БАТЫР БАБА МҮСIНI БОЙ КӨТЕРМЕК
БАТЫР БАБА МҮСIНI БОЙ КӨТЕРМЕК
Елорданың тойына қызу дайындық жасалып жатыр. Қазақ елiнiң, қазақ астанасының тойына бүкiл республика жұртшылығы атсалысуда десек, артық айтқандық болмас.
2010 жылы қазақтың бiртуар ұлы, қоғам қайраткерi, батыр Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толады. Осыған орай, қазiрдiң өзiнде көптеген iс шаралар атқарылуда. Соның бiрi "Бауыржантану" орталығы құрылып, ғалымдар батырдың 30 томдық жинағын әзiрлеу үстiнде. Осыған орай, Елорданың тойына жамбылдықтардың шашу ретiнде батыр бабаның мүсiнi бой көтермек. Шiлденiң екiсi күнi еңселi ескерткiштiң салтанатты түрде ашылу рәсiмi өтедi.
Биiктiгi 2 метр, төрт кешеннен тұратын субұрқақ құрылысының жұмысы қызу жүрiп жатыр. Қарағандылықтар Елорда тойына сый ретiнде ұсынатын субұрқақтың ерекше болатын түрi бар.
Субұрқақ Астананың орталығындағы цирк алаңында орын тебедi. Биiктiгi 2 метр болатын субұрқақ әртүрлi жанрдағы цирктiң образдарымен суреттелетiнiмен де ерекше. Субұрқақты тұрғызу жұмыстары белгiленген мерзiмге сай жүргiзiлуде. Қарағанды облысының әкiмiнiң орынбасары Берiк Қамалиевтiң пiкiрiне қарағанда, субұрқақтың құрылысы 20 маусымда аяқталуға тиiс.
Мерейтой қарсаңында Астана қаласының әкiмшiлiгi "Астана 10" атты интернеттегi жеке сайтын ашты.
Астананың жеке сайтында мерейтой қарсаңында өткiзiлетiн iс-шаралар төңiрегiнде хабардар болуға мүмкiндiктер бар. Онда Астана қаласының тарихынан бастап, бүгiнгi күнге дейiнгi атқарылған шаралары да қамтылып отырады.
"Астананың тойы — барша қазақтың меркесi. Бұл әсiресе, астаналық облыс саналатын Ақмола үшiн асқақ абырой", — дейдi ақмолалықтар.
Ақмолалықтар Астананың 10 жылдығын айрықша атап өттi. Қаланың алаңдары мен саябақтарында өткен мәдени-спорттық шараларға қала тұүрғындары көп жиналды. Сондай-ақ, бұл күнi "Бiз сенiмен бiргемiз, Астана" атты веложарыс та ұйымдастырылды.
"Тәуелсiздiк" алаңындағы тойда балауса балдырғандар да өз өнерлерiн ортаға салды. Көкше көгiнде қалықтаған Астананың 10 жылдық мерейтойы ән мен жырдың кешiне айналды.
Астананың тойынан Алматы облысы да тыс қалмады. Елорданың он жылдық мерекесiне орай, облыс орталығы Талдықорған қаласында "Ел жүрегi — Астана" атты мерекелiк жиын өттi.
Шырайлы шаһардың орталық алаңына жиылған қауымда шек болмады. Жер-жерде ұйымдастырылған өнер байқауының жеңiмпаздары мен Жетiсу өңiрiнiң танымал әншi-жыршылары Астана туралы ән шырқады. Қолөнер шеберлерi мен фото әуесқойлардың көрмелерi Елорданы әр қырынан көрсетуге арналды. Мерекелiк кеште Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлерiнiң бiр тобына Астананың 10 жылдығына орай шығарылған мерекелiк медаль тапсырылды.
Астананың он жылдығына арналған спорттық мәдени шараның бiрi — мемлекеттiк қызметкерлер арасында өткен облыстық бiрiншi спартакиада осы күнi мәреге жеттi. Сегiз күнге созылған бәсекеде мемлекеттiк қызметкерлер спорттың сегiз түрiнен бақ сынасты. Соңында облыстық әкiмдiктiң командасы бас жүлденi қанжығасына байлады.
Дайындаған Гүлзина БЕКТАСОВА