"Бiр мемлекет – бiр болашақ" жыл бойы осы ұранмен жұмыстар жүргiзiлмек

"Бiр мемлекет – бiр болашақ" жыл бойы осы ұранмен жұмыстар жүргiзiлмек

"Бiр мемлекет – бiр болашақ" жыл бойы осы ұранмен жұмыстар жүргiзiлмек
ашық дереккөзі
251

Қазақстан Студенттер Альянсы — елiмiздегi 130 жоғары және 80 орта арнаулы оқу орнындағы 70 мыңнан астам студенттердiң басын бiрiктiрушi ұйым. Студенттiк қозғалыстың негiзгi мақсаты — барлық жоғары оқу орындарымен тұрақты байланыс орнатып, студенттердiң өзектi мәселелерiн шешуге атсалысу, мүддесiн қорғау және оқу орындарында бiлiм беру сапасын нығайтуға ықпал ету.

Үстiмiздегi жылдың наурыз айының 17-20 жұлдызында Қостанай қаласында Студенттер Альянсының IV жалпы республикалық слетi болып өттi. Слет барысында жыл бойы атқа¬рылған iс-шаралардың есебi тыңдалып, республикалық қозғалыс басшысымен аймақ көш-басшылары қайта сайланған болатын. Сонымен бiрге басқосуда 2008 жылдың жаңа жұмыс жоспары бекiтiлген едi. Елiмiздегi бiлiмгерлердiң басын қосуға себепшi болған қозғалыс жыл бойы "Бiр мемлекет, бiр болашақ" тақырыбында ауқымды жұмыстар атқармақшы.

Жақында сәуiр айының 23-25 күндерi аралығында "Бiр мемлекет, бiр болашақ" атты республикалық патриоттық акциясының тұсаукесерi рухани астанамыз Түркiстан қаласынан басталды. Тұсаукесердiң ашылу салтанатына республикалық қозғалыстың көшбасшысы және Тараз, Қызылорда, Алматы, Талдықорған, Шымкент қалаларынан ҚСА-нiң 70-ке жуық студенттерi келдi. Оның ашылу салтанатында Бiлiм және ғылым министрi Ж.Түймебаевтың жастарға арналған құттықтау хатын жастар саясаты және тәрбие iсi жөнiндегi департаментiнiң басқармасының бастығы Жомарт Асқаров оқыды. Жиынның ашылуына келген қонақтарға Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң өкiлi, Қ.А.Ясауи ХҚТУ-нiң I вице-президентi Құлбек Ергөбек, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетi оқу, ғылым, тәрбие және халықаралық қатынастар жөнiндегi вице-президентi профессор С.Тұртбаев, қала әкiмiнiң орынбасары Ж.Ибрагимовтар құттықтау сөздер сөйлеп жастардың бастап отырған игi жұмыстарына сәттiлiк тiледi. Республикалық Қазақстан Студенттерi Альянсының көшбасшысы Лаура Сүлейменова сөз кезегiнде акцияның тұсаукесерiне қамқорлық, демеу болған ХҚТУ-дiң президентi Лесбек Тәшiмовке ҚСА-ның мүшелерiнiң атынан үлкен алғысын жеткiздi. Сонымен бiрге алдағы уақытта Қазақстан Студенттер Альянсының республика көлемiнде атқарар әрi басымдық берiп отырған негiзгi жұмыстарын атап өттi. Оның iшiнде туған ана тiлiмiз — қазақ тiлiнiң мәртебесiн көтеру жайы. Жастарға әрдайым қамқорлық көрсетiп жүрген Түркiстан Гуманитарлық ғылымдар және бизнес иниститутының директоры Жамбыл Талқаұлы Әйменовке альянстықтардң атынан ҚСА-ның көшбасшысы Әлия Арзымбетова алғыс бiлдiрдi.

Үш күнге созылған iс-шарада белсендi жастардың өзектi деген мәселелерiне байланысты әртүрлi дөңгелек үстел мен басқосулар өткiзiлдi. Әр аймақтан келген ҚСА-ның көшбасшылары мен студенттерi жастар саясаты туралы баяндамалар оқып, ондағы мәселелердi талқыға салды. Атап айтқанда, елiмiздегi белсендi жастар қозғалысы ҚСА-ның әнұранының мәтiнiн қазақшаға өзгерту, аймақтардағы қазақ тiлiнiң қолданылуы, қазiргi таңда көп талқыға түсiп жатқан "Жастар саясаты туралы" Заңның қабылдану жайы сөз етiлдi. Оңтүстiк өңiрлерден келген қонақтар күтiп алған ХҚТУ-нiң топ белсендi студенттерi және Түркiстан-Кентау аймағынан көшбасшы Әлiбек Мәдiбеков Түркiстан, Кентау қалаларының көрiктi жерлерiн аралатып, Отырар ауданына да саяхат жасады.

Түркiстан-Кентау аймағы Студенттерi Альянсының көшбасшысы Ә.Мәдiкбеков осы республикалық патриоттық акцияның тұсаукесерi жоғары дәрежеде өтуiне себепшi болған ХҚТУ президентi, профессор Л.Тәшiмов мырзаға және әкiмшiлiгiне, ХҚТУ-нiң бiр топ белсендi студенттерiне үлкен алғысын бiлдiрдi.

Бүкiл түркiлерге қасиеттi саналатын Түркiстаннан бастау алған патриоттық акция мемлекетiмiзге өз нәтижесiн жыл соңында берердi. Кез келген бiр мемлекет пен оның болашағы бiртұтас. Кемел болашақтың тiрегi-жастар. Олардың елiмiз үшiн атқарған әрбiр iсi болашағымыз үшiн қаланған кiрпiш болып есептеледi.

Әсем ҚАБЫЛБЕКОВА

Серіктес жаңалықтары