«МҰЗАРТТЫҢ» ЖАҢА КЕЛБЕТI

«МҰЗАРТТЫҢ» ЖАҢА КЕЛБЕТI

«МҰЗАРТТЫҢ» ЖАҢА КЕЛБЕТI
ашық дереккөзі
387

"МузАРТ-тың" ән кешi өтедi екен" деген сыбыс басталғаннан-ақ, көпшiлiкте тыным болмай кеттi. Бiр-бiрiнен билет сұрап, концертке асыққандар қаншама. Билеттiң құны алыпсатарлардың арқасында аспандап кетсе де, "МузАРТ-тың" өнерiн сүйетiндердiң жолына тосқауыл бола алмады. Алматының төрiндегi әсем сарай үш күн бойы қатарынан ән мен жырдың думанды мерекесiне айналғаны анық. Бұл күндерi оңтүстiк астананың жұртшылығы ғана емес, республиканың түкпiр-түкпiрiнен ат сабылтып келгендердi де көзiмiз шалды. Көркем Алатаудың бөктерiн ән мерекесiне айналдырған "МузАРТ" тобының әншiсi Сәкен Майғазиевпен кеш алдында жолығудың сәтi түскен едi.

– "МузАРТ-тың" жеке ән кешiн өткiзбегенiне де бiраз жыл болыпты. Алдыңғы концерттерiңiз қашан өтiп едi?

– Осыдан тұп-тура бес жыл бұрын Республика сарайында кешiмiз өткен.

– Неге бес жыл? Сол аралықта топтың концерт қоюға мүмкiндiгi болмады ма?

– Болды, әрине. Бiрақ, бiрқатар жағдайларға байланысты кейiнге шегерудi жөн көрдiк. Соның бiрi – өздерiңiзге аян, Мейрамбектiң денсаулығына байланысты болды.

– Ұмытпасам, "МузАРТ" алғаш құрылған кезде "Айхай, жиырма бес" деп жиi концерт өткiзген едiңiздер?

– Ол құрама концерт болатын. Ал бiздiң тобымыздың алғашқы есеп беру кешi 2003 жылы "Өз елiм" деген атпен өткiзiлген едi. Ол кезде топтың құрамында Мақсат Базарбаев болатын.

– "МузАРТ" бұрынғыдай қазiр үшеу емес. Топтың құрамы кеңейiп жатыр. Топты кеңейту кiмнiң идеясы?

– Шынын айтсам, бұл идея – бiздiң арманымыз болатын. Оны iске асыру, халықтың көңiлiнен шығу – осы бес жылдың қорытындысы. Өзiмiздiң өнерiмiздi шыңдау, талантты жандардың өнерiн бағалау. Өзiмiздiң қаракөз, қарадомалақ жiгiттердiң басқа ұлттың аспаптарында ойнай бiлетiндiгiн дәлелдеу.

– Жаңа құраммен елiмiздiң өзге облыстарында концерт қойған жоқсыздар ма?

– Қазақстанның бiраз қалаларында, атап айтсақ, Көкшетау, Қостанай, Қарағанды, Астана, Батыс Қазақстан облыстарында өнерiмiздi көрсетiп қайттық. Шынайы дауыспен айтылған әндерге халық та шынайы ықылас бiлдiрiп, бiзбен қосылып ән салып та отырды. Қошеметтерiн аяған жоқ. Көңiлдерiнен шықтық деп ойлаймын. Кеш өткiзген облыстарымыздың Мәдениет сарайларында ине шаншар орын болмағанын мақтанышпен айта аламыз.

– Сiздердiң кез-келген әндерiңiз хит болып, көпшiлiктiң көңiлiнен шығып жататыны жасырын емес. Жалпы, "МузАРТ" әндi қалай таңдайды?

– Бiз әндi орындауда оның мәтiнi мен музыкасына көп мән беремiз. "Көп түкiрсе көл", "Жұмыла көтерген жүк жеңiл" демей ме, мұндайда құрамымыздың көптiгiнiң пайдасы да тиiп жатады. Әнге және оның өзгертiлуiне байланысты ұсыныстар да көп. Бiрiмiздiң қатемiздi екiншiмiз, екiншiмiздiң қатесiн үшiншiмiз түзеп, соңыра әп-әдемi болып шығады. Бiздiң көңiлiмiзден шыққан ән көпшiлiкке де ұнайды деп ойлаймын. Кейде "осы әндi сiздер орындасаңыздар екен" деп ұсыныс жасап, көп ақша беретiн де кездер кездесiп жатады. Бiреудiң ғана көңiлiне қарап, ақшасын бағалап ән салатын әншiлер емеспiз. Өнерге атүстi қарауға болмайды ғой. Сондықтан да шығар, әндерiмiздiң тағдыры ұзақ болып жататыны.

– Ән таңдауда ақын-композиторлардан да ақыл-кеңес алатын шығарсыздар?

– Иә. Кейде танымал ақын ағаларымызға әннiң сөздерiн көрсетiп, түзетiп алатын кездерiмiз болады. Әсiресе, Талант Арғынғали деген досымыз көп көмегiн бередi.

– Сiздерге қай жанрдағы әндер көбiрек жақын?

– Бiздiң үш ән жинағымыз жарық көрдi. Соның iшiнде, ретро, лирикалық әндер, рок-стильдерi бар. Репертуарымыздың бағыты жан-жақты. Бiз орындай алмайтын ән жоқ. Бiрiншiден, ән бiзге жарасатын болса, бiздiң стилiмiзге сай болса болғаны. Кез-келген әндi айтуға шамамыз жетедi. Дегенмен, әндерiмiзде қазақы иiсiмiз, қазақтығымыз аңқып тұрса деп ойлаймыз. Соны жоғалтпауға тырысамыз.

– Көп орындалмай жүрген халық әндерiн орындауға деген ықыластарыңыз қалай? Жалпы, халық әндерiн эстрадаға салу қиын емес пе?

– Қаймағы бұзылмай, халық арасында қалып қойған әндер көп. Бiздiң репертуарымызда да ондай әндер бар. Мысалы, "Әппақ сенiң тамағың", "Жайлаукөл кештерi". Бұл әндердiң әуенiн бұзбай, әдемi қалпында халыққа жеткiзiп жатсақ, несi айып?! Қазақтың қара өлеңiн, халық әнiн боямасыз эстрадада орындауға әбден болады.

– Осыдан бiрер жыл бұрын, бiздегi ән жазу студиялары туралы сын айтып едiңiз. Қазiр қалай, бiздiң дыбыс жазу студияларымыз Ташкенттiң студияларымен бәсекеге түсе алатын болды ма?

– Қазiр студиялардың жағдайы анағұрлым жақсарған. "Көш жүре түзеледi" дейдi. Қазiр Құдайға шүкiр, әндерiмiздiң сапасы Ташкентпен, Ресеймен салыстыруға келiп қалды.

– Демек, бұрынғыдай әншiлерiмiз Ташкентке сабылмайтын болды ғой.

– Әлi де ол жақта бiзбен салыстырғанда арзанырақ. Ақшаның тапшылығынан Ташкентке барып, ән жаздырып жүргендер әлi де бар. Бiздiң қазiр жеке студиямыз жұмыс iстейдi. Бұл студия "МузАРТ" үшiн ғана жұмыс iстемейдi, "НұрМұқасан" дуэтi, Тоқтар, "Жiгiттер" тобы, тағы басқа танымал эстрада жұлдыздары келiп, ән жазып отырады. Көптеген әншiлерiмiз бiзбен жұмыс жасауда. Сапасы жағынан жаман емес деп ойлаймын.

– Бейнеклип түсiру жағы ше? Бұрынғыдай әлi де Ташкентте түсiремiз бе?

– Бейнклиптi рас, Ташкентте түсiрiп келiп жатқандар бар.

– Ол да бағаға байланысты ғой.

– Иә, бағаға байланысты екенi рас. Жасырмай-ақ қояйық. Бiзде де бар. Бiрақ қымбат.

– Жалпы, сол клиптi түсiре алатын бiзде мықты режиссерлер бар ма?

– Әрине бар. Рашид Сүлейменов сияқты талантты режиссерлер бар. Олар сапалы, жақсы бейнеклиптер түсiрiп жатыр. Шынын айту керек, бiздiң тобымыздың, яғни "МузАРТ-тың" Ташкентте түсiрген бiрде-бiр клип жоқ. Бәрi өзiмiздiң елiмiзде түсiрiлдi.

– "МузАРТ-тың ән кешi" екi күнге жоспарланып едi, үшiншi күндi тағы қостыңыздар. Бұған көрермендердiң өзi себепкер болды ма?

– Сұраныс болғаны рас. Көп адам менiң телефоныма хабарласып, билет таба алмағандарын айтып жатты. Жарнама толық жүрмегеннiң өзiнде бiр концерттiң билетi өтiп кеттi. Жарнамасы шыға бастаған кезде екiншi концерттiкi де сатылып кеттi. Толығымен екi концерттiң де билетi өтiп кеткен соң, концертке бiр апта қалған кезде осылай шештiк. Оның үстiне, бiзде алдын-ала билет сатып алу деген қалыптаса қоймаған ғой. Көп адамның билеттi концерт жақындаған кезде iздейтiнi жасырын емес. Кейбiреулер, тiптi концертке жарты сағат қалған кезде барып, билет iздеп жүредi. Емiн-еркiн жүретiн қазақтармыз ғой. Билеттiң тапшылығына қарап, бiздiң өнерiмiздi бағалаған халыққа мың да бiр шүкiр деймiз.

– Әрине, кеш өткiзу оңай шаруа емес. Қаржы жағын қалай шештiңiздер?

– Кештiң өтуiне "ТұранӘлембанкi" көмектесiп жатыр. Содан кейiн, өздерiңiз сияқты ақпараттық қолдау көрсетiп жатқан БАҚ өкiлдерi. Әрине, ең бiрiншi қолдаушымыз – қарапайым көпшiлiк. Кейбiреулер телефоныма хабарласып, "билеттерiңiз қымбат" деп жатыр. Билеттiң құны екi мың теңгемен алты мыңның арасы. Бұл онша қорқынышты баға емес. Ресейден 30 мыңға дейiн келiп жатқан әншiлер бар. Соларға да ақша тауып барып жатыр. Оларға қарағанда екi мыңды студенттердiң де қалтасы көтере алады. Ал, билеттi қымбаттатып жiберген – алыпсатарлар. Билеттiң көбi қолға өтiп кеткен. Бес мыңның билетiн он мыңға сатып алғандар да болыпты. Соған қарағанда, бүгiнгi көрерменнiң қазақ әншiлерiне деген көзқарасы өзгерген. Бұрынғы кездерi қазақтың қыздары Ресейдiң әншiлерiн көбiрек тыңдап, солардың суреттерiн жапсырып жатушы едi. Қазiр қазақ әншiлерiне деген сұраныс өзгердi.

– Қытайға, жақын маңайдағы шетелдерге барғандарыңызды бiлемiз. Тағы басқа шетелдерге барып, ән айту ойларыңызда бар ма?

– ТМД елдерiнiң iшiнен Мәскеудiң өзiне барған жоқпыз. Омбыда болдық. Мейрамбек Германияға барып, емделген кезiнде сол жақтағы жергiлiктi қазақтар естiп, келiп жағдайын сұрап, бiздiң концерт қоюымызды өтiнiп, көргiсi, тыңдағысы келетiнiн айтыпты. Ташкенттен де, Қырғызстаннан да сұраныс көп. Моңғолиядан, Қытайдан ұсыныс түсiп жатыр. Абыр-сабырымыз басылсын, оның үстiне мынадай алып-қашпа әңгiмелерден кейiн, Қазақстанды түгел қамтып, концерт қою ойымызда бар. Жалпы, сол әңгiмелер бiздi шаршатты.

– Жалпы, алып-қашпа әңгiмелердiң шығуына не себеп болады?

– Соны өзiмiз де бiлмеймiз. Тiптi, шындыққа жанаспайтын әңгiмелер айтылып жатады. "Ойбай, автокөлiк апатына ұшырапты", "Өлiп қалыпты", "Жаман аурумен ауырады екен" немесе "Ажырасып кетiптi", "Әйелi тастап кетiптi", т.т. Оған өзiмiздiң де құлағымыз үйрендi. "Сондай дейдi ғой, рас па?" деп таныстарымыз телефон шалып жатады. Бiреулер әдейi шығаратын болар, бiреулердiң сондайға жаны құмар шығар, әйтеуiр, қайдан шығатынын бiлмеймiн. Шетелдерде поп музыканттар мұндай оқиғаларды қолдан ұйымдастырады ғой, аттарын шығару үшiн. Ал бiзде жүрегiң ауыратын нәрселердi айтады.

– Қазiр Мейрамбектiң денсаулығы қалай?

– Жақсы. Қазiр Мейрамбек намазға жығылған. Бес уақыт намазын қаза қылмайды.

– Өзiңiз?

– Иманым бар. Аузымнан Алламды тастаған емеспiн. Кейбiр жерлерде жанкүйерлерiм жұлмалап, костюмiмдi жырта жаздап тұрғанда, ауызға алдымен алатыным: "Бiсмиллиаһир рахманир рахим". Бiзге емес, яғни, әншiге емес, Аллаға табынса екен деп ойлаймын. Сахнаға шығардың алдында Аллаға бiрiншi сыйынып аламыз. Қазiр бiздiң тобымызда үш жiгiт намаз оқиды. Қалғанымыз алла нәсiп еткен күнi намазға жығылатын шығармыз.

Әңгiмелескен Едiге БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары