ОРАЛМАННЫҢ ҚҰҚЫҒЫН КIМ ҚОРҒАЙДЫ?

ОРАЛМАННЫҢ ҚҰҚЫҒЫН КIМ ҚОРҒАЙДЫ?

ОРАЛМАННЫҢ ҚҰҚЫҒЫН КIМ ҚОРҒАЙДЫ?
ашық дереккөзі
441

Атышулы №791 Қаулы күшiн жойғалы бiраз уақыт. Ол Қаулы бойынша, "ұлты қазақ шетел азаматы Қазақстан аумағында Республика азаматтарымен бiрдей деңгейде жеңiлдiктерге ие бола алады" делiнген. Яғни, оның Республика территориясында жұмысқа орналасуына, бiлiм алуына, көлiкте Қазақстан азаматымен бiрдей деңгейде жолақысын төлеуге құқы бар едi. Қаулы күшiн жойғалы бiр жылдай уақыт болса да, оның орнын басатын жаңа құжат қабылданған жоқ. Қазiр оның орнына берiлетiн "Оралман" куәлiгi дәл сол Қаулыдай күшке ие бола алмай отыр.

Маған Айжан есiмдi бiр қыздан хат келдi. Ол Қазақстанға Моңғолиядан қоныс аударғалы 6 айдың жүзi болған екен. "Халықтың көшi-қоны туралы" Заң бойынша ол отбасымен мемлекеттiк көшi-қон квотасын алуды күтiп, содан кейiн ғана азаматтыққа құжаттарын өткiзген. Одан берi үш айдың жүзi. Ол Қазақстан Республикасының азаматтығына әлi қабылдана қойған жоқ. Заң бойынша азаматтыққа қабылдануды оралман үштен алты ай күтуi керек.

"Азаматтыққа құжаттарымды өткiзгеннен кейiн, мамандығым бойынша жұмыс iздеп, 2 айлық сынақ мерзiмiмен жұмысқа орналастым. Сынақ мерзiмiм аяқталып, жұмысқа қабылданатын болдым. Бөркiмдi аспанға атып, құжаттарымды өткiзуге келгенде, азаматтыққа қабылданбағаным алдымнан кесе көлденең шықты. Негiзiнен мен мемлекеттiк мекемеде қызмет iстейтiн болдым. Бiздiң мекеме Астанадан басқарылатын болғандықтан, құжаттарымды Астанаға жiбердiм. Олар менiң жеке куәлiгiмнiң жоқтығы себептi жұмысқа орналаса алмайтындығымды айтып, құжаттарымды керi жiберiптi. Аңтарылып қалдым. Бiрден Сiздердiң газеттерiңiздегi "Қоныс" қосымшасын алып, қарап шықтым. Оның алғашқы нөмiрiндегi "Оралман деген кiм?" деген кiшкентай ақпаратты көзiм шалды. Онда азаматтық алғанға дейiнгi оралманға көрсетiлетiн жеңiлдiктер былай сипатталған: Дәл осы қиындыны алып, Астанадағы бас кеңсеге қайта жiберiп едiм, мекеменiң заңгерлерi жұмысқа қабылдауға болады деген қорытындыға келiптi. Сөйтiп, әйтеуiр жұмысқа қабылданғаным туралы бұйрыққа қол жеткiздiм. Ендiгi қинап тұрғаны "Жеке әлеуметтiк код", онсыз жалақы төленбейдi ғой. Жұмысқа келген сайын, алдымнан бухгалтерiм шығады. Бiрнеше рет оны беретiн мекемелерге барып көрдiм, жеке куәлiгiмдi сұрайды, жағдайымды айта бастасам, тыңдамайды, сөйлескiсi келмейдi. Тағы да осы "Қоныстан" "Ортамыз қазақпен көбеюде" деген мақала оқыған едiм. Онда Оңтүстiктегi Көшi-қон және демография басқармасының басшысы "СИК-тi (жеке әлеуметтiк код) ықтияр хатпен алуға болады" дейдi. Сонда "оралман" куәлiгiнiң ықтияр хат құрлы қауқары болмағаны ма? Мен "Ықтияр хат" алғаннан азаматтық алғанды жөн көрiп едiм" делiнген әлгi хатта.

Осы хаттың iзiмен Астанадағы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi Көшi-қон және демография комитетiне телефон шалдым. Ондағы мамандар қазiр басшыларының ауысып жатуына байланысты, ешқандай мәселелерге жауап бере алмайтындығын айтты. Бiзге жеткен әңгiмелерге қарағанда, Көшi-қон комитетiнiң құзыры сәл үлкейтiлiп, департамент деңгейiне жететiн көрiнедi. Осы сауалдар бойынша жауап iздеп барған Астанадағы тiлшiмiзге Комитет қызметкерлерi бүгiн-ертең комментарий бере алмайтындығын айтып шығарып салған. Сұрағымызға жауап "10 күннен кейiн берiледi" дептi.

Мен Алматыдағы Қалалық Көшi-қон және демография басқармасына хабарласқанымда, ондағы мамандар басқармада заңгерлердiң жоқтығын айтты.

— Бiрақ, — дедi бас маман Гүлшат Метербайқызы, — "Оралман" куәлiгiмен жұмысқа алуға кез-келген мекеме мiндеттi. Ал, жеке әлеуметтiк код тек азаматтығын алғаннан кейiн берiлетiн құжат. Ол мәселенiң қалай шешiлетiндiгiн бiлмеймiн. Бәлкiм, мекеме iшiнде өзара келiсiм арқылы шешуге болатын шығар.

Демек, бiрiншiден оралманның құқығы аяққа тапталуда. Яғни, ол жұмысқа орналасуға болады, алайда, жалақы алуы үшiн азаматтық куәлiгiн күтуi керек. Екiншiден, заңгерлерiмiздiң өзi "оралманның" жеңiлдiктерiнен бейхабар. Үшiншiден, азаматтыққа қабылдау iсi заңда көрсетiлгендей 3-тен 6-айдың көлемiнде емес, кейде бiр жылға дейiн созылып кетедi. Осы уақыт аралығында оралман не жәрдемақысын, не жалақысын ала алмайды. Бiздiң бiлуiмiзше, Парламент қабырғасында "Халықтың көшi-қоны туралы" Заң жобасының жатқанына бiр жылдан асты. Егер, аталған құжат қабылданатын болса, дәл осы мәселенi бiрiншi есте ұстаған жөн болар едi.

Тақырыпқа орай:

Қайрат БОДАУХАНҰЛЫ, "Асар" қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы, Парламент Мәжiлiсi жанындағы Көшi-қон және отандастармен байланыс жөнiндегi Консультациялық кеңестiң мүшесi:

— Өткенде бiздiң консультациялық кеңес көшi-қон проблемаларының кейбiр толғақты мәселелерi жөнiнде дөңгелек үстел өткiзген болатын. Дөңгелек үстелге Парламент депутаттары, Құзырлы министрлiктер өкiлдерi, қоғамдық ұйым өкiлдерi және журналистер қатысқан едi. Осы жиында мен дәл осы мәселенi сөз еттiм. Өйткенi, оның заңдық негiздерi еш қайда қарастырылмаған. Менiң сөзiмнiң жауабы ретiнде Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi, Көшi-қон және демография комитетiнiң бұрынғы төрағасы Жазбек Әбдиев мырза: "Оралман" куәлiгi арқылы жұмысқа орналасуға қажеттi құжаттардың барлығын алуға болады" — дедi. Яғни, РНН, СИК — "Оралман" куәлiгi арқылы берiлуi тиiс көрiнедi. Бiрақ, арнайы нұсқау немесе Қаулының болмауы себептi бiз ешқандай құзырлы мекемеге аталған құжаттарды берудi мiндеттей алмаймыз.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары