ЕАМФ ҰК төрайымы Дариға НАЗАРБАЕВА: "ФОРУМНЫҢ ЖАУАПКЕРШIЛIК ЖҮГI АУЫРЛАДЫ"

ЕАМФ ҰК төрайымы Дариға НАЗАРБАЕВА: "ФОРУМНЫҢ ЖАУАПКЕРШIЛIК ЖҮГI АУЫРЛАДЫ"

ЕАМФ ҰК төрайымы Дариға НАЗАРБАЕВА:  "ФОРУМНЫҢ ЖАУАПКЕРШIЛIК ЖҮГI АУЫРЛАДЫ"
ашық дереккөзі
265

Екi күн iшiнде тарихи маңызы бар әрi әбден пiсiп, толғағы жеткен бiрқатар саяси мәселелердiң басын қайырған медиа форум аяқталды. 450-ден астам делегат көкiрегiне сан түрлi пiкiр түйiп кеттi.

Еуразиялық медиа форум туралы әңгiме қозғалғанда, алдымен көкейге "Ғаламдық проблемаларды тартысқа салатын шараның қазаққа, Қазақстанға берер пайдасы қандай? Қыруар қаражатты желге шашу емес пе?" деген сауал оралады. Өйткенi, халықаралық шараны ұйымдастыруға кеткен шығынды көтерген демеушiлер тiзiмiнiң ұзақ екендiгi даусыз. Еуразиялық медиа форум Ұйымдастыру комитетiнiң төрайымы Дариға Назарбаева ханымға қойылған алғашқы сауал пайда мен тиiмдiлiк мәселесiне қатысты болған:

– Дариға Нұрсұлтанқызы, отандық емес, әлемдiк проблеманы талқыға салатын медиа форумның Қазақстанға берерi не? Қандай пайдасы бар?

– (Күледi). Осы сауалды қазақстандық әрiптестерiмiз жиi қояды. Пайданың барлығын бiрдей қолға ұстатып, ауызға сала алмайсың. Пайданың түрi көп. Бiрiншiден, адамдар бүкiл әлемдегi мемлекеттердiң ахуалынан хабардар болады. Жер шарының түкпiр-түкпiрiнен келетiн делегаттар бiр-бiрiмен жақын танысады, достасады, пiкiр алмасады, елдерiне қайтқаннан кейiн де бiр-бiрiмен хабар үзбейдi, жыл сайын медиа форумда кездеседi.

– Сiздiңше, уақыт өте келе, шараның маңызы жоғалмай ма?

– Жоқ. Күнi бүгiнге дейiн медиа форум маңызын жоғалтқан жоқ. Керiсiнше, жыл өткен сайын ауқымы кеңейiп, көтеретiн жауапкершiлiк жүгi ауырлай түстi.

– Жетiншi рет өткiзiлген форумға берер бағаңыз қандай?

– Менiңше, өте қызықты өттi. Тұрақты түрде атсалысып жүрген қонақтарымыз медиа форумның жылдан жылға жақсарып келе жатқанын жиi айтады. Алғашқы жылдары қаншама елдi аралап, әлемге танымал қаншама тұлғаларды форумға қатысуға үгiттеуге мәжбүр болдық. Оларға Қазақстанның қай жерге орналасқанын түсiндiрiп, форум өткiзiлетiн қала – Алматыны суреттеп, туған жердiң табиғатына жарнама жасап, әлекке түсетiнбiз. "Тауларымыз өте керемет, жейтiн тағамдарымыз дәмдi, әсiресе, етiмiздiң дәмi тiл үйiредi, қыздарымыз көрiктi әрi сұлу" деп. Ал соңғы 3-4 жылдың жүзi болды, Қазақстан мен Алматы туралы әлемнiң басым бөлiгi құлақтанған, ешкiмге анықтама берудiң, жарнама жасаудың қажетi жоқ. ЕАМФ-ға қатысқандардың барлығы дерлiк елдерiне қазақтың ас та төк дастарқанына, кең пейiлi мен жайдары мiнезiне риза боп аттанады. "Келесi жылы форум тағы бола ма?" деп сұрауды да ұмытпайды.

– Бүгiнде қонақ ретiнде форумға шақырып, келтiре алмай жүрген тұлғалар бар ма?

– Қазiргi кезде ондай адамдар жоқ. Збигнев Бжезинскийдi үш-төрт жыл бойы шақырсақ та, Қазақстанға келудiң сәтi биыл түстi. Ол кiсi келесi жылы да қатысуға сөз бердi.

– Марқұм Беназир Бхуттоның сiңлiсi келедi деп едiңiздер. Қонақтар арасында Фатима Бхутто неге жоқ?

– Отбасылық жағдайына байланысты келе алмай қалды. Негiзi қайғылы жайтқа дейiн Беназир Бхутто жыл сайын медиа форумға шақырылған қонақтар тiзiмiнен табылатын. Өкiнiшке қарай, уақытының тығыздығына байланысты Алматыға ат iзiн салудың сәтi бiр түспедi. Бiрақ үздiксiз хабарласып тұрдық. Түрлi мерекелерде құттықтаулар жiберетiн. "Жазмыштан озмыш жоқ" деп бекер айтпайды халық нақылы. Медиа форум қонақтары арасында жүзбе жүз кездесудiң бұйырмағаны өкiнiштi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары