ДУАЛЫ СӨЗ АЙТАТЫН КЕЗ ЖӘНЕ «АЛҚА» ЖУРНАЛЫ

ДУАЛЫ СӨЗ АЙТАТЫН КЕЗ ЖӘНЕ «АЛҚА» ЖУРНАЛЫ

ДУАЛЫ СӨЗ АЙТАТЫН КЕЗ ЖӘНЕ «АЛҚА» ЖУРНАЛЫ
ашық дереккөзі
474

Қазақтың шынайы ұлттық сипаттағы ақпарттық кеңiстiгi кемшiлiктер мен iркiлiстерден, себепсiз тоқыраудан кенде дей алмайтынымыз аян. Тәуелсiздiктiң алғашқы күнiнен бастап жүректерде үмiт отын оятқан iзденiстер мен талпыныстардың соңы сиырқұйымшақтанып кеттi ме, қалай!! Әйтеуiр соңғы жылдары күдiк басым екенiн жасыра алмаймыз. Өйткенi, қазақ ұлтының жүрегiндегi сөздi батыл айтатын, байыппен мәселе қозғайтын ақпарат құралдары елiмiзде саусақпен санарлық екенi баршаға белгiлi. Көш жүргенiмен, әлi күнге аяқ алысы түзеле алмай отыр. "Ханның сөзiн қара да айтады, бiрақ аузының дуасы жоқ" деген қазақ ендi жалпылама, жадағай сөздi емес, дуалы сөздi аңсауда.

Жарыққа жаңа шыққан "Алқа" қоғамдық-саяси журналы осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында алғаш рет ағайынға сөз тастап отыр.

"Алқа" жоқтан жасалып отырған жоқ. 1924 жылы елiмiзде қазақ жазушыларының ұлттық шығармашылық ұйымы – "Алқа" деп құрылғаны мәлiм. Бұл ұйымның құрылуына Мағжан Жұмабаев мұрындық болып, Алаш арыстарының баршасы дерлiк жаңа iске аянбай атсалысқан едi. Олар "Алқа"журналының 16 данасын қолжазба күйiнде жарыққа шығарды.

Аталмыш "Алқа" ұйымының ең басты ұстанымы — әдебиеттегi таптық принциптi мансұқтау болатын. "Алқаға" мүше болған арыстарымыздың аман қалғаны жоқ; кейiнiрек барлығы дерлiк сталиндiк қанды жазалаудың бейкүнә құрбандарына айналды.

Ұзақ жылдардан соң, дәлiрек айтқанда, 84 жылдан соң қазақ жерiнде жаңа "Алқа" журналының жарық көруi бекер емес. Ұлттың сөзiн айқайлап, айбаттанып айтуға ендi-ендi ғана шындап мойын бұра бастағанымыздың белгiсi. Жаңа журнал алғашқы нөмiрден-ақ қоғам назарынан тыс қалып отырған, бiрақ қазақтың ұлттығын айқындайтын бiрқатар соқталы-соқталы мәселелерге көңiл аударыпты.

"Меценаттық та ұлттық проблемаға айналды" дей отырып, елiмiздегi меценаттық қозғалыстың қанатын кең жая алмай отыруының себебiн iздеуге тырысқан. Дегенмен, жақсы iстерге әрқашан демеушi болуға даяр азаматтар қоғамда мүлдем жоқ деуге де болмайды. Солардың бiрi — Оралбек Ботбай! Оның осы журналда жарық көрген "100 түп сакура және жасыл желек" атты мақаласы белгiлi азаматтың жаңа қырын — қаламгерлiкпен де тонның iшкi бауындай екенiн байқатады.

Қазақстан оппозициясының әлсiздiгi мен керенаулығының себептерiн iздеген "Алқа" журналы "Саяси күш пе, наразы топ па?" дей отырып, белгiлi саясаттанушы Досым Сәтбаевтың "Оппозиция әр-сәрi күйде" деген пiкiрiн басты орынға берiп отыр.

Қазақтың әлемге аты жайылған даңқты дәрiгерлерi Камал Ормантаевтың "Әлi операция жасап жүрмiн", Төрегелдi Шармановтың "Ақсақалдардың бойкүйездiкке ұрынуы қоғам үшiн зиян" деп ағынан жарылуы қоғамдағы сандаған сыздауық-жаралардың iшкi астарын ашады. Әсiресе, Герольд Бельгердiң "Күнделiгiм жарыққа шықса, қазақтар менi түтiп жейдi…" деген ой-толғамының орны бiр төбе.

Белгiлi жазушы Жүсiпбек Қорғасбектiң "Қалға" толғамы тосын ерекшелiгiмен оқырманды ойландырары сөзсiз. Қаламгер: "Мен ол жылтыр жазушыны бiр жолы қала әкiмнiң алдынан көрдiм-ау, ұмытпасам, — "Қала туралы роман жазсам, соның бiр кейiпкерi сiз болсаңыз" деп тұрған жерiнен", — деп жирене жазады. Оның жөнi де бар. Алматының әкiмi ауысты, әлгi жазушының кейiпкерi де өзгерген шығар…

"Алқа" журналының "Ұлт қайткенде бәсекеге қабiлеттi болады?" немесе "Жазылмаған заң" туралы" сауалнамасына жауап берген саясаттанушы Әзiмбай Ғали, ақын-жазушылар Темiрхан Медетбек пен Мархабат Байғұт, дiнтанушы Мұртаза Бұлұтай қазақ ортасында бұрын болған, қазiр ұмыт қалған жазылмаған заңдардың ұлт үшiн қандайлық қажеттiлiгiн айқын дәлелдейдi. Жаңа басылымның бас редакторы, белгiлi журналист Жұлдыз Әбдiлдамен әңгiмемiз "Алқа" журналының алға қойған мақсаты мен мұраттары, ұстанған бағыты төңiрегiнде өрбiдi.

— …"Алқаның" алғашқы саны жарыққа шықты. Басылым қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени болады деп жоспарлап отырмыз. Жылдың аяғына дейiн айына бiр рет шығатын боламыз. Ал жаңа жылдан бастап, Құдай қаласа, апта сайын шығарсақ деген жоспар бар. Қазiр жаз мезгiлi, газет-журнал шығаратын уақыт емес, сондықтан көлемiн де бiраз шектеуге тура келдi.

Алғашқы нөмiрiмiздi Камал Ормантаев, Төрегелдi Шарманов, Герольд Бельгер секiлдi ақсақалдармен аштық. Зиялы қауым деп аталып жүрген ат төбелiндей топтың iшiндегi аты былғанбаған, ары таза, әлi де айтары бар азаматтар болғаннан кейiн, әрi өзiмiзге бұрыннан тiлекшi болып жүргендерiн де ескерiп, осы ақсақалдарымызға алдымен сөз бердiк. Үлкен кiсiлер өздерiн толғандырып жүрген мәселелермен бөлiстi, ұсыныс-пiкiрлерiн де айтып жатыр. "Ұлт қайткенде бәсекеге қабiлеттi болады?" деп сауал тастап отырмыз. “Қазаққа жазылмаған заң керек пе, керек болса, ол қай бағытта болуы керек, оны қоғамдық өмiрге қалай ендiремiз?” деген сауалдардың жауабын iздедiк. Бұл тақырыпты алдағы уақытта да жалғастырамыз деп отырмыз. "Жас Алаштың" шәйханасында" деген жақсы жобамыз болған едi. Жоба авторларының бiрi "Альтернатива" өзектi мәселелердi талдау орталығы соны ендi "Алқаның" бетiнде жалғастырсақ деп отыр. Жаңа маусымнан бастап қоғамдық өмiрдiң әр саласындағы маңызды мәселелер төңiрегiнде дөңгелек үстелдер ұйымдастыра бастаймыз. Сондай-ақ, алдағы уақытта "Меценат" деген айдарды тұрақты түрде жалғастырмақшымыз. Бұл айдардың алғашқы қонағы кәсiпкер Оралбек Ботбай болды.

Ең басты принцип — объективтiлiк. Өкiнiшке қарай, Қазақстанда, соның iшiнде қазақтiлдi ортада осы кеңiстiк әлi күнге дейiн бос тұр. Бұқаралық ақпарат құралдарының денi бiржақты. Не бар жан-тәнiмен берiле билiктiң сөзiн сөйлейдi, не осыған керiсiнше, оппозициядан басқа ештеңенi көрмейдi. Бұқаралық ақпарат құралының мақсаты ақтау да, даттау да болмауға тиiс. Қоғамда қандай пiкiр бар болса, соның бәрiн де көрсетуге мiндеттiмiз. Ал ақ-қарасын оқырман өзi ажыратып алады. Кәсiби журналистиканың негiзгi принциптерiнiң бiрi осы.

Негiзiнен сарапшы мамандарға арқа сүйеймiз. Өзiмiздiң бұрыннан етене жұмыс iстеп жүрген сарапшыларымыз бар. Ұлттық-патриоттық бағытта жүрген азаматтармен де етене жұмыс iстеймiз.

— Тарату жағы қалай болады?

— "Қазпошта" арқылы тараймыз. Ал жаңа жылдан бастап "Қазпоштаның" кез келген бөлiмшесiне барып жазылуға болады.

Басылымның индексi — 74116.

— Осы тұста әңгiмемiздi басқаша өрбiтсек қарсы емессiз бе? Яғни, әңгiмемiздi сол "Алқаның" алғашқы нөмiрiнде сөз алған азаматтардың аузымен өрбiтсек…

…Бiрiншiден, оппозицияның қолында тұрған түк те жоқ. Бiздiң елiмiзде саяси ойынның өз заңы, өз ережесi бар, дәл осы ойын ережесi оппозицияның емiн-еркiн көсiлуiне мүмкiншiлiк бермейдi. Яғни, оппозицияны өзгертпес бұрын саяси жүйенi өзгертiп алу керек. Екiншiден, оппозицияның өзiне де бiраз тәуекелге баруға тура келедi. Бүгiнгi оппозицияның әлсiз тұсы көп. Ең үлкен кемшiлiгi — оппозиция халықтан алшақ. Елмен жұмыс iстемейдi. Оппозиция бiр жақта, халық мүлдем екiншi жақта. Бұл әсiресе соңғы кезде қатты көрiндi. Оппозиция тым болмағанда елдiң көңiл-күй ауанын оңтайлы пайдалана алмады. Не бiздiң оппозиция елдегi әлеуметтiк-экономикалық ахуалдан хабарсыз, не жағдайды тиiмдi пайдаланудың жолын бiлмейдi.

Досым СӘТБАЕВ, саясаттанушы

…Өзбектердiң жазылған заңдарын қайдам, жазылмаған заңдары керемет орындалады. Өзбектер өлiп кетсе-дағы, өзге тiлдердi өз тiлiмен бiрдей қоймайды, теңдей тұғырға шығармайды. Бұл — олар үшiн жазылмаған заң. Басшылары да, қосшылары да, тiптi әрiп танымайтын сауатсыздары мен сұңғыла академиктерiне дейiн жазылмаған заң бойынша туған тiлдерiн төбелерiне көтередi. Сонау, Сы-Сы-Сыр-ыңыздың тұсында ше, бiздiң қазақтың озат сауыншылары партия конференцияларында орыс тiлiнде көпiрiп, өзбектiң озқын сауыншылары өз тiлдерiнде гәпiретiн. Жазылмаған заң деген осы емес пе?! Оны орындайтын ой ерлiгiн, ұмытпайтын ұлтты, сақтайтын салтты айтыңыз!

Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы

Жазылмаған заң бiзге, әсiресе, тiл мен дiн мәселесiнде ауадай қажет. Мәселен, "қазақ тiлiн жек көретiн қайраткер" деген ең жаман атақ болу керек. Тiлге қарсы шыққандарды тегiс осы қатарға қосу керек. Ол, әрине, еш жерде жазылмайды. Бiрақ, ең ауыр сөз, ең ауыр жаза сол сияқты болуы тиiс. Кезiнде бiздiң Дариға қызымыз да бiрталай келеңсiз ұсыныстар жасап жүрдi. Сондайларға да бiр номинация керек. Қысқасы, келеңсiз пiкiр айтқандарды, ұлтқа қарсы шыққандарды "қара тiзiмге" түзiп, "қара тақтаға" iлiп отыру керек. Ал қазақта қоғамдық пiкiрдiң рөлi қай кезде де үлкен болғаны айтпасақ та аян. Жаман атқа қалдыру, масқаралау арқылы-ақ жазылмаған заңды күнделiктi өмiрде кеңiнен пайдалануға болады.

Әзiмбай Ғали, саясаттанушы

Алматының айналасында түрiктер, күрдтер көп тұрады. Солардың үйiне барып көрiңiзшi. Дарбазадан кiргеннен кейiн-ақ, Қазақстанда жүргенiңiздi ұмытып қаласыз. Қақпадан кiргеннен бастап есiктен төрге шейiн өз ұлтының әдет-салты сайрап жатады. Ингуштар мен шешендерде де дәл солай. Түрiк елiнде түрiктiң үйiне барғандайсыз. Ал қазақтың үйiне барғанда өзiңдi олай сезiнбейсiң. Орыстың тiлiнде сөйлейдi, басқаның салтын ұстанады, қазақтың салт-санасының, әдет-ғұрпының iзi де жоқ. Аз санды халықтар Қазақстанға келгендерiне алпыс жылдан асса да, өздерiнiң әдет-салтын сақтап отыр да, қазақ өз жерiнде отырып ұлттық болмысын көрсете алмай отыр. Неге? Жазылмаған заңның жоқтығынан!

Мұртаза Бұлұтай, дiнтанушы

…Қазiр тоқсаныншы жылдардағыдай "қайтсем аш қалмаймын, қайткенде күнiмдi көремiн" деген мәселе алдыңғы қатарға шыққан. Болашаққа жоспар жасаушылардың қатары кемiп, керiсiнше, бүгiнгi күнi қарнының тоқ болуын ғана ойлайтындар көбейген. Тоқсаныншы жылдардан бiр ғана ерекшелiгi, ол кезде халық үкiметке алақан жаятын. Ал қазiр тек өзiне ғана сенетiн болған.

Тұрмыстың тауқыметiнен шаршағандықтан да шығар, әлеуметтiк сұрауға қатысқандардың 10-12 пайызы бұрынғы Кеңес өкiметiн аңсайтынын ашық айтып отыр.

Гүлмира Илеуова, социолог

Осы және өзге де материалдарды "Алқаның" алғашқы санынан оқи аласыздар.

Әңгiмелескен Жаңабек Шағатай

Серіктес жаңалықтары