“ҚАЗМҰНАЙГАЗ” ТАҒАЙЫНДАҒАН ШӘКIРТАҚЫ
“ҚАЗМҰНАЙГАЗ” ТАҒАЙЫНДАҒАН ШӘКIРТАҚЫ
"ҚазМұнайГаз" АҚ ұлттық компаниясының елiмiздегi белдi деген жоғары оқу орындарындағы үздiк студенттерге арнайы шәкiртақы тағайындайтын дәстүрi бар. "ҚазМұнайГаз" АҚ ұлттық компаниясы бiлiктi маман таңдау жолымен "Қазақстанның 100 үздiк студентi" атты акция аясында 2007-2008 академиялық оқу жылында аталмыш шәкiртақыға ие болған КИМЭП-тiң 15 студенттерiмен кездесу өткiздi.
Естерiңiзге сала кетсек, КИМЭП студенттерiмен болған байқау былтырғы жылы 85 кандидаттың арасында өрбiп, бiлiмi ұшталған 15 студент таңдап алынды. Оның әрқайсысына айына 1500 АҚШ доллардан, барлығы 2 250 000 теңге грант бөлiнген едi. Бұдан бөлек, айына 15 мың теңге шәкiртақы алатын стипендиат өкiлдерi ендi "ҚазМұнайГаз" АҚ ұлттық компаниясының жұмыс тобында тәжiрибе мен алдын-ала еңбек өтiлiнен өтуге мүмкiндiк алады. Мұнымен қоса, олар кезектегi маман қосынынан орын алып, ғылыми жұмыстар мен семинарларға қатысуға бiртабан жақындай түседi.
"ҚазМұнайГаз" АҚ ұлттық компаниясының Адам ресурстары басқармасы департаментiнiң бас менеджерi Гүлнар Мұрзахметованың айтуынша, бұл жоба бiлiмдi жастардың ел экономикасына үлес қосатын алып компанияда жұмыс iстеуiне жол ашу, теориялық бiлiмiн тәжiрибемен ұштастыру. "Әрине, компания үшiн жас мамандардың қызметке араласуы үлкен қуаныш десек те, жұмыс орнына қабылдану қатаң талап пен тәртiптен тұрады. Сол себептен де әуелгi кезде тәжiрибеден өтуге келген жас маман өзiн жақсы қырынан көрсете алса, келешекте "ҚазМұнайГаз" АҚ ұлттық компаниясының бiр тетiгiн ұстап қалуына зор мүмкiндiгi туатыны сөзсiз" дейдi бас менеджер.
Әлбетте, елiмiздiң экономикасының жылдан-жылға қарыштап дамып келе жатқанын ескерсек, бұл салада кездейсоқ мамандардың жұмыс iстеуi әсте мүмкiн емес. Содан да болар, "ҚазМұнайГаз" секiлдi алпауыт компанияға маман таңдау жұмысы бiраз сұрыптауға алып келедi. Кез келген жас маман әуелi мемлекеттiк тiл — қазақ тiлiн, орыс тiлiн, ағылшын тiлiн жетiк бiлуi мiндеттi. Оның iшiнде басымдық берiлiп отырғаны да әлемдiк қарым-қатынас тiлi — ағылшын тiлi. Өйткенi, алпауыт компания көбiнесе шетелдiк компаниялармен тығыз байланыста жұмыс iстейтiнiн ұмытпау керек.
"ҚазМұнайГаз" АҚ ұлттық компаниясының шәкiртақысын иемденген студенттер жоғары оқу орнында оқып жүрiп-ақ, арнайы келiсiм-шарт арқылы тәжiрибеден өте алады. Кейде тiптi, бiлiмдiлердiң iшiнде оқуын тәмамдаған кезде дайын жұмыс орнына топ ете қалатындары да аз емес. Алайда, КИМЭП-тiң өздерiне сенiмдi үздiк студенттерi компания тобында тәжiрибесiн шыңдауға талап бiлдiрсе де, баспана, жалақы мәселесiн шешiп алуды компания менеджерлерiнiң есiне салды. Ал, компанияның Адам ресурстары басқармасы департаментiнiң бас менеджерi Гүлнар Мұрзахметова: "Баспанамен қамтамасыз ету мәселесi компанияның мiндетiне кiрмейтiнiн айтса да, "шешiлмейтiн мәселе болмайды, келешекте бұл жайтты күн тәртiбiне қоямыз" дегендi айтты.
Сонымен, "Қазақстанның 100 үздiк студентi" бағдарламасы ең үздiктiң үздiгiн таңдауға бағытталған. Жастарға, болашақ мамандарға бұл шәкiртақы қаржылай көмек ғана емес, олардың еңбек рыногында кәсiби бiлiктiлiгiн айғақтайтын болады.
"ҚазМұнайГаз" АҚ ұлттық компаниясы қолға алған игi бастамаға төрт жоғары оқу орны қатысқан. Келесi үздiк шәкiрттердi таңдау ағымдағы жылдың қыркүйек айында басталады.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ