Людмила БАРБЭ, арнайы "Түркiстан" үшiн Кишиневтен: ҚАЗАҚ БАТЫРЫНА ТАҒЗЫМ
Людмила БАРБЭ, арнайы "Түркiстан" үшiн Кишиневтен: ҚАЗАҚ БАТЫРЫНА ТАҒЗЫМ
Молдова топырағында ерлiкпен қаза тапқан қазақ батырына ескерткiш тақта орнатылып, оның атына көше берiлдi.
Фашистермен кескiлескен шайқаста Молдова топырағында ерлiкпен қаза тапқан жалғыз қазақ – Қанас Қамзинге Анений Ной ауданына қарасты Гура Быкулуй ауылындағы лицей ғимаратында ескеркiш тақта орнатылды. Ауыл әкiмшiлiгiнiң жетекшiсi Ион Лапикус қазақ батырын осылайша құрметпен еске алу ауыл тұрғындары үшiн үлкен мәртебе екендiгiн жеткiздi: "Бұл салтанатты шараға Қазақстанның төтенше және өкiлеттi елшiсiнiң қатысуы – бiз үшiн үлкен құрмет. Аға лейтенант Қанас Қамзиннiң құрметiне орнатылған ескерткiш тақта – бiздiң ауылымыздағы жалғыз естелiк. Сондықтан лицей ғимараты орналасқан көше де қазақ батырының атында. Қазiргi таңда соғыс жылдарында жауға қарсы тұрған 18 ауыл тұрғынының 4 сарбазы мен екi жесiрi арамызда жүр. Олар – ауылдың мақтанышы. 9 мамыр мерекесi бұрынғы КСРО құрамында болған елдердiң халқын бiрiктiрiп, бейбiтшiлiкке бастайды".
Қазақстанның Молдовадағы төтенше және өкiлеттi елшiсi Амангелдi Жұмабаев соғыс зұлматын жиi еске алып, фашистермен соғыс алаңында қаза тапқандар туралы естелiктердi жиi оқу керектiгiн айтты: "Тарихсыз келешек жоқ. Сондықтан бiздiң балаларымыз бен немерелерiмiз бiз жүрiп өткен жолдарды бiлуi тиiс. Бiз олардың бейбiт өмiр сүргенiн қалаймыз. Бiздiң жерлесiмiзге қойылған мына ескерткiш тақта келешек ұрпақты тәрбиелеуге үлес қосары айқын".
Қазақ елшiсi 4 соғыс ардагерi мен екi жесiрге Жеңiс күнiне арналған мереке құрметiне орай бағалы сыйлықтар табыс еттi.
II Дүниежүзiлiк соғысқа Қазақстаннан 1,7 млн. адам қатысты. Олардың 600 мыңға жуығы туған елiне қайтып оралған. Молдова топырағын фашистерден азат ету жолында шайқасқан Қанас Қамзин 1944 жылдың сәуiрiнде қаза тапты.