"МӘҢГI ДОСТЫҚ" ПЕН МҮСӘПIРЛIК
"МӘҢГI ДОСТЫҚ" ПЕН МҮСӘПIРЛIК
Миллиондаған қазақ жанкүйерлерi футболдың ұлы додасын — Чемпиондар лигасының 2007-2008 жылғы ақтық бәсекесiн, ағылшындық қос саңлақ команда — "Манчестер Юнайтед" пен "Челси" командаларының арасындағы финалдық ойынды Қазақстан телеарналарынан тiкелей тамашалай алмады. Мына тұрған Мәскеуде, "Лужникиде" кеше, 21-мамырда өткен айтулы ойынды. Қосымша келiссөздер жүргiзiлiп, елiмiздегi телеарналардың бiрi ұлттық, мемлекеттiк мүддемiзге нұқсан келтiре отырып, әлдеқандай жолмен келiсiмге қол жеткiзбесе, әзiрге жарық көрген телебағдарламаларда бұл ойын көрсетiлмеген.
Жыл сайын әлемдегi ең таңдаулы футбол ассоциацияларының бiрi болып есептелетiн УЕФА-ның туы астында өткiзiлiп келген небiр кездесулердi тамашалаған жанкүйерлердiң дәп осы тұста нелiктен жiгерi құм болып, тауы шағылды? Неге бұл ойын телеарналарда көрсетiлмедi?
Мұның мәнiсiн бiр ауыз сөзбен айтып түсiндiру мүмкiн емес. Ол үшiн Қазақстанның ақпараттық кеңiстiгiнде, әсiресе электрондық ақпарат құралдарында қалыптасқан ахуалға көз жүгiрту қажет. Өйткенi, сандаған ғасырлар бойы қасиеттi Мекке-Мәдинаға қарап iзгi тiлек тiлеп, бет сипап бата жасайтын елiмiздегi адамдардың ендi бiразы Мәскеуге қарап шоқынатынды шығарған. Тiптi, солардың арасында мұнысын намыс, ар санамайтын, ұлты, дiлi мен дiнiне өзiнiң тарапынан жасалған қиянат екенiн ескергiсi келмейтiн қазақтар да жетерлiк. Бiрақ, мұндай табансыз мүсәпiрлердi көзге iлiп жатқан Мәскеу де жоқ.
Бұл бұл ма, мұндай адам төзгiсiз өрескел әрi өте жиренiштi жағдай соңғы жылдары Орталық Азия мемлекеттерiндегi билiкке де жаппай жұққан емсiз ауру, дауасыз қауiптi iндетке айнала бастаған сыңайлы. Орталық Азия мемелекеттерi, оның iшiнде Қазақстан да бар, Кремльге құлдық ұрудан, ондағылар кездейсоқ түшкiрсе "Ләппай, тақсыр!" деуден жарысқа түскендей және осы арқылы беделдерiн одан әрмен биiктетпекшi болып жанталасуда.
"Айтпасаң сөздiң атасы өледi" дейдi, атамыз қазақ. Бiз өлсек те, ұрпақтан-ұрпаққа үлгi болып жететiн қазақтың қасиеттi сөзi өлмесiн, ендеше турасына көшсек, осы аймақ елдерiнiң арасында Ресейге қайтадан бодан болуға астыртын жарыс жүрiп жатқан сияқтанады.
Ал Ресей болса өзiнiң ұтысты есебiн iшiнен жұптап, ұлттық, мемлекеттiк мүдделерiн басты орынға қойып, маңайын ызғарымен ықтырып сызданады. Қаба сақал жүзiнде жылылық, жүрегiнде мейiрiм, iзгi ниет қалмаған. Дегенмен, Ресей ежелден, ата тарихтың бүкiл сорабында, сонау Иван Грозныйдан бермен қарай осындай едi ғой, ендеше кiнә оспадарға орынсыз елпектеп, құрақ ұшатындар, ар-намыс, қайсар ерiк-жiгердi ұмыта бастаған "атқа жеңiл Телпекбайлардың" өздерiнде шығар?!
Қазақ жанкүйерлерiне көрсетiлмей қалған финалдық ойын соның бiр көрiнiсi ғана. Әйтпесе, "Мы, русские, порвали их!", "Знай русских!" дейтiн нәсiлшiлдiк пен даңғазалыққа, ожарлық пен оспадарлыққа толы көрсетiлiмдерден қазақ көрермендерi кенде емес. Тiптi, қазақ ақпарат кеңiстiгiн Ресей күн өткен сайын бiртiндеп түбегейлi жаулап келе жатыр және бұл тоқтаусыз үдерiске айналды. Соңғы апталардағы "31 канал" телеарнасының УЕФА чемпиондар лигасының финалдық кездесуiне байланысты жарнамасын көрiп көзге ерiксiз жас — ыза мен шарасыздық жасы тұнғаны сондықтан. Бұл турнирге қатысты жыл бойына созылған салтанаттылық пен шаттық, көтерiңкi лептiң орынын елеусiздiк, әрi-сәрiлiк басқан. Онда да құрылысын салуды "Элитстрой" компаниясы жүргiзiп жатқан "Хан-Тәңiрi" ықшам ауданының қымбат үйлерiн жарнамалаудың амалсыз шарасы. Ваннада суға шомылып, орысша ән салып жатқан әйелдiң есiгiн қағып: "Болған шығарсыз, мама?!" деп әрi шыдамсызданып, әрi амалсыз жалынып тұрған түрсишең еркектiң бейшара кейпi.
Байтақ Қазақстандағы футбол жанкүйерлерiнiң соңғы аптадағы шынайы кейпi дәп осы бейбақтан еш аумайды. Әйгiлi лиганың бiр жылға жуық созылған жарысының Еуропа елдерiнiң талайында өткен теңдессiз ойындарын, жартылай финалдық ойындарды да үзбей тiкелей тамашалап келiп, ендi 21 мамырда Мәскеуде өткен ең ақтық — финалдық ойынды көре алмай қалу… былапыт сөзбен аяқталар әңгiме ғана.
Әрине, фанаттар бұл финалдық ойынды әртүрлi амалдармен тамашалауға талап жасайтыны сөзсiз, амалын тапқандары көрдi де. Бiрақ әңгiме ондай мүмкiндiгi барлар туралы емес, сөз жаппай жанкүйерлер жайында: Қазақстанның түкпiр-түкпiрiндегi, алыс қияндардағы және әлеуметтiк жағдайы әртүрлi деңгейдегi адамдар хақында. Телеарналардың қалыпты бағдарламасы бойынша көгiлдiр экранды тамашалайтын қарапайым кiсiлер бұл айтулы ойынды тiкелей тамашалай алған жоқ. Өйткенi, бұл аптаның телебағдарламасында ("Вечерний Алматы" газетi жариялаған) ешбiр телеарна осынау қайталанбас кездесудi көрсетудi жоспарлаған емес.
Телеарналар демекшi… Елiмiздегi мұнай, газ, басқа да салалардағы iрi компаниялардың ашықтығы мiндет екенi туралы қоғамдық нақты көзқарас қалыптасқанмен, Қазақстан БАҚ-тарының, әсiресе электрондық ақпарат құралдарының ашықтығы, оларға кiмдер иелiк жасап, қалай қаржыландыратыны және телеарналар кiмнiң, қандай экономикалық топтардың сойылын соғатыны жөнiндегi шыншыл ақпараттардың жоқтығын немесе тым мардымсыздығын қалай түсiндiруге болады? Ашық қоғам, құқықтық мемлекет құрып жатқан елде мұндай құпияның астарында не жатыр?!
Ал ақпарат дегенiмiз, ең бастысы, телеарналар қазiргi замандағы ең қуатты, қамтитын аудиториясы аса кең насихаттық құрал екенiн ескерсек, бұндай құпиялар тегiннен тегiн қалыптаспайтынын мойындауға тиiспiз. Сонымен әлгiндей телеарналардың бiрсыпырасы жүйелi түрде жүргiзiп келе жатқан саясатына, олардың ұстанған бағыт-бағдарына өз әлiмiзше қысқаша шолу жасап көрелiк. Қарапайым көрермен ретiнде, салық төлеушi миллиондаған адамдардың бiрi ретiнде. Ең әуелi "Хабар" телеарнасы. Қуаттылығы, көрсетiлiмдерiнiң сапалылығы жағынан ғана емес, қамтитын аудиториясының ауқымдылығы және кең байтақ елiмiздiң барша түкпiрiне тарайтындығымен өзгелерден мойны озық тұрған телеарна. Ол – қазақстандық әрбiр телекөрерменнiң жүрегiне, жанына тура жол табуды басты мақсаты санайтын, амбициясы Алатаудай биiк телеарна. Оның үстiне орасан зор қомақты қаржыға мемлекет бұл арнаны таяуда ғана өз меншiгiне қайта сатып алғанын ескерсек, "Хабарға" қойылар талап бұрынғыдан еселеп арта түскенi сөзсiз. Сондықтан ең әуелi қазақтың, оның iшiнде футбол жанкүйерлерiнiң мүддесiн бiр ойласа, осы телеарна ойлауы керек едi. Бiрақ, әзiрге өзгерген "Хабар" көзге түспей отыр. Сол баяғы таз-кепешiн әлi ауыстыра қоймаған секiлдi және қашан түбегейлi өзгеретiнi де беймәлiм. Дәп қазiр "Хабар" бөлек, қалың телекөрермен бөлек: қаладағы зәулiм бiр үйде тұрып, бiр-бiрiнiң есiгiн ашпайтын суыққабақ көршiлер сияқты. Айтқандай, "Хабар" алдағы жазда Австрия және Швейцария елдерiнде өтетiн Еуропа чемпионатының финалдық ойындарын түгелдей көрсетудi жоспарлап отырған секiлдi, бiрақ мына тұрған Мәскеуде өткен ойынды көрсетуге қауқары жетпей қалды. Өкiнiштi!
Ал, сол "Хабардың" өкшесiн басқан сiңiлiсi "Ел-арна" әлi балиғатқа толмаған қыз бала тәрiздi. Әпкесiне де елiктейдi, тезiрек бойжеткiсi де келедi. Аты дардай, тұтас елдiң, тамыры бiр қазақтың телеарнасы болуға құштар, бiрақ ненi қалай көрсетiп, қандай саясат ұстану керектiгiн әлi толық айқындап, пайымдамаған шөпжелке. Таусылмайтын, үздiк-создық телехикаялармен телекөрермендердiң көңiлiн аулауға әуес. Ара-тұра түн ортасына таман Қазақстан чемпионатынан футболдық кездесулердi, онда да Алматының Орталық стадионында өткен кездесулердi кездейсоқ көрсетiп қоятыны бар. Кей-кейде мұны еш бағдарламаға сәйкессiз, мүлдем то¬сын көрсетедi. Сiрә, эфир уақытын осылай тегiн немесе арзан толтыруға шарасыз баратын iспеттi. Өткен сенбi, 17 мамыр күнi телебағдарламада атақты Агата Кристидiң романының желiсi бойынша түсiрiлген "Тайна черных дроздов" фильмi жазылғанына, оны телеарнада бiраз жарнамалағандарына қарамастан, түн ортасына таман Қазақстан чемпионатындағы "Алматы" және "Тобыл" командаларының кездесуiн көрсете салды. Ең сорақысы сол, көрермендерден кешiрiм сұрауды ойларына да алған жоқ. Дүкенде сатып алушыға дәмдi, жаңа сары майдың орнына иiстенген iрiмшiк орап берген бетбақ сатушы әйелдей құдды бiр. Екi команданың әдемi, өрнектi ойынын тұспалдап отырған жоқпыз, "Ел-арнаның" телекөрермендердi оңдырмай алдағанын айтып отырмыз.
Бұл жағдай бiр емес, сiрә бiрнеше рет қайталанған, әдетке айналған сорақы жағдай сияқты. "Жас Отанның" Астанадағы өткен бас қосуында Қазақстан Президентi Н.Назарбаевтың "Ел-арнаны" мәдениет, спорт, салауатты өмiр салтын насихаттайтын телеарнаға айналдыруға кеңес беруi де бекер емес.
Ал "НТК"-нiң қай елдiң нәмiндегi құрылым екендiгiн бiлу мемлекеттiк деңгейдегi құпия тәрiздi. Әзiрге ресейлiк "Солдаты" телесериалының санын 14-ке жеткiзiп отырған телеарна, түбi сол сериалмен бiрге қартайып, араны толмайтын Жер-ананың қойнына бiрге арулап қойылар?! Кез-келген жанрдың бұлжымас қатал ережесi бойынша бiр басталған нәрсе түптiң-түбiнде аяқталуға тиiс, ал "НТК"-i бұл сериалмен қатар "Дом" реалити-шоуын қазiр 2-ге жеткiзiп үлгердi. Сiрә, бұл да 3,4,5…60…150 болып ақырзаманға дейiн жалғаса берер, сондықтан "НТК"-нiң де ғұмыры ұзақ болатын шығар?! Оған дейiн прайм-тайм — телекөрермендер көгiлдiр экранның алдында ең көп жиналатын кешкi 19.00 мен түнгi 23.00 аралығында "Битва экстрасенсов", "Клуб бывших женмен" көңiл көтерiп, одан әрi "Комеди клаб" және "Наша Russiaмен" маужырап, содан соң "Секс" с Анфисой Чеховой" — бағдарламасымен ұйқыға кетер. Осы "Комеди клаб" және "Наша Russiaға" қатысты Ресей Думасының бiрқатар депутаттары дабыл қағып, қоғамдық пiкiр қалыптастыра бастағанын ескеру керек. Иә, бiздiң қазақтар iзгiлiкке, өзге жұрттың жақсы қасиеттерiн үйренуге құмар халық, ал өз елдерi бас тартып отырған осынау бейәдеп, жүгенсiз, нәсiлшiл хабарлардың бiзде бұдан әрi тоқтаусыз көрсетiле беруi түптiң түбiнде еларалық дүрдараздыққа түрткi болуы әбден ықтимал.
"Hit TV" телеарнасын халықаралық қандай ұйым қаржыландыратыны да құпия. Бiр белгiлiсi, бұл телеарнаға шығу үшiн қазақ әншiлерi әжептәуiр ақша төлейтiндiгi. Оның үстiне, телеарнаның iшкi саясаты бойынша ұлттық киiм киген, салмақты ән айтқан әншi көрсетiлмейтiн секiлдi. "Hit TV-ға" шығу үшiн жартылай жалаңаш болу және неғұрлым көп қисаңдау керек әрi мұндайға көбiрек эфир уақыты берiледi. Және бiр ерекшелiгi, әншi қолын белiнен төмен түсiрiп, кiндiктен төмен тұсын көбiрек сипаласа, солғұрлым "Hit TV" оны өкiрте насихаттайды. Телеарна "Саясаттан тыспыз" дегендi ұқтырғысы келетiн сияқты, бiрақ қазақ жастарын неғұрлым бейәдеп етiп қалыптастыру, тiлiн бұрап, шолжаңдап сөйлеудi негiздеу бұл телеарнаның тұманды саясаты iспеттi.
Қалың көрермендерге жұмбақтау "Мир" телеарнасы жылдар бойы Ресейдiң сыртқы саясатын және Армения поэзиясын насихаттаудан аса алмай жүр. "Новости Содружества" бағдарламасында осыған дейiн В.Путиннiң әрбiр қадамын көрсетiп, Мәскеудiң жаңа құрылыстарын үзбей насихаттаумен және "Поэзия Армении" бағдарламасында армяндардың сан ғасырлық поэзиясын сөз етумен ғана шектелiп, Қазақстан жөнiнде жақсы сөз, iзгi ниеттегi бағдарлама ойлап тапқан кезi тым сирек. Иә, әрбiр халықтың поэзиясы сияқты армяндардың да поэзиясы аса бай, сандаған ғасырлық тарихы бар поэзия. Бұған ешкiмнiң күмәнi жоқ. Бiрақ қазақ поэзиясы кедей ме? Үзiп-жұлып көрсетiлетiн хабарлар емес, тұрақты, үзбей әрi қызықты етiп жүргiзiлетiн бағдарлама неге ойлап таппасқа? Тiптi, Батыстың қаламгерлерi ғасырлар бойы үйренген, өздерiн әлi күнге шәкiртi деп санайтын Шығыс поэзиясын елеусiз қалдыруға бола ма?!
"КТК" кiмнiң сойылын соғатынын iштей тұспалдауға болатын сияқты. Тiптi, мұны қазақстандық орыстардың өзi де аңғаратыны сөзсiз. Қазақстан туралы iзгi ниеттi, оң баға беру тұрғысынан түсiрiлген көрсетiлiмдi эфирге шығаруды онша құптай бермейтiн "КТК" кейбiр терiс iс-әрекеттерiн әлемдiк қауымдастық нақты айыптап жатқанда да Ресей туралы жағымсыз сөз сөйлеп көрген емес-ау. АҚШ-ты, Англия, Франция, Германия, тiптi iргелес Қытайды орынды-орынсыз жамандауға әрқашан даяр, Қазақстандағы кемшiлiктердi айтқанда төтенше соғыс басталғандай журналистерiнiң дауысы ыза мен мұңға толып, үрейлi үнмен хабарлайтын "КТК" Ресей компанияларының атына да сын айта қойғаны сирек. Есесiне, Лакшми Митталлды мүйiздеуге әркез дайын, елiмiздегi батыстық мұнай компанияларының атына сын жебесiн қадауға құштар. Осының бәрi Батыс компанияларын қалайда жұртқа сүйкiмсiз, жеккөрiнiштi етiп көрсетудiң құйтырқы амалы ғана. "КТК" Қазақстан Республикасы "Мемлекеттiк тiл туралы" Заңының талаптарын да елеп-ескермей отырғаны кәмiл. Мәселен, өткен жексенбi — 19 сәуiр күнгi телебағдарламада: сағат 11.15-те "Юмористическая программа "Анда-санда"; 12.10-да "Классикалық үндi киносы" "Жүрегiм сен деп соғады"; 19.25-те "Аналитическая программа" "Алаң-жұрт" деп қана көрсетiлген. Қазақшалары осымен тәмәт-тәмам. Түнгi 1-ден кейiнгi көрсетiлген бағдарламалар туралы сөз қозғау артық.
Жалпы, телеарналардың қазақ тiлiндегi көрсетiлiмдерi мен ән-жырды түнгi сағат 24.00 сағаттан кейiн көрсететiнi жөнiнде талай айтылып, жазылған, жауыр болған сөз. Мұны телеарналардың мемлекеттiк тiл жөнiндегi заңының баптарын шартты түрде орындау үшiн жасайтын айла-шарғысы екендiгi көпшiлiкке мәлiм жайт. Тайыз әрi жиренiштi арамза қулық! Бiрақ, түнгi 24.00-ден кейiн эфирге шығарылатын көрсетiлiмдердiң жөнi бөлек, өйткенi, түн ортасынан кейiн жаңа тәулiк басталады.
"КТК" көрермендердiң назарына Ресей кинотауарлары мен телехабарларын тықпалаудан қамшы салдырмайтын телеарналардың бiрi. Шын мәнiндегi жоғары сапалы, аса құнды көрсетiлiмдер емес, ортаңқол, деңгейi төмен телеөнiмдердi, ресейлiктер "мусор" санайтын телекөрсетiлiмдердi тықпалауға құмар.
"Фетсиваль российского кино" деген, өздерi жасанды жолмен қалыптастырып алған әлдебiр фестивальдiң аясында сапасы төмен туындыларды да қысылмай ұсына бередi. Оны да елемес едiк, осыған дейiн Санкт-Петербургтiң "Зенит" командасының УЕФА кубогы жолындағы ойындарын: "Баер", "Бавария" және Шотландияның "Глазго Рейнджерс" командаларымен кездесулерiн қуалап жүрiп көрсеткен "КТК" осы жолы жер шұқып, мәскеулiктерге бiр ауыз сөзiн өткiзе алмай қалған секiлдi. Соған қарағанда, ресейлiктер елпектеп жүрген "КТК"-ның еңбегiн елеп-ескермейтiн де, пысқырмайтын да сияқты.
Жақында ғана СТС компания¬сына акцияларының бiр бөлiгiн 20 млн. долларға сатқан "31 каналдың" көсеуi ұзарып, қолы отқа күймеуi керек едi. Яғни, әлгi финалдық кездесудi көрсетуге рұқсатты еш кедергiсiз алуға тиiс сияқты болғанымен, олардың да қылышы тасқа шабылған тәрiздi. Қайта осыған дейiн УЕФА чемпиондар лигасының барша ойындарын Еуропаның барлық елдерiнен тiкелей көрсетуге қол жеткiзген айтулы телеарна Мәскеуге тiсi батпай қалды, есесiне ресейлiк "Кадетство" сериалы және "Моя прекрасная нянямен" жанкүйерлердi одан әрi алдап жүре беретiн шығар?! Әрине, өте өкiнiштi!
Бiр ғажабы, 21-мамыр күнi финалдық кездесудi көрсетуге қол жеткiзе алмаған "Ел-арна" Балқан түбегiндегi Белградта өткелi отырған "Евровидение-2008" ән байқауын басқандай үш күн — 20, 22, 24 мамыр күндерi көрсетпекшi. Сонда қалай, әнсүйер, музыкаға құштар көрермендер – "байдың сүйiктi ұлы", ал футбол жанкүйерлерi – "екiншi сортты" болғаны ма?!
Осының бәрiнiң бiр ғана себебi болуы ықтимал: ақша табуға құныққан Ресей тарапы қазақстандық телеарналардан әлгi финалдық ойынды көрсетуi үшiн аса қомақты қаржы сұраған болар. Оған бiздiң телеарналардың төлей қоятын ақшасы жоқ! Екi ортада футбол жанкүйерлерi жапа шектi.
Ендеше, мұнай мен газымызды арзан бағамен алып отырған, ақпараттық кеңiстiгiмiзге кең есiк ашып қойған стратегиялық әрiптесiмiз, "мәңгiлiк досымыз" Ресейге бiр ауыз тiлегiмiздi өткiзе алмасақ, ондай достықтың қажетi қанша?! Атам қазақтың:
"Досым, досым" дейсiң,
Нанымды алдап жейсiң.
Қолда наным бiткенде,
Досы құрсын дейсiң", — дейтiн бiр ауыз өлеңi Ресейге қаратып айтылған шығар-ау!
Жаңабек ШАҒАТАЙ