IСКЕР ЖУРНАЛИСТЕР ФОРУМЫ
IСКЕР ЖУРНАЛИСТЕР ФОРУМЫ
Iскер журналистерден құралған "BizMedia" IЖО" қоғамдық қоры Алматыда Iскер журналистердiң I форумын өткiздi. Басты мақсат – отандық нарықта сұранысы артқан iскерлiк және кәсiпкерлiк саланы насихаттайтын бизнес-журналистиканың ахуалын, бүгiнi мен келешегiн сарапқа салу.
"BizMedia" IЖО" Қоғамдық қоры – 2007 жылдың соңында құрылған қазақстандық үкiметтiк емес ұйым. Басты қызметi – Қазақстандағы iскер журналистиканың сапасын көтеруге ықпал ету; маман дайындауда бағыт сiлтеу; iскер журналистика саласына бейiмделген БАҚ қызметкерлерiнiң тәжiрибелерiн арттыруға көмектесу; журналист мамандығын таңдаған студент жастарға және оқытушылар қауымына қазiргi заманға лайық тәжiрибелер мен әдiстемелердi ұсыну т.б. Үстiмiздегi жылдың басында Қор "Альянс банкпен" бiрiгiп, қазақтiлдi журналистер арасында "Қалам Қаржы" байқауын өткiздi. Сонымен қатар экономика, бизнес, iскерлiк саласына қатысты түйiндi мәселелердi шешуде жүйелi түрде дөңгелек үстелдер ұйымдастырады.
Алғашқы форумда Қордың төрағасы Төлеген Асқаров "Қазақстанның бизнес-журналистикасы: өткенi, бүгiнi мен ертеңi" тақырыбына баяндама жасап, iскер БАҚ-тың қарымы мен қажырын сарапқа салды. Асқаров мырза баяндамасының "ХХ ғасыр – тәуелсiздiк қарсаңы" деп аталатын бөлiмiнде О.Лацис, Н.Шмелев т.б. экономикалық публицистикаларының, салалық басылымдар – "Вопросы экономики", "Вестник статистики", "Народное хозяйство Казахстана" секiлдi өзге де газет-журналдардың отандық iскерлiк журналистиканың қалыптасуында атқарған рөлiне тоқтады. Қазақстандық iскер журналистиканың тарихы тым тереңнен бастау алады. КСРО кезiндегi бизнес-журналистика ел тәуелсiздiгiнен кейiн жалғасын тауып, үздiксiз дамыды. Мысалы, егемендiктiң алғашқы 10 жылдығында "Панорама", "Деловая неделя", "Petroleum", "РЦБК" мен басқа да басылымдар жарыққа шықты, экономикалық сарапшылар мен бизнес-тiлшiлер қалыптасты. Мемлекеттiк бұқаралық ақпарат құралдарындағы iскерлiк тақырыпқа арналған материалдар көбейдi. Телеарналардағы "Жетi күн", "Информ-бюро", "Бинзес-класс" сияқты телебағдарламалар, қазақ және орыс тiлдерiмен бiрге ағылшын тiлiндегi қазақстандық басылымдар пайда болды. Сонымен қатар қазақстандық ақпарат кеңiстiгiне "Рейтер", "Франс-пресс", "Ассошейтед-пресс" секiлдi халықаралық ақпараттық агенттiктер келдi. Ал тәуелсiздiктiң екiншi онжылдығында әлемдiк қаржылық дағдарыстың өзi керi әсер ете алмады: былтыр отандық ақпараттық кеңiстiкте "Прогнозы", "Азамат" және "Бизнес.Kz" атты 3 басылым жарыққа шықты. Телеарналарда бизнес жаңалықтарға көбiрек уақыт бөлiнетiн болды. Корпоративтiк БАҚ саласы қалыптасып, үштiлдi басылымдармен бiрге үш тiлде еркiн сөйлеп, жазатын iскер журналистер пайда бола бастады. Осы орайда, қазақтiлдi журналистердiң де iскерлiк саланы қаузауда қаражаяу еместiгiн көлденең тартқан Төлеген Асқаров жыл басында "Альянс банкi" ұйымдастырған "Қалам-қаржы" байқауында экономика тақырыбын жазуда қазақтiлдi журналистердiң белсендiлiк танытатыны байқалғанын жеткiздi. Баяндамасының қорытындысында нарық пен бизнес туралы кеңiнен сараптауға қабiлеттi мамандардың тапшылығына тоқталған ол отандық жоғары оқу орындарында бизнес журналистика тақырыбына сабақ өткiзiле бастағанын, "MediaNet" сияқты халықаралық журналистiк орталықтар ашылғанын, түрлi тренингтер ұйымдастырылатынын, жобалардың жүзеге асырылатынын тiлге тиек еттi.
Форумға қатысушылар арасында бизнес-журналистиканың келе¬шегi мен бүгiнгi қиындықтары туралы кеңiнен талқыланды. Мәселен, "Iскер телеарна керек пе? Телебағдарламаларға сараптама" тақырыбына ой бөлiскен белгiлi тележурналист Тимур Жұмажанов iскерлiк ақпаратқа деген сұраныстың уақыт өткен сайын өсiп келе жатқанын, ақпараттарды, әсiресе, қор нарығына қатысты деректердi көрерменге қызықты әрi елiктiретiндей етiп беруге көбiрек көңiл аудару қажеттiгiне тоқтады.
"Қазақстандық мультимедиалық журналистиканың дамуы" тұрғысынан сөз қозғаған "Бизнес&власть" газетiнiң бас редакторы Олег Хе, "Экономикалық өсiм қарқыны баяулаған жағдайдағы iскер баспасөз бен бизнес-серiктестердiң өзара қатынасы" тақырыбына баяндама жасаған "Каспий Банкi" АҚ БАҚ-пен жұмыс басқармасының бастығы Ботагөз Жұманова елiмiздегi iскер журналистиканың өзектi мәселелерiн көпшiлiк талқысына салды.
Форумның екiншi бөлiмiнде "Барлығын мамандар шешедi: Қазақстандағы бизнес-журналистердi дайындаудың қиындықтары" тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. "MediaNet" Халықаралық журналистика орталығы Қоғамдық қорының президентi Әдiл Жалилов форумға қатысушыларға "Қазақстанның iскер журналистикасының негiзгi үдерiстерi мен маман дайындаудың келешегi" жайлы баяндады. Дайындалған баяндамаларға қатысты өткiзiлген пiкiрсайыс өте қызықты өттi. Бiр-бiрiне қарама-қайшы сан пiкiрден әркiм әртүрлi ой түйдi. Ең бастысы, ауқымы кеңейген қазақстандық нарықпен бiрге қазақстандық бизнес-журналистиканың да аясы кеңи түскенi, бизнес тақырыбына бүйрегi бұратын журналистердi дайындаудағы жiберiлетiн кемшiлiктер, iскер журналистикадағы маман тапшылығы туралы жан-жақты сарапталды.
Айтпақшы, "BizMedia" IЖО" Қоғамдық қоры Қазақстан Республикасының iскер өмiрiн насихаттау сапасын жақсартуға қабiлеттi бизнес пен БАҚ арасындағы өзара ықпалдастық нығайту мақсатында iскер БАҚ пен кәсiпкерлiк өкiлдерi арасында байқау жариялады. Сонымен қатар бұл сайыс елiмiздегi бизнес саласына маманданған журналистердiң және бизнес-журналистиканың сапасын жақсартуға ықпалы жүрген кәсiпкерлердi анықтауға, iскерлiк салаға бейiмделген журналистердiң кәсiби бiлiктiлiгiн арттыруға сеп болмақ. Байқауға қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарында 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 15 қазанға дейiн жарық көрген материалдар қабылданады. Қабылдау мерзiмi – 2008 жылдың 1 шiлдесiнен 15 қазанға дейiн. Арнайы сарапшылардан құрылған кеңес қабылданған материалдарды "Қазақстанның үздiк бизнес-басылымы", "Үздiк стиль", "Ай-мақтық БАҚ-тағы үздiк журналист" номинациялары бойынша, ал кәсiпкерлiк салада "Үздiк бизнес-спикер", "Үздiк баспасөз қызметi", "Үздiк корпоративтiк БАҚ" номинациялары бойынша сарапқа салмақ. Байқауға республикалық, облыстық, қалалық бұқаралық ақпарат құралдары, олардың журналистерi, корпоративтiк БАҚ, компаниялардағы баспасөз қызметiнiң өкiлдерi мен олардың баспасөз хатшылары, компаниялардың БАҚ-пен жұмыс жасауда белсендiлiк танытып жүрген топ-менеджмент өкiлдерi қатыса алады.
Бизнес саласына маманданған журналистердiң алғашқы форумына қонақ ретiнде шақырылған белгiлi саясаттанушы Досым Сәтпаев: "Жуырда Алматыда өткен медиа-форумда бiр экс-министр ханым "қаржылық дағдарыс болатынын неге елге алдын ала болжап, хабарламадыңдар" деп журналистерге қатты ренжiдi. Демек, билiк те, халық та журналистермен кәсiби бiлiктiлiк тұрғысынан алғанда, есептеседi, олардың пәрменiн мойындайды" дедi. Буыны ел тәуелсiздiгiмен бiрге қатайып келе жатқан қазақстандық бизнес-журналистиканың келешегiн "BizMedia" IЖО" Қоғамдық қоры арнайы байқау жеңiмпаздарын жариялайтын кезде, яғни, күзде тағы бiр рет таразы басына тартатын болып тарқасты.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ