«ЖҰЛДЫЗДАРДЫҢ» ЖЫН-ОЙНАҒЫ

«ЖҰЛДЫЗДАРДЫҢ» ЖЫН-ОЙНАҒЫ

«ЖҰЛДЫЗДАРДЫҢ» ЖЫН-ОЙНАҒЫ
ашық дереккөзі
562

Сахна десе көз алдымызға киелi төр елестейдi. Олай болса, сахна — өнер адамдары мен өнерсүйер қауымның жиналатын жерi болуы тиiс. Себебi, әр әншi өздерiн осы сахна арқылы көрерменге таныта алады.

Өкiнiшке қарай, бүгiнде киелi сахнаны мазақ етiп, бiлгендерiн iстеп жүрген "көрерменi жоқ" әншiлер қаптап кеттi. Сазы мен сөзiн шатпақтатып, "орысша-ағылшыншасын" қыстырмалатып жiберетiндерi жүйкеге тиетiн болып алды. Әуен ырғағы бiр құрлықта, билеген биi екiншi бiр құрлықта "шегiрткедей" секiрiп жатады. Көрсең көзiң талып, естiсең түсiнiп болмайтын осындай әуендердiң тыңдармандары бар болғанмен, халық олардың кiм екенiн, қандай ән орындайтынын да бiлмейдi. Олардың сахнаны мазақ етiп жүргендерi өз алдына, көрермендерiнiң мазағына айналып "сайқымазақ әншi" атанып жүргендерi тағы бар. Осындай немқұрайлылықтың арты неге әкелiп соғады десеңiз, жастарымыздың көпшiлiгi қазақ әуендерiне құлақ аспай, керiсiнше, Батыс әуендерiмен әуестенетiн халге душар болған. Арнайы бiлiмi, дарыны жоқ, бiрақ қалтасы қалыңдау болса "жұлдыз" атанғысы келетiндер сахнамызды жайлап, басқа да өнерi бар, талантты, алайда ақшасы жоқ жастарымыздың жолын бөгеп, тасада қалдырып жатыр. "Таланты бар да, таныс жоқ" деген осыдан шығады. Кiм "жұлдыз" атанып, халыққа танылғысы келмейдi дейсiз? "Атың шықпаса, жер өрте" деген бар. Жер өрте деген сол екен деп, өнерi жоқ болса да тырбаңдай беруге болмайды. Әр адамның тумысынан бiр нәрсеге икемi болады. Шама-шарқын бiлiп, "осыны қолға ала аламын-ау" дегенде ғана iске кiрiсу керек. Ал, бiздiкiлерге не жорық? Бiр-бiрiнен қалмай бәсекелесiп, соңынан жау қуып келе жатқандай асығыс-үсiгiс, апай-топай бейнеклип шығаруға әуес. Бәсекелестiктен туындаған iсте ешқашан береке де болмайды. Бiрақ барлығы бiр, өзгешелiгi жоқ, селкiлдек би мен "қазақша-орысша-ағылшынша" араластырылып ботқа болған, қор болған ән. "Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда" дегеннiң кебiн киiп жатқандаймыз. Жасы да, кәрiсi де шамасы жетiп жатса болды, сахна төрiнен көрiнуге асығады. Бүгiн өлеңiн, ертең-ақ көгiлдiр экраннан бейнеклиптерiн тамашалай аласың.

Жақында ғана "Искра" кинотеатрында жаңа түсiрiлген бейнеклиптердiң тегiн көрсетiлiмi болды. Ақысыз болған соң ондай жерге кiм бармасын, студенттер кинотеатрды қаулап алды. Алғашында "Үлкен кинотеатрларда көрсеткендерiне қарағанда, бұрынғыдан өзгеше болады ғой" деген оймен барғандардың көбi: "Ой, баяғы жартас, сол жартас, көбелек әншiлердiң арзанқол бейнеклиптерi екен ғой", — деп көңiлдерi су сепкендей басылып, бүгiнгi эстрадамыздың халiнiң нешiк екенiне көңiлi босап, қапа боп қайтып жатты. Қазақтың қарадомалағы мен қаракөз қыздарының Батысқа елiктеп, жөн-жосықсыз шыжбаңдай беруi ұят. Билеме дейтiн ешкiм жоқ, десе де билеудiң өз шегi бар екенiн ұмытпауымыз керек. Шаштары жалбырап, бiрiн-бiрi жалап, алқын-жұлқын билеп жатқандары өздерiне кереметтей болғанмен, "сырт көз сыншы" демекшi, көрерменге жағымсыз көрiнедi. "Күлсең ыза болғаныңнан күл" дегендей, жас әншiлерге өнерiне сүйсiнгендiктен емес, ызаланғаныңнан ғана ерiксiз күлуге мәжбүр болады екенсiң.

"Жұлдыз, жұлдыз" деп алақайлап жүрiп, аспандағы жұлдыздар емес, жердегi жұлдыздардың санына жете алмай қалып жүрмейiк. Бүгiнде әншi мен сахна беделiнiң түсуi, "Қазақстанда автокөлiк пен әншi көп" деген әзiлге ұласып кете барды. Кезiнде Сұлтанмахмұт Торайғыров: "Қазақты отын етiп отқа жаққыларың келмесе, оның әнiн сақтаңдар!" – деген екен. Осы сөздi құлаққа да қыстырмағанның салдарынан әнiмiзбен бiрге киелi сахнамызды да отқа жағуға шақ тұрмыз. Ал, лапылдап келе жатқан отты сөндiрiп, қайта қалпына келтiру үшiн не iстеуге болатынын ойлап, бас қатырып жүрген ешкiм жоқ. Барлығы тек өздерiнiң қара бастарының қамын ойлап, әншi атанғысы келiп жүргендер. "Бұлбұлды менсiнбей, әтештi iздеген" есектiң күйiн кешiп, қашанғы жүрерiмiздi кiм бiлсiн!

Жадыра МҮСIЛIМ, ҚазҰПУ-нiң халықаралық

журналистика факультетiнiң студентi

Серіктес жаңалықтары