ӘЛЕМ ӘЙЕЛДЕРIНIҢ САММИТI

ӘЛЕМ ӘЙЕЛДЕРIНIҢ САММИТI

ӘЛЕМ ӘЙЕЛДЕРIНIҢ САММИТI
ашық дереккөзі
426

Үстiмiздегi жылдың 25-26 маусымы аралығында Қазақстанның Iскер әйелдер ассоциациясы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлiгi мен БҰҰ Әйелдер даму қорының қолдауымен, Астана қаласында II Еуразиялық Әйелдер саммитiн ұйымдастырады. Әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен жиналатын әйелдер қауымы нәзiкжандыларға қатысты өзектi мәселелердi талқыға салумен қатар "Көсемдер шеруiн" өткiзбек.

Осыдан екi жыл бұрын, яғни, 2006 жылы ұйымдастырылған алғашқы саммитке қатысушылар әлемнiң 20 мемлекетiнен жиналған болатын. Елорданың 10 жылдық мерейтойының құрметiне орай өткiзiлгелi отырған екiншi басқосуға 400-ге жуық қыз-келiншек шақырылған. Қазақстан, АҚШ, Ресей, Германия, Ұлыбритания, Латвия, Өзбекстан мен Қырғызстан сияқты басқа да елден келетiн қоғам қайраткерлерi, саясаткерлер мен кәсiпкерлiк саласындағы әйел басшыларды саммит шеңберiндегi бiрнеше бағдарлама күтiп тұр. БҰҰ Бас хатшысының Гендерлiк саясат пен әйелдердiң ахуалын жақсарту мәселелерi жөнiндегi орынбасары Рейчел Маянджа, «ҚР Тұңғыш президентi» қорының жетекшiсi Дариға Назарбаева, Германия Бундестагының депутаты Вегенер Хеди, Латвия мен Өзбекстанның Iскер әйелдер ассоциациясының президенттерi Ирена Петерсон мен Дильдор Әлiмбековалар саммитке қатысатындықтарын ендiгi мәлiмдеп үлгерген.

Нәзiкжандылар бас қосатын кеңесте "Өзара ынтымақтастық арқылы даму" атты халықаралық конференцияда гендерлiк саясаттың ахуалы, еңбек нарығы мен кәсiпкерлiктегi бәсекелестiкке төтеп беру мен жетекшi орынды иемдену жайлы, сондай-ақ, кәсiпкерлiк пен жастардың арақатынасын салмақтай отырып, тәжiрибе алмасуға ден қойылады. "Көсемдер шеруiнде" кәсiби бiлiктiлiк пен саясат шыңына ақ адал еңбегiмен әрi жетiстiктерiмен жеткен ханымдар қауымы көпшiлiктiң көзайымына айналады. Ал көсемдiкке қол жеткiзудiң жолы, қаржылық тәуелсiздiк, қорды басқару мәселелерiн сөз ететiн мастер-кластар – дүние жүзiне танымал бизнес-тренерлер тарапынан жүргiзiлмек.

Екi күнге созылатын саммиттi "Ажар" Қазақстан әйелдерiнiң жетiстiгiн қоғамдық мойындау ұлттық сыйлығы" аталатын республикалық байқаудың жеңiмпаздарын Марапаттау шарасы қорытындылайды. Төртiншi рет өткiзiлгелi отырған бұл байқауда 10 номинация бойынша ең үздiк деген 100 қыз-келiншек таңдалады. Мыңнан жүйрiк шыққан жүздiктiң аты-жөнi "Ел әйелдерiнiң жетiстiктерi" деген кiтапқа енгiзiлсе, 10-ы "Ажар" ескерткiшiмен және дипломымен мадақталады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары