ТҰРМЫСТЫ ЖҰМЫС ТҮЗЕЙДI
ТҰРМЫСТЫ ЖҰМЫС ТҮЗЕЙДI
Бүгiнде "құл базар", "қара базар" деген ұғымдардың жат болмағаны соншалық, осы ұғымдар қарапайым қазақтың бет-бейнесiн көз алдымызға елестетедi. Бұл елiмiздегi жұмыссыздық салдарынан туындап отырған проблеманың бiзге берген нәтижесi. Алайда, шындап еңбек етуге ниеттенсең, екi қолға бiр жұмыс табылары сөзсiз. ҚР-сы Конституциясының 24-бабы әркiмнiң еңбек ету құқығына кепiлдiк бередi. Әр азамат қандай орында, қандай жағдайда жұмыс iстегiсi келедi оны өзi бiледi.
Өйткенi, елiмiздiң "Еңбек туралы" Заңында қандай жұмысқа (қызметке) арнайы бiлiмi бар адам керек екенi көрсетiлмеген. Ал, қарапайым қазақтың қызметi саудагер, арба айдаушы, жүк көтерушi секiлдi қара күштi талап ететiн жұмыстардың төңiрегiнде. "Неге қазақтар мұндай жұмыстарды атқарады?" десең, оған қазақтың бiлiксiздiгi алға тартылады. Сондай-ақ, "қазақ — жалқау" деген сөздi аузымыз автоматты түрде айтып салады. Осы "жалқау" сөзi қазаққа қайдан, қай заманнан жабысты екен?
Кеңестiк заманда қазақты қырсыз етiп көрсету шовинистiк пиғылдағы қоғам үшiн оңтайлы едi. Оңтайландыру саясатын санамаласақ, қазақтың қасiреттi тарих беттерi қайта ашылар. Өкiнiштiсi — санамыздағы Кеңестiк заманның салып кеткен уымен әлi күресе алмай жүргендiгiмiз. Қазiргi қазақ жалқау десек, онда қазақ үйде абажаға аяғын iлiп қойып, "алма пiс, аузыма түс" деп жатар едi. Әзiрге өйтiп жатқан қазақтың қарасын көзiмiз шала қоймады. "Құл базарда" жұмыс iздеп сабылып жүрген қаракөздердi айтпағанда, қолдарына жарнамалық газеттердi ұстап жұмыс iздеген жастар да жетерлiк. Денi жоғарғы бiлiмдi, өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасқысы келетiндер. Дегенмен, жұмысқа орналасуда кедергiлер аз емес екен. Бiз оны жұмыс iздеген жастардың өздерiнен сұрастырып көрген едiк.
Әбдiраманов Дәурен: Жұмысқа тұрудағы қиындықтың бiрнеше себебi бар. Бiрiншiсi, қоғамды жайлаған парақорлық пен сыбайластық, пара бермесең көздеген жұмысыңа тұру қиын. Екiншiсi, бiлiмсiздiк, яғни өз мүмкiндiгiңнiң шектеулi болуы. Үшiншiсi, жас мамандарға сұраныс аз, бос орындарды зейнеткерлiкке шыққан, тәжiрибесi мол мамандар босатқысы жоқ. Елiмiзде жастар саясаты дұрыс жүзеге асырылмайды. Бiз көкектiң көкiрегiнен теуiп тастап кеткен балапандары секiлдiмiз, өзiмiздi қоғамға керексiз сезiнемiз.
Күлшаева Айнұр: Менiң жоғарғы оқу орнын бiтiргенiме бiр жыл болды. Содан берi Алматыға келiп, мамандығым бойынша жұмыс iздестiрудемiн. Жеке компаниялар мен фирмаларда өз мамандығымнан тыс жұмыстар атқардым. Оңтүстiкте ағылшын тiлiн қазақ тобында оқып бiтiрдiм. Бiлесiздер, оңтүстiк қазақтың қаймағы бұзылмаған, ұлт тұтастығын сақтаған өңiр. Онда орыс тiлiн онша қажетсiне бермейдi. Ағылшын тiлiнен қазақ тiлiне қаншалықты сауатты аударма жасасам да, орысша аудармамның олқылығы көзге көрiнiп тұрады. Жұмыс берушiлер ағылшын, қазақ тiлдерiн орысшаға аударуымды талап етедi. Өз елiңде өз тiлiң өгейсiнгесiн, көңiлiң де жетiмсiрейдi екен. Әйтеуiр, ауылдан келген қазақтар қайырымсыз уақыттың қайсар ұландары болып күресiп бағудамыз.
Әлиев Ұлықбек: Менiң арнаулы кәсiптiк бiлiмiм бар және жоғарғы оқу орнында сыртқы бөлiмде оқимын. Мектепте жүргенде бiлiмiмдi жалғастырып, бiлiктi маман болуды армандайтынмын. Ал, қазiр ондай арман оты су сепкендей сөнiп барады. Өйткенi, ЖОО-ның дипломын сандыққа салып, құрылыста, базарда жүрген жастар көп. Мамандық бойынша ешкiм де мандытып ақша таппайды. "Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесiн" дейтiн заманда рухани байлықты емес, материалдық байлықты ойлайды. Қоғам соған мәжбүрлеп отыр.
Божбанбаева Шарафат: Мен қазiр өз мамандығыммен тiлшi болып қызмет атқарудамын. Бастапқыда жұмыс iздестiргенде қиын болды. Қайсыбiр БАҚ-дары редакциясына барсақ та, "Кiмiң бар, қай елдiң баласысың?" деген сұрақтар алдыңнан көлегейлейдi. Сонда олардың осы сұрақтар арқылы не айтқысы келгенiн оңай аңғарып, келген есiктi керi жауып кете барамыз. Бiздiң қоғамда трайбализм iндетiнiң тамыры тереңдеп кеткен. Бүгiнде әркiмнiң қанынан, туысынан жаралған "таланттар" топ жаруда. Жұмысқа алушының ата-бабаларына, ауыл-аймағына жақындығың болмаса, үш ай сынақ мерзiмiнен кейiн, "тәжiрибең жоқ" деп шығарып салады.
Жастардың қоғамға айтар базынасы аз емес екен. Жұмыс берушiлердiң жас мамандардан тәжiрибе жетiстiгiн сұрауы орынсыз. "Балам дейтiн ел болмаса, жұртым дейтiн азамат қайдан шығар".
Жадыра НАРМАХАНОВА