МӘСIМОВ ЖАУАПКЕРШIЛIКТI ӨЗ МОЙНЫНА АЛДЫ

МӘСIМОВ ЖАУАПКЕРШIЛIКТI ӨЗ МОЙНЫНА АЛДЫ

МӘСIМОВ ЖАУАПКЕРШIЛIКТI ӨЗ МОЙНЫНА АЛДЫ
ашық дереккөзі
246

2008 жылдың бюджетiнiң "толғағы" ауыр болды. Жылдың ортасына тақап қалса да, Үкiмет есептегi он екi айдың болжалды кiрiстерi мен шығындарын әлi есептеп жатыр. Жарты жыл бұрын әлемдiк дағдарыс басталғанда "қыңқ" етпеген Үкiмет қаржылық дағдарыстың республика экономикасына айтарлықтай әсерi барын биылғы жылдың басында ғана ресми түрде мойындаған едi. Ендi осы өзгерiстердiң әсерiнен мемлекеттiң қаржылық құжатын қысқарту мәжбүрлiгi туындаған тұста да Мәсiмов Кабинетiнiң жалы күдiрейiңкi.

Кеше Парламенттiң қос палатасының кеңейтiлген отырысында 2008 жылдың бюджетiн нақтылау жөнiндегi заң жобасы талқыланды. Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов депутаттардың алдында "Үкiметтiң экономикалық өсудi қадағалап отырғанын барша жауапкершiлiкпен мәлiмдеймiн" дедi.

Мәсiмов ең әуелi "2008 жылы экономикалық өсiм 5 пайызға жетедi деп болжанып отыр" деп мәлiмдеме жасады. Мұны Мәсiмов Үкiметтiң макроэкономикалық жағдайды реттеуге бағытталған iс-әрекеттi дер кезiнде жасағандығының нәтижесi деп түсiндiредi. Десе де, ол осы жылдың бюджетiн жасау және бекiту процесi сыртқы экономикалық тұрақтылық кезiнде жүзеге асқанын да айтып қалды. Бiздiң бiлуiмiзше, мемлекеттiк бюджет Парламентте 2007 жылдың қараша айында қабылданған болатын. Ал барлық әлемдiк ақпарат агенттiктерi хабарлап, экономистер дабыл қаққан АҚШ ипотекалық дағдарысы 2007 жылы тамыз айынан басталды. Сонда бұл — Үкiметтегi экономист мырзалардың әлемдiк процестерге сараптама жасамайтындығының көрiнiсi ме?

"Мемлекеттiк бюджеттегi әлеуметтiк шығындар едәуiр қысқарады" деген хабар құлағына тиiсiмен, депутаттар да, бiршама бұқаралық ақпарат құралдары да наразылық бiлдiрген едi. "Түркiстан" газетiнде де бұл мәселе бiрнеше рет жазылды. Наразы пiкiрдiң қоғамдық пiкiрге айналуынан сескендi ме, Үкiмет 13 мемлекеттiк органның шығындарын жалпы шамасы 34,9 млрд. теңгеге қысқартып, есесiне базалық зейнетақы мен әлеуметтiк төлемдердiң, студенттер шәкiртақысы көлемiн аз да болса көтергендi жөн көрiптi.

Дағдарыстан зардап шеккен кейбiр құрылыс компанияларына Үкiмет қол ұшын беруге әзiр. Мәсiмов Астана мен Алматыдағы 157 құрылыс нысанына мемлекеттiк қолдау көрсетiлетiнiн атап айтты. Бұл нысандарға 30 000-нан астам азамат үлес ақшаларын салып, қазiр бармақ тiстеп отыр. Ал 9 000-дай үлескерi бар 148 нысанды құрылыс компаниялары өз қаржысы есебiнен бiтiруi керек. 34 нысан бойынша сот процестерiнiң барысын қадағалау екi бас қаланың әкiмшiлiктерiне тапсырылды.

"Қазiр мемлекетте жүйелi қаржылық дағдарыстың орын алуына алғышарттар жоқтың қасы, жағдай тұрақталды, ал бiз оның бұдан әрi де жақсара түсетiндiгiн болжаймыз" дедi Мәсiмов. Әлемдiк сарапшылар төрткүл дүниенi шарпыған қаржы дағдарысы салдарының 70 пайызы әлi алда деп мәлiмдеме жасап жатқанда, халық қалаулыларының алдында айтылған осы сөздерi үшiн Мәсiмовтiң жеке басы жауапты, сiрә.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары