Қазақстандықтардың 95 пайыздан астамы этносаралық қатынастарды тұрақты деп санайды – министрлік

/
Қазақстандықтардың 95 пайыздан астамы этносаралық қатынастарды тұрақты деп санайды – министрлік

Мәдениет және ақпарат министрлігі қоғамдық келісім, азаматтық бірлік және этносаралық қатынастарды дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бүгінде елімізде жүзден астам этностың өкілдері бейбітшілік пен келісім жағдайында өмір сүруде. Оларды тең мүмкіндіктерге негізделген және тұрақты дамуға бағытталған Әділетті Қазақстанды құру жөніндегі ортақ мақсат біріктіреді.

Этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясатты іске асырудың тиімді институционалдық жүйесі қалыптасты. Бұл жүйе орталық мемлекеттік органдардан бастап өңірлік Қазақстан халқы ассамблеяларына дейін барлық деңгейде жұмыс істейді.

Этносаралық қатынастардың даму деңгейін зерделеу және практикалық ұсынымдар әзірлеу мақсатында өңірлерде тұрақты түрде әлеуметтік зерттеулер мен мониторингтік сапарлар жүргізілуде.

2025 жылы қоғам тарапынан этносаралық саясатқа деген сенім деңгейі жоғары екенін көрсететін дерек тіркелді. Азаматтардың 95 пайыздан астамы елдегі этносаралық ахуалды тұрақты әрі қолайлы деп бағалауда.

2022 жылғы сәуірден бастап кәсіби этномедиаторларды даярлау және медиация институтын дамыту мақсатында Этномедиация орталығы жұмыс істейді.

Этносаралық салада түсіндіру жұмыстарын күшейту үшін республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы құрылды. Қазіргі уақытта елімізде 80 ақпараттық-түсіндіру тобы белсенді қызмет атқаруда.

Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен 1000-нан астам этномәдени бірлестік пен 4000-ға жуық қоғамдық құрылым біріктірілген. Олардың қызметіне 50 мыңнан астам азамат тартылған. Қоғамдық өмірге халықты кеңінен жұмылдыруда «Ақсақалдар кеңесі» мен «Аналар кеңесі» маңызды рөл атқарып келеді. Отбасылық құндылықтарды нығайту және жастарды рухани-адамгершілік тұрғыдан тәрбиелеуге бағытталған «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Адал азамат» және «Салауатты сана» жобалары табысты жүзеге асырылуда.

2025 жылы алғаш рет Алматы, Жамбыл, Түркістан және Жетісу облыстарында аудандық деңгейдегі ассамблеялар құрылды.

«Ассамблея жастары» жастар қанаты 10 мыңнан астам жас өкілін біріктіріп, мәдениеттер арасындағы диалогты дамытуға бағытталған бастамаларды іске асыруда. Жастар ұйымының «Жаңа толқын», «Школа лидеров АНК» және «50 жас көшбасшы» сияқты жобалары табысты жүзеге асып келеді. Сонымен қатар, еліміздің жоғары оқу орындарында түрлі этнос өкілдерімен жұмыс жүргізетін Студенттік ассамблея жұмыс істейді. Ол этносаралық келісім мен азаматтық бірегейлікті нығайтуға, сондай-ақ волонтерлік қозғалыс пен этномедиация бағытын дамытуға өз үлесін қосуда.

Республика бойынша 32 Достық үйі жұмыс істейді. 2025 жылы Қызылорда, Атырау және Абай облыстарында жаңа Достық үйлерінің құрылысы басталды.

«Жомарт жан» қайырымдылық орталығы, «Жеңіс бірлікте» спорттық алаңы және «Елтану» жобасы белсенді түрде дамып келеді. Биыл «Жомарт жан» орталығының меценаттары 35 мың азаматқа 305 миллион теңге көлемінде көмек көрсетті.

Ғылым мен білімді дамыту мақсатында жоғары оқу орындарында Ассамблеяның 42 кафедрасы жұмыс істейді. 360 сарапшыны біріктіретін Ғылыми-сараптамалық кеңес пен Жас ғалымдар клубы зерттеу қызметін жандандыруда.

Елімізде 11 тілде 50-ден астам газет пен журнал жарық көреді. Алғаш рет Қазақстанның 14 жоғары оқу орнында оқу бағдарламасына «Этносаяси сауаттылық» курсы енгізілді. Қазақстан халқы Ассамблеясының журналистер клубы 500-ге жуық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен медиа саласының мамандарын біріктіреді.

170-тен астам ансамбльді қамтитын Ассамблеяның шығармашылық ұжымдары қауымдастығы құрылды. Сонымен қатар, 4 этноконфессиялық театр жұмыс істейді және мәдени іс-шаралардың бірыңғай күнтізбесі жүзеге асырылуда.

2023 жылы әдебиет, журналистика, мәдениет және өнер саласындағы жетістіктер үшін арнайы сыйлықтар тағайындалды. Сондай-ақ, жалпыұлттық бірлікті нығайтуға қосқан айрықша үлесі үшін «Ел бірлігі» орденімен марапаттау тәртібі бекітілді.

Қазақстанның этносаралық келісім тәжірибесі халықаралық аренада жоғары бағаланды. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында еліміздің бейбітшілік моделін шетелде ілгерілетуге бағытталған Халық дипломатиясы орталығы және Достық елшілер корпусы жұмыс істейді.

«Ассамблея жастары» ұйымы ЮНЕСКО мен Еуропа Кеңесінің халықаралық жастар құрылымдарына мүше болып, өз бастамаларын Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде таныстырды.

Қазақстан қоғамдағы келісім мен бірлікке негізделген, өзара құрмет, көпмәдениеттілік және төзімділік қағидаттарына сүйенетін бірегей үлгі қалыптастырды. Бұл үлгі мемлекеттің тұрақтылығы мен тұрақты дамуының негізгі факторларының біріне айналды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы биылғы маңызды оқиғалардың бірі болды. Мерейтой аясында 10 мыңнан астам әлеуметтік маңызы бар іс-шара ұйымдастырылып, олар миллионнан астам азаматты қамтыды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары