МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ — БIРЕУ. ЯҒНИ, ТҰҒЫР ДА БIРЕУ БОЛУЫ КЕРЕК
МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ — БIРЕУ. ЯҒНИ, ТҰҒЫР ДА БIРЕУ БОЛУЫ КЕРЕК
Үкiмет қазiр "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi туралы" заң жобасымен жұмыс iстеп жатыр. Жақында Қазақ Гуманитарлық заң университетi ғалымдарының дайындаған балама заң жобасы "Ана тiлi" апталығында жарық көрдi. Аталған жобаға қатысушылар – заң ғылымдарының докторы, профессор М.Нәрiкбаев – жұмыс тобының жетекшiсi, философия ғылымдарының докторы, профессор А.Айталы, заң ғылымдарының докторы, академик М.Баймаханов, саяси ғылымдарының докторы Ә.Бәкiр, филология ғылымдарының докторы, профессор Ж.Әбуов.
Әрине, жақсы бастама, құптауға тұрарлық дүние. Жалпы, "Мемлекеттiк тiл туралы" заң әлемдiк тәжiрибеде бар, 100-ге жуық елде қолданылып жүр. Солардың iшiнде аталмыш заң Францияда, Балтық жағалауы елдерiнде қолданыста екенi мәлiм. Демек, мемлекеттiк тiлi екiншi бiр үстем тiлдiң экспансиясына ұшырау қаупi бар мемлекеттер аталмыш заңды қабылдап отыр. Сондай-ақ, Ресей субъектiлерiне орыс тiлiн мемлекеттiк тiл ретiнде қолдануға мәжбүрлеу мақсатында "Ресей Федерациясының мемлекеттiк тiлi туралы" Заңын 2005 жылы қабылдаған едi.
Бұл тұрғыдан келгенде, "мемлекеттiк" дәрежесiн алғанына 20 жылдай уақыт болғанына қарамастан тiлiнiң мiскiн халiне жаны ашығаннан бұндай заң қабылдаудың қажеттiгiн зиялы қауым да, Үкiмет те түсiнiп отырған сияқты.
Заң жобасы 15 баптан тұрады. Атынан ат үркетiн мүйiзi қарағайдай ғалымдарымыз жобаны жасауға ат салысқан екен. Ал, Үкiмет дәл осы жобаны қолдайтын түрi бар. Өйткенi, Тiл комитетiнiң төрағасы Ерден Қажыбектiң ұсынысымен Қазақ гуманитарлық заң университетi дайындаған жоба өзгелерiне негiз етiп алынған. Алайда, егер «Мемлекеттiк тiл туралы» Заң осы күйiнде қабылданатын болса, оның қажеттiгi де жоқ.
Аталмыш заң жобасы "Ана тiлi" апталығында жарияланғаннан берi де бiраз уақыт өткенi мәлiм. Заң жобасы бойынша Алматы мен Астана қалаларында арнайы дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, талқылаудан өттi. "Ана тiлi" апталығында бiрен-саран болса да, заң жобасына қатысты өз пiкiрлерiн бiлдiрген мақалалар жарық көрдi. Бiрақ, көпшiлiк қызу талқыға салып әкете қоймады. Астана мен Алматыда өткен дөңгелек үстел мәтiнiмен таныса келе байқаға¬нымыз, талқылауға қатысушылар, заң жобасын талқылаудан гөрi, тiлдiң қазiргi мүшкiл халiн суреттеп, еңiрегенде етектерi жасқа толыпты. Ал, ең маңыздысы заң жобасын талқылау iсi кейiнге ысырылған.
Бiрiншiден, "Мемлекеттiк тiл туралы" заңды қабылдаудағы мақсат белгiлi — мемлекеттiк тiлдi орыс және ағылшын тiлдерiнiң экспансиясынан қорғау. Заң жобасын ұсынушылар дәл осы мақсатты алға қойғандарын айтады. Оған "үш тұғырлы тiл" саясаты түрткi болған. Ресми билiктiң өкiлi Мәдениет және ақпарат министрлiгi Тiл комитетiнiң төрағасы Ерден Қажыбектiң өзi қостiлдiлiктi дәстүрге айналдыру қателiк болды дейдi "Түркiлердiң тарихи-мәдени мұрасы Еуразиялық және Орталық Азия контексiнде" деп аталатын халықаралық, ғылыми-тәжiрибелiк конференцияда сөйлеген сөзiнде: "Қазақстанда ресми тұрғыдан алғанда қостiлдiлiк жоқ. Ол ешқашан мемлекеттiк жоспарға кiрмеген. Қазақтардың көбi орысша бiлгенiмен, орыс тiлдiлердiң басым бөлiгi қазақша бiлмейдi. Қостiлдiлiк, үштiлдiлiк, көптiлдiлiк деген мәселелердi дәстүрге айналдыру қате. Қазақстанда мемлекеттiк ұйымдар қазақша жұмыс iстеу керек. Сондай-ақ, "тiлдiң үштұғырлылығы" деген аударма да дұрыс емес. Мұндай пiкiрмен кез-келген саналы азамат еш келiспейдi. Мемлекеттiк тiл — бiреу, яғни тұғыр да бiреу" деген ол. Демек, "Мемлекеттiк тiл туралы" заңның қажеттiгiнiң өзi — "үштұғырлы тiл" саясатына қарсылықтан туындап отыр.
Дегенмен, заң жобасын қолға алып қарап отырсаңыз, көңiлiңiзге олқы соғатын тұстары көптеп кездеседi. Бiрiншiден, заң жобасы тым либералды. Көңiл жықпас, көйлек жыртылмастық деңгейде дайындалған.
Мысалы айталық, заң жобасының 2-бабының 2-тармағында "Заң, бiрiншi кезекте, қазақтар мен Қазақстан Республикасының диаспора жастарына мемлекеттiк тiлдi бiлудi мiндеттейдi" делiнген. Басында дәл осы сөйлемдi түсiне қоймадым. Заң жобасын әрмен қарай оқи отырып, түйсiнгенiм мемлекеттiк тiлдi бiлмейтiн өзге ұлт өкiлдерiнiң жасы келiп қалғандарына "тiлдi үйрен" деп қолқа салмайды екенбiз (5-баптың 4-тармағы). Әрi олардың қызметте еркiн жүре берулерiне мүмкiндiк берiледi. Дәл осындай талапты "Тiлдер туралы" заңда да енгiзген жоқпыз ба? "Мемлекеттiк тiлдi — барлық тұрғындар үйренуге мiндеттi" деймiз де, екiншi сөйлемде өзiмiзге өзiмiз қайшы келемiз. Бұл осыдан бiр-екi жыл бұрынғы депутаттардың "Сайлау туралы" заңға енгiзген "ұлты қазақ адамдар мемлекеттiк тiлдi бiлмейтiн болса, депутаттық креслоға жайғаса алмайтын болсын" деген сөйлемiн көз алдыңа елестетедi екен. Оның кезiнде қолдау таппай қалғаны белгiлi. Бұл — бiрiншiден.
Сондай-ақ, аталмыш заң жобасында мемлекеттiк тiлдiң бiлiм саласындағы қолданылу аясын кеңейту мәселесi де айқындалмаған. Дұрысы нақтыланбаған. 6-бап тұтастай бiлiм беру мәселелерiне арналған. Оның екiншi тармағында "Қазақстан Республикасының басқа тiлде бiлiм беретiн жалпы бiлiм, бастауыш, орта, жоғары кәсiби және жоғары оқу орнынан кейiн бiлiм беру ұйымдарында сыныптан сыныпқа көшу, оқу орнына түсу және бiтiру кезiнде мемлекеттiк тiл бойынша мiндеттi түрде емтихан тапсырылады" делiнген. Дәл осы талап қазiр де бар болу керек. Жұмыс тобының жетекшiсi, М. Нәрiкбаев "МК в Казахстане" газетiне берген сұхбатында "Менiңше, бала тiлдi мектептен бастап оқып-үйренуi тиiс. Шамамен пәндердiң 30-50%-ы қазақ тiлiнде үйретiлуi тиiс. Мектеп жасындағы баланың тiлдi үйренуге қабiлетi ерек болатыны түсiнiктi. Тiл сонда ғана жүзеге асырылмақ" (Мақсұт Нәрiкбаев: "К 2012 году все будут говорить по-казахски", 22 апреля, 2008 г.г.) дейдi. Бiрақ, заң жобасында өзге тiлдi мектептерде қандай пәндердi, қай сыныптан бастап қазақ тiлiнде үйрету мәселесi айтылмайды. Егер, мемлекеттiк тiл қоғамның барлық саласында қолданыс табуы тиiс болса, бiлiм беру саласы да бiртiндеп бiртiлдiлiкке қарай ығысуы керек. Мысалы, Балтық жағалауы мемлекеттерi орыс мектептерiндегi мемлекеттiк тiлде үйретiлетiн пәндердiң сағатын көбейтудi кезең-кезеңмен қолға алған жоқ па? Ал, биыл Латвияда "Бiлiм беру туралы" жаңа заң қайта қабылданды. Онда мемлекеттiк емес тiлдегi мемлекеттiк және жекеменшiк оқу орындарында бiлiм беруге тиым салынды. "Егер, тiл — Еуропа Одағына мүше елдердiң бiрiнiң ресми тiлi болса ғана ЖОО-да сол тiлде сабақ үйретiлуге рұқсат етiледi" делiнген. Ал, бiздегi бiлiм беру жүйесiндегi қос тiлдiлiктiң басым бағыты орыс тiлiнде екенi жасырын емес. Тым болмағанда, жоғары оқу орындарында мемлекеттiк тiлдегi үйретiлетiн пәндердiң тiзiмi немесе пайыздық өлшемi көрсетiлмейдi.
Бұл — екiншiден. Үшiншiден, мектепте мемлекеттiк тiлдi үйренгенiмен, оның өмiрде қолданысы шамалы болса, бала үйренгенiн мектеп қабырғасынан шықпай-ақ жеп қояды. Олардың қабiлетi үйренуге қандай бейiм болса, ұмытуға да сондай бейiм тұрады. Сол себептен де, аталған заң жобасында ең басты талап, қажеттiлiк тудыратын талап — мемлекеттiк қызметкерлерге мемлекеттiк тiлдi бiлудi мәжбүрлейтiн баптың болмағандығы.
Төртiншiден, "Мемлекеттiк тiл туралы" заң талабын бұзушыларға салынатын айып-пұл мәселесi. Ол тым қатаң болмайды, ескертумен немесе басқа да жеңiл-желпi шаралармен шектеледi. Ол үшiн "Тiл инспекциясын құру ұсынылған", бесiншiден: аталған жобаның 10 бабының 7-тармағында: "шет елдердегi қазақстандық диаспора өкiлдерiнiң ана тiлiн сақтап қалуына және оқып-үйренуiне көмек көрсетедi" делiнген. Бұл жердегi "қазақстандық диаспора өкiлдерi" дегенiмiз кiм? Шеттегi қандастарымыз өздерiн "қазақ диаспорасының өкiлдерi" санайды. Осы сөйлем арқылы-ақ, қазақстандық ұлт идеясын таңу мақсаты да байқалады.
Заң жобасын жасаушылардың айтуынша, Үкiмет "Мемлекеттiк тiл туралы" заң жобасын қарауды Парламентке алдағы күзде ұсынбақ көрiнедi. Бұл тұрғыдан жобаның көпшiлiк талқысына салынып, қоғамдық пiкiр туғызуды көздеп отырғандығы қуантады. Алайда, бұған дейiнгi бiрнеше жобаның iшiнде дәл осы жобаның таңдалып алынуы күдiк тудырады. Соған қарағанда, билiк "өгiздi де өлтiрмейтiн, арбаны да сындырмайтын", тым-тым жалпақшешей осы заң жобасын тықпалауды ойластырып отыруы да ғажап емес.
Аталған заң жобасын талқылау iсiне бiрнеше журналистiң ат салысқандығы байқалады. Соның iшiнде "Новое поколение" газетiнде Ботагөз Сейдахметованың "Острый язык" атты мақаласы жарияланды. Онда да баяғы гөй-гөй. Егер, аталған заң қабылданатын болса, Қазақстан аумағындағы өзге тiлдi сапалы қызметкерлер ат құйрығын кесiсетiн көрiнедi. Автор Балтық жағалауы елдерiнiң тәжiрибесiн көлденең тарта отырып, ондағы жоғары дәрежелi мамандардың көптеп кеткендiгiн мысалға келтiредi. Бiрақ, бiзге жеткен ақпарат көздерiне сүйенсек, орыс тiлiнiң кейiнге ысырылуына Балтық мемлекеттерiндегi орыстiлдi азаматтардың барынша күрескенiне қарамастан, мемлекеттiк тiлдiң салтанат құрғаны рас. Сөйте тұра, Эстония мен Латвиядан орыстар үдере көштi дейтiн статистика да кездеспейдi. Тiптi, ондағы орыстiлдi тұрғындар мемлекеттiк тiлдi бiлмегенi үшiн азаматтығын ала алмай жүргенiне қапаланған жоқ па? Нәтижесiнде эстон немесе латвия тiлiн үйренуге ден қойды. Тiл полициясы мемлекеттiк қызметкерлердiң мемлекеттiк тiлдi бiлу деңгейiн үнемi қадағалап, егер, заң нормаларын бұзушылық кездессе, қызметкерден бұрын, жұмыс берушiнi жазалаған жоқ па? Бiздiң заң жобасын жасаушылар ең жеңiл талаптарды көлденең тартады. Оның өзi орыстiлдiлердiң үрейiн ұшырып жатыр. Шынын айтқанда, орыс тiлiнiң Ресейден кейiн салтанат құрып тұрған ошағы — Қазақстан. Ал, Қазақстаннан өзге жанашыры жоқ қазақ тiлi, айтудың өзi ұят. Тiлiмiз жауыр болды… шаршадық. Бiрақ белгiлi бiр деңгейде жасалынып жатқан шара жоқтың қасы.
Есенгүл Кәпқызы