ПРЕМЬЕР-МИНИСТР АЛМАТЫДА БОЛДЫ

ПРЕМЬЕР-МИНИСТР АЛМАТЫДА БОЛДЫ

ПРЕМЬЕР-МИНИСТР АЛМАТЫДА БОЛДЫ
ашық дереккөзі
429

Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов қаржы орталығы — Алматыға кезектi iс-сапарын жасады. Үкiмет басшысы қала төңiрегiндегi аймақтарды дамыту жоспарымен және бұл бастаманың уақытылы iске асуын тежеп отырған проблемалармен тереңiрек танысты.

2011 жылы Алматыда өтетiн Азия ойындарына жүргiзiлiп жатқан дайындық барысы да назардан тыс қалған жоқ. "Биыл бюджеттен шаhардың барлық қажеттiлiгiне 19 млрд. теңге бөлiндi. Аса қомақты қаржы. Бұл — мегаполистiң өсуiне, өркендеуiне жұмсалады", деп атап көрсеттi Кәрiм Мәсiмов. Ал Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмовтiң айтуынша, спорттық кешеннiң құрылыс қарқыны ойдағыдай. Бiрақ, осы қарқынмен қозғалу үшiн жер мәселесiн шешу қажет. "Қала төңiрегiндегi аймақтарда сауда орындары мен жекеменшiк нысандар шапшаң салынып жатқандықтан, жолдар мен инженерлiк жүйелерге орын қалмаған. Ендi Алматы төңiрегiндегi аймақтардың бас жоспары жуық арада әзiрленбесе, жобаны жүзеге асыру қиынға түспек" дедi. Жуырда қала әкiмшiлiгi спорттық нысандар бой көтеретiн аумақты Медеу табиғи паркiнiң еншiсiнен шығару жөнiнде шешiм қабылдады. Медеу табиғи паркiне қалалық жер қорынан тура сондай көлемде жер бөлiнетiн болады. Осылайша, бұл аумақты бұдан бұрын салынған нысандар заңдастырылып, жаңа спорттық кешендер тұрғызуға қажеттi құқықтық база пайда болады" деген мәселенi ортаға салды. Нәтижесiнде қалаға iргелес жатқан елдi-мекендердi қамқорлыққа алып, олардың әлеуметтiк мәселелерiн уақытылы шешу үшiн Алматыдан тағы бiр әкiмшiлiк аудан ашылатын болды. Себебi, алып шаhарға iргелес жатқан ауылдарда 200 мыңға жуық халық бар. Бұл жерлердiң инфрақұрылым, жарық, жылу мәселесiн шешу үшiн 25 млрд. теңге бөлiндi. Үкiмет басшысы алматылықтарды жылумен қамтып отырған "Орбита" қазандығын көрдi. 1975 жылдан берi iлдәлдалап келе жатқан қазандықтың әбден тозығы жеткен. Оған 4 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалып отыр.

Үлескерлер жанайқайын назардан тыс қалдырмаған Премьер-министр бұл мәселенi тез арада шешуге күш саламыз дедi. "Бiз қолдан келгеннiң бәрiн жасаймыз. Сондықтан үлескерлерге уайымдаудың, абыржудың еш ретi жоқ" дегендi айтты.

Сондай-ақ, Премьер-министр 50 жыл бойы күрделi жөндеу көрмеген "Қазақфильм" киностудиясына ат басын бұрды. "Қазақфильм" ұлттық киностудиясына президент болып келген Ермек Аманшаев:"Бiзде өте бай фильм қоры бар. Бiрақ, сол тамаша туындылар ескi ғимараттың бар-жоғы 120 шаршыметрлiк бөлмесiнде сақтаулы. Оларды қазiргi заманғы технологияларға көшiруiмiз қажет. Мұның бәрi қаржыға келiп тiреледi" деп киностудияға күрделi жөндеу жұмысының қажеттiгiн айта кеттi.

Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов Райымбек даңғылы мен Розыбакиев көшесiнiң қиылысындағы жаңа жолайрықты iске қосты. Көлiк кептелiсiн азайту үшiн шаһарда әлi 5 жолайрық салынады екен.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары