ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР
ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР
ҚР Парламентi Сенатында "Өңiрлердi дамыту негiзi ретiнде әлеуметтiк кәсiпкерлiк корпорациялар мәселелерi" атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Шараға ҚР Индустрия және сауда вице-министрi Е.Мамытбеков қатысып, бiрқатар үкiметтiк жоспарлармен ой бөлiстi. Ресми деректер бойынша, әлеуметтiк кәсiпкерлiк корпорацияларға (ӘКК) жыл басынан берi 12,3 миллиард долларға бағаланған 300-ден астам жоба келiп түскен. Вице-министр республикалық бюджеттен ӘКК құрамындағы жетi корпорацияның әр қайсысына 1 млрд. доллардан бөлiнгенiн айтады. 300 жобаның 28-i бүгiнде мақұлданған (479,8 млн.$). Құны 8,9 млн. доллар болатын 59 жоба талқыланып жатыр. Сонымен бiрге Үкiметтiң арнайы дайындаған заң жобасы бойынша, тиiмдi пайдаланатын кен орындарын ӘКК құзырына беру көзделiнiп отыр.
Дүйсенбi күнi Үкiмет басшысы Мәсiмов АҚШ Конгресiндегi Өкiлдер Палатасының табиғи ресурстар мәселелерi жөнiндегi комитеттiң төрағасы Ник Рэйхелл бастаған америкалық делегацияны қабылдады.
Конгресмендер делегациясының құрамында Батыс Вирджиния, Калифорния, Иллинойс, Луизиана мен Джорджия штаттарының өкiлдерi бар. "Қазақстан мен АҚШ арасындағы өте тығыз қарым-қатынас орнаған. Ең маңыздысы, аймақтық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуде Қазақстан Американың басты серiктесi болып табылады" деп ағынан жарылған Рэйхеллдi iлiп әкеткен Мәсiмов Қазақстанның АҚШ-ты орталықазиялық аймақтағы iрi сауда және инвестициялық әрiптесi ретiнде қала беретiнiн жеткiздi.
ҚР Мемлекеттiк хатшысы Қанат Саудабаев Қазақстанның Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуi Батыс пен Шығыс арасындағы ынтымақтастықты арттыратынын мәлiмдедi.
"Н.Назарбаевтың еуразиялық доктринасы: Шығыс пен батыс диалогы" атты халықаралық ғылыми-тәжiрибелiк конференцияда 2010 жылы Қазақ елiнiң ЕҚЫҰ тiзгiнiн қолына алуы кәрi құрлық пен шығыстық аймақтағы серiктестiк пен ынтымақтастықты нығайта түсетiнiн айтқан Қ.Саудабаев мырза төрағалық тiзгiндi қолына алған Қазақстанның ЕҚЫҰ бiрлiгiн сақтай отырып, әрекет ететiнiн мәлiмдедi: "Бiздiң ортақ мiндетiмiз – ұйымның барлық мүшелерiнiң өзара түсiнiстiгi мен сенiмiн арттыра отырып, ЕҚЫҰ-ны қайта қалыптастыру. Сонымен бiрге осынау беделдi еуроатлантикалық құрылымның ислам әлемiмен ынтымақтастығын кеңейтуге ықпал етемiз. Бiздiң елiмiз Шығыс пен Батысты жалғастыратын көпiрге айнала алады".
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ