"ШАҢЫРАҚТЫҚТАРДЫҢ" ШАҒЫМЫ ЕСКЕРIЛМЕДI
"ШАҢЫРАҚТЫҚТАРДЫҢ" ШАҒЫМЫ ЕСКЕРIЛМЕДI
Сонымен, шаңырақтықтар асыға күткен аппеляциялық сот процесi де мәресiне жеттi. Осы күндi тағатсыздана күткен бейбақ ана мен жүрегi жаралы жар темiр тордың ар жағында отырған баласы мен ер азаматын құтқарып қаламыз деп жан ұшырды. Алайда, ҚР Жоғарғы сотының қылмыстық iстер жөнiндегi алқасы бүгiнге дейiн жетелеп келген үмiт-тiлектерiне су сепкендей басқан.
Яғни, "Шаңырақ" ықшамауданында болған жаппай тәртiпсiздiктер кезiнде полиция қызметкерiн өлтiруге айыпты деп танылғандарға қатысты үкiм сол күйi өзгерiссiз қалдырылды. Естерiңiзде болса, 2006 жылдың 13-14 шiлдесiнде болған "Шаңырақтағы шайқасқа" шамамен 1,5-2 мың адам қатысып, бұл iс бойынша IIМ органдары қылмыстық жауапкершiлiкке барлығы 24 адамды тартқан болатын. Оның iшiнде оқиғаға тiкелей қатысы бар, белсендi 4 азамат, Арон Едiгеев 18 жылға, Құрманғазы Өтегенов 16 жылға, Рүстем Тұяқов 14 жылға, Ерқанат Тараншиев 15 жылға, яғни, полиция қызметкерiн кепiлдiкке алғаны және оны тiрiдей өртеу арқылы асқан қаталдықпен өлтiрдi деген айыппен сотталған-ды.
Алайда, бұдан бұрын негiзгi куәгерлер ретiнде жауап берген ағайынды Ибрагимовтердiң бiрi Бауыржан: "Шаңырақ" оқиғасы кезiнде бұл төрт азаматтың қандай iс-әрекет жасағанын көрген жоқпын. Тергеу және сот процесi кезiнде берген жауаптарымды полицияның мәжбүрлеуiмен айтқанмын" деп алғашқы айтқан ойынан айнығанын естiп-бiлсе де, Жоғарғы сот олардың пiкiрiн қайта сұрауға ниеттенбеген. "Шаңырақтың" аппеляциялық шағымын онлайн жүйесi арқылы үш күнге созған Жоғарғы сот сот процесiне қатысқан қоғамдық қорғаушылар мен сотталушылардың туған-туыстарын қанағаттандырмады. Бұл жолғы аппеляциялық сот процесiнен де түк шықпайтынын сезген олар жанын қоярға жер таппады. Тiптi, өрiмдей бозбала жiгiт Рүстем Тұяқовтың анасы Райхан апаның жүрегi қысылып, осындай күйге түскен баласының тағдырына балта шапқандарға лағнет айтып жатқанда, Жер-ананың кiндiгi қақ айрылып кететiндей күйде тұрды. Оқиға ары қарай қалай өрбидi? Сот үкiмi от пен судың ортасында қалған шаңырақтықтардың шағымын осы күйде қалдыра ма? Ол жағы әзiрге беймәлiм. Бiр бiлетiнiмiз, бұл мәселеге қатысы бар негiзгi айыпталушылар анықталып, опасызда от кешкен азаматтарды босатпайынша қара халықтың жан ашуы тынышталар емес.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ