"ОҢТҮСТIК АҒЫН" – ЕУРООДАҚҚА ҚАУIП
"ОҢТҮСТIК АҒЫН" – ЕУРООДАҚҚА ҚАУIП
Экономиканың дамуы көмiрсутегiнiң көлемiне байланысты. Тұтынушылық сұраныс деңгейi үздiксiз өсiп келе жатқан әлем мұнай мен газды көптеп өндiруге мүдделi. Түрлi жобалар мен құбыр құрылыстары АҚШ, Батыс, Ресей мен Қытай сияқты алпауыттар мен экономикалық және саяси тұрғыда аяқтарынан ендi тұрып келе жатқан мемлекеттер арасындағы бәсекелестiкке ұласқалы бiраз болды.
Еуропалық Одақтың газ бен мұнай тасымалына қатысты бiрнеше жобасы бар. Солардың ең маңыздысы Nabucco газ құбырына қатысты. Еуропалықтардан орыстар да қалысар емес. Бiресе "Көгiлдiр ағын", бiресе "Оңтүстiк ағын" деп жобалардың бiрiнен кейiн бiрiн ұсынып, Газопромның ықпалын арттыруға, сөйтiп Ресейдiң әлемдiк саясатқа ықпалын күшейтуге жанталасқан Кремль апта басында батыстықтардың жүйкесiне тиген бiр жобаны iске асыратындықтарын мәлiмдедi. Анығында, құбыр құрылысы басталды.
2008 жылдың қаңтар және ақпан айларында Мәскеу Болгария, Венгрия, Сербиямен газ құбырын тартуға қатысты келiссөздер жүргiзген едi. Сейсенбi күнi Мәскеуде қол қойылған Греция аумағынан "Оңтүстiк ағын" газ құбырын құру және жүзеге асыру туралы Ресейлiк-гректiк үкiметаралық келiсiм ресейлiк "көгiлдiр отынды" еуропалық тұтынушыларға гректер жерi арқылы жеткiзуге мүмкiндiк бередi. Газпром энергоқорды "Оңтүстiк ағын" арқылы тасымалдауды 2013 жылы бастауды жоспарлап отыр. Газпром мен Италияның Eni концерi жүзеге асыратын бұл жоба жылына 30 млрд. текше метр газ тасымалдауға қауқарлы.
РФ президентi В.Путин газ құбыры құрылысының жобасын "аса маңызды, өте тиiмдi әрi бәсекелестiкке төтеп бере алатын жоба" ретiнде бағалады. Келiссөздер соңында арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастырған ресейлiк басшы "бiз баламалы жобалармен күресiп жүрген жоқпыз" деп ақталды. Путиннiң ақталатын жөнi бар. Өйткенi, еуропалық нарықтағы Газпром мен Кремльдiң ықпалын күшейтудi қаламайтын Батыс пен АҚШ Орталық Азияға тиесiлi "көгiлдiр отынды" Еуропалық Одаққа мүше елдерге тасымалдайтын Nabucco жобасын жүзеге асыруға ден қойды. Әзiрге келiссөздер мен жоспарлау iстерi нәтижесiз. Өйткенi, газ құбырына құйылатын шикiзат негiзiнен түркiмендерге тиесiлi. Алайда, жуырда Түркиядағы билiк өкiлдерiмен кездескен Түркiменстан президентi Nabucco жобасына қатысты қойған түрiк премьерiнiң сұрағын жауапсыз қалдырды. Егер түркiмендер шынымен мүдделi болса, әлдеқашан келiссөздердi бастап кетер едi.
Орыстар "Оңтүстiк ағынды" 2013 жылы iске қосамыз деп жоспарласа, еуропалықтар Nabucco арқылы тасымалданатын газды 2012 жылға белгiлеген. Бiрақ құбыр маршруты, Батыс пен Тегеран арасындағы ирандық ядролық бағдарламаға байланысты дау мен газ құбырының жобасын қаржыландыруға қатысты туындаған қиындықтар кесiрiнен Nabucco жобасы тығырыққа тiрелiп тұр. Егер тез арада қиындықтарды шешу қолға алынбаса, орыстар еуропалықтар мен америкалықтардың алдын орап кетуi ғажап емес.
Жалпы көлемi 100 млрд. доллардан астам қаржыға бағаланып отырған "Оңтүстiк ағын" Ресейден бастау алатын табиғи газды алдымен Грекия мен Болгарияға, сосын Италияға, одан әрi Еуропаның басқа мемлекеттерiне тасымалдамақшы.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ