АТОМ САЛАСЫНЫҢ ҚАЙТА ӨРЛЕУ ДӘУIРI БАСТАЛДЫ

АТОМ САЛАСЫНЫҢ ҚАЙТА ӨРЛЕУ ДӘУIРI БАСТАЛДЫ

АТОМ САЛАСЫНЫҢ ҚАЙТА ӨРЛЕУ ДӘУIРI БАСТАЛДЫ
ашық дереккөзі
296

Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, жоғары технологиялар экспортымен айналысатын ұлттық оператор – "Қазатомөнеркәсiп" Ұлттық атом компаниясы" АҚ соңғы уақытта айтулы жетiстiктер мен оңтайлы нәтижелерге қол жеткiзiп отыр. Жағымды жаңалықпен бөлiскен "Қазатомөнеркәсiп" ҰАҚ" АҚ басшысы Мұхтар Жәкiшев қазiргi таңда толық ядролық-отын циклына (ЯОЦ) ие тiгiнен интеграцияланған трансұлттық компания қалыптастыру iсiн ойдағыдай тәмамдағанын жеткiздi. Ол толық ядролық-отын циклын қалыптастыру мен "Қазатомөнеркәсiптiң" уран өндiрудi арттыруды көздеген "2010 жылға қарай – 15 мың тонна" стратегиялық бағдарламасын сәттi жүзеге асырудың негiзгi нәтижелерiне тоқталып өттi.

Бұрыннан жұмыс iстеп тұрған кенiштер қатары үстiмiздегi жылы тағы да толыға түсiп, жаңа кенiштер жаңа уран кен орындарын игеруге кiрiседi. Соның арқасында биыл 9000 тоннадан астам уран өндiрудi межеленген. Ал 2009 жылы Қазақстанда уран өндiру шамамен 12826 тоннаны құрайтын болады. Сөйтiп, "Қазатомөнеркәсiп" стратегиялық мiндеттi – тұтас өндiрiстiк тiзбектi құру және әлемдiк рынокқа уран өнiмiн мейлiнше қосымша үстеме ақымен жеткiзiп берудi орындауға кiрiсiп кеттi. Мәселен, "Иiркөл" уран кен орны 2008 жылдың тамыз айында iске қосылса, жобалық қуаты – жылына 750 тонна уран өндiредi деп күтiлуде, 2008 жылдың 3 маусымында жұмыс бастаған Батыс Мыңқұдық ("Аппақ" ЖШС) жылына 1000 тонна, Ыңғай кен орны ағымдағы жылдың тамызында жүзеге қосылса, 2000 тонна (2014 жылға қарай жобалық қуаты 4000 тонна) уран бермек. Сол сияқты қазiр "Оңтүстiк Ыңғай" уран кен орнында 2009 жылы басталатын өндiрiске тәжiрибелiк жұмыстар басталып үлгердi. Оның жобалық қуаты жылына 2000 тонна уран өндiруге межеленген. Ал "Қорасан-1" уран кен орны жылына 2000 тонна, Қайнар учаскесi 300 тонна уран өндiрудi көздеп отыр. 2009 жылға арналған жоспар бойынша екi уран кен орны, атап айтқанда, "Қорасан-2" жылына 2000 тонна, "Семiзбай" жылына 500 тонна уран өндiрiп, өнiмдi 750 тоннаға дейiн ұлғайту мүмкiндiгiне ие болған.

Бұл "Қазатомөнеркәсiп" ҰАҚ" АҚ-ның бүгiнгi және келешекте атқарар жөн-жобасының бiр парасы. Ал компанияның Стратегиялық маркетинг департаментiнiң мәлiметiнше, ендiгi жылы Канадада уран өндiру 111 000 тоннаға, Австралияда 9430 тоннаға жетпек. Мұхтар Жәкiшевтiң сөзiне сенсек, елiмiз осы алпауыт елдерден басып озып, 2009 жылдың өзiнде уран өндiрушi елдер арасынан алдыңғы орыннан көрiнуi бек мүмкiн.

Айта кету керек, "Қазатомөнеркәсiп" ҰАҚ" АҚ 2008 жылғы 3 маусым күнi Канаданың Cameco Corporation компаниясы Үлбi металлургия зауытының базасы арқылы жаңа бiрiккен кәсiпорын – "Үлбi Конверсия" ЖШС құрған болатын. Аталмыш конверсиялық өндiрiстiң жылдық қуаты 12 мың тонна уран гексафторидын құрайды. Бұл жаңа бiрiккен кәсiпорындағы "Қазатомөнеркәсiп" ҰАҚ-ның үлесi 51 пайыз болса, қалған 49 пайыз Канаданың Cameco Corporation компаниясының еншiсiнде. Зауыт құрылысының техника-экономикалық негiздемесi серiктестiктiң жобаға қатысу үлесiне қарай қаржыландырылып, құрылыс жұмыстарын 2009 жылы аяқтауға келiскен. Бiр айта кетерлiгi, аталмыш зауыт құрылысына қажеттi технологияны Cameco Corporation компаниясының өзi жеткiзiп беретiн болды.

Сондай-ақ, ядролық отын циклының келесi бiр тармағы – уранды байыту. Бұл шара 2006 жылы қол қойылған Ресеймен ынтымақтастықтың атом энергиясы саласындағы мемлекетаралық бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ. "Уранды байыту орталығы" деп аталатын Қазақстан-Ресей бiрiккен кәсiпорны Ангарск қаласында орналасқан. Құдай қаласа, алғашқы өнiм алу 20114 жылға жоспарлануда. Ал байытылған уран гексафторидын уран қостотығына реконверсиялау "ҮМЗ" АҚ-ның қолда бар технологиялық қуаттарымен iске қосылмақ. Қуанарлық жағдай, "Қазатомөнеркәсiп" ҰАҚ" қазiргi таңда уран қостотығы мен батыстық үлгiдегi барлық реакторлар үшiн отын түймелерiн сертификаттауды бастап кеттi.

Елiмiздiң Президентi Н.Ә.Назарбаев 2008 жылы маусымда Парижге жасаған ресми сапары кезiнде "Қазатомөнеркәсiп" француздың "Арева" корпорациясымен ядролық-отын циклындағы түпкi өнiм саналатын жылу бөлгiш құрамалар шығаратын зауыт құрылысы жөнiндегi келiсiмшартқа қол қойды. Францияның экономикасына айтарлықтай үлес қосып келе жатқан "Арева" корпорациясы Қазатомөнеркәсiпке қарасты Үлбi металлургия зауытында жылдық қуаты 1200 тонналық отын құрамасын шығаратын өндiрiстi iске асыруға құлшына кiрiспек. Демек, бұл келiсiмшарттың негiзi бойынша француздық үлгiдегi реакторлар үшiн өндiрiстiк қуаты 400 тонналық бiрегей желi жұмыс iстеп, оған қажеттi отын түймелерiн "Қазатомөнеркәсiп" компаниясы жеткiзiп беретiн болады. Ал қалған 800 тонна өнiм отын ретiнде Westingnouse үлгiсiне сәйкестендiрiлiп реакторларға қолданылатын болады. Бұл жобаны жүзеге асыру 170 млн. АҚШ долларына бағаланып, өндiрiстiң құрылысы 2009-2012 жылдарға жоспарланды. Алғашқы өнiмдi алу 2013 жылға межеленген.

Естерiңiзге сала кетсек, ядролық-отын циклы уран өндiрудi және уран қоспалары, байыту, реконверсия өндiрiсiн және уран қостотығын алуды, отын түймелерiн, отын құрамасын шығаруды қамтиды. Бұған дейiн елiмiзде ядролық-отын циклының тек екi тармағы – уран өндiру және отын түймелерiн шығару өндiрiсi ғана болған. Бүгiнде уран өндiруден бастап, ең түпкi өнiм саналатын ядролық отынға дейiнгi аралықтағы барлық буынды қамтитын өндiрiске ие елмiз. Яғни, бiрыңғай шикiзат сатумен шектелмей, дүние жүзiндегi санаулы елдер ғана еншiлеп отырған АЭС салу және отынмен қамтамасыз ету сияқты өте күрделi технологияны меңгердiк. Ұлттық компания басшысы қалам ұстаған ағайынға осыны ұқтырды.

Сол сияқты "Қазатомөнеркәсiп ҰАҚ" АҚ сирек металдарды барлау, өндiру, қайта өңдеу және оларды экспорттау мен импорттау бойынша да елiмiздiң мүддесiн толық қамтамасыз етуде. Президент Н.Ә.Назарбаевтың 2006 жылғы 24 мамырдағы Жарлығымен "Қазатомөнеркәсiп" сирек металдарды барлау, өндiру, экспорттау мен импорттау бойынша ұлттық оператор ретiнде анықталды.

Айта кетерлiк жайт – Президентiмiздiң Жапонияға жасаған ресми сапары үлкен маңызды оқиғаға айналды. Бұл саладағы ынтымақтастыққа жапон компаниялары да өз тарапынан қызығушылығын танытып бақты. Жаңа серпiн берген сапар аясында 20 маусым күнi "Қазатомөнеркәсiп" ҰАҚ АҚ мен Toshiba Corporation компаниясы арасында атом саласындағы, соның iшiнде сирек және сирекжерметалдары саласындағы ынтымақтастықты жүргiзу туралы Меморандумға қол қойылды. Қолда бар дерек көздерiне жүгiнсек, бүгiнде Жапония сирек металдарға деген сұранысының 90 пайызын Қытайдан алып келедi екен. Жапон елi Қазақстанға өзiнiң мемлекеттiк жоспарын жүзеге асыруда серiктес және жапон өнеркәсiбiнiң мұқтаждығы үшiн материалдар жеткiзiп берушi болуды ұсынды. Ал Қазақстан тарапынан жоғары дайындық деңгейiндегi өнiмдер шығару бойынша жаңа бiрiккен өндiрiстер ашу керек екенi апат өтiлсе, жапон жағы бұл ұсыныспен келiстi. Атап айтқанда, сирек металдар өндiру, қоспа, таза металл және түпкi өнiм өндiрiсiн бiрге ұйымдастыру көзделiп, сирек металдар экспорты көлемiнде өнiм 30 пайызды құрайтын болады.

"Қазатомөнеркәсiп" ҰАҚ" АҚ президентi Мұхтар Жәкiшев елiмiзде атом электр стансасын салуға байланысты да ойын бiлдiрдi. АЭС салумен әлемге әйгiлi Westingnouse компаниясының 10 пайыздық акциясына ие компания ретiнде "Қазатомөнеркәсiп" ендi өзi атом стансаларын салуға қатыса алады. Ал бұған посткеңестiк кеңiстiктегiлердi айтпағанда, алпауыт елдердiң де көбiсiнiң "тiсi батпай" отырғаны белгiлi. Брифингте Ақтауға салынбақ АЭС мәселесi де сөз болды. Әрине, электр тапшылығы жылдан-жылға анық сезiлiп отырған жағдайда "станса салу керек пе, керек емес пе" деген сұрақ қоюдың өзi қисынсыздау. "АЭС-тiң абзалдығы мен артықшылығы туралы аз айтылып жүрген жоқ, таңдауды халықтың өзi жасауға тиiс" дегендi ұқтырған М.Жәкiшев бар әлем жұрты әлдеқашан атом энергиясын таңдағанын алға тартып, саланың қайта өрлеуi басталғанын нақты мысалдармен тұжырымдады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары