ЖЕБЕДЕЙ ҰШҚАН ЖЕЛ АЯҚ

ЖЕБЕДЕЙ ҰШҚАН ЖЕЛ АЯҚ

ЖЕБЕДЕЙ ҰШҚАН ЖЕЛ АЯҚ
ашық дереккөзі
266

ЖАЛТ ЕТКЕН ҒҰМЫР

Жақында Алматыдағы орталық стадионда Ғұсман Қосановтың мемориалы өттi. Даңқты желаяқтың атындағы халықаралық жарыс осымен 18-рет өтiп отыр. Ғұсман Қосанов — Олимпиада медалiн мойнына таққан тұңғыш қазақ. Ол 1960 жылғы Рим олимпиадасында эстафеталық құрамда күмiс медаль iлiп түстi. Кеңес Одағының рекордын бiрнеше рет жаңартты. Семей өңiрiнiң шалғайдағы ауылында дүниеге келген Ғұсман Қосанов жарқ етiп Олимпиада төрiне шықты. Дүниенi ду еткiзген, жебедей ұшқан сол желаяқтың ғұмыры тым қысқа болды…

Қарапайым ғана отбасында дүниеге келген Ғұсманның балалық шағы футбол ойнаумен, баскетбол добын лақтырумен, қыс болса шаңғы тебумен өттi. Қай спорттың түрiмен айналысса да жанын жеп, тұстастарынан озып, оқшау шығатын. Жетiншi сыныпты бiтiрiсiмен-ақ Семей қаласындағы темiржол училищесiне түстi. Училище қабырғасында жүрiп бiлiм шаңырағының намысын қорғады. 1952 жылы Семейде өткен шаңғышылар жарысының чемпионы. Ал әскер қатарында жүрген кезде спортпен ерекше айналысты, аузы дуалы бапкерлердiң назарына түстi. 1957 жылы Одессада өткен әскери округтың бiрiншiлiгiнде топ жарып, 100 метр қашықтықты 10,5 секөнтте, 200 метрдi 21,7 секөнтте жүгiрiп өттi. Көп ұзамай топтан озған жүйрiктi Кишиневке ауыстырады. Әскери қызметiн жалғастыра жүрiп бапкер А.Масловскийдiң жетекшiлiгiмен шеберлiгiн шыңдайды. Кеңес Одағының құрама командасына алынады…

Айбар мүйiз асыл аға жалғаннан озды, халқы жоқтау айтып қала бердi. Ғүсекеңнiң бес күндiк жалғанмен тым ерте қоштасқаны қазақтың тағы бiр асқан желаяғы Әмин Тұяқовты жиi ойға түсiретiн. Кеше ғана құйын үйiрiп қатар жүгiрген сыңары бүгiн жоқ. Әбекең Ғұсман Қосанов сияқты асқан таланттың атын мәңгiлiк есте қалдырудың қамын жасау керек деп ой тастады. Әрiптестерi бiрден қолдады. Әмин Тұяқов, Владимир Зыков бастаған абзал азаматтар бiрден iске кiрiстi. Басшылардың ырғалып-жырғалып жүргенiн күткен де жоқ. Әмин Тұяқов туған топырағына тiке тартты. Әбекеңнiң азаматтық iзгi ойына ұйыған жерлестерi қаржылай көмектерiн ұсынды. Сөйтiп, Әмин Тұяқов бастаған азаматтардың арқасында Ғұсман Қосанов мемориалы дүниеге келдi. Әбекең екi жыл бойы жарыс өткiзу үшiн қаржы iздеп елiне сапар шектi. Кейiн спорт жарыстарының күнтiзбесiне ендi. Қазiр Ғұсман Қосанов мемориалына iргедегi көршiлердi қойып, қиырдағы Тайландтан да спортшылар келетiн болды. Жыл өткен сайын жарыс беделi көтерiлiп келедi.

ДҮБIРЛI ЖАРЫС

Бұл жолғы халықаралық жарысқа Иран, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркiменстан, Тәжiкстан, Тайланд, Шри-Ланка елдерiнiң топтан озған жеңiл атлетика шеберлерi келiптi. Биылғы жарыстың да жөнi бөлек. Иек астында Пекин Олимпиадасы! Кез келген спортшының осы жарыста Олимпиадаға жолдама алуға мүмкiндiгi бар. Тек Олимпиадаға жолдама беретiн межелi биiктiктi бағындыруы керек.

Жарыстың ашылу салтанатында Туризм және спорт министрлiгi спорт комитетiнiң төрағасы Анатөлi Құлназаров, Республика жеңiл атлетика федерациясының президентi Павел Новиков, Алматы қалалық денешынықтыру және спорт басқармасы бастығының орынбасары Сәрсен Құранбек спортшыларға iзгi тiлектерiн айтып, сәттiлiк тiледi. Сәлден кейiн-ақ Алматының орталық стадионында жеңiл атлетиканың барлық түрiнен қызу тартыс басталып кеттi. 100 метрлiк қашықтықта кедергi арқылы жүгiрген қазақстандық Анастасия Пелепенко мен Наталья Иванинская дара келдi. Екеуi де "А" тобына қажет мөлшердi еркiн бағындырды. Анастасияның көрсеткiшi — 12,81 секөнт, Наталья жеткен белес — 12,82 секөнт. Анастасия бұған дейiн-ақ 12,73 секөнт көрсеткiшпен жолдаманы жеңiп алған болатын. Екi қыз спринтерлiк қашықтықта Пекин олимпиадасында елiмiздiң намысын қорғайтын болады. Пелепенко 100 метрлiк кедергiсiз қашықтықта да жолдаманы қоржынға салғанын естерiңiзге сала кетейiк. Өкiнiшке орай, осы қашықтықта ерлер арасынан Пекин Олимпиадасында сынға түсетiн спортшы табылмай тұр. Тағы бiр қуаныш — үш секiруден Елена Парфенованың жеңiсi. 14 метр 33 сантимердi артқа тастап қарғыған спортшы қажеттi межеден әлдеқайда артық секiрдi. Елена ендi Пекинге келген мықтылармен сынға түседi.

Кейде жолдаманың тағдырын бiр сүйем қашықтық та шешедi. Тобынан озып диск лақтырған ирандық Аббас Самимиге бар болғаны 8-ақ сантиметр жетпей қалды. Шырқата лақтырған дискiнiң түскен жерi — 62,42 метр. Диск лақтыруда үшiншi орынға табан тiреген қазақстандық Евгений Лабутовтың көртсеткiшi — 55,83 метр. Найза лақтырудан жүлделi үш орынды да өзбек спортшылары иелендi. Бiрақ бiреуi де олимпиадаға жолдама беретiн межеге маңайлай алмады. Бiздiң бiр спортшы жетiншi орынға әрең қол жеткiздi. Сымға байланған темiр шарды 79,05 метрге құйындата лақтырған Дильшот Назаров тәжiк елiнiң намысын Пекинде қорғайтын болды.

ҰРПАҚ ДЕНСАУЛЫҒЫ БӘРIНЕН ҚЫМБАТ

Даңқты желаяқты еске алу құрметiне өткiзiлген дәстүрлi жарыста Пекин олимпиадасын арман еткен талай спортшы бағын сынады. Жолдаманы жеңiп алудың өзi оңай емес, меже өте жоғары. Екiнiң бiрiнiң қолы жететiн биiктiк емес. Ал бiзде бағы жанбай, бабы келмей жүрген спортшылар әлi де жеткiлiктi. Алмағайып қиын кезеңде талай тәжiрибелi бапкер сыртқа кеттi. Бапкер тапшылығы жыл өткен сайын анық байқалып келедi. Бапкерлер дайындайтын арнайы оқу орны қайда?! Арнайы факультет ашу керек. Алматыдағы спорт және туризм академиясында жеке жеңiл атлетика кафедрасы жоқ. Бұл жерде суға жүзу, гимнастика, жеңiл атлетика бiр желiге байланған. Салынып жатқан спорт ғимараттары тағы жоқ. Оның есесiне қарапайым адамның қолы жетпейтiн, өте қымбат, әйнектi биiк үйлер Алматы халқының тынысын тарылтып барады. Бұл қалай? Кiмге керек сол үйлер? Бiзге спорт тек олимпиада кезiнде ғана керек пе, осы?! Медаль қуып, рекорд қуып кеткен жоқпыз ба?! Спортты балалардың спорт мектебiнен бастаған абзал. Спорт мектептерiн, спорт ғимараттарын көбейту қажет. Сонда ғана бiз болашақ ұрпақты жаман жолдан арашалап қаламыз. Ұлттың денiнiң саулығы керек бiзге. Олимпиада алтыны керек бiзге, бiрақ ұлттың денсаулығы одан қымбатырақ. Республикада спорттың барлық түрлерiн дамытуды Үкiмет деңгейiнде қолға алатын мезгiл жеттi. Қаңғыбас балалар, наркоман жастар, түнi бойы компьютер клубтарынан шықпайтын ұрпақты арашалау — парыз. Сәндi, жайлы ғимараттардағы спорт түрлерiмен құлшына айналысар-ақ едi-ау сол ұрпақ. Әттең, ондай ғимараттар жоқ қой. Әжесi немерелерiн үлкен үмiтпен жетелеп әкелетiн жер қайда?! Спорт мектептерi бар, бiрақ өте аз. Барының өзiнiң тозығы жеткен. Жас ұрпақты магниттей тартып, қызықтырып тұратын спорт мектептерi керек.

Жарыстың жақсы өтуiне федерация басшылары күш салды. Спортшылар, бапкерлер тарапынан жарыс кезiнде ешқандай наразылық байқамадық. Сондықтан да Ғұсман Қосанов мемориалында әлi талай рекордтар тiркелетiнiне сенiмдiмiз…

Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары