиналып отырасың. Құдаларды, достарды шақыру керек едi, көрмегелi көп болды деп қарап отырып сырттай ұялып отырасың. Байқап басып, айсалды жүресiң. Iшкi дүниеңде не болып жатқанын бетiңнен байқалмайды. Бiр қарағанда суық сияқтысың. Сырласа келсең тесiк қоржындай ақтарылып қаласың. Дүние күйiп жатса да асығу дегендi бiлмейсiң. Сенi шақырған жерге уақытында алып бару деген бекершiлiк. Өйткенi қолыңнан телефоның түспей бiрнеше тiршiлiктi қатар бiтiрiп жүресiң.
Сен жаныңды күтiп тыныш отыра алмайсың. Бiр күн тыныш отырсаң ертеңiнде ауырып қаласың. Баршатай сен осындай ерекше қасиеттерiңмен, жұмсақ мiнезiңмен ұмтылмас жағымды қылықтарыңмен, балдай сөздерiңмен келiн ретiнде, құрбы ретiнде адал жар ретiнде, туған – туыстарыңа, ортаңа сүйiктiсiң
Таңдай КЕНЕЕВ