"СИТИЛЕРДIҢ" ЖОБАСЫ ДАЙЫНДЫҚ YСТIНДЕ

"СИТИЛЕРДIҢ" ЖОБАСЫ ДАЙЫНДЫҚ YСТIНДЕ

"СИТИЛЕРДIҢ" ЖОБАСЫ ДАЙЫНДЫҚ YСТIНДЕ
ашық дереккөзі
261

Әкiм мен әкiм кездестi

Алматы қаласы мен облысы бiр-бiрiнен бөле-жара қарауға болмайтын, аралас-құраласып бiрге жатқан елдiмекендердiң санатына кiредi. Шындығында да Алматының маңайындағы мөлтек аудандардың көбi облысқа кiргенiмен, тыныс-тiршiлiгi, қам-қаракетi оңтүстiк астанадан алыс кете алмайды. Қызметi мен жұмысы қаланың iшiнде, тұрғылықты мекенi қаланың сыртында, барып-келiп жұмыс жасап жатқандардың саны күн өткен сайын артып келедi.

Ал, оған Алматы облысына қарайтын табиғаты тамаша, жайлы саябақтарды қосыңыз. Алматының кез келген тұрғыны күн сайын болмаса да, аптасына бiр рет көрiктi мекендерге аяқ басып, демалып қайтуға тырысады. Ал, қала болса, облыстан ағып келе жатқан өзен-көлдердiң суларын молынан пайдаланып жататыны да жасырын емес.

Алатаудың етегiндегi көрiктi Медеу шатқалы мен Шымбұлақ тау шаңғысы курортының өзi қала игiлiгiне айналғаны қашан… Бүгiнде ауқымды шаралар атқарылып жатқан аталмыш демалыс орындары мен Алматы технологиялық паркi, "Боралдай сақ қорғандары" археологиялық паркi, Көктөбедегi зәулiм мешiт облыспен бiрлесе отырып, жүзеге асырылып жатқан ауқымды шара¬лар. Оған қаланың маңайындағы жетi аудан мен Есiк, Талғар, Қапшағай және Қаскелең сияқты шағын қалаларды қосыңыз. Ол қалалар мен аудандардың да тұрғындарының тұрмыс-тiршiлiгi, кәсiбi алып қаламен тығыз байланысты екенi тағы белгiлi.

Осылай бiр-бiрiмен бiте қайнасып, астасып жатқан Алматы мен облыстың басшылары өткен жұмада бас қосып, бiрқатар мәселелердiң басын ашып, шешiмiн табуға тырысты. Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов пен Алматы облысының әкiмi Серiк Үмбетов бас қосқан жиында қаланың бас жоспары талқыланып, облысқа тиесiлi маңайдағы шағын қалалардың да жай-жапсары сөз болды.

Екi бiрдей әкiмнiң басын қостырған мәселенiң ең бастысы – Алматы қаласына жақын орналасқан аумақтарды дамытудың Бас жоспарын жасаудың қажеттiлiгi болды. Серiктес төрт қаланың жобасы биылғы жылдың желтоқсан айына дейiн жасалуға тиiс. "Гран сити", "Гроун сити", "Голден сити", "Гейт сити" қалаларының инфрақұрылымы мен инженерлiк техникалық мүмкiндiктерi, оның жасалу технологиялары туралы да сөз қозғалды. Әзiрге қала маңайында пайда болатын шағын қалашықтардың аттары әлгiндей. "Қазақы ат қоюға болмас па едi?" деген ой көңiлiмiздiң түкпiрiнде қалып қойды. –"Ситилерден" гөрi қазаққа, халыққа ыңғайлы ат қойылса, естiр құлаққа да жағымды әсер етер едi-ау," дестiк iштей.

Екi әкiмнiң басын қосып, қала аумағындағы аймақтардың сызба-жобасын көрсеткенде де көзiмiз жеткен бiр нәрсе, жобалардың барлығы дерлiк ресми тiлде дайындалғандығы болды. Он жетi жыл бойы қазақша нұсқасын әзiрлеп шығару мүмкiн болмаған сияқты. Соншама жылда қазақшаға ауыспаған карталар қашан мемлекеттiк тiлде сөйлейтiнiн бiр құдай бiледi. Көңiлiмiз жабырқау тартып тұрғанда, әйтеуiр қала маңайындағы аумақтардың жоспарын көрсеткенде ғана екi тiлде жазылғандығын көрiп, өзiмiздi өзiмiз жұбаттық.

Ең бастысы, сызба-жобалармен танысып жүрген кезде көз жеткiзген тағы бiр нәрсе, келешекте қала маңайы адам танымастай өзгеретiндiгi. Қазақтың қаласының дамығанына кiм қуанбасын, көз алдымызда әсем Алматымыз құлпырып кеткендей, бiз де бiр жасап қалдық.

Қала мен облыс үшiн ең үлкен мәселелердiң бiрi – жол екендiгi тағы белгiлi. Бұл ретте алдымен Алматының үлкен айналма автомобиль жолының құрылысы туралы да сөз қозғалды. Ұзындығы 65 шақырымды құрайтын бұл тас жолдың басы қазiр қолданыстағы Алматы-Қордай бағытындағы республикалық маңыздағы автомобиль жолының 23 шақырымынан бастау алып, одан шығысқа қарай Боралдай-Шилiкемер-Ащыбұлақ-Покровка кенттерi арқылы өтедi де, Алматы -Талғар автомобиль жолының 21-шақырымынан шығады екен. Тағы бiр өкiнiштi жайт, бүгiнде Алматының үлкен айналма автомобиль жолы салынатын аумақта көп жерлер жекеменшiкке сатылып кеткен. Ал, оларды қайтып сатып алудың өзi орасан зор қаржыны талап ететiн көрiнедi.

Бас қосуда айтылған тағы бiр жағымды жаңалық, Алматы облысы аумағымен Атырау-Қытай газ құбырының өтуi болды. Егер бұл газ құбыры өтетiн болса, Алматы мен Қапшағайдың арасындағы елдiмекендердi газдандыру мәселесiн де тиiмдi шешпек. Алматы қаласының iркiндi суларын пайдаға асыру, тiптi күл-қоқыстар мен қалдықтарды төгетiн жаңа орындар да белгiленiп отыр.

Кеңес ары қарай әкiмдiктiң мәжiлiс залында жалғасын тапты. "Алматы – елiмiздегi ең үлкен қала. Ол Қазақстанның дамуына үлкен ықпал етiп отыр және мегаполис елiмiздiң қаржы, мәдениет орталығы саналады. Қазiр мұнда республиканың мемлекеттiк дамуын қамтамасыз ететiн көптеген мәселелер қордаланып қалған. Сол себептi Алматының дамуы ең алдымен елiмiз үшiн пайдалы. Осы ретте айта кетуiмiз керек, мұндай маңызды да ауқымды мәселе көтерген кездесу бұған дейiн сонау 1993 жылы Алматы қаласына марқұм Заманбек Қалабайұлы әкiм болып тұрған кезде өтiптi. Одан кейiн болмаған екен. Сондықтан да мұндай басқосулар ендi жиi өтiп тұрады деп ойлаймыз. Бұл ретте осыған дейiнгi бiржарым ай iшiнде бүгiнгi көтерiлiп отырылған мәселелер бойынша екiжақты көптеген кездесулер өттi. Ендi соларды қорытындылап, бiр шешiмге келуiмiз қажет" дедi кездесу барысында қала әкiмi Ахметжан Есiмов.

Ең бастысы, үйлестiру кеңесiне жүктелген негiзгi тапсырманың бiрi Алматы қаласының төңiрегiнде заңсыз үй салуға тыйым салу жолын қарастыру болды. Осыған байланысты қала әкiмi Ахметжан Есiмов: "Келесi жылдың соңына дейiн, қала төңiрегiндегi аумақты дамытудың Бас жоспары жасалып болғанша – ол жерлерде қандай да болмасын құрылыс жұмыстарын (мемлекеттiк жоспарға iлiнген жобалардан басқа) жүргiзуге тыйым салынуы керек" екендiгiн нақтылап айта кеттi.

Әкiм мен әкiм жүздескен кездесуде қала мен облыс арасындағы қарым-қатынасты жандандыру үшiн екiжақты келiсiмге қол қойылды. Ендiгi мiндет, бiр-бiрiмен бiте қайнасқан, бөле-жара қарауға келмейтiн қала мен облыстың дамуында көздеген межеден шығу ғана.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары