ҚЫЗҒАЛДАҚТЫ ЖҮРЕКТЕРIНIҢ ТҮКПIРIНЕН IЗДЕГЕН...

ҚЫЗҒАЛДАҚТЫ ЖҮРЕКТЕРIНIҢ ТҮКПIРIНЕН IЗДЕГЕН...

ҚЫЗҒАЛДАҚТЫ ЖҮРЕКТЕРIНIҢ ТҮКПIРIНЕН IЗДЕГЕН...
ашық дереккөзі

Сәуiр айының 18 жұлдызында Алматы қаласындағы дарынды балаларға арналған №173 физика-математика мектеп-гимназиясында Қазақстандағы гүл мәдениетiн дамыту және қызғалдақты қорғау мақсатын ұстанған "Қызғалдақтың Отаны – Қазақстан" атты қалалық мектептер арасында тәрбиелiк-танымдық, мерекелiк сайыс өттi. Мерекеге Алматы қаласының әртүрлi мектептерiнен келген қызғалдақ жүректi 5-7 сынып оқушылары қатысты. "Гүлстан" республикалық ғылыми-танымдық, көпшiлiк журналының және "Гүлзар" қоғамдық бiрлестiгiнiң бастамасымен өткен бұл мереке ендi жыл сайын республика көлемiнде "әр ауланың гүлденгенi – мемлекеттiң гүлденгенi" деген ұранмен осындай тәрбиелiк-танымдық мерекелердi өткiзудi дәстүрге айналдыруды мақсат тұтып отыр.

Қызғалдақ десе, ең алдымен көз алдымызға балғындық, қанықтық, тазалық, әсемдiк келедi. Бiз баяндағалы отырған әңгiме де осындай қызғалдақ жанды 5-7 сынып оқушылары жайында болмақ.

Құрамы он бес оқушыдан тұратын Алматы қаласының жиырма мектебiнен "Қызғалдақ" мерекесiне арнайы дайындықпен келген топтар дарынды балаларға арналған №173 физика-математика мектеп-гимназиясының спортзалында сап түзеп, сақадай сайланды. Зал iшiн оқушылардың мөлдiр көздерi мен сыңғыр күлкiлерi жаулады. Мерекелiк сайыс басталмай-ақ әрқайсысы өздерiне бiр мiндет жүктеп қойғандай, абыр-сабыр болып жүр. "Бұл жерде не болайын деп жатыр?" деген сұрақты көздерiнен аңғартқан №173 мектептiң көрермендерi де даурығуда.

Спортзалдың орта тұсына қойылған парталардың үстiне әртүрлi қыш ыдыстар және бояулар мен бояу құралдары әзiрленген. Ал, әр топтың алдына қойылған парталарда кесiлген қызғалдақтар мен дайын оазистер тiзулi тұр.

Мерекенiң басталатындығы туралы белгi берiлген сәтте, оқушылар саптарын түзеп, өздерi асыға күткен мерекенiң келiп жеткенiн ендi ғана сезiнгендей демдерiн iштерiне жия қойды. Салтанатты мерекенiң ашылу сөзiн алған республикалық ғылыми-танымдық, көпшiлiк "Гүлстан" журналының бас редакторы Құлжабаева Гөзел ханым: "Қыз – елдiң көркi, гүл – жердiң көркi" деген екен дана халқымыз. Ендеше, елiмiздiң әсемдiгiнiң, байлығының символы болып табылатын, дәл өздерiңдей балғын, дәл өздерiңдей әдемi қызғалдақ мерекесi құтты болсын. Сәттiлiк тiлеймiн!" – деген лебiзiн бiлдiрдi. Одан әрi сегiз номинациядан тұратын мерекелiк сайыстың барысы түсiндiрiлiп, оқушылар жұмысқа кiрiсiп те кеттi. Өздерiне берiлген үй тапсырмалары: қызғалдақ жайлы өлеңдер, аңыз-әңгiмелер, суреттер, қолөнер жұмыстары алдын-ала жинап алынған болатын. Осындай оқушылардың жүрекжарды шығармашылықтарын бағалауға келген қонақтар – Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегерi, белгiлi ақын – Оразақын Асқар, Серiк Қапшықпай мырзалар және ақын – Ләззат Игiсiн ханым да төрешi үстелiнен бас көтермей, оқушылардың ұсынған жұмыстарын тексеруде.

Әрбiр топтан шыққан бiр-бiр оқушы өз шығармашылық өрiсi бойынша ортадағы қыш ыдыстарға қызғалдақ суреттерiн салып жатыр. Бiреуi ыдыс iшiне өрнектесе, бiреуi жиегiне, ендi бiреуi ыдыс сыртын түрлi қызғалдақтармен безендiруде. Ал, осы кезде қызғалдақтың кесiлген гүлдерiмен композициялық жұмыстар атқарып жатқан топтың қалған мүшелерiне викториналық сұрақтар берiлдi. Оған да "Гүлстан" журналын қолынан тастамайтын оқушылар жамыраса жауап берiп, аз уақыттың iшiнде әдiл-қазылар алқасына жауап парағын ұсынды. Одан әрi әр топ өзiн таныстыруға көштi. Әрқайсысы талапта көрсетiлгендей өз шығармашылық өрiсi бойынша қызғалдақтың бейнесiне ұқсас киiм киiп, бiр-бiрiнен ерекшеленсе, топтардың аттары, ұрандары, кейбiрi тiптi әнiн де ұсынып, көрермендердi таңдай қақтырды. Қызғалдақтың пайда болуы туралы көрiнiстер де әр топтың өз шығармашылық өрiсi негiзiнде өрiлген. Осыншама өнерге баға беру қазылар алқаларына да оңайға соқпасы анық. Осындай мақсатпен әдiл-қазылар алқасы кеңеске кеткенде, мереке әр топтың арасынан шыққан жез таңдай әншiлер мен мың бұралған бишiлердiң думанды бағдарламаларына ұласты.

Сегiз номинация бойынша өткен мерекелiк сайыс оқушылардың тиянақты дайындықтарының арқасында бiр деммен өттi де кеттi. Бiрiнiң қолынан шыққан әдемi туындыға екiншiсi таң қала қарайды. Бәрiнiң көкiрегiндегi, көздерiндегi сұрақ – бүгiнгi мерекелiк сайыстың жеңiмпазы қай топ? Осы арада оқушылардың төзiмiн тауыспай әдiл-қазылар алқасы да жеңiмпаздарды салтанатты түрде жариялай бастады. Атап айтсақ, III дәрежелi дипломмен Алматы қаласы, Әуезов ауданы, №175 "Жаңа ғасыр" мектеп-гимназиясы марапатталса, II орынды Алматы қаласы, Жетiсу ауданынан келген №151 орта мектеп өз қанжығасына байлады. Ал, бас жүлденi иемденген Алматы қаласы, Әуезов ауданының №123 орта мектебi өз белсендiлiгiмен ерекше көзге түскенiн қазылар алқасы сөзге тиек еттi. Жүлделi орындарға ие болған бұл топтар бағалы сандық фотоаппараттармен марапатталды. Арнайы дипломмен марапатталған Жамбыл облысы, Шу ауданы, М.Мақатаев атындағы орта мектеп бiр жыл бойы "Гүлстан" журналымен тығыз байланыс жасап, мерекеге сонау алыстан арнайы ат терлетiп келiп, бiр жыл iшiнде жиналған көл-көсiр жұмыстарын ұсынды. Ал, қалған командалар болса, арнайы номинациялар бойынша марапатталып, сыйлықтарға ие болып қайтты.

Қызғалдақ мерекесiне келген топтар өздерiнiң қызғалдаққа деген бала жүректерiн өлеңмен, әңгiмемен, суретпен, қолөнер жұмыстарымен, тiптi көрiнiспен жеткiзген елiмiздiң ертеңi, болашағымыздың көркемi болар қызғалдақтардың асар асуы, басар биiгi әлi алда. Тек сәттiлiк тiлеймiз!

Сұлтан ЕРТАЙ