АЛАЯҚ КОМПАНИЯЛАР ҚАШАНҒЫ АЛШАҢДАЙДЫ?

АЛАЯҚ КОМПАНИЯЛАР ҚАШАНҒЫ АЛШАҢДАЙДЫ?

АЛАЯҚ КОМПАНИЯЛАР ҚАШАНҒЫ АЛШАҢДАЙДЫ?
ашық дереккөзі
310

Былтырғы әлемдiк қаржы дағдарысы елiмiздi ғана емес, алпауыт құрылыс компанияларын да бiраз есеңгiретiп тастады. Әсiресе, Алматы, Астана секiлдi iрi мегаполистерде қат-қабат құрылыс жұмысын құлшына бастап кеткен компаниялардың кейбiрi үлескерлердiң ақшасын қағып алып, ақыры су аяғын құрдымға тiреп отыр. Тұрғын үй құрылысы уәде еткен уақытында бiтпей, күрт тоқтап қалғандығы 10 мың үлескердiң жүйкесiн тоздырып, жанайқайының күннен күнге қаттырақ естiлуiне әкеп соғуда.

Тiптi, елiмiздiң бас қалалары Астана, Алматыдағы кейбiр компанияларға оңай алданған үлескерлер ақшасын қайтара алмай дал болып, аштық жариялауға дейiн барды. Мұны көрiп, бiлiп отырған Үкiмет қол қусырып отыра берудi жөн көрмей, Алматыдағы жұмысы тоқтап тұрған үйлерге 22, 4 миилиард теңге қаржы бөлген. Бұл үлескерлердi қорғауға бағытталған мемлекеттiк бағдарлама бойынша бөлiнген қаржының алғашқы кезеңi. Ал, биыл жалпы тұрғын үй құрылыстарын аяқтауға 59 миллиард теңге қаражат қарастырылған. Қаржы "Қазына" тұрақты даму қоры арқылы банктерге берiлдi. Алғашқы кезеңде 14 құрылыс компаниясы қаржыландырылады деген. Айталық, олардың қатарында "Қуат" корпорациясы, "Аксель Холдинг", "НИКО" секiлдi т.б құрылыс компаниялары бар. Егер бөлiнген қаржы дiттеген жерге тиiмдi жұмсалып, құрылыс едәуiр қарқынды жүрсе, 2 ай iшiнде алты мыңға жуық пәтер пайдалануға берiлiп, 2640 үлескер баспаналы болады деп жоспарланған-тұғын. Құп делiк. Алайда, Үкiметтен құрылыс нарығына толассыз салынып жатқан инвестицияның себебiн түсiндiрiп берудi, сондай-ақ былтыр құрылыс компанияларын қолдау үшiн бөлiнген 4 млрд. доллардың қайда жұмсалғанын бiлгiсi келген үлескерлер әлi де арыз-шағым түсiрiп жатыр.

"АҚ АУЫЛ" ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫ ҮЛЕСКЕРЛЕРI БАРМАҚ ТIСТЕУДЕ

Алматыда қазiр тұрғын-үй құрылысына ақшасын төлеп қойып, опық жеп жүрген 10 мыңға жуық үлескер бар десек, 59 миллиард теңге қаражат осыншама жанның мұң-мұқтажын орындай ала ма? Жақында Алматы қаласының iргесiндегi "Ақ ауыл" құрылыс компаниясына қарасты "Премьера" тұрғын үй кешенiнiң бiр топ үлескерлерi баспасөз мәслихатын өткiзiп, айдың күннiң аманында күдiктi iс-әркетке барған құрылыс компаниясына, Елбасына өз наразылықтарын жеткiздi. Олар тiптi, кезiнде өздерi қомақты қаржы құйған құрылыс компаниясының Үкiмет назарына iлiккен, iлiнбегенiнен де, мемлекет тарапынан көмек ақшаны отандық банктер кiмге, қалай бөлiсiп жатқандығынан да бейхабар. Жаны шырылдап, тауы шағылған үлескерлердiң сөздерiне қарағанда, Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Қалқаман елдiмекенiндегi "Ақ ауыл" компаниясының "Премьера" тұрғын үй кешенi өз жұмысын былтырғы жылдың тамыз айында тоқтатқан. Кезiнде нысанның алғашқы кезегiн 2008 жылдың аяғында тапсырамыз деп құрғақ уәде берiп, жалған сөзбен құтылып жүрген компания басшылары бүгiнде үлескерлердiң үмiтiн аяққа таптап, тiптi, арнайы кездесу өткiзiп, мәселенiң мән-жайын ашып айтуға ешқандай ниетi жоқтығын байқатқан. Не де болса, бiр тұщымды жауапты басшының өз аузынан естiгендi жөн санаған үлескерлер талай рет табанын тоздырса да, үмiттерiн еш үзбедi. Алайда, "Шыдамның да шегi бар" деген олар құрылыс компаниясының мемлекеттен көмек алу жөнiнде, инвестор тарту жөнiнде ешбiр әрекет жасап бақпағанына көзi жетiп, "Адам құқықтарын қорғайтын хартия" жанынан "Ақ ауыл" құрылыс компаниясы үлескерлерiнiң құқығын қорғайтын ынталы топ құрды. Әбден ашу мен ызаға булыққан үркердей топ талаптары орындалып, баспана мәселесi шешiлмесе, 6-шiлдеде кемiнде 2 мың адамның алаңға шығып, шеру өткiзетiнiн жеткiздi. Егер "Ақ ауыл" компаниясы нысандарының құрылысын қаржыландыру жөнiндегi мәселе жақын күндерi тығырықтан құтылмаса, бұның салдары түрлi жағдайға бастауы мүмкiн. Сондықтан да аузы күйген үлескерлер "Премьера" тұрғын үй кешенi салынып жатқан Алматы және Алматы облысы әкiмдiктерiнен шара қолдануды талап етiп отыр.

Ынталы топтың жетекшiсi, үлескер Амангелдi Шорманбаевтың айтуынша, 2007 жылы үлескерлер туралы заң шыққаннан кейiн құрылыс компаниясы арнайы сақтандыру компанияларымен келiсiмшарт жасаған. "Содан кейiн құрылыс компаниясы үлескерлердiң қолына сертификат берiп, "егер бiр жағдай орын алатын болса, сақтандыру компаниясы ақшаларыңызды қайтарып бередi" десе де, ол үшiн "АТФ-полис" сақтандыру компаниясына ақша аудармаған боп шықты. "Жарамсыз" дейдi ашынған үлескер. Ал, екi баласы, мүгедек күйеуiмен пәтер жалдап күнiн көрiп жүрген Ғалия Тұқбаева: "Ақ ауыл" корпорациясы үлескерлердiң сенiмiн тек жарнамамен ғана емес, бiр тiлiм сақтандыру қағазымен жаулап алды. Сенгенiм соншалық, 100 пайыз ақшамды, яғни, 130 мың долларды 2007 жылдың сәуiр айында-ақ төлеп тастадым. Одан берi, тiптi үйдiң iргетасы да қаланбаған" дейдi өзi несиеге белшесiнен батқан үлескер.

Негiзiнен "Премьера" тұрғын үй кешенiнде 700-ден астам үлескер бар. Олардың басым бөлiгi 100 пайыз ақшасын әу баста-ақ төлеп қойған. Өздерi тектес басқа да мұңдастарына қарағанда нақты қадамдарға барып отырған "Премьера" үлескерлерi "Ақ ауыл" корпорациясы акционерлерiнiң бiрi — Қазақстан ассамблеясы атынан сайланған Мәжiлiс депутаты Виктор Цойдың қаншама үлескердi зар қақсатып қойғанымен қоймай, бiр ғана мекеменiң алдында жауапкершiлiгiн арқалай алмаған адам бүкiл елдiң келелi мәселесiн қалай көтермек?" дейдi. Қысқасы, олар Елбасының атына жолдаған үндеуiнде В.Цойды мандатынан айыру туралы өтiнiш жасап, халықтың ақысын жеген адам Парламентте отыруға лайықты емес деген тоқтамға келiп отыр. Өйткенi, "Ақ ауыл" корпорациясының Алматыдан бөлек Астанадағы үлескерлерi де 2004 жылдан берi аяқсыз қалған тұрғын үй сергелдеңiнiң соңында жүргендiгiнен ел-жұрт хабардар. Бiр Астананың өзiнде құрылысқа ақша салып, қаржыдан қағылғандар қатары 33 мыңға жуық екен.

Сонымен, ушыққан мәселе ретке келмесе, "Үлескерлер қауымдастығы" елiмiздiң әр аймағындағы 100 мыңға жуық тағдырластарының басын бiрiктiрiп, республикалық деңгейде аштық шарасын өткiзбек. Олар: "Үкiмет бар талап-тiлегiмiздi 6-шiлдеге дейiн орындамаса, Астананың туған күнiнен кейiн бiздi керек те қылмайды. Бiзге тек көшеге шығу ғана қалды" дейдi ақшасының далаға ұшқанына күйiнiп.

ҮЛЕСКЕРЛЕР ҮЛЕСIН АЛАДЫ ДЕСЕК ТЕ…

Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмов Алматыға келген iс-сапары аясында шырылдаған үлескерлердiң мәселесiн ұмытқан жоқ. Алматыдағы тұрғын үй үлескерлерiне Үкiмет тарапынан көмек көрсетiлетiн болды. Үкiмет Алматыдағы 10 мыңға жуық тұрғын үй үлескерлерiн қолдау үшiн бөлiнген 59 миллиард теңгенiң 22,4 миллиардын аударды. 17 миллиарды үшiншi тоқсанда, қалған 7 миллиарды төртiншi тоқсанда бөлiнбек. Сәтiн салса, жақын арада үлескерлердiң көпшiлiгiнiң мәселесi шешiлуi бек мүмкiн. Ал иығына жүктеген мiндетiн орындай алмай, Алматыдағы 730 үлескердiң қаржысын өз қалауынша талан-таражға салған "Қуат" пен "Қазстрой" секiлдi жарнамасы жер жарған 6 алпауыт құрылыс компаниясы Үкiметтiң қаһарына iлiгiп, қала әкiмшiлiгiне олардың iсiн сот арқылы шешуге тапсырма бердi. "Алматыинвест" пен "Верный.кz" құрылыс мекемелерiнiң үстiнен қылмыстық iс қозғалды. Кезiнде пайда табу үшiн қанағаттан аттап кеткен құрылыс компаниялары бұдан былай тиiстi жазасын алып отырмақ.

Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмовтiң айтуынша, кей құрылыс инвесторлары үлескерлер алдындағы борышын өздерi өтейтiн болады. Алайда, араны ашылған компаниялардың жаттанды уәдесiне қарны тойған үлескерлердiң ертеңгi күннен үмiтi бар десек те, "Қазына" қорынан бөлiнген 22, 4 миллиард теңге қаражаттың тек 3 мың үлескердiң ғана жыртығын жамауға қауқары жететiн көрiнедi. Арты дауға айналып үлгерген үлескерлер жанашуына байланысты жоспарланған қаражатты түгелдей аударып, мәселенi көп созбай, тез арада бiржола нүкте қою қажеттiгiн ашып айтқан премьер-министр: "Бұл проблеманы түбегейлi шешу керек. Бiз қолдан келгеннiң бәрiн жасаймыз. Өз мiндетiн адал атқарып жатқан үлескерлерге қажеттi қаражат уақтылы бөлiнетiн болады. Ендiгi кезекте оны үлестiру тетiктерiн ойластыру қажет. Сондықтан алматылық үлескерлерге уайымдаудың, абыржудың еш ретi жоқ. Заң бар, жөнге келтiремiз" — дедi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары