МЕМЛЕКЕТТIК РӘМIЗДЕРДI ҚҰРМЕТТЕЙIК!

МЕМЛЕКЕТТIК РӘМIЗДЕРДI ҚҰРМЕТТЕЙIК!

МЕМЛЕКЕТТIК РӘМIЗДЕРДI ҚҰРМЕТТЕЙIК!
ашық дереккөзі
321

Елiмiз тәуелсiздiктiң төл белгiлерi – мемлекеттiк рәмiздер күнiн атап өттi. Бұл күнi жер-жерде жастарды патриоттық рухқа тәрбиелейтiн, бойларына отансүйгiштiк қасиеттi сiңiретiн түрлi шаралар орын алды. Өйткенi, мемлекеттiк рәмiздердi ұлықтап, жалпыұлттық деңгейде насихаттайтын кез келдi.

Мереке қарсаңында Мемлекеттiк хатшы, Мемлекеттiк рәмiздер жөнiндегi республикалық комиссияның төрағасы Қ.Саудабаевтың Алматыға жасаған iс-сапары да тектен-тек емес. Ол өз сөзiнде: "Соңғы 15 жылда шетелдерде көп жұмыс iстедiм. Байрағымыз көкке көтерiлгенде, Әнұран ойнағанда ерекше құрмет пен сүйiспеншiлiкке бөленетiнмiн. Көк байрақтағы бүркiттiң бейнесi Қазақстанның еркiн, биiкке самғайтын ел екенiн бiлдiредi", – деп тебiренген едi.

Iле-шала Мемлекеттiк рәмiздер жөнiндегi қалалық комиссияның кезектi отырысы өтiп, онда мемлекеттiк рәмiзiмiзге 16 жыл толуына орай мазмұнды, салиқалы әңгiме ортаға салынды. Айтып айтпай не керек, елiмiзде әлi күнге дейiн ақпараттық-насихаттық топ жүйесi қызметi әлсiз, оның үстiне бiрталай мемлекеттiк және жекеменшiк мекемелерде "ҚР мемлекеттiк нышандары туралы" Заңы сақталмай отырғандығы тағы бар.

Алматы қалалық Тiлдердi дамыту басқармасының бастығы Кенжехан Матыжанов: "Кез-келген тәуелсiз ел үшiн сол елдiң рәмiздерiнен артық байлық жоқ. Қашан да туымызды жықпауға бар күш-қайратын салған қазақ батырлары бiзге туды сол күйiнде тарту еттi. Сол себептен де ұрпақтан-ұрпаққа аманат ретiнде жеткен ту қашан да биiкте желбiреуi тиiс" дедi. Жақында Парламент мәжiлiсi "Мемлекеттiк рәмiздер" туралы заңға енетiн толықтыруларды мақұлдап, 2007 жылдың 21 мамырындағы Конституцияға енген соңғы өзгерiстер бойынша "нышандары" терминi "рәмiздерi" деген сөзбен алмастырылды. "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерi туралы" заң мемлекеттiк және бiлiм мекемелерi мен өзге ұйымдарда Мемлекеттiк ту мен Елтаңбаны орналастырудың тәртiбi мен ережелерiн белгiлейтiн болады. Тағы бiр игi бастама – Астана қаласының 10 жылдық мерейтойы қарсаңында қаланың жаңа келбетi өрнектелдi. Елбасы ұсынған Астана қаласының рәмiздерi тарихы тереңде жатқан шаһардың болашаққа деген ұмтылысын айшықтамақ.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары