"КҮРЕТАМЫРДЫҢ" "ЖАС ҚАНАТҚА" СЫЙЛЫҒЫ

"КҮРЕТАМЫРДЫҢ" "ЖАС ҚАНАТҚА" СЫЙЛЫҒЫ

"КҮРЕТАМЫРДЫҢ" "ЖАС ҚАНАТҚА" СЫЙЛЫҒЫ
ашық дереккөзі
337

18-20 сәуiр күндерi Астанадағы Конгресс-Холл сарайында Жас орындаушылардың XVII республикалық "Жас қанат-2008" байқауы өттi. Оған үздiк қатысушыларға жүлде тағайындаған демеушiлердiң қатарында "Күретамыр" қоғамдық қоры да атсалысты.

Қазақстанның қазiргi замандық музыка кеңiстiгiнен өз орнын ойып алатын "Жас қанат" байқауы 1991 жылы Алматы қаласында тұсау кестi. Тәуелсiздiктiң төл құрдасы – "Жас қанат" байқауы бұл жолы үстiмiздегi жылы кәмелеттiк 17 жасына толған өзiндiк мерейтойын Астана қаласының 10 жылдығы қарсаңында атап өттi. Үш күнге созылып, электрондық дауыс беру арқылы бағаланып, "олимпиадалық жүйе" бойынша өткен тартысты бәсекенiң қорытындысында Бас жүлденi – 1 орынды, яғни Алтын қанатты оралдық Дәуренбек Мерғалиев жеңiп алды. Ол Астана қаласының жаңа әкiмi Иманғали Тасмағамбетовтiң арнаулы сыйлығына да ие болып, ҚР Мәдениет және ақпарат министрi Ермұхамет Ертiсбаевтың қолынан кез келген халықаралық байқауға қатысуға құқық беретiн мемлекеттiк грант алды. Күмiс қанат – 2 орын иегерi Диас Нүсiповпен бiрге Талдықорғанға аттанды. Қола қанатты 3 орын алған қостанайлық Анастасия Пикулева еншiледi. Жас орындаушылар өнерiне Кеңес Дүйсекеев, Нұржамал Үсенбаева, Жанат Бақтаева, т.б. көрнектi өнер қайраткерлерi, танымал музыканттар мен әншiлер әдiл қазылық еттi. "Жас қанат" байқауының директоры және продюсерi – Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi Мұрат Ерғалиев, режиссерi – Александр Пономарев. "Күретамыр" қо¬ғамдық қоры да жас таланттарды қолдау мақсатында арнайы Құттықтау парақшаларын шығарып, 14 үмiткерге және әдiл қазыларға табыстады. Ол құттықтау парақшаларында "Күретамыр" қорының нысанаға алып отырған жалпы мақсат-мұраттарынан, атқарылуға тиiстi жұмыс жоспарларынан, сондай-ақ, жастар мәселесiне қатысты алдағы уақытта қолға алынуға тиiстi сан алуан iс-шаралардан қысқаша мағлұмат берiлген.

"Күретамыр" қоры тағайындаған үш қомақты сыйлық өз иелерiн – алматылық Еркебұлан Дудабаевты, сарыағаштық Глафира Богатованы және бас жүлдегерлердiң бiреуi – қостанайлық Анастасия Пикулеваны тапты. Жүлделi сыйлықтарды салтанатты түрде табыс еткен белгiлi ақын, көрнектi қоғам қайраткерi, "Күретамыр" қорының президентi Айсұлу Қадырбаева жас буын өнерпаздарға бағыштап айтқан өзiнiң жүрекжарды лебiзiн аналық ақ батаға толы жыр шумақтарымен аяқтады. Бұған дейiн жеңiл музыкалық шоу ретiнде ғана қаралып келген байқаудың сахналық төрiнен қазақ поэзиясының асқақ үнiнiң естiлуi, қазақы салтпен бата берiлуi – тұңғыш рет.

Жадыра СЕРIКҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары