«ҚАРА АЛТЫННЫҢ» ҚАНЫ ЖЕРГЕ ТАМБАЙ ТҰР

«ҚАРА АЛТЫННЫҢ» ҚАНЫ ЖЕРГЕ ТАМБАЙ ТҰР

«ҚАРА АЛТЫННЫҢ» ҚАНЫ ЖЕРГЕ ТАМБАЙ ТҰР
ашық дереккөзі
281

Әлемдiк нарықтағы мұнай бағасы дүйсенбi күнi алғаш рет 120 долларға көтерiлдi. Былтыр венесуэлалық президент Уго Чавес 1 баррель мұнайдың құны 200 долларға жететiнiн айтқан едi. Егер қымбатшылық ауыздықталмаса, әлемдi күтiп тұрған дағдарысты көз алдыңа елестетудiң өзi қорқынышты. Ал көктем мен күзде егiс алқаптарында жұмыс қызған сәтте жанар-жағар майға қатысты қатшылық пен тапшылықты қолдан жасайтын ашкөздердi Үкiмет тез арада тезге салуы тиiс.

Апта басында "қара алтынның" нарықты әбiгерге салған басты себептерiнiң бiрi, негiзгi мұнай өндiретiн аймақтар — Нигерия мен Ирактың солтүстiгiндегi саяси ахуалына қатысты алаңдаушылықтар. Көңiл күйге қарай әрекет ететiн нарық алаңында мұнайдың бiр баррелi 126 долларға жеттi. Аталған аймақтардағы саяси тұрақсыздықтан қауiптенген инвесторлар шикiзатты көбiрек қарпып қалуға тырысқандықтан, нарықтағы сұраныс пен баға да көтерiлдi.

Түрiк әскерилерiнiң бiрнеше жылдан берi мыңдаған бейкүнә жанның ажалына себеп болған ККП жасақшыларына қарсы соққы беруi мен күрд содырлары шоғырланған Ирактың солтүстiгiндегi ахуал шынында ширығулы. Ал Нигерияда жергiлiктi жасақшылар мұнай өндiретiн құрылымдар мен мұнай шикiзаты экспортталатын құбырларға шабуыл жасаған.

Былтыр венесуэлалық президент Уго Чавес мұнайдың бiр баррелi 200 долларға жететiнiн айтқанда көпшiлiк сенбеген болатын. Алайда, өндiрiлiп жатқан мұнай шикiзатынан сұраныс деңгейiнiң бiрнеше есеге жо¬ғары екендiгiн көлденең тартқан халықаралық сарапшылар жарты жылдан кейiн 1 баррель "қара алтын" 200 долларға бағаланатынын айтады. Экономистер қауымы мұнай бағасының тым шарықтап кетуi әлемдiк экономиканың өсу қарқынын тежеуге және инфляцияның жоғарылатуға ықпал ететiнiн ескертуде.

Мұнайға қатысты мәселелердi шешуде Қазақстан Үкiметi де бiрқатар шаралар атқарды. Мысалы, премьер Мәсiмов ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрi Сауат Мыңбаевқа бiр аптаның iшiнде мұнай өнiмдерiне қатысты кешендi шарадарды жүзеге асыруды тапсырды. Министр өз кезегiнде iшкi нарықтағы ахуалға есеп бердi. Үстiмiздегi жылдың алғашқы жартысында iшкi нарықтағы мұнай шикiзатының бағасы тұрақты болатынын көлденең тартқан министр Мыңбаев жоғары сапалы жанар майдың құны сәуiр айында әр литрге 1-2 теңгеге, ал жер май бағасы 2-3 теңгеге өскенiн айтты. Министрдiң пiкiрiнше, жанар-жағар майдың қымбаттауы әлемдiк нарықтағы мұнай шикiзатының қымбаттауынан. Ал осыдан екi-үш ай бұрын ғана вице-премьер Шөкеев iшкi нарықтағы жанар-жағар майдың бағасын алыпсатарлар мен мүдделi топтар қолдан өсiрiп отырғандығын және Үкiмет тарапынан тиiстi шаралар атқарылатынын айтқан болатын. Оның үстiне, көктемгi егiс пен күзгi орақ кезiнде қатшылық пен тапшылықтың қолдан жасалатыны тағы бар. Өткен аптада отандық телеарналардың түгелге жуығы техникасы жанар-жағар майсыз қаңтарылып тұрған егiс алқаптарының ахуалын сөз еттi. Дихандар қауымы жергiлiктi жерлерде жанар-жағар май стансаларының тапшылықты қолдан жасайтынын айтып, шағымданды. Елiмiздегi мұнай шикiзатын өндiретiн шетелдiк компаниялар экспорт арқылы пайдаға шаш-етектен кенелетiндiктен, қазақ мұнайын сыртқа барынша көптеп тасуға мүдделi. Демек, Мыңбаев кiнәнi халықаралық нарықтан iздегенше, iшкi нарықтағы ахуалды реттеп, ашкөздердi тезге салуға кiрiскенi дұрыс болар едi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары