ТҮЙМЕБАЕВ МӘСIМОВТIҢ ҚЫРЫНА IЛIКТI
ТҮЙМЕБАЕВ МӘСIМОВТIҢ ҚЫРЫНА IЛIКТI
Ұлттық бiрыңғай тестiлеуге төртiншi жыл. Осы үрдiс бiлiм жүйесiне енгiзiлгелi берi мұның аясындағы күбiр-сыбыр әңгiме еш саябырсыған емес. Мектеп түлектерiне түрпiдей көрiнетiн сынақта жыл сайын өзгерiс. Әуелгi кезде ең төменгi балдық сан 40 балдан кем болмауы тиiс болса, былтырдан бастап бұл меже 50-ге көтерiлсе, биыл "жыртыққа жамау қылып" қазақ мектебiнiң түлектерiне орыс тiлiнен тест тапсыруды мiндеттедi. Қанша жерден наразылық танытып, қарсы пiкiр айтылғанмен елге сiңiсiп үлгермеген оралмандар мен қазағы кеп қоныс тепкен орта түлектерiнiң жанайқайына министрлiк пысқырып қарамады да. Хош, бұл басқа мәселе. Бiздiң айтпағымыз — мектеп түлектерiн ұлардай шулатып, жаздың аптап күнiн одан ары қайната түскен ұлттық бiрыңғай тестiлеудiң (ҰБТ) аңызы мен ақиқаты жөнiнде.
Сонымен, маусым айының 5-10 аралығында елiмiздiң 154 пунктiнде орын алған ҰБТ-ның шулы дүбiрi басылар емес. Бiлiм және ғылым министрi талап пен тәртiптi жыл сайын қатаңдатып жатса да, заңсыздықтар мен келеңсiздiктердiң орын алып жататыны әдеттегiдей жағдайға айналған. Мәселен, былтырғы жылдың өзiнде министрлiк тiзгiнiн қолына алған Ж.Түймебаев "ҰБТ жауаптарының коды мемлекеттiк құпия құжаттарының санатына енгiзiлдi" деп ағынан жарылса да, ҰБТ-ның алғашқы күнi-ақ жер-жерден тест жауаптарын қыруар ақшаға сатқан алаяқтар анықталған-ды. Әрине, бұған басқа емес, министрлiк қоластындағы қызметкерлердiң қатысы бар екенi даусыз. Министрлiкке келе сала ыңғайсыз жағдайға тап болған Түймебаев биылғы жылғы ҰБТ-ға бар қажыр-қайратын үйiп-төккен сынды. Бiрақ та "Қалауын тапса қар жанатын" пысықайлар бұл жолы да өз дегенiн iстеп бақты. Яғни, тестiлеу басталмай-ақ мемлекеттiк құпияның кодын жариялап, алаяқтыққа барған қылмыстық топ қауiпсiздiк комитетiнiң тергеу абақтысына қамалып, үстерiнен қылмыстық iс қозғалды. Алайда, Түймебаевтың: "Биыл былтырғы жылға қарағанда тест сұрақтарын сату оқиғасы тiркелген жоқ. ҰБТ енгiзiлгелi берi алғаш рет ҰҚК-мен бiрлесе отырып әдiлдiкке қол жеткiздiк. Дайын жауаптардың кiлтсөздерiн сатуға жол берiлмедi" деп айтқан жүрекжарды сөзi қайда қалған?
Бұл бұл ма, Алматыдағы 8 пункттiң бiрiнде техникалық ахау орын алып, ҰБТ варианттарының жауаптары шатастырылып, тiптi, талапкер белгiлеген жауап тiркелмей қалғандықтан бiр ғана оқу орнында тест тапсырған 715 талапкердiң 400-i аппеляциялық комиссияға шағымдануға мәжбүр болған. Үш күннiң iшiнде елiмiз бойынша аппеляциялық комиссияға 3 мыңнан аса шағым түскен. Нәтижесiнде "Алтын белгiден" үмiткер 3320 оқушының 80 пайызға жуығы бұл дәрежеге лайық екендiктерiн дәлелдей алмаған. Тiптi, 11 жыл бойы үздiк оқып келген түлектiң денi 40 балдық межеге жетпегенi қызық болды. ҰБТ-ға сақадай-саймыз деп өзiне сенiмдiлiк танытқан министр сынақ басталған алғашқы күнi-ақ, яғни, ұлттық тест орталығының мамандары сорақы келеңсiздiктермен алысып жатқанда: "ҰБТ өзiн ақтаған жоқ. Сол себептен де келер жылы мектеп бiтiретiндер мен жоғары оқу орнына тапсыру сынағы болып екiге бөлiнедi. Бiз оқушылар, ата-аналар, мұғалiмдер тарапынан қолдау алдық. Министрлiк бұл ұсынысымен Үкiметке шықты, қарайтын шығар…" деген әңгiменiң басын қылтитқан едi. Алайда, бiр-екi күн өтiсiмен вице-министр Күләш Шәмшидинова Түймебаевтың сөзiн жоққа шығарып, "ҰБТ-ны алып тастау туралы мәселе болған жоқ. Министр тек мектептi бiтiру және ЖОО-на түсу сынағын бөлу туралы ұсыныс енгiздi" деп жуып-шайғандай болды. Ал бұдан соң "Үлескерлердiң шулағаны аз едi, ендi ҰБТ шықты" деп ашынған Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаевты сынға алды. "Министр мырза, егер бiр нәрсеге көзқарасыңызды бiлдiрсеңiз, оны өзiңiздiң жеке пiкiрiңiз екенiн естен шығармаңыз. Өйткенi, сiздiң аузыңыздан шыққан сөз ақпарат құралдарында аз таралып, кем жазылып жүрген жоқ" дедi. "ҰБТ нәтижесiне көңiлi толмай, шағым түсiрген әрбiр оқушының арызы жеке-жеке қарастырылып, ол туралы Үкiмет пен ақпарат құралдарына ақпар берiлiп отыру керек. Тест кезiнде кеткен техникалық қателiктерге байланысты ұлттық тестiлеу орталығының жұмысына қызметтiк тергеу жүргiзiлсiн. Бұл салаға жауапты министрдiң орынбасарына сөгiс жариялаймын" деп, ҰБТ қорытындысы толық шықса, осы мәселеге қатысы бар өзге де адамдардың сазайын тартатындығын ескерттi.
ҰБТ науқанына биыл елiмiз бойынша 117 мың оқушы қатысам деп тiлек бiлдiрсе, олардың 114 мыңы түгел сынақ тапсырған. Көрсеткiш мәз емес. Олардың 38 пайызы межелi 50 балл асуына жете алмаған. Бiлiм беру мен тестiлеудiң мемлекеттiк стандарт орталығының ҰБТ-ның алдын-ала жасалған нәтижесiне қарағанда, ең жоғарғы 125 баллды бар болғаны екi үмiткер жинаған екен. 100 баллдан жоғары көтерiлген 5-6 пайыз ғана. Алайда, "Халықаралық тәжiрибеде тесттi қолданатын елдерде 3 пайызға дейiн қателiк жiберiлуi мүмкiн" деп өздерiн жұбатқан бұл орталық тест сұрақтары сапасыз емес, барлық талаптарға сай топтастырылған десе, талапкерлер шатастыратын сұрақтардың болғандығын айтады. Жүрегi шайылып қалған үмiткерлердiң тест нәтижесiне наразылық танытып, аппеляциялық бөлiмге шағымдануының жылдағыдан айрықша көптiгi де сондықтан.
Рас, қазiр жер-жердегi түлектер мен ата-аналар демiн iшiне тартып, арнайы комиссияның соңғы шешiмiн тағатсыздана күтуде. ҰБТ-ның дабыр-дүбiрi жақын арада саябырситын түрi жоқ. Айта кету керек, әбден ығыры шыққан жас талапкерлер министрдiң ҰБТ-ны алып тастау керек деген пiкiрiн қызу қолдап кеттi. Таяуда Алматыдағы халықаралық семинарға әдейi келген Бiлiм және ғылым министрi Ж.Түймебаев журналистер қауымының "ҰБТ-ны алып тастаймыз ба, жоқ па?" деген сұрағына: "ҰБТ- дүниежүзiлiк стандарттық жүйеге сай тәсiл. Сол себептен де алынып тасталмайды" дедi "айтылған сөз – атылған оқ" екенiн ұмытып. Министрдiң айтуынша, техникалық себептер бойынша орын алған ереже бұзу фактiлерi жойылды. Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтың қатысуымен өткен Үкiметтегi кеңесте барлық кемшiлiктердi жою жөнiндегi мiндеттер қойылды. Арнайы комиссия құрылды. Алматыда тест сынағын тапсырудың бiрнеше қосынында кемшiлiктер мен қателiктер орын алса да, басқа өңiрлерде мұндай оқиғалар тiркелмеген. Министрлiктiң атына ешқандай арыз-шағым түскен жоқ. Қазiр ҰБТ қабылдау қосындарының барлығында жүгiну комиссиялары жұмыс iстеуде. Аппеляцияға өтiнiш беру мерзiмi – маусымның 15-iне дейiн ұзартылып, қорытынды жұмысын 20-маусымда жариялайды. Бiрде-бiр түлектiң өтiнiшi қараусыз қалмайды" дедi сендiрiп.
ҰБТ-ның толық қорытындысы аппеляциялық комиссияның шешiмiнен кейiн белгiлi болады. Дегенмен, алғашқы нәтижеге қарағанда, биылғы ҰБТ талапкерлердiң тауын шақты.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ